Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезеңде дүниені екіге жарып, социализм мен капитализм жүйесі құрылды.Соның негізінде жанталаса қарулану басталды. Бұл адамзат үшін өте қауіпті еді. 1975 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы құрылып, бірі-біріне қарама-қарсы НАТО мен Варшава шарты әскери блоктарына кірген мемлекеттер түрлі мәселе төңірегінде өз ұстанымдарын анықтады, өзара түсіністікті дамытуға бәтуаласты, бейбіт қатар өмір сүруге келісті.
Кеңес Одағының құрамында болған кезде бұл Ұйымға Қазақстан кірген жоқ, барлық мәселені Мәскеу шешіп келгені белгілі. Ал тәуелсіздігімізді алғаннан кейін алғашқылардың бірі болып осы Ұйымға мүшелікке өттік. Осынша байтақ жері, оның асты-үсті байлығы болғанымен, дамыған елдермен салыстырғанда, экономикасы әлі әлсіз жас елге қорғаныш, көмек керек болған соң, осылай қауіпсіздігімізді қамтамасыз еттік. ЕҚЫҰ да Қазақстанды өзінің қатарына ашық қабақпен, жақсы тілекпен қабылдады. Онда Қазақстанның, оны басқарып отырған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі, маңдай тері де аз емес еді.
Ата-бабаның қанымен, жанымен қорғалып қалған кең байтақ жерді сақтау, оның қорғанысын күшейту ісіне Елбасымыз тәуелсіздік алған күннен бастап кірісті, ол бүгінге дейін жалғасын табуда. Әлемді тітіренткен аса қауіпті ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. Мұндай қадам әлі тарихта болып көрген жоқ. Ал халықаралық аренаға жаңа шыққан, әлемге әлі танымал емес жас Қазақстан мемлекетінің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз халқының болашағы үшін кемеңгерлікпен осындай шешімге барған еді. Қазақстан ядролық қаруы бар елдер қатарынан шығып, өзінің бейбітшілік сүйгіш, демократиялық ел екенін әлемге паш етті. Америка мен Еуропаның азуын айға білеген дамыған елдерін бұл шешім таңғалдырмай, әрі бүкіл әлемді сүйсінтпей қойған жоқ.
ЕҚЫҰ сияқты беделді халықаралық Ұйымның құрамына кіру және оның төрағалығына отыру жас мемлекетке оңайға түскен жоқ. Ол алдымен өзінің қандай ел екенін әлемге дәлелдеді. Біздің мемлекет өзіне сын тезі болған қиындықтардың барлық сатысынан өтті және Тұңғыш Президенттің арқасында сәтті өтті. 18-19 жылдың ішіндегі Қазақстанның өсу үдерісін бесіктегі баланың кәмелетке толып ер жеткенімен салыстыруға болар еді. Ірі держава кезіндегі тұтасқан экономикалық байланыстардың үзіліп, теңізге шыққан жалғыз қайықтай немесе алтын жұмыртқаның үстінде отырып, жетімнің күйін кешкен нарықтың алғашқы жылдары қазақстандықтардың есінде болар. Жанар-жағар майдың тапшылығы, электр жарығының жоқтығы, үдере көшкен ауыл, жұмыссыздық, ала дорба асынған ауыл әйелдері, тіпті азық-түліктің аздығы Қазақстанның басынан өткен зор қиындықтардың көрінісі болатын. Бұл тәуелсіздіктен кейінгі экономикалық дамуымыздың бірінші сатысы еді.
Дамудың екінші сатысында халықтың қарны тойып, дағдарған күндер артта қалды. Жұрт ептеп нарықтық экономиканың не екенін түсінді, өз бетінше тірлік құрып, масылдық психологиядан арыла бастады. Шағын және орта бизнесті дамытуға күш салынды. Ал Қазақстан дамуының үшінші сатысында ірі-ірі инновациялық-инвестициялық жобалар жүзеге асып жатыр, Қазақстан бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған елдер арасында экономикалық және саяси-әлеуметтік жетістіктері жағынан көш бастады. Мұндай қиындықтарды Кеңес Одағы құрамында болған республикалардың барлығы да бастан кешті. Бірақ ол елдер сол ауыртпалықтың бірінен өтсе, бірінен өте алмады, қақтығыстар, қантөгістердің болып жатқаны да жасырын емес.
Еуропа елдері мен ЕҚЫҰ он тоғыз жыл бойы Қазақстанның даму үдерісін, еліміздегі саяси, экономикалық, әлеуметтік реформалардың қалай жүзеге асып отырғандығын зерттеп, бақылап отырды. Әсіресе, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің өз ішіндегі ұлттық қауіпсіздікті қалай сақтап отырғанын қатты қадағалады. Бас-аяғы жиырма жылға толмайтын уақыт осы елдердің нарықтық экономика мен саяси тұғырнамасын қалыптастыра білуіне де сын болды. Бұл мәселеде де ЕҚЫҰ Қазақстанның қадамдарын жоғары бағалады. Экономика дамып, халықтың әлеуметтік тұрмыс деңгейі жоғарылады. Мысалы, бір Астана қаласының Еуразия төрінде тотықұстай құлпырып өскені неге тұрады! Екіншіден, он тоғыз жыл ішінде жас мемлекетте бірнеше сайлаулар өтті. Соның барлығы да халықаралық демократия өлшемдеріне сай келді. Енді ЕҚЫҰ сияқты беделді халықаралық ұйымдар, дамыған державалар Қазақстанды сырттай бақылағанын қойып, онымен санасып, әріптес ел деп тани бастады.
Қазір Қазақстанды көп ел, халықаралық ұйымдар Жер шарындағы болашақ өмірдің, тығырыққа тірелген мемлекеттерді қиыншылықтан шығарудың бір тірегі болады деп үміт артып отыр. Оның негізі – еліміздегі энергиялық қор, қысқасын айтқанда, жеріміздің астындағы мұнай мен газдың молдығы. Біздің жеріміздің бұл байлығы әлемдегі көптеген елдердің энергетикалық проблемаларын да шешетін болады. Бұл – бір. Екіншіден, еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың дана саясаты арқасында Қазақстан сыртқы көп векторлы саясат жүргізе білді. Мұхиттың арғы жағындағы, бергі жағындағы елдермен, кешегі қазанымыз ортақ болған республикалармен, көршілерімізбен қарым-қатынас орнаттық. Олардың әрқайсымен жеке саясат ұстанып келеміз, көмек те береміз, керегімізді де аламыз. Солай ете отырып, сыртқы және ішкі саясатымыздың басты діңгегі – ұлттық қауіпсіздігімізді сақтап қаламыз.
Экономикалық және саяси дамуымызды да шебер ұштастыра білдік. Оның тамаша үлгісін Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаты әлем жұртына паш етіп отыр. Мысалы, он тоғыз жылда Қазақстанда бір ұлтаралық қақтығыс немесе діни алауыздық көрінісі орын алған жоқ. Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел саясаты осы кең байтақ елді мекендеп отырған түрлі этностарды да, түрлі діни сенімдегі адамдарды да бір бағытқа салды. Қазақстан халқы Ассамблеясы біздің Елбасымыз саясатының кемелдігін білдіреді. Соның арқасында еліміз бейбітшілік, тыныштық мекеніне айналды. Қазақстанның Конституциясы мен заңдары арқылы еліміздің әр азаматының ұлтына, діни сеніміне қарамай, олардың өмір сүруіне, елді мекендеуіне, білім алуына, жұмыс істеуіне, ана тілін дамытуына, сайлануына, таңдау жасауына, бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның барлық құқығын бірдей пайдалануға жағдай туғызылды. Бұл да қазақстандық демократияның үздік үлгілерінің бірі.
Еліміздегі әлеуметтік жағдай да Қазақстанның барлық азаматына бірдей жасалады. Мысалы, зейнетақы, көп балалы аналарға беріліп отырған жеңілдіктер, мүгедектерге жасалатын қамқорлық пен көмек, мемлекеттік марапат берілгенде де ешкімнің ұлты мен діни көзқарасын алалап отырған жоқ. Ал мұндай жағдай айналамыздағы елдердің барлығынан бірдей табыла бермейді. Толеранттылық – біздің елдің сыртқы және ішкі саясатындағы негізгі әрі ең үздік бағытының бірі. Өзге елдермен қарым-қатынас жасаймыз, бірақ оның ішкі саясатына, тіліне, дініне қатысты мәселелерге кіріспейміз. Толеранттылық, яғни төзімділік – азаматтық ұстаным. Қазақстандағы этностар бір мемлекеттің адамдары екенін, бір заңға бағынатынын, алға қойған мақсаттарға жету үшін бір жолмен жүріп келе жатқанын түсінеді. Біздің елде тұрып жатқан сан этнос өз тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін дамытуға зор мүмкіндік ала отырып, Қазақстанның тілегін, ондағы татулықтың, достықтың арасына жік түспеуін тілейді. Балаларының болашағы осы елде екенін біледі. Қазақстандағы ұлттық мәселелер еліміздің заңы арқылы қорғалады.
Сонымен қатар, қоғамның әлеуметтік саласындағы өзекті мәселелердің шешімін табуына қазақстандықтардың өзінің атсалысуын қамтамасыз ету мақсатында елде үкіметтік емес ұйымдар құрылды. Олар елдегі проблемаларды Үкімет назарына алып шығады, олардың шешімін табуына қанатымен су сепкен қарлығаштай себепкер болады. Міне, ҮЕҰ бұл күнде билік пен халықтың арасындағы алтын көпір міндетін атқарып отыр. Қазақстандағы бұл жақсы үрдіс те ЕҚЫҰ назарынан тыс қалмады.
90-шы жылдардың басындағы қиын кезеңде халық тәуелсіздікке қол жеткеніне қуанды, бірақ ыңыршағын айналдырған нарық қиындықтарына атқарушы билік кінәлі деп түсінді. Ал жылдар өте экономикамыз дамып, әлеуметтік тұрмыс жақсарған кезде нарық салған жүктің уақытша екенін түсініп, атқарушы билікке сенімі артты. Оған 2005 жылғы Президент сайлауы куә. Сол сайлауда сайлаушылардың 93 пайызы Президент Нұрсұлтан Назарбаевты жақтап дауыс берді. Бұл тек Президентке ғана емес, оның қол астындағы Үкіметке, жергілікті атқарушы билікке де артылған сенім болатын. Сол сенімнің ақталғанына бүгін әлем куә деп айтсақ та артық емес. Тұрмыс күннен күнге жақсарды, экономика дамыды, елдегі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тыныш, бейбіт заманда балаларымыздың ертеңіне алаңдамай жүріп жатырмыз.
Осының барлығын бақылап, көріп отырған Еуропа елдері мен Америка сияқты алпауыттар Қазақстанды өзіне әріптес еткісі келді. Қазақстан олардың қолдауымен дүние жүзіндегі ең беделді Ұйымға төраға болды.
ЕҚЫҰ-ның Қазақстанды осы Ұйымға төраға етуге келісім бергеніне тағы бір үлкен себеп бар. Кеңес Одағы және социалистік лагерь, оның ең үлкен әскери ұйымы Варшава шарты тарағаннан кейін Жер шарының картасында қауіпті аймақтар пайда болды. Бұл Орталық Азия мен Таяу Шығыс болатын. Орталық Азияда, яғни Қазақстанда ядролық қару болды, ал Таяу Шығыс елдерінің барлығы да экономикалық дамудан және саяси-демократиялық үдерістерден артта қалды. Ауғанстандағы бітпейтін соғыс пен есірткі қаупі Еуропаны алаңдатты. Бұл елдердің заңнамалық деңгейі, соған орай, адам құқығы мен бостандығы туралы мәселелердің барлығы төмен дәрежеде болды. Адами өлшемнің ең төменгі көрсеткіші де Таяу Шығыс пен Орталық Азияда еді. Еуропа елдері мен ЕҚЫҰ осыншама қауіпті аймақта орналасқан Қазақстанның айналасындағы елдерден суырылып алға шығып, дұрыс, демократиялық даму жолына түскеніне куә болды. Олар Қазақстанның соңғы уақытта экономиканы, саяси-демократиялық үдерістерді дамытуда қаншалықты жетістікке жеткенін сырттай бақылап қана емес, өздері бізде өтіп жатқан сайлау сайын көзімен көріп отырды. Қазақстанның осы аймақтағы қиыншылықтарды жеңіп шығу тетіктерін де жақсы білетіндігіне ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің көзі жетті. Сондықтан олар осы Ұйымға Қазақстанның төрағалық етуіне келісім берді.
Кешегі жас мемлекет – Қазақстан бүгінде Еуропаның төрінде жұртқа төрелік айтып отыр. Тоғыз айдың ішінде еліміз төраға мемлекет ретінде жан-жақты жұмыстар жүргізді. Қазақстан ЕҚЫҰ қойып отырған әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және адами өлшемдердің үшеуін де талқылауға, ол бойынша былайғы жұртқа төрелік айтуға да құқықтық жағынан дайын болып келді. Қазір осы үш өлшемге тоғысатын жұмыстарды жақсы жалғастырып отыр. Еліміз төрағалық еткен кезеңде Еуропа елдерінде біршама мәселелерді көтерді. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев барлық ядролық қаруы бар елдерге осы қаруды таратпауға идея айтып отыр. Көп уақыттан бері созылмалы аурудай қалмай келе жатқан алакөздіктер, қақтығыстар әлі де орын алып отыр. Молдавиядағы, Таулы Қарабақтағы, Ауғанстандағы, тағы басқа жерлердегі мәселелерді қайта көтеріп, көптің талқысына тағы салды. Ал Қазақстан көрші ағайын ел Қырғызстандағы жағдайды жеңілдетуге өзі тікелей атсалысты. Ондағы ушыққан жағдайды азамат соғысына жеткізбеді. Қырғызстанның шекарасын ұстап қалды, оған халықаралық лаңкестік ұйымдарды жібермеді, елге гуманитарлық көмек көрсетуде де үлгі көрсетті. Сонымен қатар, жақында болған парламент сайлауының мүмкіндігінше конституциялық тұрғыдан заңды өтуіне де Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы және ағайын ел ретінде де консультациялық көмегін аяған жоқ.
Бұрын ЕҚЫҰ негізінен бейбітшілік, қарулануды азайту, соғысты болдырмау мәселелеріне көңіл бөлсе, бүгінде уақыт бұл Ұйымның алдына өзекті деген басқа да мәселелерді көлденең тартып отыр. Тоғыз ай ішінде Қазақстанның ұйымдастыруымен өткен алқалы жиындарда ЕҚЫҰ-ның өлшемдеріне байланысты қарусыздану, лаңкестікпен, есірткі трафигімен күрес, экономикалық даму, ресурстарды басқару, еңбек көші-қонын реттеу, экологиялық проблемалар, діни толеранттылық сияқты өткір мәселелер қамтылды. Үстіміздегі жылғы желтоқсан айының басында Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммитіне қазір қызу дайындық жүріп жатыр. Он бір жылдан соң Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өткелі отырған бұл жиыннан әлем халқының күтері көп.
Енді “төрағалық, ЕҚЫҰ Саммиті Қазақстанға не береді?” деген сауал замандастарымыздың көңілінде тұруы мүмкін. Қазақстанның және оның кемел саясатын жүргізіп отырған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық беделі бұрынғыдан да арта түспек деп білемін. Желтоқсанда өтетін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астана Саммиті де Қазақстанды әлемге бұрынғыдан бетер танытады. Беделді елдің сөзін әріптес мемлекеттердің барлығы да тыңдайды, сыйлайды. Соның арқасында еліміздің қорғанысы артады, ұлттық қауіпсіздігімізге, тәуелсіздігімізге қорқыныш тумайды. Алпауыт елдер Қазақстанға болашақта да инвестиция құюға сенім білдіреді. Сыртқы экономикалық байланыстар желісі көбейе түседі. Ал инвестицияның келуі – экономикамыздың бұрынғыдан да дамуы, адамдардың әлеуметтік тұрмысының, өмірдің жақсаруы деген сөз. Балаларымыздың болашағы сенімді болады. Ендеше, болашағының көкжиегі айқын елде ғұмыр кешкен әр қазақстандық бақытты деп білемін.
Михаил ДӘУЕНОВ, генерал-майор, профессор.
Қостанай.