2010 жылғы 13 қазанда Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүл Қазақстан Республикасының Түрік Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Б.Әміреевті осы елдегі оның дипломатиялық жұмысының аяқталуына байланысты қабылдады.
Түркия Президенті Қазақстан-Түркия қатынастарының жай-күйіне жоғары баға берді. Ол Қазақстан Президентінің бастамасы бойынша Түркі кеңесінің құрылуының, екі ел арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шартқа қол қойылуының, АӨСШК-ге төрағалықтың Қазақстаннан Түркияға өтуінің, сондай-ақ соңғы жыл ішінде жеті рет кездескен екі мемлекет басшылары арасындағы тығыз байланыстардың қазақ-түрік қатынастарының жаңа тарихи кезеңге аяқ басқанының жарқын куәсі болып отырғанын атап өтті.
Кездесу соңында А.Гүл Қазақстан Президенті Н.Назарбаевқа өзінің ең ізгі тілектерін жеткізді және екі халықтың одан әрі жақындасуы үшін қажеттінің бәрін жасауға әзір екендігіне сендірді, деп хабарлады Қазақстан Республикасының Түрік Республикасындағы елшілігінен.