Ғасыр алмасып, дәуір өзгеру үстінде. “Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер” деп ұлы ақын Абай айтпақшы, ұрпақ сабақтастығы жалғасын табуда. Ұрпақ сабақтастығы дегеннен шығады, қазақ баспасөзінің айтулы өкілдерінің бірі, бірі ғана емес-ау бірегейі Ұзақ аға Бағаев та сексен жасқа келіп қалыпты. Асыл азамат мына жалған дүниеден 43 жасында аттанып еді. Содан бері де 37 жылдың жүзі болыпты.
Алатаудың баурайында, тұнық сулы, орман нулы, көкорай шалғынды жерде өмірге келген Ұзақ аға қарғадайынан-ақ жұрт аузына ілініп, ел назарында жүрді. Қиянға самғар қаршығадай жас кезінен-ақ алысты көздеді. Асқақ арманы ілгері талап болып, Отанымыздағы университеттік білім берудің қара шаңырағы, қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсіп, оны бітірген соң бұрынғы “Социалисттік Қазақстан” осы күнгі ел газеті атанған “Егемен Қазақстан” басылымына әдеби қызметкер болып орналасады. Бойындағы қажыр-қайрат терең біліммен ұштаса келіп, ұш- құрлық танытқанда қаламы қарымданып, нағыз тума талант екенін танытты. Содан болар, өзі қадірлеген, қара шаңырақ деп әспеттеген басылымында қанаты қатайып, 1962 жылы Қызылорда, одан кейін Талдықорған облыстық газеттерін басқарып, 1969 жылы “Социалисттік Қазақстанға” редактор болып келеді. Осы сәт ойға ағаның күнделіктеріндегі мына бір жолдар орала береді. “... университет ұясынан ұшып келіп, қонған қара шаңырақ – “СҚ” 22 жыл бойы тәрбиелеп келеді. Кішкентай еңбегімді таудай етіп бағалап жатқаны. Осы 22 жылдың 7 жылын айтпағанда, осы шаңырақта талай-талай атақ-абыройға ие болғанымды қалай ұмытарсың. Қазақстан Компартиясы ОК мүшесі, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты, Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Еңбек Қызыл Ту, “Құрмет белгісі” ордендері, медальдар... Осының бәрі ең алдымен “СҚ-ның” сыйы, коллективтің сенімі. Мұның бәрі өз еңбегімнің жемісі, өз қызметімнің балауы деп ойламаймын да” дейді.
Ұлық болсаң кішік бол деген ғой, кісілікті сақтаудың әдемі үлгісі осындай-ақ болар. Мен деп кеуделемейді, өзім деп өзеуремейді, елім деп еміренеді. Жұртым, ұжымым деп өзегін үзеді. Бұл кез келген адамның қолынан келе бермейтін азаматтың азаматының ғана еншісіне тиетін қасиет десек, асырып айтқандық болмайды. Қаламы ұшқыр, ойы орнықты журналист “Халық бастамасы – қайнар бұлақ”, “Дала жұлдызы” “Жан сұлулығы” және т.б. кітаптарын оқырмандарына ұсынған болатын.
Осындай биік мәртебелі қызмет істеп, марапаттар алған, артына елеулі рухани мұра қалдырған, қалай мақтасаң да, мақтансаң да жарасатын, тумысы бөлек, тұғыры мықты азамат туралы сәл шегініс жасасақ, ойға көп нәрсе оралары анық. Менің зердемде ол кісінің бүгінгі сексеннің сеңгіріндегі белгісіз бейнесі емес, мұрты енді ғана тебіндеген, жүзінен дәйім жылылық лебі есіп тұратын уылжыған бозбала шағы, қырықтың қырқасына шығып, ел ағасы атанған келбеті тұрады.
Біз – кіндік қанымыз бір жерге тамған, бір ауылдың түлектері едік. Ұзақ аға Алматының ең таңдаулы жоғары оқу орнында білім алып жүргенде, біз ол қанат қаққан ауыл мектебінің бастауыш сыныбында оқитынбыз.
Бұл – талайдың шаңырағын ойрандап, жарды жесір, баланы жетім, талайды мүгедек еткен сұрапыл соғыс аяқталғаннан кейінгі жылдар болатын. Иінімізде бүтін киіміміз де жоқ еді. Бірақ келер күнге деген үміт зор еді. Сабақ аяқтала салып, үлкендермен бірге колхоз жұмысына араласатынбыз. Ат, өгіз жеккен соқамен жер жыртамыз, жер бетіне қылтиып шыққан көкөністің арам шөбін жұламыз. Ауыр бейнетпен келген қызыл қырмандағы астықты тазалауға қатысамыз. Қысқасы колхоздың қысы-жазы бір бітпейтін жұмысы біріне бірі жалғасып жатады. Жаз ортасындағы аз күндік демалыс – біз үшін мереке! Тап осы кезде Ұзақ аға жазғы каникулға келетін. Болмасақ та ұқсап бағуға тырысатын біздер үшін Ұзақ ағаның шуақты бейнесі керемет әсерге бөлейтін. Талдырмаш келген сымбатты жас жігіттің тал бойына тамсана қарап, асықпай айтатын әр сөзін зер сала тындайтынбыз. Ол кісінің салмақты мінезіне, үлкен-кішіні бірдей баурап алатын білім-парасатына қызығып қарайтынбыз. Үлкендермен ой бөліскенде әңгіме нобайы ел жайлы, халықтың тұрмыс-тіршілігі, соғыстан тұралап шыққан колхоздың тынысын ашып, тірлігін оңалту, ауылдағы мектеп, клуб үйлерін жаңартып салу төңірегінде өрбитін.
Ойын баласына қамқорлығы бөлек еді. Ағамыз балалардың көкейіндегісін дәл білетін. Бізге астанадан қармақ әкеліп үлестіретін. Өйткені, біздің ауыл Шелек өзенінің бойына орналасқан, балық баршылық. Анамыз иіріп берген жіңішке жіпті бау етіп тағып, өзенге тартамыз.
Барлық талапқа сай жасалған қармақпен балық аулаудың қызығы бөлек. Қолдан иіп сымнан жасалған біздің қармақты балық қаба бермейді. Балық ұстауға құлшынған ауылдың қара сирақтары өзенді жағалай отырып, қармақтарына ілінген балықты ағынды судан көтеріп жағаға лақтырғанда, шиыршық атқан балықтардың бауыры күн сәулесімен жарқ-жұрқ етіп, сонадай жерде шоршып жататын. Сондай бір бақытты сәттерімізге Ұзақ аға талай куә болып еді. Көзіне түсіп, мақтау сөз естісек деген біздердің ойымызды ол кісі түсіне қойып, жылы жымиып, әсерлі сөздерімен бала қиялымызды Алатаудың ақбас шыңына өрлетіп жіберетін. Сондай сәттерде қиялымызға қанат бітіп, жағырафия пәнінен таныс жер бетіндегі түрлі құрлықтарды аралап кеткендей күй кешетінбіз.
Мен 1955 жылы мектепті бітіріп, Алматыға келдім. Ұзақ ағаның отбасы бұрынғы Максим Горький көшесінің 5-үйінде тұрады екен. Ол кезде қай қазақтың да болса, Алматыда ағайындары аз еді. Біздің ауылдың қалаға келген адамдары, мектеп бітірген жастары – бәрі Ұзақ ағаның үйіне келіп түсетін. Мен де сол “сара жолдан” жаңылмадым. Келсем, ағаның үш бөлмелі үйі елден келгендерге толы екен. Ол кезде Алматыда қонақүй аз болса керек. Болғанның өзінде оған барып жайғасу ауыл қазақтарының дағдысына енбеген. Ағаның үйінде ағыл-тегіл дүние жоқ. Көрпе-жастық бірімізге жетсе, бірімізге жете бермейді. Бірақ ағамыз да, жеңгеміз де қабақ шытпай, “Қарындарың ашқан жоқ па, мұздап қалмайсыңдар ма?” – деп бәйек болады. Сыннан сүрінбей өту жолы дайындық екенін де ойымызға салып жүреді. Ертеңгісін Нұрбибі тәтеміз үлкен-кіші деп алаламай, қою шайын, қолда бар дәмін ұсынады. “Шұбырып жүрген шіркіндер-ай!” – деп қабақ шытып, ауырсынғанын көрмеппіз. Адамға Алла бақ пен дәулет, абырой, атақ берерде, осындай кең болатын көрінеді.
Ұзақ аға жұмыстан кештетіп келсе де, ауылдастарымен, бізбен біраз әңгіме-дүкен құрмай дем алмайтын. Әрқайсымыздан үй-іші, мал-жан амандығын сұрап, қалаға келген шаруаларға орай көмектесіп, ақыл-кеңесін беретін.
Тәтеміз ағамызды “Ұзан” деп атаса, ағамыз да ол кісінің есімін ән әуеніндей етіп “Нұрбикеш” дейтін. Мұндай қалтқысыз сыйластықты Ұзақ аға өз өмірінің соңғы күндері елге, жастарға, отбасына, жарына арналған ақырғы сөздерінде қойын дәптеріне жазып кетіпті. Оқып көрелік.
“...шүкіршілік те айтуымыз керек, Нұрбикеш, жиырма жылды әш деспей, қабақ шытыспай өткіздік. Бұдан артық семьяға бақыт бар ма? Саған осы мерзім ішінде шын мәнінде көңілге тиетіндей ауыр сөз айтпасам керек. Есіме түсіре алмай-ақ қойдым. Бұл, яғни саған қатты сөйлемегенім менің мықтылығым деп ойламаймын, ол сенің адал жар бола білгенің. Алақаныңа салып еркелеткенің, менен ашу шықпауына жасап қойған жағдайың. Әлдеқалай қиналып келсем, біле қоятынсың. Жар осындай болғанда, қандай еркек тор үзетін еді?!”
Ұзақ аға жұмысына таңертең жеті жарымда кететін. Содан кешкі сағат 8-9-да бір-ақ келетін. Жоғарыда айттым, үй толы кісілермен біраз уақыт шүйіркелесіп, одан соң, рұқсат сұрап, жұмыс бөлмесіне беттейтін. Алдында үйіліп жатқан газеттерді аударыстырып, қалың-қалың кітаптарға үңіліп, дағдылы жазу жұмысына кірісетін. Мен осының бәрін көз қиығымен бақылап жүруші едім. Бір күні таңертең Ұзақ аға менен қандай оқу орнына түскім келетінін сұрады.
– Заңгер болсам деген ойым бар, – дедім мен.
– Заңгер дейсің бе? – деп Ұзақ аға әлденені есіне түсіргісі келгендей, бір сәт үнсіз қалды. – Одан өзге қандай мамандық түрлерін білесің?
– Мұғалім, дәрігер, зоотехник... – Өзім ауылдан көрген мамандық түрлерін тізіп шықтым.
– Бұлардан өзге де мамандық түрлері көп, – деді Ұзақ аға мен кідіріп қалған соң. – Адам солардың ішінен өзіне лайықтысын дәл таңдағанда ғана бойындағы қабілет көзінің еркін ашылуына мүмкіндік алады. Кейін өкініп қалмау үшін жол айрығында тап осы сәттегі ақылдың шешімі аса маңызды. Ендеше, басқа да мамандық беретін жоғары оқу орындарымен де танысып көргенің дұрыс шығар.
Ұзақ ағаның сөзін зердеге салып көрсем, ой-таразысында теңшесем қисыны бар сияқты. Заңгерлік туралы ойым тым үстірт екенін кейін аңғардым. Сол күні Алматыдағы оқу орындарын армансыз аралап, мамандық түрлерімен таныстым. Медицина, ауыл шаруашылығы, зоотехникалық-малдәрігерлік, политехникалық институттардың есігін ашып, табалдырығын аттадым. Факультеттерінде оқытатын мамандық түрлері жайында сұрастырып көрдім. Жағалап жүріп ҚазМУ-ге де жеттім. Онда философия факультеті бар екен. Аристотельден бастап, Кант, Гегель тәрізді небір ақыл-ойдың алыптарына апаратын алтын қақпаны көргендей болып, “Менің іздегенім осы мамандық!” – деген тұжырымға келдім. Байламымды Ұзақ ағаға айттым.
– Таңдауың тамаша! Абай атамыз айтқандай, қаланатын кетігіңді енді тапқан сияқтысың. Ғылымның қайнар көзі – философия ғой деп, бірден қолдау көрсетті.
Аға мақұл көрді, мен белді бекем будым. Бірақ, біз қабылдау емтихандарын ойдағыдай тапсырып, студент атанған кезде, кенет ол факультет жабылып қалды да философ боламыз деген асыл арман көзден бұлбұл ұшып, экономика факультетіне ауысып шыға келдік.
– Оқасы жоқ, – деді аға, – талабыңмен талантты ұштай алсаң, көздеген мақсатыңа жетпей қоймайсың. Тек жалқаулыққа, еріншектікке бой алдырма.
Аға ақылы – ініге алтын қазына. Айтқанын екі етпедім. Намысты жанып, қайратты шыңдап, білім белесіне ұмтылдым.
Бірінші курсты Ұзақ ағаның үйінде тұрып оқыдым. Менің дәйім байқайтыным, аға адамгершілік қасиет тұрғысынан елге ылғи жақсылық тілеп отыратын. Алдына мұқтажын айтып бір адам келсе, сол кісіге қалай болғанда да жәрдем беруге, жабырқаған жанына жылу болып құйылуға тырысатын. Бірде Жамбыл облысы Қордай ауданынан орта жастағы кісі үйіне іздеп келіп, жабырқай отырып жағдайын айтты.
– Шырағым Ұзақ, жазғандарыңды оқып, сүйсініп отыратын ағаларыңның бірімін. Мақалаларыңдағы адамға деген жылы сезім өзіңе жетелеп келді. Жан жары кешегі соғыста опат болған көршім бар еді. Отағасының шаңырағын құлатпаймын, отын сөндірмеймін деп, жалғыз ұлының тілеуін тілеп жүрген. Сол ұлы талап етіп, институтта оқып жүр еді, енді оқудан шығып қалу қаупі төніп тұр. Жұқсыз біреу болса ара түспеймін ғой, болашақта тәуір азамат бола ма деген сол талапты жас жаңсақ шешімнің құрбаны боп кетпекші. Осының ақ-қарасын айырып, нақақ болса, ара түссең деген өтінішпен келіп тұрмын, – деді.
Көз алдымда болған осы мәселе қалай шешілер екен деп, ақ-қараны анықтауға Ұзақ аға қандай әрекет етер деген алаң көңілде жүрдім. Нәтижесінде газетке мақала жазылмады, бірақ институт басшылығы алдында студенттің кінәсіздігін дәлелдеп шықты. Кейін әлгі студент жылдар өте келе халқымыздың белгілі азаматтарының бірі болды. Жақсының шарапаты деген осындай болар.
Ұзақ аға менен анда-санда “Қалай оқып жүрсің?” деп сұрап қояды. Бірінші семестрді бітірген кезде сынақ кітапшамдағы кілең бестіктерді көріп, риза болды.
– Бірінші курстың өзінде бәрін беске тапсырған болсаң, білімің өте жоғары екен, шырағым, – деді сүйсініп.
– Мектептегі ұстаздарым жақсы оқытты ғой, аға! Мұндағылар да кілең өз саласының білгірлері екен, – деймін мен.
– Бәрекелді! “Жақсы оқимын” деп өзіңді өр санамай ұстаздарыңның еңбегін бағалағаның сүйсінерлік екен. Адамды көп жерде өкіндіретін өзімшілдік, өзім ғана білемдік деген қасіретті қасиет қой. Алла әрқашан жақсы ұстаздарға жолықтырсын! – деді.
“Алла әрқашан үздік ұстаздарға жолықтырсын” деп қызыл империяның тұсында ықпай-бұқпай, батыл сөз айтуы, кейін ойласам ерлікке пара-пар екен ғой.
1962 жылы Ұзақ аға Бағаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің шешімімен Қызылорда облыстық “Ленин жолы” газетіне редактор болғанын алда айттым. Сол тұста мен Мәскеуге аспирантураға аттандым. Оқтын-оқтын ағаның елден жіберген сәлем-сауқатын алып тұрамын. Арасында қалааралық телефон байланысына шақырып, жағдайымды, қандай көмек керек екенін сұрайды.
– Қаражаттан қысылып жүрген жоқсың ба? Бірдеңе керек болса, қысылма, айт. Құдайға шүкір, сенің мұқтажыңды өтеуге мүмкіндігіміз жетеді,– дейді.
Осы сөздің өзі қанат бітіреді. Арқа сүйер аға бар дегізеді.
Ағалық қамқорлығын молынан көрсетіп жүрген қадірлі жанға деген ризашылығымның бір белгісі ретінде мен де бір тәуір сыйлық жасасам деген ойға келгенім бар. Сөйтіп, Мәскеуден елге келген кезекті сапарымда Дальдің бірнеше томдық “Толковый словарь русского языка” деген кітабын әкеліп, тарту еттім. Сондағы асыл ағаның риза болғанын көрсеңіз!
– Айналайын, мына сөрелерде тап осы кітаптардың орны олқы соғып тұр еді. Қазақ ақылды тозбайтын тон мен таусылмайтын кенге балайтын болса, мына сыйлығың да сондай теңдессіз дүние болды! Орыс тілін әзірге Дальдан артық түсіндіріп берген ешкім бола қойған жоқ. Сен маған өлшеусіз байлық сыйладың – деп, бояу мен желім иісі кете қоймаған жаңа басылымның беттерін парақтап отырып, ризашылығын нұрлы жанарымен білдірген еді.
“Социалистік Қазақстан” газетінде басшылық қызмет атқарып жүрген кезінде жиі араластық. Телқоңырдай ағалы-інілі болып жүрдік. Ұзақ-ұзақ сырласатынбыз. Жаздың күндері көбінесе саяжайда болатынбыз. Кешке қарай таза ауада жүріп, серуендегенде айтылар әңгіме ұшан-теңіз еді. Сол күндер бүгін көз ұшында, көңіл көкжиегінен мықтап орын алған секілді.
Бірде Ұзақ ағаның қасиетті табалдырығын:
– Ассалаумағалейкүм, жақсылар мен жайсаңдар, қонақ күткен бе едіңіздер?! – деп жайраңдай күліп, ойнақы үнмен дауыстай сөйлеп, сымбатты жас жігіт аттады. Нұрбибі тәтем:
– О, мырза жігіт келді! – деді жүзі нұрланып. Орнынан ұшып тұрғанымен, өзіне қарай құшағын жая ұмтылып келе жатқан бозбалаға:
– Алдымен ағаларыңа сәлем бер! – деді. Үнінен мейірім төгіліп тұрды. Ізет сақтап бізге қарай бағыттап жіберді.
– Ә, келіп қалдың ба? – деп Ұзақ аға оның ұсынған қос қолын ерекше ықыласпен алды. Осыдан соң аққұба, сымбатты жігіт:
– Нұрғали аға, сәләматсыз ба? – деп маған бұрылды. Ә дегенде, мені есіміммен атап тұрған оны шырамытқаныммен, қайдан көргенімді ойыма түсіре алмай қалдым.
– Ерұлан ініңді білетін шығарсың? – деді Ұзақ аға күлімсірей тіл қатып.
– Ә, Ерұлан деген азамат екен ғой?! Мен көргенде, мектепке де бармаған еді. Тіл көзден аулақ, көз сүріндірер жігіт болыпсың! – деп құшағыма тарттым.
Ерұлан осыдан кейін ғана Нұрбибі тәтеме беттеді...
Осы бір қас-қағым сәттік ыстық жүздесуде қаншама өнеге, үлгі жатыр десеңізші! Ұзақ аға мен Нұрбибі тәтемнің тұңғышы Ерұланды қазақтың ежелгі дәстүрі бойынша әжесі бауырына басып, бұлар ағасы мен жеңгесі болып есептелетін. Сондықтан болар, өз анасы оның атын атамайтын. Ал Ұзақ аға болса, інім дейтін. Егер бұл дәстүрге титтей нұқсан келер болса, анау ауылдағы ана, аға мен жеңге “қаһарына ұшырайтыны” анық. Әлгі сәттегі мөлдіреген жанарлар көзбен көруге келмейтін әдеп атты жібек белдеуден аттап өтпей тұрып қалуы содан шығар.
– Амандық болса, Ерұлан ініңнің мен аспаған асуларды бағындыратын түрі бар, – деп еді Ұзақ аға жайғасып отырған соң, – “Жұлдыз” “Жалын” журналдарында, газеттерде өлеңдері жиі басылып жүр. Тұңғыш жинағын да шығарып үлгерді. Сыншылардың бағалауына қарағанда, қадамы сәтті басталған сияқты.
Ұлының ақындық дарынын байқаған Ұзақ аға бақытты еді. Бірақ, Алланың өлшеп берген өмірі оның шапағатына ұзағырақ бөленуіне мүмкіндік бермеді. Межелеген одан өзге де арман-мақсаты орындалмай қалды.
Қаламгердің артында қалған рухани мұрасы жанға жылу беріп, медет болатыны әлімсақтан белгілі. Сондай кітаптың бірі Ұзақ ағаның “Жан сұлулығы” деп аталатын көсемсөздер жинағы дер едім. Кейде осы кітапты парақтап отырсам, ұлық ой, маржандай тізілген сөздерге тәнті боламын. Әсіресе, дала академигі атанған Ыбырай Жақаевтың тұлғасын сомдаған көркем очеркі ерекше назар аудартады.
Әрине, мен журналист, жазушы емеспін. Соның өзінде қаламгер Ұзақ аға Бағаевтың сөз саптауын, ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасын бірден танимын. Мысалы, “Тұлғасы тұтас. Келбеті көркем. Мінезі сырбаз. Сабыры дархан. Білекте қуат. Көңілі шуақ. Сөзге сараң, іске жомарт”.
Бұл қара сөз бе, жыр десте ме! Екеуі де қатар өріліп тұр. Шеберлік шыңы деп осыны айтсақ жарасар. Кейіпкерін “сөзге сараң” деген автордың өзі де сөз кестесін оңды-солды шашып, жомарттық танытып тұрған жоқ. Бірақ, сусаған жанның таңдайына тарс-тұрс тамған тамшы сияқты осы санаулы сөздің дәмі мен мәні қандай керемет! Терең ойға бойлатады, көз алдыңызға толыққанды тұтас образды әкеліп тартады. Одан әрі бұл кейіпкер не істер екен, қандай парасат-пайымымен көрінер екен, берер тәлімі қандай деп қадала оқысаңыз: “Қимылына қауым қайран қалғандай. Жігеріне жер де тәнті болғандай! Жүрегіне мейірімнен нұр құйып, дарынына даналық қосып алғандай” – деп, су төгілмес тайпалған жорғадай ала жөнеледі. Сөйтіп отырып, сусап келіп, зәмзәмға бас қойғандай, шығарманы тұтасымен “сіміріп” қойғаныңызды сезбей қаласың! Міне, тіл көркемдігімен өрілген ой кеңдігі, қаламгер құдіреті!
Ұзақ ағаның “Орыс халқының мақал-мәтелдері” атты аударма кітабын ерекше айта кетуді парыз санаймыз. Иә, “Мақал – сөздің мәйегі” дейміз. Мәйектің мықтылығы мығымдыққа жол ашады. Сөз мәйегі ол кісіде мол, әрі таза еді. Мағыналы сөздің ғасырлар сүзгісінен өтіп, мейлінше сұрыпталып жеткендерін көп білетін. Жоғарыдағыдай балталасаң бұзылмайтын ұйқастарды жиі қолданатын. Осы тіл байлығын аударма ісінде де ол молынан қолданды. Түпнұсқадағы жұмыр да шымыр ойларды бұзбай қазақы қалыпқа түсірді. Мысалы, орыстың: “Волка бьют не за то что он сер, за то что, он вор” деген мақалын “Қасқырды сұр болғаны үшін емес, ұры болғаны үшін ұрады” десе, мағынасы сақталғанмен, жұмырлығы, ұйқасы мен құйқасының өңі қашып кетер еді. Оны аудармашы: “Қасқырды сұрлығы үшін емес, ұрлығы үшін соғады” деп алған. Мақал-мәтел аударудың осы секілді қатаң талабын бұлжытпай орындап шыққан. Тағы бір мысал: “Ақылдымен сөйлессең, ақылыңа ақыл қосылар. Ақымақпен сөйлессең, өз ақылың тосылар” немесе: “Көздегенде атып қал, кезі келгенде айтып сал”, болмаса: “Кәсібі бардың нәсібі бар”, “Жас кезінде – шикі, қартайғанда – күйкі” – осылай жалғасып кете береді.
Халқымыз қырық жасты патша жасы деп атайды. Бұл қырық жасқа келгенде, адамның ақыл-ойы толысып, кемеліне келеді дегенді білдірсе керек. Біз бүгін үлкен құрметпен, мол сағынышпен еске алып отырған Ұзақ аға Бағаевтан жоғарыда айтқанымыздай, осы қылыш қайрат қырық жастың қырқасына шыға бергенде көз жазып қалдық. Амал не, жазмыштан озмыш жоқ! “Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді” деген сөзді қастерлеген халқымыз өзінің аяулы перзентін әрқашан есте сақтайтынын көңілге медет етеміз. Бұған да мысал келтіре кетейік, асыл азаматтың туған ауылындағы орта мектеп Ұзақ аға Бағаев атымен аталады. Алматы, Қызылорда, Талдықорған қалаларында, Райымбек ауданының орталығында оның есімін алған көшелер бар. Әрине, алдағы уақытта мұндай игілікті іс жалғасын тауып, мерейтойлары аталып өтіп, кітаптары қайта басылып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Және бұл жаңарған қоғамның жастарына үлгі, алдыңғы толқын ағаларды танып-білуге, ұрпақ сабақтастығының жалғаса беруіне септігін тигізер еді.
Сөз сонында, Ұзақ ағаның әлі еш жерде жарияланбаған “Адам және уақыт” деген ой толғамдарынан бір дәйек келтіре кетсек дейміз:
“Қазір уақыт ұшқыр. Бұрын айлап жүретін жерді енді сағаттап, апталап өтеміз. Сана өсті, білім байыды. Әсер алатын нәрсе көп. Оқуға, көруге, тұшынуға ынтық адам екінің бірі...
Уақытқа есеп күшті. Күнді кұр босқа өткізу деген бүгінде талай қазынаны босқа шашқанмен бірдей. Әрбір азамат сағатқа санау қоятын болды. Уақыт ысырабына қарсы күрес бүгінде әрбір саналы азаматтың үн-түнсіз жүргізетін ортақ ісіне айналды. Қалт еткен бос уақыт бола қалса, бір нәрсе оқып алсам, бір жаңалық естісем, көрсем, білсем деп тұратын болды халық.
Сәл ертеректе бұлай емес еді. Заман өскен сайын адам да өзгеріп, өрлеп, жаңарып, жасарып келеді. “Мәдениет” деген құдіретті сөз бел алды...
Уақыт бір өтсе қайырылып сәлем бермей кететін қайырымсыз бәле екен! Оны тек құрықтап, желкелеп отырсаң ғана ол саған қызмет етеді. Ал арқауыңды босатсаң, уақыт сені тез игеріп алады. Күлкіңді көбейтеді, ұйқыңды ұлғайтады, көңіліңді тоққа, пейіліңді кеңге салғызады. “Е, өмір болса, денсаулық болса, бәрі де бітер, тынар” дегізеді. Бүгін тынар істі ертеңге ығыстырып береді. Осының бәрі уақыттың саған тартқан сыйы емес, сыбағасы да емес, салғырттығы; салғырттық бірте-бірте аяңкөстікке әкеледі; ал аяңкөстік еріншектіктің ажырамас досы. Ал еріншек болдым дегенше, еңбектен қалдым дей бер. Еңбектен қол үзгенің – бойыңдағы бар қасиеттен жұрдай болғаның.
Сонымен, замандас, уақытты қадірле, уақыттың бағасына жет. Үйрететін де, күйрететін де уақыт екенін бір сәт те естен шығармайық...
Уақыт – адамның досы – дұшпаны, жақыны – алысы! Уақыттан дәуір өседі. Уақыттан өмір құралады.
Ұлы адамдар уақытты құдірет тұтқан, ұлы адамдардың атын уақыт шығарған. Уақыт – әділ таразы, асыл қазы! Уақыт жақсы ісіңді ұмытпайды, ысырап етсең кешірмейді.
Ендеше, уақытпен достас, Адам!”
Зерделі жастарға осы жолдарда қаншама өсиет, ақыл жатыр.
Мейірімі мол жақсы ағаның осы сөздерінен асырып, заман, уақыт туралы не айта аларсың?! Өмірдің қамшының сабындай қысқа екенін адамдарға аңғарту үшін жоғарыдағы ойды ортаға салған болар. Әлде өзінің ғұмырының қысқа болатынын осылайша нұсқалы оймен айтып, артына үлгі ретінде қалдырып кеткісі келді ме екен? Қалай десек те саналы өмірінің өлшеулі күндерін мағыналы өткізіп, артына өлмес өнеге, өшпес рухани құндылықтар қалдырған Ұзақ аға Бағаевтан алар сабақ, үйренер үлгі аз емес екені айдай анық.
Нұрғали МАМЫРОВ, академик.