• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
27 Қазан, 2010

Ғабеңнің әнші қызы

533 рет
көрсетілді

1978 жыл. Ғабең туған ауылына келіпті деген сөз ауыл-аймаққа тез-ақ тарады. Аты аңызға айналған сырбаз жазушыны көру, амандасу үшін жұртшылық Жаңажолға қарай ағылды. Атақты қаламгер атамекенге ат ізін сирек салса да әр сапары ұмытылмас үлкен әсер қалдыратын. Ғибратқа толы әңгімелері мен естеліктерін тыңдауға әркім құштар болатын. Тұлымшағы желбіреген Дәмеш көпшілікпен таласа-тармаса жүріп Ғабеңді көрді де тұла бойы шымыр ете түсті. Әкесіне ұқсастығын байқап, құлын жүрек кеудесіне сыймай тулап кетті. Аулақтау барып, оңашада көз жасына ерік берді. Әкесі келісті, көркем кісі-тұғын. Дәмештің кескін-келбеті де, әншілігі де құйып қойған әкесі дерсің. Ауыл сахнасына алғаш шыққанда Роза апасына еліктеп, “Әлияны” орындап, “әнші қыз” атанып жүрген кезі. Алайда, асқар тау әкесі Сапар 45 жасында, әзиз анасы Зәуре 43 жасында өмірден өтіп, көкіректегі арман оты өшіп, жаны жүдеп жүрген. Жетімдіктің зарын ерте тартқан 6 ұл-қыз бір-бірін жетелеп өсірді. Үйдің үлкені Нәзиқа теңін тауып, бар ауыртпалық одан кейінгі Нәзираның иығына түсті. Бүгінде бәрі өмірден өз орнын тапты. Тек қызықтарымызды әке-шешеміз көре алмады-ау деген өкініш ұмытылар емес. ...Дәмештің мектептен келгені сол еді: “Ғабит атаң шақырып жатыр”,– деген хабарға сенер, сенбесін білмей абдырап қалды. Хабаршы “бол-болдың” астына алып, қол-аяғын жерге тигізбей алып келді. Ғабең Дәмешке жылыұшырай қарап, бұрымынан аялай сипады. Бетінен сүйіп, жанына отырғызды. Содан қайда барса да бір елі қалдырмай, ертіп жүрді. Жол жүрер алдында ағайындарды жинап, өз ойын білдірді. Сөзінен бір шешімге келгені байқалады. – Сапар марқұм жігіттің сұлтаны еді-ау! Маңдайымызға сыймай кетті. Сапардың әкесі Кәмелмен қатар өстік. Ағасы соқыр Исахмет­тің діни білімі телегей-теңіз болатын. Ел оны “қари ата” деп құрмет тұтты. Бәріміз Си­бан­нан тараймыз. Бөтендігіміз жоқ. Рұқсат ет­сең­дер, Дәмешті өзіммен бірге ала кетейін. Та­мыл­жыта салған әндерін тыңдап, тұла бойым елжіреді. Болайын деп тұрған балғынның талантына тұсау салмайық, бағын байламайық. Оқытайын, қолымнан келгенше жәрдемде­сейін. Аруақтар алдындағы бір міндетім осы деп уағдаласайық. Бүгіннен бастап Дәмеш менің қызым болады, – деп ауылдың рұқ­са­ты­мен 14 жастағы мектеп оқушысын ертіп, Алматыға аттанып кетті. Алатау баурайына жетісімен Дәмешті қолынан жетелеп П.И.Чайковский атындағы музыкалық училищеге алып келді. Қаршадай қыздың қарым-қабілетіне сеніп, ығай мен сы­ғай топтасқан комиссия алдында ән салдырт­ты. Ғабеңнің мысы басқан болу керек, ко­мис­сия мүшелері мына әнді айта ғой деп жік-жа­пар болып жатыр. Дәмеш атасының шалғай­ына жабысып, айырылар емес. Осы кезде Ғабең: “Дәмештің ауылдан алып келген өз репер­туары бар”, – деді баппен ғана. Сол-ақ екен, ол “Ауылым” әнін әуелете шырқап берді. Атасы: “Қосымша білім алғаның және жөн”, – деп ән және дирижерлер даярлау бөліміне түсуге кеңес берді. Кейін Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық университетте оқып, дирижер-хор факультетін бітіріп шықты. Ол күндерді Дәмеш сағына еске алады. Тағдыр үлкен жүректі, кең қолтықты Ғабеңе жолықтырып, алдағы болашағын шешіп берген, адам қатарына қосқан, қашан көзі жұмылғанша айналып-толғанып, еміреніп өткен, демеу, сүйеу көрсеткен жақсылығын айтудан әсте жалықпайды. Әлі есімде, 7 қараша күні атам телефон со­ғып, шақырып алды. Барсам, көңілді отыр екен. Маған бір ашықхатты (открытка) ұсын­ды. Басына ірі әріптермен “Ғафең сөзі”, тө­менірек сөзі К.Салықовтікі, әні Ш.Әбілтаевтікі деп жазылыпты. “Кәкімбек пен Шәміл мей­рамға құр қол келмейін дегендері болу керек, жаңа ән арнай келіпті. Алғашқы орындаушысы сен бол, қызым. Мына ашықхатты сақтап қой. Кезі келгенде репертуарыңа енгізерсің”, – деді әке­лік қамқор үнмен. Кейін тіршіліктің күй­беңі­мен жүріп, тапсырылған аманатты ұмытып ке­тіп­пін. Атамның 100 жылдық мерейтойы қар­са­ңында жеке мұрағатымнан ашықхатты тау­ып алдым. Нотаға түсірілген әнді тез жат­тап, Жа­ңа­жолда өткен мерейтойда алғаш рет шыр­қа­дым. Керемет үндестік тапты, – дейді бү­гінде есі­мі елімізге танымал әнші Дәмеш Құрманкина. Ғабеңнің ақ батасы оның табиғи талантына дем беріп, өнер жолындағы бағын ашты. Ә, де­геннен ешкімге ұқсамайтын ән айту мәнерімен дараланды. Тырнақалды байқауы “Жастар даусынан” кейін Әсет Бейсеуов, Ескендір Ха­сан­ғалиев атындағы ән кон­курстарына қатысып, лауреат атанды. Облыс әкімінің грантын иеленді. Бірнеше әндерге бейнеклип түсіріп, екі ән альбомын жарыққа шығарды. Дәмеш десе, Ресейдің қазақтары да елең етісіп, гастрольдік сапарларын асыға күтіп отырады. Ол жүрген жерлерінде жаңа әндерді үйреніп, өз тыңдаушыларына жеткізуді басты мұрат санайды. Жезқазған өңірінен алып кел­ген бұрын-соңды естімеген әндерді репер­туарына енгізді. Көкше баурайында “Сөйлейді тағдыр сондайда” әнін үйреніп, қы­зылжар­лық­тарға ұсынды. Жергілікті ақын, сазгер Дәстен Баймұқанов оған арнап “Қазағым” атты па­триоттық ән жазып, ел тәуелсіздігінің 10 жылдығында Астананың төрінде әуелете шырқады. Облыстық филармонияның жезтаңдай әншісі Дәмештің қатысуынсыз бірде-бір мәдени шара өтпейді. Бұған қоса ол белсене араласатын қоғамдық жұмыстар да бастан асады. Қайда жүрсе де, ата аманатына адал. Петропавл қазақ классикалық гимназиясында ұстаздық қызметте жүргенде облыстағы тұң­ғыш жеке музыкалық студия ашып, қабілет-қарымы бар балаларды өнердің тылсым сыр­ларына баулыды. Қазақтың шертер, жетіген, сазсырнай сияқты көне аспаптарын жаңғыр­тып, ұлттық ансамбль құрды. Бүгінде оның шәкірттері жүздеп саналады. Жасыратыны жоқ, өңірдің атын шығарып, абыройын аспан­датып жүрген таланттарды бағалай бермейтін жаман әдетіміз бар. Билік тұтқасын ұстап отыр­ған кей лауазым иелерінің ішін қызға­ныш­тың қызыл иті тырналап, оның ақыры көре алмаушы­лыққа соқтырып жататынын көріп жүрміз. Ондай жәйтті Дәмеш те басы­нан өткерді. Былтырлары белгілі композитор Жоламан Тұрсынбаевтың қолдауымен Аста­нада есепті концерті өтетін болып белгіленді. Алайда, жергілікті бәзбір шенеуніктердің іштарлығынан жақсы шара аяқсыз қалды. Маңдайы тасқа тиіп, жанарын өксік, кеудесін өкініш билеген сәттерде Ғабең секілді қайран атасын еске алатыны бар. “Талантқа да қолдау керек. Бірақ қиындыққа мойыма. Қайта ширай түс. Ана сүтімен берген талантыңды ешкім тартып ала алмайды”,– деген сөзі құлағына күмбірлеп құйылғандай болады. Дәмештің арманы көп. Солардың бірі – Алматыда өнерсүйер қауымның жылы ілтипатына бөленген “Сағыныш” секілді ән кештерін ұйымдастыру, ескі әндерді жаңғырту, танылмай жүрген талант бұлағының көзін ашу. Мұны Ғабит атасының өзіне тапсырған аманатындай көреді. Оған жетер күннің алыс еместігін іштей сезеді. Ләйім, солай болғай! Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы.