• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Қазан, 2010

Ұлағатты ұстаз еді

894 рет
көрсетілді

Біздің халқымызда білім мен ғылымның, мәдениеттің бүкіл бір дәуірін бейнелейтін есімдер бар. Осындай тұлға­лар қатарына көрнекті ғалым, бүкіл өмірін қазақстандық экономикалық ғылымның қалыптасуы мен дамуына ар­наған, экономика ғылымда­ры­­ның докторы, ҚР ҰҒА ака­­демигі, “Парасат” орде­ні­нің иегері Яхия Әубәкірұлын жатқызуға болады. Яхия Әубәкірұлының жар­қын өмірбаянының әр ке­зеңінен ғылым мен прогреске сіңірген зор үлесін, алға қой­ған мақсатқа деген ұмтылыс­тың үлгісін көруге болады. Әр­­іптестері мен шәкірттері, се­ріктестері мен ізбасарлары Яхия Әубәкірұлын қөрнекті ғалым, жастар тәлімгері және ғылыми кадрлар мен практик-мамандардың бірнеше буынын тәрбиелген ұстаз ретінде таниды. “Өзіңді өзің таны” деген Сократтың фи­лософиялық ойларының негізгі бағыттарын көрсететін қанатты сөз басқаларды сыйлай бі­луді, өзіңе-өзі сын көзбен қарауды, өз біліміңе деген талапкершілікті, шындыққа деген ма­хаббатты білдіреді десек, Яхия Әубәкірұлының өмірлік жолы осының жарқын куәсі. Өткен ғасырдың 60-жылдары үлесіне эко­номикалық ғылымның қазақстандық мекте­бі­нің қарқынды дамуы тиді. Бүгін біз республи­ка­н­ың экономикалық ғылымының негізін қа­лау­шылары ретінде мақтанышпен айтатын та­маша ғалымдармен, оқытушылармен бірге жұ­мыс істей отырып Яхия Әубәкірұлы эконо­ми­калық теория дамуына өзінің елеулі үлесін қосты. Әр халықта ұлағатты аңыздар мен қиял ға­жай­ып оқиғалар аз емес. Адам тәжірибесін аң­ыз­­­дар мен мақал-мәтелдерден көруге болады. Сондай қанатты сөздердің бірін еске түсіретін болсақ, қазақта “Алтау ала бол­­са, ауыз­дағы ке­те­ді, төр­теу түгел болсақ, тө­бедегі ке­леді” деген сөз бар. Яхия Әу­бәкірұлы ширек ға­сырдан ас­там уақыт елі­міз­дегі же­тек­ші экономи­калық ка­фед­ра­лар­дың бірін бас­қарды. Ол әріп­тестерінен талап ет­кен мақ­сат бірлігі мен бола­шақ­қа деген ұмты­лыс ка­фед­­ра­дағы тұрақ­ты­­лық, шығар­ма­шылық ізде­ніс пен гүлде­ну­дің кепілі болды. Яхия Әубәкірұлын күн сайын көріп жүріп,біз оған деген өзіміздің ыстық ықы­ла­сымыз бен рахметімізді біл­ді­ретін сөздерді айтуға мүмкін­д­ік таба алмаған сияқтымыз. Мәні мен мақсаты қиын шы­ғармашылық ең­бекке бүкіл ғұмырын паш еткен адамды асыра бағалау мүмкін емес. Яхия Әубәкір­ұлы­ның жар­ты ғасырдан астам өмірі мен қызметі елі­міздің жетекші жоғары оқу орнымен, Қазақ­станның жоғары экономи­калық білімінің да­муы­мен тығыз байланысты болды. Яхия Әу­бәкір­ұлының жемісті ғылыми жұмысы белсенді қоғамдық қызметімен үйлесім таба білді. Ғы­лыми, педагогикалық және ұйымдас­тыру­шы­лық қабілеті ерекше талант иесі әрқашан жа­ңашылдыққа ұмтылып, оны айналасында­ғы­лар­мен әрдайым бөлісуге дайын тұрды. Аға­мыздың өзгеше кішіпейілділігі, жан жылуы мен қарапайымдылығы, әр кез көмектесуге дайын тұ­ратындығы болар, әрдайым біз оған еліктеуге ұмтылып, одан үлгі алуға тырысатынбыз. Қазақ халқында “Жақсы әке – жаман балаға қырық жыл азық” деген қанатты сөз бар. Әрине, бұл сөзді әртүрлі түсінуге, түсіндіруге болады. Бірақ ешкім бұл сөздің астарындағы халық данал­ы­­ғын, философиялық мәнін жоққа шығара алмайды. Бұл сөзді айтып отырған себебіміз, ара­мыз­дан кетсе де Яхия Әубәкірұлы біздің прак­ти­калық ісімізге көмектесіп келеді. Тәлімгерлік шеберлік, өмірді тану ғана емес, көргенімізді ғылыми түсіндіру, бүгінгі күнгі оқиғаларды талдау мен болашаққа болжау жасауды да біз сол кісіден, ұстазымыздан үйрендік және үйреніп те келеміз. Яхия Әубәкірұлының практикалық және теориялық зерттеулері өзара тығыз байла­ныс­ты. Ол өте шешен адам еді. Дәрістерін үлкен де, кіші де, студент те, тәжірибелі профессор да ықы­лас­пен тыңдайтын. Ол сандаған да­рынды тү­лек­тері үшін өмірге кәсіби жолдама берген ақылгөй және қатал мұғалім ғана емес, ең алдымен тәлімгер, үлгі алар бедел иесі болды. Иә, үлкен ұйымдастырушылық қабілетке ие Яхия Әубәкірұлы әріптестері мен студенттері арасында үлкен құрметке ие еді. Оның оқулық­тары арқылы қазақстандық жастардың бірнеше буыны ержетіп, отанымыздың саналы азамат­тары болды. Оның көптеген шәкірттері түрлі ғылыми орталықтарда, оқу орындарында, түрлі кәсіпорындарда жемісті еңбек етуде. Ағартушы Аббас-Кули Бакиханов: “Сен жақсы істен екі рет ләззат аласың: біріншісі –оны орындауда, екіншісі – өз ісіңнің жемісін көр­генде” деп жазған еді. Әріптестері мен шә­кірт­терінің еске алуы бойынша, басқаларға ғана емес, ең алдымен өзіне талап қоя білушілік Яхия Әубәкірұлының ең басты қасиеті еді. Бұл оның ерекше еңбек қабілеттілігінен, ғылыми тазалығынан және кәсіби мақсаттарға қол жеткізудегі қажырлылығынан көрінді. Көрнекті ғалымның жарқын таланты, жан жылуы, кішіпейілділігі, жұртты тыңдай білуі және көмектесуге дайын тұруы оның басты қасиеттері болатын десек, Яхия Әубәкірұлы өз халқына қалтқысыз қызмет етті және тәуелсіз Қазақстанның болашағына кәміл сенді. Ең бастысы, Яхия Әубәкіров ғылымға адал болды, өмірінің соңғы сәтіне дейін оған қызмет етті. Яхия Әубәкіровтің жарқын бейнесі оны білетіндердің әрдайым есінде. Ф.ЖАҚЫПОВА, Х.САПАРҒАЛИЕВ.