• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
02 Қараша, 2010

Қазіргі тәрбиенің кілті отаншылдық рухқа бағытталуы тиіс

2337 рет
көрсетілді

Еліміздің білім жүйесін жетілдіру – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі. Соңғы жылдары Отанымыздағы білім беру жүйесінде тәрбиені дамыту министрліктің, білім беру мекемелерінің барлық түрлерінің басты бағыттарының бірі болып отыр. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында ең алдымен “адами қазынамызды” молайтуды міндет етіп, балалар мен жастар тәрбиесіне қатысты үлкен жауапкершілік жүктеді. Білімді, адамгершілікті, кез-келген жағ­дайда дербес шешім жасай алатын, ын­ты­мақтасуға және өзара іс-қимылға қабілетті, ел тағдыры үшін жауапкершілік сезіміне ие адам тәрбиелеу мәселесі жөніндегі әлеумет сұранысына жыл сайын Президенттің тапсырмасымен мемлекет тарапынан қа­был­­данып, жүзеге асып жатқан этномә­де­ни, оқушыларға құқықтық және гумани­тар­лық білім беру тұжырымдамалары білім беру саласындағы мемлекеттік жастар сая­саты, оларға патриоттық тәрбиені кешенді жүргізу бағдарламасы үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасы, т.б. аса маңызды құжаттар жұмыс істеуде. Ал еліміздегі білім беру жүйесінде тұл­ғаның ұлттық және жалпы адамзаттық құн­дылықтар негізінде қалыптасуы мен дамуы және оның кәсіби жетілуі үшін қажетті жағдайлар жасау, баланың тәрбиеленуі, білім алуы және жан-жақты қалыптасуы, ана тілін, ұлттық салт-дәстүрлерді сақтауы, ақпарат алуы, денсаулығын нығайтуы сияқты құқықтарын іске асыруға зор мән беріліп келеді. Оны білім алушылардың бойында қалыптастыру бүгінгі күні білім беру жүйесінің маңызды міндеті ретінде қарастырылып отыр. Осыған орай республика білім беру ұйымдарында қазіргі замандағы тәрбиенің негізгі міндеті, әрбір білім алушының са­уат­тылығын қамтамасыз етумен қатар, ба­лалар мен жастарды өмір сүруге дайындау болып табылады. Осындай өзекті мәсе­ле­лердің негізгі түйіні ең алдымен білім маз­мұ­ны болып табылады. Иә, білім мазмұ­нына қойылатын талаптар да аз емес. Сон­дықтан қоғам сұранысы мен талабын ал­дын ала қанағаттандыратын, ол үшін мек­теп қабырғасындағы білім алушы оқушыға қажетті рухани-адамгершілік, азаматтық қасиеттерімен бірге, қоғамдық ортаға бей­ім­­деліп қана қоймай, осы өзгермелі заман ерекшеліктеріне сай өзінің бар мүмкіндігін пайдалы мүддеге жұмсауға дайын болатын тұлға қалыптасатындай тәрбие жүйесі қажет. Өмір тәжірибесі көрсеткендей, тәрбие білім берумен қатар жүретін үрдіс және арнайы ұйымдастырылған педагогикалық іс-әрекет ретінде қарастырылады. Егер оқыту тәрбие үшін “ақпараттық қорек” қыз­метін атқарса, тәрбие оның адам игі­лігіне жұмсалуына кепілдік береді. Осыған қарай білім беру үрдісінде тәрбие рөлінің басымдылығы жоғары екенін көруге болады. Мұның бәрі “Білім туралы” Заңда тайға таңба басқандай айқын жазылған. Қазіргі таңда болашақ ұрпақты тәрбие­леу мен білім беру ісінде осы заманғы қо­ғам­­дық және әлемдік дамудың өмірлік таң­дауында жеке тұлғаны қалыптастыру басты мақсат болып отырғаны белгілі. Қазақ­стан­д­а жүзеге асырылып отырған саяси идео­логиялық, әлеуметтік-экономикалық және мәдени қайта құрулар, елді басқарудың де­мократиялық үлгісі мен нарықтық қаты­нас­тарға өту барысында мектеп оқушылары ғана емес, тұтас алғанда, қоғамның барлық мү­ше­лері, соның ішінде ұстаздардың, ата-ана­лардың мақсат-міндеттері де өзгеріп отыр. Тәрбиенің кілті – отбасына, өмір-тір­шілігіне тікелей байланысты. Отбасы – адам баласының өсіп-өнетін, қаз тұрып, қа­нат қағатын ұясы, отаншылдық рухтың ал­тын бесігі. Отбасы – бала тұлғасының әлеу­меттенуінің алғашқы институты да бо­лып та­былады. Қоғамның рухани өсуі мен да­муы, баюы сөзсіз бүгінгі мектептің қыз­ме­тіне, ондағы тәрбие үрдісінің сапасы мен от­басының моральдық-этикалық мүмкін­­ді­­гі­не тікелей байланысты. Ал тәуелсіз қазақ хал­қына өз ұрпағын саналы азамат етіп тәр­биелеуде отбасының атқаратын рөлі өте зор. Кезінде Бауыржан Момышұлына: “Осы сіз неден қорқасыз?” – дегенде батыр: “Жау­дан да, даудан да қорықпаған қазақ едім, енді қорқынышым көбейіп жүр. Бі­рін­шіден, бесікке бөлемеген, бесігі жоқ ел­ден қорқам: екіншіден, немересіне ертегі ай­тып беретін әжелердің азаюынан қорқа­мын; үшіншіден, дәмді, дәстүрді сыйла­майтын ұрпақ өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсең, кімді болса да шауып тас­тауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әже, ата жоқ” деп қасірет болар қауіпін бүгіп қала алмапты. Айтса айтқандай, ана әлдиіне бөленіп, әже ертегісіне құлағын түріп өскен баланың қашан да тілі жатық, ойы анық, ұлттық рухы қашанда биік болады. Ертеректе бір ғұлама: “Егер артыңда мейірімді, қайырымды, ізгілікті, бауырмал бала қалдырғың келсе, қартайғанда ол баладан қайыр күтем десең, онда тәрбие арқауын шират”, – деген екен. Олай болса, ата-анасының қадір-қасиетін бойына сіңіріп өскен баланың қашанда санасы жоғары. Жеке тұлғаны қалыптастырудағы от­басынан кейінгі әлеуметтік институт, мек­теп екені бәрімізге де белгілі. Жас ұр­пақ­ты тәрбиелеудегі жетістіктердің жемісі осы екі институттың бірлесіп жұмыс істеуі­нің нәтижесі. Отбасы мен мектеп – бір-бірі­нен бөлінбейтін одақтас, тәрбиенің екі алып күші. Білім алу – бала үшін де, ата-ана үшін де күрделі сын. Баланың өнегелі, тәрбиелі, денсаулығы мықты болуының негізі отбасына байла­ныс­ты десек те, мектеп ең үлкен отбасы болып саналады, себебі, балалардың ба­лалық шағының көп бөлігі мектеп қабыр­ғасында өтеді. Егеменді елімізде ұлт­тық тәр­биені жандандырып, салт-дәстүрімізді сақ­тап, өмірдің озығын пайдаланып, жас­тарымызды отансүйгіштікке, ұлтжанды­лыққа, салауатты өмірге, табиғатымызды аялауға тәрбиелеуіміз қажет. Бұл іске өз үлестерін қосу барша мектеп ұстаздарымен бірге, ата-аналардың да міндеті деп білеміз. Мектеп қоғам мен отбасының өзара тәрбиелік іс-қимылын үйлестіруші қоғам­дық институт болып табылады. Осы орайда білім беру мекемелеріндегі тәрбие үрдісінің табысты болуының ма­ңыз­ды шарттарының бірі оның ғылыми-әдіс­темелік жағынан қамтамасыз етілуіне де тікелей байланысты. Осындай маңызды мәселені шешу мақсатында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясы республика көлемінде ауқымды жұмыстар атқарып, белгілі нәтижелерге жетіп отыр. Қазақстан Республикасының білім беру жүйесі ұйымдары мен қоғамдағы тәрбиенің әлеуметтік мәртебесін көтеру, жүйені ғылыми-әдістемелік жағынан қамтамасыз ету мақсатында академия орта білім беретін мектеп ұстаздарына тәрбие мәселелерін қамтитын “Жалпы білім беретін мектеп оқушыларын әлеуметтендіру үдерісінің ерекшеліктері”, “Бала құқықтары және Қазақстан Республикасының заңнамала­ры”, “Саламатты өмір салтын қалыпта­с­тыруда педагогтың рөлі”, “Қазақстан Республикасы үздіксіз білім беру жүйесінде тәрбие тұжырымдамасын жүзеге асыру жағдайындағы білім беру ұйымдарындағы тәрбие”, “Қазіргі заман талабы жағдайында тәрбие жұмысын ұйымдастырудың әдісте­м­е­лік жүйесі” атты, т.б. көптеген ғылыми-әдіс­темелік құралдар дайындап, қоғамдық тәр­биенің стратегиялық бағдарларын айқындайтын әлеуметтік педагогикалық түрлі зерттеулер жүргізіп келеді. Еліміздің білім беру жүйесіндегі тәрбие үдерісін жетілдіру мақсатында академия­ның қатысуымен “Қазақстан Республикасы үз­діксіз білім беру жүйесіндегі Тәрбие тұ­жы­рымдамасы” дайындалып, Білім және ғылым министрінің өткен жылғы бұйры­ғымен бекітіліп, қазір жүзеге асырылып жатыр. Осы тұжырымдаманы іске асыру ая­сында Қазақ ұлттық аграрлық университеті базасында “Алматы қаласы жоғары оқу орындарының жастар ұйымдары Қазақстан Республикасы Жастар саясатын жүзеге асырудағы рөлі” жастар форумы, “Балдәу­рен” республикалық оқу-сауықтыру орта­лығында “Тәрбиелеу – білім беру ортасы – тәрбие жүйесінің үлгісі” атты респуб­ли­калық семинар-практикум, Х. Досмұха­ме­дов атындағы Атырау мемлекеттік уни­вер­ситетінде “Жастардың рухани-адам­гершілік дамуының этнопедагогикалық не­гіздері” атты республикалық семинар-ке­ңес, кон­фе­ренция болып, тәрбие мәселесі бой­ын­ша еліміздің белді ғалымдары мен тәжі­рибелі ұстаздары ойларын ортаға салды. Осыдан екі жыл бұрын Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясы мемлекеттік “Мәдени мұра” бағдарла­ма­сының шеңберінде әлемдік педагогика ойшылдарының еңбектерін қазақ тіліне аудару ісін қолға алған еді. Ондағы мақсат “Әлемдік педагогикалық ой-сана” атты 10 томдық антология әзірлеу, шығару болатын. Ондағы ой ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі әлемдік ағартушылардың, өзіміздің ұлылардың озық ойлары мен тұжырымдары жан-жақты қамтылып, оқушы жастар мен педагог мамандарға, жалпы қалың оқырманға кең ауқымда жеткізу болатын. Иә, әрбір ата-ана өз баласына ұлттық рухта тәрбие беріп, мектеп ұстаздары ға­сырлар бойы халқымыздың жинаған ұлт­тық мұрасы мен озық мәдениетін, ізгі салт-дәстүрін жас ұрпақтың бойына сіңіре білсе, қоршаған ортаға қарым-қатынасын, өмірге деген көзқарасын, дүниетанымын, мінез-құлқын үйлестіре білсе, міне, тәрбиенің бірлігі осында болмақ. Тахир БАЛЫҚБАЕВ, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясының президенті, профессор.