Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ГФР Бундестагының (Парламенті) төрағасы Норберт Ламмертті қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Қазақстан-Германия ынтымақтастығы, парламентаралық байланыстар және халықаралық күн тәртібі мәселелерінің кең ауқымы талқыланды.
Кездесуден кейін журналистерге арналған брифингте Н.Ламмерт Қазақстан ГФР-дің Орталық Азиядағы маңызды серіктесі болып табылатынын атап өтті. Екі ел өз өңірлеріндегі негізгі серіктестер және экономика мен саяси салалардағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін тұрақты түрде қолдап келеді.
– Германиялық кәсіпорындар сіздердің елмен ынтымақтастыққа зор көңіл аударып отыр, өйткені ГФР мен Қазақстанның экономикалық өзара ықпалдастығы шын мәнінде жоғары әлеуетке ие. Экономикалық жаңғыртулар үдерісімен қатар, біз Қазақстанның халықаралық бастамаларын да қызығушылықпен бақылап отырамыз. Бұдан үш жыл бұрын мен Берлинде Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездестім, біз Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына ГФР-дің қолдау көрсету жайын талқыладық. Биылғы жылы желтоқсанда, әсіресе осындай ұзақ мерзімнен кейін, Астанада жоғары деңгейдегі ЕҚЫҰ Саммитін өткізудің өзі сіздердің елдеріңіз үшін зор табыс болып табылады, – деп атап өтті Н.Ламмерт.
----------------------------------
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.