• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
06 Қараша, 2010

“Нұрлы көштің” үйлері-ай...

550 рет
көрсетілді

Кенді Алтайда құрылыс қар­қы­ны көңіл көншітетіндей. Тек су басқан 23 елді мекенде бас-аяғы төрт-бес айда алты жүзге тарта тұрғын үй, емдеу мекемелері, үш мектеп пайдалануға берілді. Бірақ бүгінгі әңгіме аудандар мен ауыл­дарда тұрғын үй салу жайлы бол­ғандықтан, соған тоқтала кет­кенді жөн көріп отырмыз. Шемонаиха ауданының әкімі Айбек Кәрімов Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орын­басары Серік Әбденовке қызметтік хат жолдапты. Онда “Әлеуметтік мақсаттағы және тұрғын үй салуда Шемонаиха ауданында артта қалу байқалады. Тәуелсіздік алғаннан бері ауданда небәрі бір мектеп жергілікті бюджет есебінен тұрғы­зылған. Міне, жиырма жылдан асты мемлекеттік бағдар­лама бо­йынша бірде-бір тұрғын үй салын­баған. Қазір 171 адам пәтерге зәру, оның 11-і ардагерлер, ал 27-сі жетім балалар. Сондықтан пәтер мәселесін шешу үшін 120 пәтерлі тұрғын үйден 30 пәтерді сатып алу мәселесін шешуге қолұшын берсеңіздер екен” деген жолдар бар. Ал бұл үйдің құрылысы сонау 1987 жылы басталыпты. 90-жыл­дардың басында құрылыс тоқтап қалған. 2009 жылы “Мансун” деген серіктестік оны сатып алып, құры­лысын жалғастыруда. Биыл осы үйдің 45 пәтері пайдалануға берілген. Ал 30 пәтерді сатып алып, мем­лекеттік қызметшілерге және арда­герлерге беру үшін амалсыздан осындай әрекетке барып отыр. Биыл облыста қаржылан­дырудың барлық көздері бойынша 125 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылуы тиіс. Оның 15 мың шаршы метрі не­сие, 9,1 мың шаршы метрі жалға беру, ал 84 мың шаршы метрі же­ке меншік тұр­ғын үйлер. Ал жеке меншік тұрғын үйлердің көбі аудандар мен ауылдарда бой көтеруде. Шығыс Қазақстан облыстық құрылыс басқармасының бастығы Ерлан Текешев мырза бізді мы­надай бір мәліметтермен таныс­тырды. Өткен жылы Аягөз, Зайсан, Тарбағатай, Катонқарағай және басқа аудандарда жеке меншік тұрғын үйлер іске қосылған. Мәселен, Зайсан қаласында облыс­тық мәслихаттың депутаты, құрылыс саласының маманы Болат Нұрасыл бастаған фирма 60 пәтерлі бес қабатты үйді берген. Олар пы­шақ үстінен таланып сатылып кеткен. Рас, пәтерлерді бөлу ке­зін­де мемлекеттік қызметкерлер мен ардагерлер кезек бойынша пәтер­лер иеленген. Ал Қуат Әбжа­нов жетекшілік ететін компания да былтыр 20, биыл да осыншама же­ке меншік үйлерді салып берген. Айнабұлақ, Дайыр, Кеңсай ауыл­дарында да бірнеше тұрғын үйді халық өздері салып алыпты. Тас­бастауда 34 үй іске қосылды. Жа­қында ғана Зайсанда құрылыс фир­ма­сын құрып алған Еркін Той­базаровтың жігіттері Өскемен қаласының іргесінде бой көтеріп келе жатқан оралмандарға арналған қалашықта төрт үйдің құрылысын аяқтап қалыпты. “Нұрлы көш” бағдарламасы бойынша Жаңа Явленка ауылы маңынан төрт жүзге тарта тұрғын үй құрылысы қызу жүріп жатыр. Оған облыстың елуге тарта құрылыс фирмалары ат­са­лысуда. Бұл жерде мектеп, бала­бақ­ша, пошта мекемесі, жылы су, суық су бәрі болмақ. Манарбек Құма­ровтың фирмасы осы ауылда отыз­дан астам үйдің құрылысын са­лып бітіруге әзір. Аталмыш бағдар­ламаға мемлекет төрт мил­лиард тең­геге жуық қаржы бөлген. “Нұр­лы көштің” үйлері-ай деп там­санады тұрғындар. Бородулиха, Бесқарағай, Көк­пекті, Жарма, Күршім, Ұлан, басқа да аудандар жеке меншік тұрғын үй құрылысын салуға көңіл бөлуде. Мәселен, Ұлан ауданында биыл 80 пәтерлі тұрғын үй салынып, олар бюджет саласында қызмет ететіндер мен ардагерлерге берілді. Мәдениет саласының бес бірдей қызметкері жаңа пәтерлерге қоныстанып алды. Шығыс өңірінде жаңа үйлер салу жалғасуда. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Шығыс Қазақстан облысы.