• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Қазан, 2010

Тұғырымыз – татулық

749 рет
көрсетілді

Дүңгендер – облыс аумағында тұратын көптеген диаспораның бірі болып саналады. Біздің аға­йын­дарымыз негізінен Қордай ауда­нының Масаншы, Сортөбе, Ауқат­ты, Бұлар батыр, Рисполе ауыл­дарында және Жамбыл ау­данының Жалпақтөбе, Гро­деково ауыл­дарында шоғырлана орна­ласқан. Дүңген ұлты диаспора­сының қазақ жерінде қалай пайда болғандығы туралы тарихи дерек­тер мен көне­көз қария­лардың бүгінге жеткен әңгімелері бы­лайша өрбиді. Қытайдағы дүңгендер көтері­лісі­­нен кейін цин әскерінің қыс­пағына ұшыраған дүңген халқы қазақ және қырғыз жеріне сонау 1870 жылдары келіп қоныстана бастайды. Қыс кезінде Тянь-Шань таулары арқылы бергі жаққа өте бастаған қандастарымыздың біразы аштық пен суықтан әлсіреп құлап, мұз құрсанған құздарды мәңгілікке мекен етті. Ескі көз қариялардың айтуы бойынша сол мұзарттардан өтіп келе жатып, дем алу үшін ұйықтауға жатқан отбасылары таңертеңгілік түгелдей қатып қалған жағдайлары да кездескен. Осылай­ша цин жаза­лау­шыларынан қашып шыққан­дар­дың аз ғана бөлігі аман қалды деуге болады. Сол кезде Ре­сей им­периясына бағынышты қаз­ақ жеріне жеткен қандастары­мыз­дың ауызы аққа тиіп, суық пен аш­тықтың тырнағынан аман қалған­дығын бүгінгі ұрпаққа қариялары­мыз ғибрат қылып айтып отыра­ды. Дүңген халқы диаспорасын осы қиыншылықтан аман-есен алып шығуға Биянху Мухаммед Аньюб өлшеусіз үлес қосыпты. Қазақ жеріне қоныстанған уақыттан бастап біз жергілікті халықпен тағдырласпыз. Тағдыр­дың басқа салған қиыншылық­тары мен еліміздегі бүгінгі оң өзгерістерді бірге көріп келеміз. Ресей патшасының отаршылдық саясатына қарсы күресте және Кеңес өкіметін орнатуда қазақ халқымен бірге болдық. Қазақ даласындағы Ұлы қазан төңкерісі кезінде дүңген ұлтынан шыққан батыр Мағазы Масаншыны бүгінгі жас ұрпақ жақсы біледі және кеңес өкіметінің кезінде ол кісінің құрметіне Алматы қаласында көшеге аты берілді. Одан кейінгі ел басына туған үлкен қасірет Ұлы Отан соғысы жылдарында да дүң­ген ұлтының ұлдары басқалар­мен бірге Отан қорғауға аттанды. Ал елде қалған қариялар мен бала-шаға басқалармен бірге майдан даласындағылар үшін азық-түлік, киім-кешек дайындауға атсалыс­ты. Қордай ауданы Масаншы ауылының ортасындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне орнатылған ескерткіш тақтадағы тізімде дүңген бауырларымыздың да есімдері көптеп кездеседі. Соғыстан кейінгі бейбіт өмірде дүңген халқы еңбек майданына белсене араласып, еліміздің эконо­микалық және мәдени жетістік­теріне үлес қосып келеді. Этнос­аралық және конфессияаралық келісім орныққан біздің Отаны­мыз – Қазақстанның даму тә­жіри­бесі әлемнің көптеген ел­деріне үлгі болып отырғандығы, осында өмір сүріп отырған біздер үшін зор мақтаныш әрі үлкен мәртебе. Елбасы, еліміздің тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген­дігі мен сара саясатының арқа­сын­да қазақстандықтар тату-тәтті өмір сүріп, елімізде жүргізіліп жатқан оңды өзгерістерді әрқай­сымыз жеке сезініп отырмыз. Жас ұрпақты төзімділікке, патриоттық тәрбие беруге, үлкендерге құр­метпен қарауға, ұрпақтар сабақ­тастығын жалғастыруға бағыттал­ған іс-шараларға ақсақалдарымыз бен беделді тұлғалар тартылып отырады. Біздің өңірде тұратын бауыр­ларымыз негізінен ауыл шаруа­шылығымен айналысатын болған­дықтан, бүгінде әрбір дүңген отба­сының әл-ауқаты жақсы. Соның арқасында, әрбір отбасы бала­лары­ның жоғары білім алып, білікті маман болып шығуына көп көңіл бөледі. Экономиканың әр­түр­лі салаларында, мәдениет пен өнер саласында табысты еңбек етіп жүрген Т.Аширов, М.Ман­суров, И.Буларов, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі М.Паншаев және келешегінен зор үміт күттіріп отырған жас суретші С.Каримов сынды бауырларымыз жас ұрпаққа үлгі болып отыр. Қазақ халқы “күш атасын таны­мас” дейді. Өткен жылы әлем чемпионатында дүңген қызы М. Манеза және З.Чиншанло Қазақ­станның көк байрағын желбіретіп, еліміздің спорттық қоржынына екі алтын медаль салды. Сондай-ақ биыл Б.Сулейманов кикбоксинг­тен Сербияда өткен әлем чемпио­натында жүлделі І орынды жеңіп алды. Өз ұлтымыздың салт-дәстүр­лері мен ана тілімізді өркендетуді және дүңген халқының тарихын тереңірек зерделей түсуді, соны­мен қатар еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласуды мақсат тұтқан “Вынхуа” дүңген мәдени орталықтарының Жамбыл облыс­тық қауымдастығы 1994 жылы құрылды. Оның алғашқы басшы­сы, бүгінгі күні “Гуонлен” жастар орталығының жетекшісі болып отырған Р.Бакиров орта­лық­тың жұмысын дұрыс жолға қоя білді. Қазіргі кезде біздің орталықты Қордай ауданы, Сортөбе ауы­лында тұратын Л.Буларов бас­қарып отыр. Қордай ауданы об­лыс орталығынан шалғайда бол­ған­дықтан Жамбыл ауданы мен Тараз қаласындағы орталық­тың жұмыстарын мен үйлестіріп отырамын. Менің жанымда әр­дайым белсенді көмекшілер, орта­лықтың басқарма кеңесінің төр­ағасы А.Азимов, Жамбыл ауда­нын­дағы этномәдени орталықтың төрағасы И. Юнусов, басқарма мүше­сі, Тараз қаласындағы №34 мектептің директоры С.Даузова, орталықтың жастар қанатының төрағасы З. Махусеев, басқарма мүшесі З. Джамалов және т. б. бар. Әрине, барлық іс-шараларға Жалпақтөбе ауылдық округінің әкімі Д.Исмазова белсенді қаты­сып, қолдау көрсетіп отырады. Жамбыл облысындағы “Вын­хуа” этномәдени бірлестігі жұ­мысының негізгі бағытының бірі – қоғамдық-саяси мәні бар көп­шілікке арналған мәдени іс-шара­лар өткізу. Соның шең­берінде жыл сайын күзгі жиын-теріннен кейін дүңгендер шоғырланған Қор­­дай ауданында немесе Жам­был ауданында Этнос күні өткізі­ліп отырады. Бұл мерекеге кіш­кентай бүлдіршіндерден бастап, барлық жастағы белсен­ділер ат­сал­ысады. Мерекені тамаша­лауға келгендер дүңгеннің ұлттық ән-билері және үрдістерімен қатар, өзге де ұлт өкілдерінің өнерін тамашалап қайтады. Ұрпақ тәрбиесі отбасы мен мек­тептен бастау алатын болған­дықтан, барлық жұмыстарымызды солармен тығыз байланыста жүргізіп отырамыз. Қыз ұзатып, келін түсіру сияқты, сондай-ақ, басқа да отбасылық мерекелерді халықпен бірге тойлап, өмірде кездесетін әртүрлі қиыншылықтар басына түскен отбасына көмек қолымызды созып отырамыз. Жастарымыздың мемлекеттік тілге, яғни қазақ тілін білуге деген ынтасы бізді қатты қуантады. Үстіміздегі жылы қауымдастық жанындағы “Гуонлен” жастар бір­лес­­тігінің өтініші мен бастамасы бойынша Жамбыл ауданының Жалпақтөбе ауылындағы В.Чкалов атындағы жалпыға бірдей білім беретін орта мектепте мемлекеттік тілді оқыту курстары ашылып, жұмыс істей бастады. Ал Қордай ауданындағы мемлекеттік тілді үйренуге тілек білдіруші өзге ұлт өкілдерінің арасында дүңген жастарының саны басым. Мұны мен жастардың елімізде жүргізіліп отырған мемлекеттік ұлттық саясатты қолдап, оған зор сенім білдіруі деп түсінемін. Қазақстанның мемлекеттік, ұлттық мерекелерін кеңінен атап өтіп, Рухани келісім күні мен Қарттар күніне орай кездесулер өткізіп отырамыз. Жыл сайын 9 мамыр – Жеңіс күнінің құрметіне таэквандодан халықаралық турнир өткізуді дәстүрге айналдырдық. Көп жылдардан бері облыс орталығындағы Қ.Сарымолдаев атындағы балалар үйінде тәрбие­ленушілерді қамқорлыққа алып, онда өткізілетін кез-келген іс-ша­раға атсалысамыз. Сол бала­лар­­дың арасында таэквондомен айна­лысатындары да бар. Алдағы уа­қыт­та атқаратын істеріміз бұдан да ауқымды болады деген ойдамын. Этномәдени орталық биылғы жылдың өзінде халықпен тығыз байланыса отырып, бірқатар ау­қым­ды істер атқарды. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының жыл сайынғы халыққа Жолдауынан, Қазақстан халқы Ассамблеясының жыл сайынғы сессияларында берген тапсырмаларының орын­далуына ерекше назар аударып отырамыз. Үстіміздегі жылы “Бірлігіміз жарасқан!” акциясы шең­берінде Жалпақтөбе ауылын­дағы көпбалалы отбасыларына көмек көрсетілді. Бұл – тек бір жолғы ғана іс емес, үнемі жалға­сын тауып отыратын үлкен ау­қым­дағы іс деп білеміз. Руслан ИСМАЗОВ, “Вынхуа” дүңген этномәдени бірлестігінің вице-президенті. Жамбыл облысы. _______________ Суретте: Елбасы 2005 жылы Жамбыл облысындағы “Достық” үйінің ашылуына қатысқан болатын.