Жуырда Астанада Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы өткізілгені баршамызға мәлім. Өткен аптада Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде сол аталған алқалы жиын аясында “Бір шаңырақ астында бірлігіміз жарасқан елміз” деген тақырыппен Халықтар достығы күні өткізілді. Соған орай ұйымдастырылған дөңгелек үстел басындағы мәжілісті университет ректоры, академик Ерлан Сыдықов кіріспе сөзбен ашты. Бұдан кейін сөз Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумын өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің төрағасы, республика Парламенті Сенатының депутаты белгілі композитор Төлеген Мұхамеджановқа берілді. Бұдан кейін облыстық ішкі саясат департаментінің бастығы Жақсылық Омар, орыс және татар этномәдени бірлестіктерінің басшылары Михаил Панин мен Ғабдалхақ Ахунжанов және басқалар сөз сөйледі.
Халықтар достығына арналған жиын барысында университеттің бас корпусының фойесінде этномәдени бірлестіктердің көрмесі өткізілді. Бұдан кейін бірлестіктер басшылары университет студенттерімен кездесті.
Ал жиын соңы Халықтар достығы күніне арналған ойын-сауыққа, спорт шараларына ұласты. Дөңгелек үстел қорытындысымен арнайы үндеу қабылданды.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.