Бурабайдағы республикалық оңалту орталығы 100 жылдығын атап өтті
Тамылжыған табиғатымен, емге дауа ауасымен, ғажайып көркемдігімен көз тартар Бурабайда шипажайлардың көптеп орналасуы заңдылық. Мұны орыс билеушілері де жақсы білген. Омбы архиепископы мен генерал-губернаторы 19 ғасырдың алғашқы жылдарында-ақ бұл өңірге зәулім саяжайлар салдыруы бұл сөзіміздің бір дәлелі. Бұл ғимараттар уақыт өте өкпе дертіне шалдыққандардың 30 төсектік ауруханасына айналды. Ал, 1910 жылы “Бурабай” (қазіргі “Қарағай”) шипажайы пайда болды. Содан бергі ғасырлық жол шипажайдың даңқын әлемге жайды. Көптеген құрылымдық өзгерістерге түскенімен сол дәстүр әлі күнге жалғасын табуда.
Ғасыр тойы – өз ісіне берілген бірнеше ұрпақтың жасампаз еңбегінің асқақ мерейі. Осынау күнтізбелік жарқын оқиғаға орайлас өткізілген халықаралық конференцияда бұл жөнінде тебіреніспен айтылып қана қоймай, туберкулезден емдеу мен оңалту шараларына қатысты өзекті мәселелер де сөз болды. Шетелдік қонақтарды, еліміздің көптеген аймақтарынан келген белгілі ғалымдар мен білікті мамандарды, орталық ұжымын Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко шын жүректен құттықтады.
Республикалық “Қарағай” оңалту орталығының бас дәрігері Қайырлы Құрмановтың танымдық баяндамасы ықыласпен тыңдалды. Осы мекемені отыз жылдан астам уақыт бойы басқарып келе жатқан ол шипажайдың бұрынғы бағыты өзгергенін Мемлекет басшысының Жарлығымен айрықша қорғалатын “Бурабай” ұлттық табиғат бағының құрылуымен байланыстырды. Қазір мұнда туберкулездің белсенді сипатын емдеу емес, оңалту шаралары жүзеге асырылуда. Бұрын санаторияның 24 ғимараты қатты отынды пайдаланатын қазандықтармен жылытылса, қазір экологиялық таза автоматты жүйе жұмыс істейді. Ұжымдағы 143 адам жыл сайын кезеңдік жолдамамен денсаулығын түзейтін мыңнан астам жұртқа қалтқысыз қызмет көрсетеді. Шипажайдың материалдық-техникалық жабдықталуы, озық медициналық құралдармен, дәрі-дәрмекпен, спорт және сауықтыру құралдарымен қамтамасыз етілуі талап деңгейінде.
Конференцияда ғалым-дәрігерлер Абай Байкенжин, Тілеухан Әбілдаев, Ғалымжан Рақышев, Талғат Келімбаев, Шолпан Бөлекбаева, Мұхтар Әлтаев, Айжан Садықова өздері тікелей зерттеп жүрген кәсіби тармақтар бойынша ой-пікірлерін ортаға салды.
Бақберген АМАЛБЕК.
Ақмола облысы.