• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
03 Қараша, 2010

Ғылым мен тағылым – жаңарып, жандана дамуымыздың кепілі

568 рет
көрсетілді

Таяуда Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұма­ғұлов жоғары оқу орындарының ректорларымен кеңес өткізіп, жоғары оқу орындарының алдында тұрған міндеттер, алдағы уақытта оларды орындау жолдары туралы әңгімелеген болатын. Министр алқалы жиында, сонымен қатар, маңызды саланың еліміздің индустрия­лық-инновациялық дамуының негізгі кепілі болатындығын және осы жолдағы ғылыми-әдістемелік ізденістердің айқын, әрі нақты болуын қадап айтқан еді. Сондай-ақ, қазақстандық ғылым мен білімнің әлемдік аренадағы орнының қандай болуы аталып, соған сай жұмыс істеудің қажеттілігі, оның келешекте қадағаланатыны да ескертілген-тін. Кеңесте көтерілген келелі мәселелер мен қойылған талап­тар туралы ой бөлісу үшін еліміздің шығысындағы іргелі жо­ғары оқу орны – Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік уни­верситетінің ректоры Ерлан СЫДЫҚОВТЫ сөзге тартқан едік. – Елбасымыз Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универ­ситетінде оқыған лекциясында “Алыстан ойламаған жақыннан уайым табады...” деген даналық ой айтып, Отанымыздың өркендеу жолындағы ғылым мен білімнің орнының өлшеусіз қажеттілік екеніне баса назар аударған еді. ­– ­Осы тарапта “Ғылым” туралы Заңның және “2011-2020 жыл­дарға арналған білім беруді дамы­тудың мемлекеттік бағдар­лама­сының” жобалары болашаққа деген жалпыхалықтық талқыға да ұсынылған болатын. Елбасының білім мен ғылым­ды дамытуға қойып отырған та­лабы аса биік. Ал қазіргі ақ­парат­­тар тасқынына толы уақыт болса қашан да жылдам. Осындай мақ­саттардың үдесінен шығуды ойла­ған министрліктің жаңа бас­шылы­ғы осы саладағы істі қар­қынды дамыту мақсатында мәсе­лені тура­сынан қойып, жаңа әдіс­те­мелік ізденістерімен бірден ой бөлісті. Білім беру саласының бар­лық дең­гейіндегі құрылым­дарға тал­даулар жүргізіліп, мақсаттар нақ­тылы айқындалып, қай бағыт­та жұ­мыс істеу қажеттігі де көрсетілді. Біріншіден, басты міндет – инновациялық экономиканы қалып­тастыратын қазақстандық мамандар даярлау. Оған апаратын кілт – тек сапалы білім. Отаны­мызды жеделдете индустриялық-инновациялық тұрғыдан дамытуға үлес қосатын жаңа буынды тәр­биелеу. Міне, осы тұрғыда біздер­ге зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Ондағы түпкі мақсат – қазақстандық білімді халықаралық деңгейде мойындату. Ол үшін оқу үрдісіндегі кредиттік оқыту тех­нологиясын жетілдіру басты на­зар­­да болмақ, барлық оқу нысан­дары бойынша. Сырттай оқыту нысаны оңтайландырылып, қа­шықтықтан оқыту жүйесі енгізіл­мекші. Барлық оқу-әдіс­теме­лік материалдарға портал арқылы студенттер еш қиындық­сыз қол жеткізуіне бірінші кезекте мән беріледі. Еркіндік өрісі жұмыс берушілердің де элективтік пәндер каталогын қалыптастыруға қатысуына мүмкіндік береді. Бұл – қазіргі ақпараттық дамыған кезеңде жоо-лар үшін ең қажетті жүйе. ҰБТ жаңа пішінде жетіл­дірілетін болады. Сөйтіп, талап­керлерді таңдауда жаңа сапаға қол жеткізіледі. Тағы бір ерекше басымдық, Болон үдерісіне енуімізге сәйкес, жоо-ның академиялық қуатты­лығы мен еріктілігін арттыру мәселесіне үлкен мән берілетіндігі айтылды. Мәселен, екі дипломдық білім беру бағдармаларын ішкі трансфер жағдайында, демек, Тараз декларациясына қол қойған отандық академиялық әріптестер арасында өрбітуді ұсынды. Ал, сыртқы трансфер мәселесінде (шетелдік әріптестермен), ең алдымен, нормативтік базаны мұқият даярлау қажеттігі баса айтылды. Менің ойымша, бұл білім алушылардың да, оларға білім берушінің де көңілінен дөп түсетін жәйт. Жоғары оқу орны­ның академиялық еркіндік аясын­да шетелдермен әріптестік әре­кеті­нің құқықтық тұрғыдан ана­ғұрлым жетілдірілуі күн тәрті­біндегі маңызды мәселенің бірі ғой. Бұл кеңестегі министрдің тарапынан айтылған ой-пікірдің лейтмотиві ғылыми әлеуетті көтеру және мұғалім мәртебесін бекіту дер едім. Шын мәнісінде, ғылымды дамытатын, сапалы білім беретін негізгі тұлғалар Ғалым мен Мұғалім. Олардың әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз етілуі кең мүмкіндіктерге жол ашады. Білім беру қызметінің сапасын көтеру бұл – жетістік жолы. Ұлттық білім беру моделінің жаңа үлгісі ретінде әлеуметтік бейім­делу, еңбек рыногын қамтамасыз ету, инновация өндірісін іске асыру қосылады. Нақтылап айт­сақ, университет үшін интеллек­туалдық меншік өнімін тиімді рынокқа бейімдеуге ықпал етеді. Бұларды біздің университетте жүзеге асырылып жатқан игі іс­тер­дің қатарында атап өтуге болады. Менің ойымша, Қазақстанда білім мен ғылымды дамытуды, елімізде постиндустриялық ойлау қабілеті жоғары интеллектуалды жаңа буынды дұрыс және білікті пайдалану жолы айқындалды. Олай болса, барлығымызға зор міндет жүктелді. Сол үдеден шыға білуіміз керек. Жазып алған Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Семей.