Жуырда республикалық “Динамо” дене шынықтыру спорт одағы “Жеке күзет қызметкерлерін дайындау жөніндегі мамандандырылған оқу орталығының” Семей қалалық бөлімшесінің ұйымдастыруымен осындағы “Динамо” спорт кешенінде Қазақстан Республикасының “Күзет қызметі” жөніндегі заңының – 10, сондай-ақ аталған дене шынықтыру спорт қоғамының 85 жылдығына орай спорттың алты түрінен жарыс өткізілді.
Бұл спорт мерекесіне күзет саласының қызметкерлерімен бірге, олардың отбасы мүшелері де қатысты. Өйткені, жарыстың мақсаты күзет қызметкерлерінің дайындығын арттыру, сондай- ақ саламатты өмір салтын насихаттау болатын. Жарысқа он команда құрамында жүзден астам адам қатысты. Солардың ішінде “Саланг” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің командасы түрлі жарыс төрінен көріне білді. Ал кәсіпорындар ішінен цемент зауытындағы күзет қызметкерлері шеберліктерімен көзге түсті.
Сайыс соңында жергілікті “Динамо” спорт кешенінің басшысы Самат Қонысбеков жарыстың өз мәнінде өтуіне қызу атсалысқан бастамашыл топқа – мемлекеттік емес күзет ұйымдарының басшыларына ризашылығын білдіріп жатты.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Семей.