• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
13 Қазан, 2010

Жемқорлықпен күрес – маңызды басымдықтың бірі

1127 рет
көрсетілді

Талап және тәртіп

Қазақстан бастапқы кезде-ақ сыбайлас жемқорлықпен күресті қолға алған еді. Бүгінде осынау қауіпті дерт – сыбайлас жемқор­лыққа қарсы күрес еліміздің мем­ле­кеттік саясатындағы басымдық­тар­дың бірі болып отыр. Қазақстан ТМД елдерінің ішінде бірінші бо­лып “Сыбайлас жемқор­лықпен кү­рес туралы” Заң қабылдады. Прези­дент жанындағы Жемқор­лық­пен күрес мәселелері жөніндегі ко­мис­сия құ­ры­лып, жұмыс істеп жа­тыр. Мем­ле­кеттік қызметшілердің ар-намыс ко­дексі бекітілген. Сон­дай-ақ аймақ­тарда қызметтік этика ережелерін бұзғандарға және жем­қорлыққа бой алдырғандарға шара қолдану үшін олардың тәртіптік жауапкершілігін қарайтын тәртіптік кеңестер қызмет етуде. Бұдан бөлек жемқорлықтың ал­дын кесіп, оны болдырмау мақ­са­тында Экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі агенттік құрылды. Соны­мен қатар, елімізде 2006-2010 жыл­дарға арналған Сыбайлас жем­қор­лықпен күрес мемлекеттік бағ­дар­ламасы жүзеге асырылып жатыр. Жемқорлық­пен күрес жөніндегі кешенді түрде жүргізілген бағдар­ла­малардың аясында орталық мем­лекеттік органдар функцияларының бір бөлігі кезең-кезеңімен аймақ­тарға және жеке секторға берілуде. Осылайша монопо­лиялық қызмет салалары біртіндеп қысқарып келеді. Әкімшілік кедергі­лерді жою ба­ғытында да ауқымды іс-шаралар қолға алынуда. Ана бір жылдары биз­неспен айналысатын азаматтар­дың ісіне биліктегілер жөнсіз араласып, кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіріп жататын. Қазір оған тыйым салынды. Еліміздің барлық аймақтарында халыққа қызмет көрсетудің “бір терезе” жүйесі енгізілді. Мемлекет­тік органдардың ұсынған қызмет­терінің сапасын арттыру мәселесіне баса назар аударыла бастады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік органдар мен тұрғындардың өзара қарым-қатына­сын нығайтып, көпшіліктің өмір сапасы мен деңгейін жақсартуға ықпал ететіні белгілі. Бүгінде мем­лекеттік қызметшілердің жауапкер­ші­­лігі қатаңдатылып отыр. Егер мемлекеттік органдарда істейтін кез келген тұлға сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылық және сыбайлас жемқорлық қыл­мысы бойынша қызметінен боса­тыл­ған болса, ол өмір бойы мем­лекеттік қызметке қабыл­данбайды, яғни тыйым салынған. Қазақстан сыбайлас жемқор­лық­пен күрес саласында халық­аралық ынтымақтастықты белсенді жүргізуге және оны кеңейту мәсе­лелеріне баса көңіл бөліп келеді. Мы­салы, биылғы жылы еліміз Бі­ріккен Ұлттар Ұйы­мының сыбайлас жемқорлыққа қарсы Конвенциясын ратификация­лады. Қазақстан, сондай-ақ басқа да жем­қорлыққа қарсы конвенция­лар­ға, атап айт­қанда, Еуропа Кеңесінің Сыбайлас жемқорлық үшін қылмыс­тық жа­у­ап­­кершілік туралы, Сы­байлас жем­қор­лығы үшін азаматтық-құқықтық жа­у­­апкершілік туралы және Қыл­мыстық жолмен тапқан табысты тәркілеу туралы конвен­цияларға қосылды. Елімізде сыбайлас жемқорлық­пен күреске қатысты халықаралық кон­венциялардың ережелерін жү­зеге асыру барысында нақты шара­лар қабылдануда. Шетелдердің ар­наулы қызмет және құқық қорғау органда­рымен, сондай-ақ сыбайлас жемқор­лыққа қарсы күрес мәсе­ле­лерімен айналысатын халықаралық үкіметтік емес ұйымдармен өзара ынтымақ­тас­тықты жолға қойып, нығайту жұ­мыстарын белсенді жүр­гізіп келеді. Қазақстанның сыбайлас жемқорлық­пен күрес жөніндегі жұ­мыстары жалпыға танымал халы­қ­аралық ұйым – “Транспаренси Интернэ­шнл” тара­пынан да жоғары баға­ланды. Мысалы, аталған ұйым­ның мәліметтері бой­ын­ша еліміз 2008 жылмен салыстырғанда 2009 жылы 23 позицияға көтерілді. Сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу жұмыстарында прокуратура органдарына ерекше жауапкершілік жүктелген. Өйткені, прокуратура құ­қық қорғау органдары жүйесінде маңызды институттың бірі болып табылады. Бүгінде прокуратура ор­гандары сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстарды тергеуде және ашуда ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді. Нақты мәліметтер келтірейін. Өткен жылы Еңбекшілдер ауданы­ның прокуратурасы сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы күрес заңнамала­рына сәйкес 14 тексеру жүргізген еді. Тексеру барысында 34 заң бұзу­шылық анықталды, бір қарсылық қанағат­тандырылып, бес ұсыным қаралды. Сонымен қатар, прокурор­лық ықпал ету бойынша бір заңсыз акті жой­ылды. Осы тексерулерге байланысты төрт тұлға тәртіптік жау­апкершілікке тартылды. Ал би­ыл жыл басынан бері аудан про­ку­ратурасы осындай төрт тексеру жү­ргізген болатын. Нәти­жесінде 71 заң бұзушылық анықталып, төрт адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сыбайлас жемқорлығы үшін жа­уапкершілікке тартылғандардың арасында аудандық ішкі істер бөлімі мен мемлекеттік санитарлық-эпи­демиологиялық қадағалау меке­мелері қызметкерлерінің кездесуі өкінішті. Мысалы, Ақмола облысы бойынша экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес департаментінің тергеу басқармасы Еңбекшілдер аудандық ішкі істер бөлімі көші-қон полициясының инспекторлары С. Тілеубергенов пен А. Керейбаевқа қатысты Қыл­мыстық кодекстің 177-бабының “а” және “в” пункті бой­ынша қылмыс­тық іс қозғады. Бұл по­лиция қыз­мет­керлері өздерінің қыз­меттік мін­деттерін орындау барысында қабыл­даған мемлекеттік қызметші антын бұза отырып және қызмет лауазым­дарын пайдалану арқылы баю мақсатында пара алған. Екеуі де кінәлі деп табылып, 2009 жылдың 27 мау­сымында аудандық соттың үкімімен бас бостандықтарынан айы­рылды. Үкім Ақмола облыстық соты қылмыстық істер алқасының қау­лысымен де өзгеріссіз қалды­рылды. Прокуратураның бұл бағыттағы міндеті өзге құқық қорғау органда­рына қарағанда аса ауқымды және кең екенін атап өткім келеді. Өйт­кені, прокуратура басқа да заң бұзушы­лықтарды қадағалауға, оның алдын алуға мүдделі. Сондықтан да проку­ратура қандай бағытта тексеру жүргізбесін, бірінші кезекте біз мемлекеттік органдардағы лауазым­ды тұлғалардың қызметіне баға беруге тырысамыз және олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнама­лары талаптарын қатаң сақтауына назар аударамыз. Проку­рорлық тәжірибе көрсеткеніндей, сыбайлас жемқорлықтағы құқық бұзушылықтың басты көзінің бірі – мемлекеттік сатып алу жүйесінде жа­тыр. Мысалы, ауыл әкімі А. Жүз­баев “Мемлекеттік сатып алу ту­ралы” Заң талаптарын бұза отырып жеткізіп берушілермен өз таңдауы бойынша келісім-шарттар жасаған. Аудан прокуратурасының талап етуімен келісім-шарттардың күші жойылып, кінәлілер жазаланды. Сыбайлас жемқорлық сипатын­дағы құқық бұзушылық басқа са­лаларда да кездеседі. Мәселен, аудан прокуратурасы санитарлық-эпидемио­логиялық қадағалау сала­сында 10-нан астам заң талаптарын бұзу фактілері бойынша әкімшілік-құқық бұзу ісін қарап, қорытын­дысында аталған ме­кеменің алты қызметкеріне айыппұл салынды. Сондай-ақ аудан проку­ратурасының бастамасы бойынша бү­гінде шағын бизнес субъектілерінің құ­қықтық статистика органдарында тір­кел­ген­дігіне тексеру жүргізілуде. Бұл ша­ғын және орта бизнес субъек­тіле­рінің қызметіне бақылаушы ор­ган­дардың жөнсіз араласуына тосқауыл қою үшін жасалып жатқан шаралар. Прокуратура органдары сыбай­лас жемқорлықпен күресте, сондай-ақ партиялармен, қоғамдық бірлес­тік­термен, жастар қозғалыс­тарымен және кәсіпкерлермен өзара іс-қимылда шаралар өткізіп отырады. Осыған байланысты про­курату­раның бастамашы болуымен ағым­дағы жылдың сәуірінде “Ше­неунік және кә­сіпкер” акциясы өткізілді. Бұл ак­ция бірінші кезекте бизнес субъек­ті­лерін тексеруді азай­туға және төре­шілдік кедер­гілерді төмен­детуге, проблема­лар­ды бірлесе тал­қылап, заңнамалар­ды жетілдіруге қатысты ұсыныстар дай­ындауға мүмкіндік береді. Со­нымен қатар, біз аудандық әкімдік­пен және ау­дандық мәслихат­пен сыбайлас жем­қорлықты жою жо­­лында белсенді жұмыс істеп ке­леміз. Қадыржан МАМАТАЕВ, Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданының прокуроры, әділет кеңесшісі. Ақмола облысы, Еңбекшілдер ауданы.