• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Қараша, 2010

“Дағдарыс заманында адамзатқа адамгершілік керек екендігі байқалып қалды”

670 рет
көрсетілді

Замана зиялылар зердесінде ___________________________________ Кемеңгер Абайдың көрегендік өлшемімен айтсақ, биік жартасқа жылжып жылан да, қалықтап ұшып қыран да шы­ға­ды. Егер құдіретті де кестелі сөз өнері – ­әдебиет әлемін сол құздағы жартасқа теңер болсақ, соның биігіне өзінің қол­таңбасымен, өз ақиқат, шындығымен, азаматтық үні, ұлт­тық ділімен шыға білген жазушының бірі “Қазақ әде­биеті” газетінің бас редакторы Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ дер едік. Таяуда қаламгермен заман, қоғам, шығармашылық орта туралы сұхбаттасудың сәті түскен-ді. – Жұмеке, бүгінде сіз басқарып отырған “Қазақ әдебиеті” газеті басқаша реңк алып, әдебиеттің шаруасымен қоса басылымда адами құндылықтар, психологиялық иірім­дер, жазушылықтың өлшемдері сияқ­ты ұғымдардың көбірек те кеңі­рек қамтылып жатқаны байқалады. Сізге дейін де әдебиеттің нарқасқа­лары отырған киелі орынның әсерін қалай сезіндіңіз? Жалпы, жазушы­лар өз басылымын қаншалықты қадір тұтады деп ойлайсыз? –“Қазақ әдебиетіне” бас редактор болып келуім алғашында ерекше жауапкершілік жүктеді. Бірақ, кейін келе, бір таңғалғаным, әр нәрсені кие тұтатын, қасиетті санап, қадірлейтін сезімдер кейбір жағдайларда жоғалып кеткендей әсер етті. Бұл мен үшін өте қауіпті құбылыс болды. Әдебиеттен гөрі ағайынгершіліктің немесе жеке топтар деп айтуға болатын шығар, мүдделестіктің ыңғайына, жетегіне еріп кеткендей, соның сойылын соғатындай жағдай байқалды. Мы­салы, мен “Қазақ әдебиетінің” Шер­хан Мұртазаның дәуірлеген кезе­ңінде істеген жоқпын. Қисыны кетіп, сәні тая бастаған уақытта кел­генмен, соның өзінде мұнда соны құлшыныстар болатын. Ахат Жақсыбаевтың болмысынан таза­лық байқалатын, бірақ заманның қиындығына қарай газеттер үздік-создық шығып, қаржы түспей, соның жүйкеге тиюі жанды қинап жатқан кез еді. Соның өзінде  “Қазақ әде­бие­тінде” бұрыннан істеген қыз­мет­керлер анадай жерде үстелдің бетіне жабылған, болмаса төселген газетті көрсе: “Бұларың не?” деп қат­ты назаланатын. Ондай қарсы­ласу сезімі менде де болған. Қазір де бар. Жазушылар өз газетін қа­сиет тұта ма, тұтпай ма дегенге келгенде, кейінгі кезде басылымды өте ыңғайсыз жерден көріп қала­тын жағдайға душар болдық. Де­мек, әдебиетке кездейсоқ адам­­дар­дың келгенінің кесірінен, газетті кие тұтпайтын адамдардың қатары көбейіп кеткен. Немесе бір топ­тар­дың ниет-пиғылының жамандығы. Мен өзімді топтардан, мүдделес­тіктен аулақпын деп есептеймін, әрі ол жағынан арым таза деп са­най­мын. Бірақ, баяғыдағыдай кие тұта­тын адамдардың таза сезім­дерінің жоғалғанына қарап, қазіргі заманда құндылықтардың тез құбы­ла­тынына қайран қалдым. Осының кесірі­нен, аудандық газет­те жүрге­німде “судың ішінде жүріп, су тап­пай қалған адам жайында” шыққан фельетон­дағыдай, әдебиет­тің ішін­де жүріп, әдебиет жайында әңгіме айтыл­майтынына таңғалдым. Жалпы, әдебиет деген өте киелі нәрсе. Десек те, әрбір оқылған кітаптан алған әсер мен сәтті-сәтсіз нәрсеге шынайы қуанып не өкінетін адамдардың қатары сиреп бара жатыр. Сонан соң ішкі сырын ашпайтын томаға-тұйық, өте “жұмбақ” жазушылардың қарасы көбейіп келе жатқан сияқты. Оқыса да ішінде жатады, қуану дегендері ілуде біреуінде кездеседі. – Бәлкім бұл ұрпақ алмасу кезіндегі құбылыстың уақытша көрінісі шығар... – Жастармен көп араласа алмай­мыз, бірақ, мен олардың ортасында болуға құмар едім. Қазір редак­цияда өңкей жастар жұмыс істейді. Мен бұл қыз-жігіттерге қашанда: “Шіркін, сендерді “Егемен Қазақ­станға” жіберіп, бір ай тәжірибеден өткізіп алса ғой”, – деп отырамын. Олай айтатын себебім, жастардың ең бір осал жері десем де болады, тәртіптің, ішкі жүйенің жоқтығы. “ЕҚ” қалай болған күнде де қа­сиет­ті газет, ол тарапында біреу­лердің, тіпті, бас газет дегенге қызғаныш жасай­тынын білемін. Менде бас газет дегенде мынандай түсінік бар. Қазір Қазақстан жур­налистика­сындағы жалпы тәртіпті, ұлттық дәстүрді, бүкіл зиялылар тоқайлас­қан жердегі қалыптасқан жүйені алып қалған – тек қана осы газет. Оған сонау 80-жылдардың орта­сындағы үш жыл қызмет істеген кезімде көзім жеткен. Қазір мұнда бұрынғы партиялық тәртіп­тің жақсы ықпалы бар болуымен бірге ежелгі кәсіби журналис­тиканың көзін көргендердің дәс­түрін, үлкенге ізет, ақсақалдық мектепті осы газет жалғастырып отыр. Ал біз осы күнде мұны бүл­діріп алған­даймыз. Жастары­ңызда кеудемсоқ­тық басым. Олар қым­сынбайтын, қысылмайтын жағдай­ға жеткен. Қазіргі кіші буын қате көрмейді. Қате жіберсе де, оған қызармайды. Түзеп отырсаң, сенің міндетің санайды. Ал енді осы мәселе қалай ушығып, қалай өріс алып кетті, оны ешкім ойламайды. Мен өзі қазақстандық БАҚ-та тек “Жұл­дыз” журналында істемеген шығар­мын. Мәселен, қазір радио­дағы жастар дауысты жоғары қояды да, сауаттылыққа, айтудың әдебіне, жазудың қатесіне, ойдың жүйесіне, сөз дұрыстығына көңіл бөлмейді. Бұл телеарналарға да қатысты. “СҚ-да” істеген кезімізде үлкен кісілер мақаланы түзеген уақытта жаным ауырып, қиналатынмын. Және олар өте консерватор деп ой­лайтынмын. Бақсақ, осының бәрі, жоғарыда айтқандай, белгілі бір тәртіпке әкелетін жол екен. Жал­пы, біздер журналистиканың қара жұмыс екендігін және оның өте интеллектуальды, өте парасатты, зиялылық дүние екенін ұмытып кеттік. Баяғыда орыстың бір атақты журналисі: “Известия” сарғыш тар­тып барады”, деген еді. Сол айтқан сөз рас па деп ойлаймын. Шы­нында, қазір өзінің сарғыштық бояуынан арылып, шынайылыққа келген газеттің бірі осы – “Извес­тия”. Ал бізде бірден бір сарғыш тартпаған газет – “Егемен”, қа­шан­да қарапайым, бірқалыпты, сабырлы, сабат, сарабдал. – Бұл пікіріңізді кей оқыр­манымыз осы газетке сұхбат берген соң біздің басылымға сіз көпшік тас­тап отыр деп ойлап қалмас па екен... – Қалай ойласа, олай ойласын. Мәселен, сол жастарға, кішкене атағы шықса өздерін кәдімгідей үл­кен дәрежеге жеткендей сезіне­тін­дердің жастық максимализмін ты­­йып тастайтын Ержұман Смайыл­­­дың бет-жүзіңе қарамайтын “ЕҚ”-дағы “айқайы” керек пе деп қала­мын. “Қазақстан” телерадио­кор­­пора­циясында істегенде басты­ғы­мыз Ғалым Доскен “толмаған Толс­той­лар мен шала Шекспир­лерге”: “Сендер не, аспаннан жұл­дыз ұстап алдыңдар ма? Болмаса жұлдызға ілініп қалдыңдар ма?” дейтін. Қазір, шынында, жұлдызға ілініп қалу деген оп-оңай. – Сіздің ұғымыңызда шығарма дегеніміз не, оның бағалануы қан­шалықты деңгейде деп ойлайсыз? –Шығарма – тағдыр. Ол – Құдайдың қолындағы іс. Солай бола тұрса да, оны әкелеміз де қол­дан өзіміз ұйымдастырамыз. Менің кісілікті, мәдениетті нәрсе­лерге қөзқарасым басқаша. Мәсе­лен, өзің жазған шығармаңды айтып, мақтату деген не? Қазір осындай дағды қалыптасты. Бір кездері әркім оқыған туындыны “мынау керемет жақсы дүние екен” деп өздері айтып, жар салатын. Қазір сол шынайылықтан айырыл­дық. Шынайылықтың жоқтығының кесірінен бүгінде өте нашар шығар­маның иесі де, жақсы шығарманың иесі де теңесіп кетті. Жақсы дүние­лердің бағалануы, мойындалуы қиындап тұр. Қазіргі жазушының дүниесінде “образ ашылған” деген­ді жастар қабылдамауы мүмкін. Бұл ең бір таңғаларлық нәрсе. Адам қандай шығарма жазса да, міндетті түрде образ ашуы керек емес пе. Бейне сомдалып шықпаса, ол – жай ғана публицистика. Меніңше, кез келген әдеби дүниеде бейненің елесі, кісіліктің көлеңкесі жүруі ләзім. Қазір соның бірі де жоқ шы­ғар­маны мақтатады. Яғни, әдебиет­тің коррупцияға айналуы – өте қауіпті. Қазір ұзақ шығармалар оқылмайды деп сәуегейсиді. Неге оқылмайды, ол жақсы жазыл­са. Баяғыда бір мультфильм көр­ген­мін, балапан инкубатордан шыға салып, өмірбаяндық роман жазуға кіріседі. Сонда қалай, адам өмірді көрмей, оның талқысынан өтпей, рухани тәжірибе жинамай жатып бір нәрсе айтады. Өкінішке қарай, сондай айтқыштардың қатары көбейіп келеді. Бұл бір жағынан, бізде тегеурінді, үлкен сыншылардың жоқтығын анық байқатады. Осы саланың талантты өкілі Тұрсынжан Шапайға: “Сен неге осы мәселе­лер­ді реттеп, әркім­ді өз орнына қойып беретін жағ­дай­ға келтірмей­сің?” деп айтқаным бар. Ол бұл ма­ған өте қауіпті ғой деп айтпаса да, соны ишаралап жеткізгендей бол­ды. Сонан кейін мен оны түсін­дім. Жалпы шындық айту өте қиын. – Жоғарыдағы бір сөз арасында талғам деп қалдыңыз. Сол талғам­ның жоқтығы кімге байланысты? Талғамсыздыққа жастар емес, мықты қаламгерлердің ұрынып қалуын қалай түсіндіресіз? –Талғам да тағдыр. Ол да адамның ар-ұятына да байланысты нәрсе. Бірақ, оның өте нәзік нәрсе екеніне қазір көзім жеткендей. Өйт­кені, кез келген өзін жазу­шымын деп есептейтін, кезінде әжептәуір шығарма жазған адам келе-келе талғамсыздыққа қалай ұрынып қалатынын байқамай қалады екен. Жалпы, талғамды да тот басатын сияқты. Ал оның жоқ­тығы ұяттың жоқтығына әкеледі. Нашар десең: “Неге нашар?” дейді. Көркемдік заңдылықтарға бағын­байтын, өзін ақтамайтын кейбір дүниелерді оқып айтсаң, әдейі жасап отыр деп, дұшпан көреді. Бүгінде шығармашылық сала жарнама мен коммерцияға кетіп қалды. Қазір “өлең де өлең, шөп те өлең, шөңге де өлең­­­нің” заманы. Осы мәселені га­зеті­мізде көтер­генде Қадыр Мырза-Әли былай деп еді: “Қазір телефон шырылдаса жүрегім суылдайды. Жас інішектер “мен туралы жылы сөз айтып беріңіз дей ме” деп. Міне, солай. Ол кісі шындықты айтып отыр. Қазір бізде жүрегі суылдамайтын адамдар көбейген. “Берген перде бұзады” деген әңгіме бар. Інілік ілтипат­тарды сондай шаруаларға ауыс­тырып жібердік. Бұл бұл ма, бүгінде “танымасын сый­ламас” деген нәрсе әдеби орта­да берік орын алған. Өйткені, сені таны­маса, оқымайды. Ал әдеби ортада таныстық емес, ең негізгі нәрсе адам­ды қолтаңбасы арқылы айы­рып, талантты көріп, оған жылы сөзін қиып, әдебиетке жете­леп әке­ліп, ұстаздық қамқорлығын көр­сетіп баулып, үлкен жолға салып жіберу емес пе? Сонда шың­дағы шынардай талант өсіп шық­пай ма? Тұманбай ағаның “ақы­ныңа мейі­рімді бол туған ел” дегені сияқ­ты, қиындықпен келетін өнер адам­дарына өте мейірімді болу керек. Егер адамзаттың әдебиетке деген ынтызарлығы суыса, онда оның тұйыққа тірелгені. Ал интер­нет, теледидарыңыз, тағы басқаңыз жазушының қағаз-қаламмен оты­рып жазған бір көркем дүниесіне ешқашан татымайды және орнын баса алмайды. – Жазушылар одағында 700-ден астам мүше бар. Бірақ солардың 70-80 пайызы қоғамдағы болып жатқан қандай да бір оқиғаларға, іс-шара­ларға қатысты ойларын білдіруден қаш­қақтайды. Егер бір нәрсе айту керек болса, айналдырған оншақты “дежурный” қаламгер­леріміз бар, соларды қинаймыз. “Бұл ағалары­мыздан басқа мынадай да жазушы әріптесіміз бар еді ғой”, деп хабар­лас­саң: “Мені қайтесің, басқалар айт­сын”, “қинамай-ақ қойсаңшы біз па­қырды” деп шығарып салады. Ал қа­лам­гер деген қауым ұлттың ар-намы­сын оятатын ерекше күш емес пе еді... – Осы мәселеге жауап берер ал­­дында, Жұбан аға Мол­даға­лиев­тың сөзі еске түседі. Ол кісінің ке­зін­де Димекеңе қаратып: “Қо­наев­қа да ренжідім”, – деген сөзі бар. Соны анық білемін. Сол уа­қыт­та Молда­ғалиевқа ол сөз жарас­ты. Өйт­кені, атақты Желтоқсан оқиға­сында Кол­бинге қасқайып тұрып қарсы сөз айтқан адамның “Қо­наев­қа ренжідім” деуі, азамат ақын­ның оған дейінгі де бүкіл жаратылысын, бар болмысын және басын кессе де батылдыққа бара ала­­тын адам екендігін байқат­қан еді. Ал біз үйде отырып Абай­ша айтқанда, “бәйге атындай аң­қыл­дап кетеміз” де, адам­ның, ұлт­тың тағдырына қатыс­ты жағдай­ларға келген кезде суыры­лып шыға ал­маймыз. Тағы да сол ұлы ақын сияқ­ты “мұнан менің қай жерім аяулы” дейтін адамның шықпауы бізді қатты алаңдатуға тиіс. Түсі­несіз бе, қазір осының бәрі ұятқа саналмайды. – Өзіңіз білесіз, Елбасы  жазу­шы­лардың басын қосып, бүгінгі күн­нің мықты шығармасын жазыңдар деп өтініш жасады. Бірақ, ондай дүниелер әлі күнге жоқ. Сонда қоғам­дық тапсырыс дегендердің шығармашылыққа жүрмегені ме?.. – Дүние жүзінде соңғы жүз жылда ең мықты шығарма қайсы деген сауал жүргізгенде, “Соғыс және бейбітшілік” бірінші орынға шыққан екен. Толстой өзі 1828 жылы туғанмен, бұл шығарманы жазуға 28 жылдан кейін келген. Яғни, біраз өмір сүріп, оның алдында бірнеше шығарма жазып барып “Соғыс және бейбітшілікке” отырған. Сөйтіп, тарихи кезеңнің бір көркем шындығын жасаған. Бірақ, сол кездегі әдебиетшілер оны кезінде мойындамаған, түсіне алмаған жағдай да болды. Өте сәтті шығарма өте кездейсоқ та тууы мүмкін. Ол Алланың жіберетін ерекшелігі. Біз кейде ондай дүниені байқамай қалуымыз да ғажап емес. Болмаса біреудің жазып қойған дүниесі бар шығар, ол жарық көр­мей жатқан шығар, бәрі де ық­тимал ғой. Адам Мекебаев аға­мыз­дың “Қазақ әдебиетінде” жұмыс істеп жүрген кезінде жазушылық өнер жайында былай деп айтқаны бар: “Қазақтарға не кінә, бізде жазушылық өнері әлі қалыптасып үлгерген жоқ. Онымен қанша отырудың, қанша уақыт жұмыс істеу керектігін бойымызға сіңірген жоқпыз. Ол жүз жылдап қалып­тасатын нәрсе. Ал біздің прозамыз­дың жарық көргеніне қанша жыл болды. Соның өзінде біз соншалықты үлкен талап қоямыз”, – деп. Ол кісінің айтқаны рас. Мысалы, мен де керемет емес шы­ғармын. Жазуға келгенде шешем айтатын: “Әліңді білмей, әлек бол­ма­саңшы”, – деп. Қараңызшы, баласын талпындырудың орнына қандай сөз айтқан. Себебі, ата-анамның түсінігі де, айналасының түсінігі де басқаша еді. Мәселен, басқалардың балалары мал тауып, табыс әкелді. Ал мен ешқандай табыс таба алмадым. Баланың да табыс таппаған соң қадірі болмайды. Осы жағынан келгенде, ата-ана дейтін жарықтықтар, өзін көрсеткісі келетін балаларды кейде түсінбей қалады. Яғни, ата-ана да көреген болғаны ләзім. Қазір бізде жарнаманың за­маны. Бүгінде ата-аналар бала­лары­ның сондай ерекше қасиетін байқай қал­са, ертең ақша табады деген көзбен қарайды. Осы “Қазақ әде­биеті” газетінде қарапайым пси­холог мұғалім: “Бізде жақсы оқы дейді де, ал жақсы адам бол деп айтпайды”, – дегенді жазды. Міне, әңгіме. Ал бүкіл әдебиеттің міндеті – адамды тәрбиелеу, адамның об­разын ашу болса, қазір біз жақсы мен жаманды айырудың қай жа­ғында тұрмыз? Менің қай­ран қал­ғаным, соңғы дағдарыс­та адамзатқа адамгершілік керек екен­дігі білініп қалды. Бұл – ең басты мәселе. “Жалпы дүниені не нәрсе құт­қара­ды?” деген кезде Достоев­ский: “Сұлу­­лық”, – деді. Ғылыми ком­мунизмнің негізін салушылар: “Адам­ды адам еткен ­– еңбек”, – деді. Ал қазір бізді тек адамгер­шілік, қанағат пен иман ғана құтқара алады. – Сіз жаңа жазушылық қасиет Алладан дариды дедіңіз. Ол рас. Бірақ, оған ата-ананың, тамыры­ңыз­­да аққан қанның, тек пен негіз­дің қатысы бар деп ойламайсыз ба? – Әрине, қатысы бар. Әке-ше­шем­нің тату-тәтті тұрған, екеуінің ықыласы жақсы сәттерде үйімізде бір керемет бақытты ахуал орнай­тын. Әкем қалжыңбас, өте қу тілді еді. Баламыз ғой, таңертең әкей тартқан домбыраның үнімен ояна­тынбыз. Содан күйге елітіп жата­тын­быз. Шешем самаурынын көте­ріп келеді. Қой жотадағы өріске беттеп бара жатады. Қария дом­быра тартып отырып: “Балам, қойды қарап қойшы”, –­ дейді. Қарап келеміз де “жатыр”, ­– дей­міз. “Біреу­­дің қойы­мен қосылып кеткен жоқ па?”, – деп сұрайды. “Жоқ”, – дейміз. Шай­ды ішіп болған соң: “Балам, қойды тағы бір көздеп келші”, – дейтін де, қайта­дан домбырасын қолға алатын. Әкейдің репертуары өте бай еді. “Кімнің күйі?” – десең: “Құлмам­бет­­тікі, Майкөттікі, Жам­былдікі”, – деп отыратын, жарық­тық. Сонда ол кісінің соншалықты ша­бытты кезін байқамаппыз. Біздер Құрман­ғазы­ның күйімен тәрбие­ленген­дік­тен, әкемді күйші деп емес, әуес­қой деп ойлайтын­быз. Дүй­себай бауырым консер­ватория­ға оқуға түсіп, әжептәуір күйші, кейін жап-жақсы сазгерге айналды. Содан бір күні Нұрғиса­мен таныс­тық. Сөйтсек, жақын ағайынымыз екен. Біздің шал қайтыс болғанда: “Әкем ғой бұл кісі, әкем қайтыс болды”, –деп жылады. Тіпті, аудандық партия ко­ми­тетінің бірінші хатшысына теле­фон соғып: “Менің әкем қай­тыс болды”, – дегенін естідім. Оған кезінде мән бергені­міз жоқ. Кейінірек Нұрғиса ағамен жолығып қалдым. Әңгі­мелесе келе: “Шіркін, сенің әкең­нің музыкант­тығын қатты сағына­мын. Ол кісінің саусағы на­ғыз күй­шінің саусағы еді”, – деді. Қария­­­ның саусағы жуан, ішекті басқан кезде дыбыс қатты шыға­тындай жағдайы бар екен. Көрдіңіз бе, со­ған дейін бай­қаған ғой. Сонда ғана әкемнің мықты күйші екен­дігін Нұр­­ғисадан білдім. Оған дейін мойы­ндаған жоқпын. Сөйт­сем, Нұр­ағаңды Дүй­себай ертіп келеді екен, ұзақ күнге күй тартқы­зып тыңдайды екен. Әкейдің тартқан күйлерін Дүйсебай жазып алды ма, алмады ма білмеймін. Қазір Дүйсе­бай тартады, бірақ әкем тартқандай емес. Шешем өте қиялшыл, әңгіме­шіл адам болғанмен, менен жазу­шы шығады деп ойлаған емес. Ынта­ландыру бәйгесін алғаныма да қуанбаған сияқты. Бірде “Ленин­шіл жасқа” әңгімем шықты. Ойым­да еш­нәрсе жоқ, ауылға келсем, ше­шем маған басқаша көзқараспен қарап қалыпты. Таңғалдым. “Сен мына әңгімені қайдан білесің, балам-ау?” – деді. Сондағы шат­тан­­ғанымды айтпаңыз, шешемнің алдында жазу­шы екенімді бірінші рет сезіндім. Әкем ондай эмоция білдірмейтін. Мен шешем мойын­даған соң ғана жазушы бол­ған шығармын деп ойлаймын. Ол кезде отыздан асқан кезім. Сол заман­дағы реалистік тәрбиенің жаман жері, құлақ қоймағанның кесірінен шешемнің әңгімелерінің көбісін ала алмай қалдым. Егер Шыңғыс Айтматов сияқты талант болсам, сол кісінің әңгімесін дайын сюжет етер едім. Анаға байланысты бір нәрсе айтқым келеді. Менің үлкен ағам Қырғызбай ұста, қол өнері жағынан өте шебер, онан кейінгі ағам Тоқ­тасын суретші, екеуі де қайтыс болып кетті. Дүйсебай композитор, кен­жеміз Ермек әнші. Енді қара­ңыз, әкемнің басқа әйелдерінен туған балалары бар, олардың бір де біреуі өнерге, шығармашылыққа жақын болмады. Соған қарағанда қабілет, дарын мәселесінде шеше­нің де үлкен үлесі бар ма деп пайым­дай­мын. Рымғали Нұрғалиев мар­құм біздің үйге кел­генде: “Сен­дер­ден әйтеуір бір­деңе шығады. Бірақ бәрің жабылып, біреуді шығарсаң­дар жетеді”, – деп айтатын. Сол сөзді жиі еске аламын. Сұхбаттасқан Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ. Алматы.