Облыс әкімі Сергей Кулагиннің бастамасымен 2005 жылдан бері “Қостанай облысы жастарының “Алтын кітабы” жобасы жүзеге асырылып келеді. Аты айтып тұрғандай, “Алтын кітапқа” өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуына зор үлес қосқан, облыстың атын сырт жерлерге танытып жүрген, халықаралық, республикалық жарыстарда, байқауларда жеңімпаз атанған талантты, дарынды жастар есімі кіреді. Мысалы, “Тобыл” футбол командасының капитаны, белгілі футболшы Нұрбол Жұмасқалиев осы “Алтын кітапқа” №1 болып тіркелген еді. “Тобыл” футбол командасы тасының өрге домалауына Нұрболдың үлесі аз емес, сонымен қатар ол жастарға саламатты өмір салтын насихаттауда да зор еңбек сіңіріп жүрген жас. Сонымен қатар халықаралық спорт шеберлері Кристина Войлошникова, Владимир Кресс, Бейбіт Нұғыманов, Василий Левит есімдері де “Алтын кітаптан” орын алды.
Мәдениет пен әдебиетте оқырманы мен тыңдарманын мойындатып үлгерген жас таланттарды осы альбомнан табуға болады. Балуан Беркеновтің есімі “Алтын кітапқа” ол мектеп қабырғасында жүргенде жазылды. Республикалық, халықаралық байқаулардан талай рет жүлдемен оралған жас әнші биыл Алматы консерваториясына оқуға түсті. Мамандар оның болашағынан үлкен үміт күтеді. “Алтын кітапқа” тек таланттар ғана емес, еңбекте ерен істерімен үлгі болып жүрген жастар есімі де жазылады. Мысалы, Евгений Майданкин, Сайын Әбитов, Андрей Беседа сияқты жастар қарапайым еңбегімен-ақ Отанға деген адалдықтың, қоғамда белсенді өмір сүрудің, адамгершіліктің нағыз үлгісі болып үлгерді. Сондай-ақ өз өміріне қауіп төніп тұрғанына қарамастан ерлік қимылға барып, адамдарды оттан, судан аман сақтап қалған да жастар. Осындай сегіз жастың есімі де “Алтын кітапта” ардақталады. Қостанай мемлекеттік университетінің студенті Мейіржан Қанатов Тобыл өзенінде суға батып бара жатқан бейтаныс қызды өз өмірін қиып құтқарып қалды. Мейіржан Әбіләкімұлының аяулы бейнесі мен есімі қайтыс болғаннан кейін “Алтын кітаптан” лайықты орын алды. Осы жылдар ішінде арнайы альбомға 10 номинация бойынша 102 жастың есімі алтын әріппен ойып жазылды. Олардың арасында халықаралық, әлемдік деңгейдегі болашақ тұлғалардың болмасына да кім кепіл.
Облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен жастардың осы “Алтын кітабы” Қостанайдағы тарихи-өлкетану музейіне салтанатты түрде табыс етілді.
– “Алтын кітап” лауреаттары қазірден-ақ қалыптасып үлгерген тұлғалар. Олардың әрқайсысы туралы айта берудің өзі ғанибет.Олар мұғалімдер, инженерлер, дәрігерлер, ғалымдар, ақындар, кәсіпкерлер, жастар көшбасшылары балып жалғаса береді. Жастардың мамандықтары, жеткен жетістіктері, шыққан биігі де әртүрлі Ал жоғары кәсіби шеберлікті меңгеру, туған жерге деген патриоттық сезім, сол арқылы елге, Отанға пайдасын тигізуге ұмтылу біздің бетке ұстар жастарымыздың барлығына ортақ сипат, – деді облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Тамара Жақыпова.
Жастардың “Алтын кітабы” облыстық тарихи-өлкетану музейі жәдігерлерінің қатарынан орын алады. Тәуелсіз еліміздің тамаша жастарының жеткен жетістіктері жазылып, суреті басылған “Алтын кітап” музейге келушілері үшін құнды жәдігер ғана емес, жас ұрпақтың тәрбиесіне қызмет ететін қуатты құралдың да бірі болмақ.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
ҚОСТАНАЙ.