Тәуелсіздік талаптары
Елдің мақсаты, атап айтқанда, қазақ халқының мақсаты тек қана қарын тойғызып, қара көбейту емес. Ұлтсыз, тілсіз, тобырға айналып, топ көбейту де емес. Мақсат – өз тілінде өгейдің күнін кешпеу. Еңсесі тік, рухы биік болу. Алаш атының, қазақ даңқының аяқ асты болмауы. Атадан қалған асыл мұрасына, бабадан қалған барша мирасына толық қожалық ету. Көрінгеннің қолжаулығына айналмау. Қазыналы жерімізге, кең пейілді елімізге лайықты мемлекет болу. Мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қоғам өмірінің бар белесінде үстемдік етуі. Өзгелерден кем емес, тең болу, десем, Тіл туралы заңның қабылданғанына 20 жыл болса да, қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне сай дамымай отыр. Қаншама қаражат бөлінді, қаншама мемлекеттік құрылымдар құрылды, қанша адам ақысыз курстарда дәріс алды. Елбасы тарапынан “қазақ қазақпен қазақша сөйлессін”, “Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде”, т.б. секілді ұрандар ортаға тасталғанымен, бұл сөз жүзінде қалудан аса алмай келеді. Оны елеп, ескеріп, қазақтыққа ұмтылып отырған жандардың қатары бірлі-жарым болмаса, айтарлықтай көбеймей отыр. Мұның себебі неде? Мемлекетіміздің тіл жөнінде ұстанған саясатының, тіл саясатын жүзеге асыру механизмдерінің тиімсіздігінде. Ал, тиімсіз, қайтарымы жоқ өнімсіз іске неге қаражат шашып, уақыт сарып қыламыз. Демек, бізге басқа жол қарастыру керек.
Өйткені, Қазақстанда бір ғана қазақ тілін білу, қазақ тілін үйрену деген сөз өз-өзіңнің мүмкіндігіңді шектеу, табысы көп, лауазымды қызметтерден шет қалу, ауыр, қара жұмысқа жегілу деген сөз болып отыр. Қазақ тілін білгендердің, жалпы қазақтың жағдайы осындай болып отырғанда, қалай ел боламыз, қазақ тілін қалай дамытамыз, мемлекеттік тіл мәртебесіне қалай сай етеміз. Тілді сауықтыру үшін елді сауықтыру керек. Тілді дамыту үшін елді дамыту керек. Тілді өркендету үшін елді өркендету керек. Қазақ ұлтының проблемасы шешілмей, Қазақстанның проблемасы шешілмейтінін қанша қайталасақ та құлаққа ілер жан шамалы, Қазақстанды мекен етіп жатқан басқа ұлт өкілдерінің де мұнсыз ұшпаққа шыға қоюы қиын. Бұны өзге ұлт өкілдері де жақсы түсінеді. Қазақ халқын қолдауға, соның айналасында ұйысып, өз тілі мен мәдениетін дамытуға баршасы құлықты. Олардың да “қазақстандық ұлт” болғысы келмейді. Біз осыны түсінуіміз керек. Жолайрыққа жеткен осы тұста дұрыс шешім қабылдай алмасақ, елдігімізге сын, егемендігімізге мін.
Жер иесі, ел иесі ретінде қазақ халқы жауапкершілікті қолға алуы керек. Жалтақтықты қоюы тиіс. Нық сеніммен, отты жігермен алға басуы жөн. Табансыздықтан, солқылдақтықтан, бағдарсыздықтан арылатын кез жетті. Тәуелсіздік алған 90-жылдары елімізді мекендеп жатқан өзге ұлт өкілдері бізден соны күтті. Серке болып бастасын деді. Болашақ тағдырын Қазақстанмен байланыстырғысы келмегендер, бірден-ақ буынып, түйініп өз тарихи Отандарына жол тартты. Қазақстаннан өз болашағын бөліп қарағысы келмегендер балаларын жаппай қазақ мектептеріне, қазақ балабақшаларына бере бастады. Алайда біз көшбасшылық жасауға дайын болмадық, ірі тарихи мүмкіндікті жіберіп алдық. Солқылдақтық таныттық. Мызғымас сенім мен шешімтал қимыл болмаған жерде, бір тудың астында бас құрап, бір мақсат жолында еңбектену – бос қиял. Ірге берік, іс берекелі болмайды. Біз мұны жадымыздан шығармауымыз керек.
Сол жылдары бірден осы іске бекем кірісуіміз керек еді. Әйтсе де, сол кезеңде мұндай істі көтеруге экономикалық та, саяси да жағдайымыз мүмкіндік бере қоймады. Бірақ қол қусырып қарап отырдық десек, жалған болар. Елбасының бастауымен қаншама іргелі істер атқарылды, тарихи қадамдар жасалды. Ашып айтпағанмен, тарихи тұлғаларымызды түгендеу, аруақты бабалар аруағына арнап ат шаптырып, ас беру отарсыздандырудың көрінісі болатын. Бірақ жүйелі түрде жүргізілген іс болмағандықтан, нәтижесі шамалы болды.
Бастысы, еліміз қиын кезеңнен аман-есен өтіп келеді, ұрыс-керіс, қантөгіс болмады. Тыныштық сақталды. Шекарамыз айқындалды. Біле-білген адамға бұның маңызы орасан зор. Аз ғана уақыттың ішінде аса ауқымды істер атқарылған. Президенттің астананы Ақмолаға ауыстырып, жаңа тұрпатты, сән-салтанатты тағы бір қаланың бой көтеруіне тікелей мұрындық болғаны тарихи ерлік. Қазақ бар кезде, Қазақстан тіршілік етіп тұрғанда бұл іс ұмытылмақ емес. Бұны ұлттық сананы оятуға, елді өзгеше, тың даму арнасына түсіруге бағыттаған тарихи бетбұрыс, ерекше қадам деп санаймыз.
Десек те, тоқсаныншы жылдардағы жекешелендіру кезінде негізінен қазақтар тағы да үлестен қағылды. Нарықтық экономиканың қиындығы да тікелей қазақтарға тиді. Ауыл шаруашылығы тұралады. Дені ауылдық жерлерде тұрып, ауылшаруашылық жұмыстарымен айналысқан қазақтар жұмыссыздықтан есі шығып, ірі қалаларға ағылды. Қаншама қазақ әйелі отбасын асыраймын деп қала мен ауыл арасында кіре тартты, денсаулығынан айрылды. Бала-шағасы тәрбиесіз қалды. Шаңырағы шайқалды. Ал ірі қалаларда пәтердің тоқсан пайыздайы өзге ұлт өкілдеріне тиесілі екендігі белгілі. Қазақтар тағы да солардың кірмесіне, есігінің алдында жүретін қызметшісіне айналды. Бұл көрініс осы күні де түзеле қойған жоқ. Пәтер жалдағанның, арба сүйретіп, қара жұмыс істегеннің түгелге жуығы тағы да сол қазақтар. Ішкі көші-қон саласын мемлекеттік тұрғыда реттемеудің кесірінен Алматы іргесінде “Шаңырақ”, “Бақай” оқиғалары, Шымкент, Астана төңірегіндегі даулы жерлер мәселесі бас көтерді. Мұндай жағдай бірлі-жарым емес, Қазақстанның барлық ірі қалаларының маңайында орын алып отыр. Сондықтан ел билігі бұған аса байыппен қарап, тиісті кең ауқымды шараларды жедел қолға алуы және әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге кірісуі керек-ау деймін.
Осындай құбылыстардың салдарынан көпшілік қазақ жастарының рухы сынды, жігері жасыды. Денсаулығы нашарлады. Мұны әскери комиссариаттар жанындағы медициналық бақылау комиссияларының әскерге шақырылған жастардың денсаулығын тексеру қорытындыларын, медицина мекемелерінің халық денсаулығының жай-күйі туралы статистикалық деректерін қарау арқылы оңай көз жеткізуге болады.
Соншама қазынаның, мол байлықтың үстінде жарымай отыру – бейшаралық. Бұл іс басында отырған басшы адамдарымыздың істің көзін білмеуі. Отаншылдық, мемлекетшілдік қасиеттің жоқтығы. Қолда барда қарпып қалу пиғылының үстемдік құруы. Ақиқатын айтсақ, бір күндік тіршілікпен өмір сүруі. Бұл ақтауға болмайтын әрекет.
Ұлттық қорды Америкада, АҚШ долларында сақтау арқылы Американың экономикасын тегін қаражатпен дамытып отырғандаймыз. Алатын пайдамыз 2,5 пайыздың ол жақ, бұл жағы. Бұл инфляцияны да жабуға жарамайды. Ал оны басқару, бағалы қағаздар нарығына орналастыру қызметінің шығындарының барлығын Қазақстан көтереді. Сонда біз ұтылып отырмыз. Мұны мемлекетіміз, қаржы саласының мамандары көрмей, білмей отырған жоқ. Бірақ олар ұтылысымызды, жеңілісімізді ақтап, соны жасырып, жабумен әлек. Демек, бұған ішімізде мүдделі күштер бар. Американың қаржылық құрығына түскен соң, одан шығу өте қиын. Ұлттық қордағы қаражатты басқа валютада, басқа елдердің қор нарығына орналастыру да мүмкін емес. Бұған Америка ешуақытта жол бермейді.
Өз қаржымызды қатырып қойып, әлемдік қаржы институттарынан пайыздық үстемесі жоғары қарыз аламыз. Атап айтқанда, Дүниежүзілік банктен, Халықаралық валюта қорынан, т.б. Бұл қаржы институттарының барлығының ар жағында АҚШ секілді алпауыттың тұрғаны ешкімге де жасырын емес. Айналып келгенде шикізатымыз да, халқымыз да Америка экономикасына жұмыс істеп жатыр деуге болады. Сондықтан біз Ұлттық қор мәселесін, АҚШ долларына таңылу мәселесін қайта қарауымыз керек. Еліміз игілігін көре алатындай тетіктерін қарастыруға тиістіміз.
Мойындауымыз керек, Қазақстанда іс басындағы ат төбеліндей аз ғана топ болмаса, жалпы халықтың ішінде нашар тұратын, ең кедей тұратын халық – қазақ. Құқы аяққа тапталып жатқан, өзін қор, кембағал санайтын, табысы аз, қара жұмысқа жегіліп, еңбегі еш, тұзы сор болып жүрген де – қазақ. Экологиялық апаттардың зардабын тартып отырған да қазақ. Сіңірі шыққан кедейлер кеселі – құрт ауруымен көп ауыратын да қазақ.
Осындай жағдайда отырған қазақтарды өзге ұлт өкілдері қалай құрметтесін, қазақ тілін қалай үйренсін. Оның үстіне әлі күнге қазақтар орыс тілін білмесе, лауазымды қызметтер атқара алмайды. Табысты, беделді қызметтер атқару үшін міндетті түрде орыс тілін білуің керек. Онсыз аттап баса алмайсың. Осындай әділетсіз жағдайлардың барлығы жиылып келіп, қазақтардың көкірегіне қыжыл кіргізіп отыр. Ертеңіне деген сенімі де аз. Қазақ тілінің кең қанат жая алмай отырғаны да осыдан. Өйткені, оның болашағына деген сенім аз. Мемлекет тарапынан кепілдікті көрмей тұр. Тіл саясатына қатысты Конституциямыз да, Тілдер туралы заңымыз да, Тіл туралы мемлекеттік бағдарламамыз да екіұшты, кісіні екіұдай ойға қалдырады. Елдің болашағын жалғастырады деген “Болашақ” бағдарламасы арқылы шетел асып оқып жатқан жастарымыздың да дені орыс тілді. Қысқасы, Қазақстанда қазақ ұлтының мүддесін көздейтін заңдық база жоқ. Қазақстанда қазақ ұлтының проблемасы шешілмей, басқа проблемаларымыз шешіле қоюы қиын. Бұл бітеу жара секілді. Жалап жазбаса, жарылуы мүмкін. Сондықтан да біз “Отаршылдық салдарынан арылу туралы” Қазақстан Республикасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасап, оны іске асыруға арналған мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді ұсынамыз. Мұның зәрулігі мен маңыздылығы мынада. Қазақстанның қағаз жүзінде КСРО-ның одақтас бір республикасы болғанымен, іс жүзінде үш ғасыр бойы Ресейдің отары болғаны санасында саңылауы бар адамның баршасына белгілі. Мұны архивтерде сақталған қазақтардың құқығын шектейтін көптеген нормативтік-құқықтық актілерге сүйене отырып негіздеуге болады. Мұндай құжаттар патшалық Ресей тұсында да, кеңес өкіметі тұсында да жетіп артылды. Білікті тарихшылардан жұмыс тобы құрылып, осы мәселемен арнайы айналысатын болса, заттай, құжаттай айғақтарды молынан табатынына сеніміміз кәміл. Осы секілді шараларды кезінде отар ел болған Африка, Үндістан, Азия елдері (Малайзия, Сингапур) қолға алған.
Мұндай мәселені мемлекеттік тұрғыда кешенді шараны қолға алу арқылы шешпесе, ұсақ-түйек, бір сәттік, өтті-кетті шаралармен шешу мүмкін емес. Мұны іске асыру механизмі мынадай болуы керек деп санаймыз. Бұл үшін Президент жанынан арнайы ұлттық комиссия құрылып, оның құрамына әр түрлі саланың білгір, ұлтжанды мамандары тартылуы қажет. Комиссия тұжырымдаманы дайындап, мемлекеттік ұйымдардың талқылауынан өткізіп, Президенттің бекітуіне ұсынуы керек. Тұжырымдама бекітілгеннен кейін Үкіметке, немесе арнайы уәкілетті органға тұжырымдаманы іске асыруға арналған мемлекеттік бағдарламаны дайындап, Президенттің бекітуіне ұсыну жүктелгені жөн. Бағдарламада қазақтардың мүддесін ескеретін білім беру, көші-қон, демографиялық, тұрғын үй, тіл, экономикалық, ішкі және сыртқы саясат мәселелері қамтылуы керек. Халықтың тарихи жадын жаңғыртуға бағытталған мәдени-рухани шаралар (айтыс, атақты адамдардың мерейтойлары, тарихи жәдігерлерімізді жинақтау), мәдени мұра, қазақ тілін дамыту, т.б. шаралар осы бағдарламаның аясында, бір орталықтың бағыттауымен жүзеге асырыла береді.
Осы кезге дейін атқарылған ұлттың рухын көтеруге, еліміздің болашағын баянды етуге арналған шараларымыздың ірі тарихи миссиясын жақсы атқарғанын ескеріп және олардың озық тұстарын алып, ары қарай арнайы бағдарлама аясында атқару жөн деп білеміз. Осында аталған мәселелерге елімізде тұрып жатқан әртүрлі ұлт өкілдері түсіністікпен қарайтынына және қолдау көрсететініне толық сенеміз. Осындай ауқымды істерді атқарғанда ғана қазақ халқы өзге ұлт өкілдерімен терезесі тең болып, Қазақстанда өзге ұлттардың ұйыса өмір сүруінің ұйытқысы болып, дамудың жасампаздық арнасына түсер еді. Қазақстанды мекендеп жатқан басқа ұлт өкілдерінің де, шет елдердің де қазақтарға деген құрметі, сыйы арта түсетін болады.
Осы күнге дейін біз орыссыз өмір сүруді көзге елестетпейтін секілдіміз. Орыссыз күніміз қараң болатын секілді. Мұндай психологиядан бас тартуымыз керек. Әлемде қаншама ел орыс тілін білмей-ақ өсіп-өркендеп, дамып отырғанын ескеруіміз керек. Өзі батыстың жаңғырығына айналып, кері кетіп бара жатқан елдің етегіне жармасуды қоятын кез жетті. Әлемдегі ғылыми ақпараттың орыс тіліндегі үлесі 5 пайызға да жетпейді. Ашылып жатқан ғылыми өнертабыстардың 2 пайызы ғана Ресейдің үлесінде.
Біз бүкіл ақпаратты орыс тілі арқылы алған соң, дүниеге, әрбір құбылысқа орыс көзілдірігімен қараймыз. Сол тұрғыдан баға береміз. Рухани, тілдік тәуелділікке ұшырап, пікір дербестігіне қол жеткізе алмай келеміз. Бұдан былайғы уақытта қажет ақпаратты басқа тілдерден тікелей алу мәселесін шешпесек, өркениет көшінен қалып қоямыз. Мұны мықтап ұғынуымыз керек.
Өнер білімі ілгері кеткен елдермен терезе теңестіреміз, өзімізді өзгеге сыйлатамыз десек, дипломатиялық қарым-қатынасқа, еларалық келіссөздердің қыр-сырына машықтанған әр түрлі тілден тікелей қазақ тіліне және керісінше аударма жасай алатын кәнігі тәржімашыларды шұғыл дайындауымыз керек. Іргелі елдердің келіссөздер барысында аударма жасайтын мамандарының тәжірибесін зерттеп, соны қолдануымыз керек.
Сайып келгенде, қазақ мәселесінің сарқып құяр сағасы тілге келіп тіреле береді. Тіл мәселесі жалқыны емес, жалпыны қамтитын, бар салаға бірдей қатысты болғандықтан, мәселені шешу үшін ауқымды, жан-жақты, жүйелі шараларды қолға алуға тиіспіз. Осындай күрмеуі көп күрделі түйінді тарқату үшін төмендегідей шараларды қолға алуды ұсынамыз.
1. Ең алдымен, басы ашық мәселе, қазақ халқының ойынан шығатын нақты әрі айқын ұлттық идеология керек. Жұртшылықты бір тудың, бір ойдың астына жұмылдыруы тиіс. Келер күнге, алдағы тағдырына құлшындыруы керек. Қазақ халқы және басқа ұлт өкілдері өздерін алда қандай өмір күтіп тұрғанын нақты білуі, көз алдына елестетуі керек.
2. Мемлекетіміз мықты, тәуелсіздігіміз тегеурінді болуы үшін халқымыздың еңсесі тік, рухы биік, арманы асқақ болуы керек. Қазақ халқының тұрмысын көтеру – басты мақсат болуы тиіс. Ол үшін елдің қаржылық, экономикалық сауатын көтеру керек. Істің көзін көрсетіп, кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндік туғызған жөн. Орта тап – ұлттық буржуазия қалыптастырғаннан кейін қандай іске болсын, бел шешіп кірісе беруге болады.
3. Малайзия мемлекеті қолданған тәжірибені қолға алған жөн. Қазақ халқын көтеруге арналған “Қазақ инвестициялық қоры” акционерлік қоғамын құрып, акцияларын бүкіл қазақ халқына сату керек. Бұл акцияларды иелерінің белгілі бір мерзімге дейін сатуына, айырбастауына тыйым салынуы тиіс. Олар үлес (дивиденд) алып, қор құраудың қыр-сырын меңгергеннен кейін ғана еркін нарықтық қатынастарға көшуіне жол ашса болады. Инвестициялық қор акцияларының бақылау пакеті толықтай мемлекет иелігінде болып, қаражаты ұлттық экономиканың табысты салаларына орналастырылуы керек.
4. Тәуелсіздік алар қарсаңда құрылып, қазақ тілінің кең өріс алуы жолында қызмет етіп жүрген халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының да қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қызметін іске асыру тетіктерін әзірлеуге, ғылыми-ақпараттық тұрғыдан негіздеуге, ұлттық идеологияның ошағы болуға интеллектуалдық та, кадрлық та әлеуеті жеткілікті. Сондықтан халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының жанынан қолданбалы қазақ тілін зерттейтін, қазақ тілінде әзірленетін баспа өнімдері мен нормативтік-құқықтық актілерге тәуелсіз сараптама жасайтын, қазақ тілін оқыту-әдістемелік жұмыстарын үйлестіретін, әлеуметтік-лингвистикалық талдаулар жасайтын, әлемдік ғылыми ақпаратты қазақ тіліне аударатын арнайы мамандандырылған “Қазақ тілі” академиясын құру керек. Ол мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтудің, тіл саясатын іске асырудың ғылыми-әдістемелік негізін жасауы, ресми іскерлік стиль мен ғылыми-техникалық тілді қалыптастыруы, ұлттық идеология әзірлеудің ошағына айналуы тиіс. Бұл мемлекет тарапынан тілді дамытуға бөлініп жатқан қыруар қаражаттың жүйелі, нәтижелі істерге жұмсалуына ықпал етер еді. Мұны ұлттық даму институттарының жылдық табысының белгілі бір мөлшерін бөлу (5 пайыз) арқылы қаржыландыру керек. Сол секілді түрлі гранттарды жеңіп алып та өзін өзі қаржыландырады.
5. Елімізде іргелі діндерге (ислам, христиан, будда, иудаизм) ғана орын қалдырып, қаптаған конфессиялар мен секталарға қатаң тыйым салу қажет. “Діни сенім бостандығы туралы” заңды қайта қарап, талаптарын күшейту керек. Бізге жалпы жұртшылықтың (келімсек миссионерлердің) көңілін табудан гөрі, еліміздің тыныштығы, тәуелсіздігіміздің баянды болғаны қымбат.
6. Мынаның басы ашық. Біз мың жерден Батысқа, Америкаға еліктеп, қанша тыраштанғанымызбен, олардың даму деңгейіне жете алмаймыз. Еліктеуші, тұтынушы деңгейінен арыға бармаймыз. Бұған XІX ғасырда француздарға еліктеген орыстар, Ататүрік бас болып, батысты бетке алған түріктер тәжірибесі мысал бола алады. Дамыды деген Малайзия мен Сингапур де Батыс Еуропа мен Америка елдерінің шеніне келе алмайды. Батыстануға бет алған Үндістан тарихы да сабақ болуы керек. Бұл ретте Қытай мен Жапонияның тәжірибесін жақсылап зерттеу қажет. Біз өз тарихи тамырымыз бен төл салт-дәстүрімізге табан тіреп, әлемнің ең үздік жетістіктерін бейімдеп пайдалана отырып, өз жолымызды анықтауымыз керек. Ақыл-ой мен ғылым-білімге барынша иек артуға тиіспіз.
7. Жаһандану үдерісі әлем елдері арасында аймақтық, одақтық, саяси интеграция процесінің жеделдеуіне түрткі болуда. Қазіргі кезде әлемдік даму өркениетінде аймақтық интеграция ғаламдастыру үрдісінің бір бөлігі ретінде кеңінен таралып отыр. Батыс Еуропалық Одақтың рөлі мен беделі өсіп, Шығыста Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің қауымдастығы күшейе түсуде. Еуразиялық кеңістікте Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейін тарихи-географиялық ерекшеліктерге байланысты бірнеше интеграциялық орталықтар нышаны байқалды. Солардың бірі – Орталық Азия аймағы.
Геосаяси жағынан бүгін бұл аймақ құрамына жалпы аумағы 4 миллион шаршы километрден астам және халқы 60 миллионнан асатын бес мемлекет енеді. Аймақтың мүмкіндігі зор. Табиғи байлық қоры мол. Әлемдік саясаттың түйінді мәселелерінің көп ретте осынау аймақта тоғысып жатуы да осыған байланысты.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы тәуелсіздік алу кезеңінде Орталық Азия мемлекеттері арасында байланыстар бәсеңдеп, өңір халқының қарым-қатынасы мен өзара түсіністігінің әлсіреуіне әкеп соққан оқшаулану белгілері көрініс берді. Елдер арасындағы ақпараттық, мәдени және ғылыми қарым-қатынастың үзілуі – төскейде малы, төсекте басы қосылған ағайындас халықтардың бір-бірінен алшақтауына әкеле бастады. Егер бұл жағдай осылай кете беретін болса, біз бір-бірімізді түсінісе алмайтын немесе түсініскіміз келмейтін жағдайға жетуіміз мүмкін. Нақты айтқанда, тиімді диалогтың болмауы жаңа проблемалардың туындауына әкеп соғуы ықтимал.
Сондықтан да, ең алдымен, Орталық Азия елдерінің арасында мәдени байланыстарды күшейту, интеграциялық процестерді үдету жайын қаперге алған лазым. Қазіргі таңда белең алып отырған жаһандану үрдісінің пайдасына ортақ, зарарынан қашық болудың да бір жолын Орталық Азия елдері арасында мәдени байланыстар арқылы орнығып, тең қарым-қатынастарға негізделген ортақ іс-қимылдардан көріп отырмын.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тұжырып айтатын босақ, мәселе қазіргідей алмағайып заманда тәуелсіздігімізді нығайту, ұлттық болмысымызды сақтау, әлемнің дамыған мемлекеттерімен иық теңестіру, тарихи тағдыры мен түпкі тегі бір елдермен интеграциялық үдерістерді күшейте отырып, жаһанданудың пайда-зиянына бірлесе қам қылу туралы болып отыр.
Түркілік-исламдық факторларды алға ұстай отырып, Орталық Азия идеясын баянды ету бағытында сөзіміздің ұзын-ырғасын тиянақтай келе мынадай тұжырым жасауға болады.
Біріншіден, Орталық Азия елдерінің алдында тұрған саяси, экономикалық, демографиялық, әлеуметтік, экологиялық, діни, есірткімен күрес, су тапшылығы сынды өзекті мәселелерді еңсеру осы аймақтағы елдердің басы біріккенде ғана шешілмек. Осы аталған мәселелерді уақтысында шешпей, қандай да бір жетістікке қол жеткізуіміз мүмкін емес. Интеграциялық процестер аймақтағы елдердің жағдайын жақсартуға ықпал етері сөзсіз.
Екіншіден, Орталық Азия елдерінің бір-бірімен қарым-қатынасын нығайтып, ортақ мәдени өріске қол жеткізуге мүмкіндігі бар. Бұған негіз жоқ емес. Орталық Азия елдерінің мыңжылдық ынтымақтастық тарихы бар. Шекаралары ортақ, шаруашылық байланыстарының деңгейі жоғары, мәдениеттері мен салт-дәстүрлері ұқсас, ділі жақын және бір тілдік топқа енеді. Бұл аймақтағы халықтардың тағдыры тұтасып кеткен.
Үшіншіден, Орталық Азия елдеріндегі ғылыми және ақпараттық байланыстарды жүйелі жүргізу үшін ортақ үйлестіру кеңесін құрған жөн. Жоғарыда айтылған ой-пікірлерді біртіндеп орнына келтіре алсақ, Тәңірі бақ талайымызға берген тәуелсіздікті баянды етерімізге сеніміміз кәміл. Иншалла, Алла тілегімізді бергей!
Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ, халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының президенті, академик.