Кеше республикалық диагностикалық орталықта Бельгия Корольдігінің ханзадасы Филипптің келуіне орай “Рак ауруларын емдеу. Бельгия технологиясы өміріңді сақтау үшін” атты семинар өтті. Оған бельгиялық медицина саласынан 28 маман мен еліміздің барлық өңірлерінен келген 70-ке жуық маман қатысты.
Естеріңізде болса, осы мәселенің алдын алу шаралары ретінде 2010 жылдың наурыз айында еліміздегі ұлттық медициналық холдинг жанынан ПЭТ (позитрондық-эмиссиондық томография) орталығы ашылған болатын. Бұл жаңалық жалпы Қазақстан мен холдинг өмірінде тарихи күн ретінде есте қалды. Себебі, соңғы технология үлгісіндегі жасалған бұл орталыққа бүгінгі таңда Орталық Азия елдері бойынша Қазақстан ғана қол жеткізіп отырғандығы қуанышты хабар.
Қазақстан Республикасының 2005-2010 жылдарға арналған денсаулық сақтау саласын дамыту бағдарламасына орай, онкологиялық аурулар кезек күттірмес өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Сол себепті, Бельгия Корольдігінің ханзадасы мен ол елдегі білікті деген мамандардың елордамызда басқосуы тегін емес. Жоғарыда айтып өткен ПЭТ орталығындағы инновациялық технологиялар негізінен Бельгияда жасалған. Ол елдің соңғы үлгіде озық технологиялары бүгінгі күні ерекше сипатқа ие. Атап айтқанда, ІBA компаниясы мен бельгиялық “Cyclone 18/9” атты қазіргі заманның талабына сай жасалған құрылғылар 2009 жылы республикалық диагностикалық орталыққа әкелінген болатын. Содан бері, жаңа құрылғыларға монтаждау мен орталық ішіне орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол құрылғы бір жылда 1480 адамды, бір күн ішінде 6 адамды қабылдай алады екен.
Семинардың ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген республикалық диагностикалық орталықтың бас директоры Әмір Ахетов: “Бүгінгі басталғалы отырған басқосуымыздың медицина саласында алар орны ерекше. Мұнда еліміздің барлық өңірі мен шетелдік мамандардың жасағалы отырған баяндамаларының денсаулық сақтау саласына тигізер пайдасы өте көп. Жаңа технологияларды елімізге енгізу – сапалы деңгейге шығуға мүмкіндік беріп қана қоймай, науқастың ауруын дәл әрі тез анықтауға септігін тигізеді”, – деді.
Маңызды басқосуда онкологиялық аурулардың алдын алу ісі кеңінен сөз болды. Семинар барысында ханзада Филипп бастаған бельгиялық делегация мүшелері рак аурулары мен оған қарсы күрес шаралары, сондай-ақ инновациялық үлгідегі құрылғылар жұмыстары жайын қарады. Рак ауруларын емдеу ісімен айналысатын бельгиялық медицина мамандарының жасаған баяндамалары да көпшіліктің ықыласына бөленді. Осыған сәйкес, диагностикалық оралықтағы бөлімдер жұмысы қаралып, екі ел арасындағы медицина мамандары өзара тәжірибе алмасып, көптеген сауалдарға жауаптарын алды.
Сонымен қатар, кездесу барысында алдағы уақытта бірлесіп атқаратын жұмыстар мәселесі талқыланды. Бельгиялық мамандар өздерінде жасалған жаңа технологияларда жұмыс істеу, оған саланың мамандарын тарту, Бельгия дәрігерлерімен тәжірибе алмасу істері мен осы сала бойынша Бельгияда білім алғысы келген студент жастарды тәжірибе алмасу үшін шақыратындарын айтты. Кездесуде, сонымен қатар, әлемдегі ең ірі өндіріс орны болып саналатын “AGFA” компаниясының орталыққа қойылған құрылғылары көрсетілді.
Жұлдыз БАЙДІЛДА, Еуразия ұлттық университетінің студенті.