11-14 қазан аралығында Солтүстік Атлантика альянсы (НАТО) бас хатшысының Орталық Азия және Кавказ бойынша арнаулы өкілі елші Р.Симмонстың жетекшілігімен НАТО сарапшыларының сапары болды. Қазақстанға келген күні-ақ Р.Симмонс еліміздің Қорғаныс министрі Ә.Жақсыбековпен кездесіп, ынтымақтастықтың ағымдағы жай-күйі жөнінде пікір алмасылды. Бұдан соң сұхбаттастар қатарына Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Б.Сембинов қосылып, Қазақстан Республикасы мен НАТО арасындағы әріптестіктің дербес іс-қимыл жоспарын іске асырудың негізгі қырлары қарастырылды.
Тараптар үстіміздегі жылы Қазақстанның НАТО-мен ынтымақтастығында оң өзгерістер төбе көрсеткенін атап өтіп, өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қолдау білдіру, Қазақстанның Қарулы Күштерін модернизациялау мақсатында өзара ықпалдастықты одан әрі дамытуға ниет білдірді.
Альянс сарапшыларының Қазақстанның 19 мемлекеттік органдарының өкілдерімен бірлескен жұмысы барысында Қазақстанның НАТО-мен әріптестігінің дербес іс-қимыл жоспарының және “Жоспарлау және талдау үдерісі” бағдарламасы аясындағы әріптестік мақсаттарын іске асырудың алдын ала бағалануы шығарылды.
Бағалаудың нәтижелері осы жылдың аяғында “Қазақстан+НАТО” тұрғысындағы мәжіліс барысында талқыланатын болады.
ҚР ҚМ баспасөз қызметі.