Қайырымдылық, қамқорлық жасау үшін ең алдымен ниет керек. “Алтын жүректің” жыл ұйымы аталымында өзге компаниялардан оқ бойы озып тұрған “ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру” АҚ марапатқа ие болды. Өйткені, компанияның тың жұмыс аймағы орналасқан аймақтарда жергілікті халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсарту үшін оларды жүйелі материалдық және өзгелей түрде қолдау көрсетуін көпшілік жақсы біледі.
“ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру” АҚ кез келген жақсы бастаманы қолдап отыратыны бір бұл емес. Сондай-ақ жақсылықтың санынан гөрі сапасының да маңызын ескерсек, компания бүгінгі күнді ғана емес, болашағы бар жобаларды шынайы жүзеге асырады. Маңғыстау облысында жаңаөзендіктердің әлеуметтік тұрмысын жақсарту мақсатында 6,6 млн. АҚШ долларын бөлді. Бұл қомақты қаржыға 1000 әлеуметтік жұмыс орны, спорт алаңдары салынды. Сондай ақ Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне коммуналдық қызметтерді төлеуге көмек көрсетті. Компания үнемі мүгедек балаларға, көп балалы және тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасыларына, жалғыз басты егде адамдарға, көмекке мұқтаж жандарға әркез қолұшын созып отырады. “ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру” АҚ 2010-2012 жылдар аралығында Жаңаөзен қаласында 250 орындық сауықтыру лагерін және 300 орындық медициналық сауықтыру орталығын салуды жоспарлап отыр. Бұл бір жағынан мемлекетке де пайдалы. Өйткені, мұндай қамқорлықты еліміздің барлық компаниялары атқарса, нұр үстіне нұр болар еді. Әрі мұның жергілікті халыққа тигізер пайдасы зор. Атырау облысындағы Гран ауылында 220 орындық мектептің салынуына компания тарапынан материалдық көмек көрсетілді. Исатай ауданындағы Аққыстау-Балғымбаев автожолын жөндеуге демеуші болып қана қоймай, Қызылқоға ауданына қарасты Сағыз ауылында 140 орындық балабақша мен Мұқыр ауылында мәдениет үйін салып берді. “ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру” АҚ жыл сайын “Ақ Бота” балалар үйіне, зағип жандар қоғамына, Атырау қаласының аз қамтылған отбасыларына көмек көрсетуді дәстүрге айналдырған. Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын демекші, бұл істердің бәрі көптің игілігіне бағыштаған іскер азаматтардың ақпейіл ниетінің арқасында жүзеге асырылып жатқаны көңіл қуантады. Ізгілік деген қасиетті қағидатты ұстанған “ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру” АҚ-тың елімізде қызмет етіп жүрген көп компания басшыларына үлгі боларлық, құптарлық іс. “ҚазМұнайГаз Барлау Өндіру” АҚ Қызметкерлер және әлеуметтік саясат жөніндегі басқарушы директоры Тарас Хитуов компанияның “Алтын жүректі” алу мәнін тереңнен толғап түйіндеді. Оның ойынша, алдағы кезде де игі істер жалғасын таба бермек. Бұл орайда өнегелі іске халық тарапынан ризашылық білдіріліп жатса, онда ол компания бағытының дұрыс жолда екендігінің көрінісі. Қалай дегенмен де бүгінгі күнді ғана емес, келешек ұрпақты тәрбиелеуге де көңіл бөлінетіні қуанышты жайт. Өйткені, спорттық аулалар мен мектептерге көрсетілген қамқорлықты барша жұрт көреді. Ал олардың арасынан талантты жандардың шығуына шүбә жоқ. Ең бастысы – саламатты өмір салтын ұстануға бағыт беріп, алған іс абыройымен орындалса, компания мақсатының орындалғаны деп білемін.
Тарас Киікбайұлы газетімізге берген сұхбатында өз қызметтері туралы кеңінен баяндады. “Алтын жүректі” атанғанымызға ризамыз. Әрине, бұған лайықты компаниялар елімізде көп. Дегенмен “ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру” АҚ көптеген игілікті істер атқаруда. Олар – қалалардың инфрақұрылымын жетілдіруден бастап, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту тәрізді шаралар. Біздің компания құрамында Жаңаөзенде 8 700 адам жұмыс істесе, Атырау облысында 5 мыңнан астам адам еңбек етеді. Өз кезегінде компания жұмыскерлердің отбасыларына көмек көрсетуге әрдайым әзір. Әлеуметтік саладағы сұраныстарды қанағаттандырып спорт алаңдары мен мәдениет үйлері тәрізді нысандар тұрғызып, халықтың игілігіне береміз. Дағдарыс біздің әлеуметтік жағдайды жақсартуға бөліп отырған қаржымызды ортайтқан жоқ. Табысымыз молайған сайын көрсетілетін қамқорлық аясы да кеңейе түседі. Ал қазіргі жағдайымыз жақсы, жоспар ойдағыдай орындалуда. Сондықтан әлеуметтік салаға бөлетін қаржы да көбейетін болады.
“ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру” АҚ-тың мұндай қайырымдылық істеріне қарап отырып, “Жыл ұйымы” атауына бекер ие болмағандығына көз жеткізесіз. Еліміздің өзге компаниялары да ізгілікті істен үлгі алып, жергілікті халықты қамқорлыққа алып жатса, қанеки!
“Егемен-ақпарат”.