• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
13 Қараша, 2010

Құжатсыз тарих түзілмейді

746 рет
көрсетілді

Белгілі ақын Қабылбек Төре­тай­ұлы Оңтүстік Қазақстан облысы мұ­рағаттар және құжаттама басқар­ма­сының бастығы болып қызмет атқа­рады. Ол осы өңірдегі ай­тыс ақындары, жыршы-термешілер қау­ым­­дасты­ғының төрағасы, облыстық оно­мастикалық комиссия мен Қазақстан Жазушылар ода­ғының мүшесі. “Же­ті­сай әуендері”, “Қар­лығаш” ұжым­дық жыр жинақтарына топтама өлең­дері енген. “Қазығұрт – Қайнар­бұ­лақ”, “Жан шуағы”, “Қаракөз қал­қам”, “Арымның алауы” өлең жи­нақ­тары мен “Намыс най­зағайы” атты деректі кітаптың авторы. Бір сөз­бен айтқанда, мемлекеттік қыз­мет пен әдебиетті шаршамай-шалдықпай қатар алып келе жат­қан қаламгердің бірі. Облыс мұ­ра­ғатының шырақшысы болып отыр­ған аға­мызға сәлемдесе барып, біраз сауалда­рымызға жауап алған едік. – Қабылбек Төретайұлы, “Бастау ба­рын бұлақ та біледі”, дегендей, өзіңіз бас­қарып отырған Оңтүстік Қазақстан облысы мұрағат басқармасының тарихы жөнінде баян етсеңіз? – Қай мемлекеттің болмасын оның қоғамдық-саяси, экономикалық, рухани өмірі, жалпы бар болмыс-тіршілігі құжаттарынан көрініс тауып, уақыт өте келе тарихына айналатыны белгілі. Сон­дықтан да кезінде академик Е.В.Тарле: “Құжатсыз тарих жоқ, тарихсыз мемлекет, ұлт жоқ”, деген. Кешегі өзіміз бөлініп шыққан Кеңес Одағында да 1917 жылы жаңа үкімет билік басына келісімен ең алдымен, мұрағат ісін қолға алды. Ішкі, сыртқы жау жағадан алып, елді жаппай аштық жайлап, жаңа биліктің өмір сүру, сүрмеуі неғайбыл бо­лып тұрған алмағайып уақытқа қарама­с­­тан 1918 жылы 1 маусымда “Ресей Феде­рациясында мұрағат ісін қайта құру және орталықтандыру туралы” Халық Комис­сарлары Кеңесінің арнайы декреті шықты. Ол кезде Қазақстан аумағы сол ел құрамында болғаны мәлім. Біздің Қазақстанға келер болсақ, оң­түстік аймақта, 1926 жылы 1 қазанда Сыр­дария мұрағат бюросы құрылды. Қазіргі осы өңірдің аумағы енген Сырдария губерниясы 1924 жылы құрылғаны, оның орталығы Шымкент қаласы болғаны тарихтан белгілі. Осыдан 84 жыл бұрын 13 шаршы метрлік мұрағатқа небәрі 1 бөл­ме мен 4 сөре бөлініп, онда жалғыз мең­геруші мен бір ғана архивариус жұмыс істепті. Ал бүгінгі таңда облыс аумағында басқарма мен облыстық және 4 өңірлік, 3 қалалық, 11 аудандық мұрағаттарда барлығы 300-дей адам халыққа қызмет көрсетуде. – Тарихсыз ұлт болмайды. Ол анық мәселе. Ал, мұрағат мекемелерінде негізінен қандай құжаттар сақталады? – 1917 жылдан бастау алатын баға жетпес құнды құжаттар өңіріміздің әр кезеңіндегі тарихынан сыр шертеді. 1917 жылы Уақытша үкіметтің орнауы, әйгілі Қазан төңкерісі, Кеңес Одағының дүниеге келуі, 1924-1925 жылдардағы Орта Азия мен Қазақстан республикаларының ұлт­тық-мемлекеттік межеленуі, артельдер мен серіктестіктердің ұйымдастырылуы, ұж­ым­дастыру, елдегі алғашқы қорғасын за­уыты, фосфор, “Шымкентшина” өндіріс­тік бірлестіктері сияқты одақтық маңызы бар алып өнеркәсіп орындарының са­лы­нуы, Мырзашөлді игеру, 1929-1937 жылғы қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы, Бөген, Шардара су қоймаларының са­лы­нуы, қайта құру, тәуелсіздікке ие болу секілді өңіріміздің өткен тарихы 4115 қор мен 1 380 029 сақтау бірлігінде көрініс тапқан. Қорлардың негізінде облыс мұрағат­шыларының көмегімен көптеген ғылыми еңбектер, диссертациялық жұмыстар, облыс тарихы, сондай-ақ кезінде дүние жүзіне танымал болған алып кәсіп­ор­ындардан бастап, облыс аумағында орын тепкен ірілі-ұсақты шаруашылықтардың тарихы жазылды, аумақтық-әкімшілік бөліністер туралы құжаттар жинағы, ан­ық­­тамалар, тыл еңбеккерлері, соғыс ар­дагерлері туралы буклеттер, бюллетеньдер шығарылды. Республика деңгейіндегі айшықты, даңқты оқиғаларға байланысты жинақтар, көрмелер ұдайы дайындалуда. Биылғы жылдың өзінде ғана біздің мекемеден жеке және заңды тұлғаларға 27 000-ға жуық мұрағаттық анықтамалар беріліп, өтініштері орындалды. Жүйелі түрде облыстық және өңірлік мемлекеттік мұрағаттарда экскурсиялар ұйымдас­ты­рылып, мектептерде лекциялар оқылады. – Дұрыс екен. “Мәдени мұра” бағдар­ламасы республика өміріне көркем ізін қал­дырды. Талай жоғымыз түгенделді. Сіз­дерде осы мәселе қалай көрініс табуда? – Қорлардың құрамын құнды құжат­тармен толықтыра түсу бағытында тұрақ­ты түрде іс-шаралар жүргізілді. Мәселен, 2004 жылдан бастап Қазақстан мен Өзбекстан республикалары арасындағы өзара келісімге сәйкес “Мәдени мұра” бағ­дарламасы шеңберінде “Өзбек дерек­көз­деріндегі Қазақстанның оңтүстік об­лыстарының тарихына” қатысты Өзбек­стан Орталық мемлекеттік және Ташкент облыстық мұрағаттарының құжаттарынан еліміз тарихына қатысты 25 қор зерттелді. Бұл жұмыс Ресей Федерациясының Орынбор губерниясындағы Орынбор мем­лекеттік мұрағаты мен Орынбор облыстық жаңа тарихты құжаттандыру орталығында да жалғастырылды. 2009 және 2010 жыл­дары Орынбордан өңіріміздің револю­цияға дейінгі және кеңестік кезеңдегі тарихына қатысты маңызды қолжазбалар мен құжаттардың көшірмелері әкелінді. Жақын шетел мұрағаттарынан әкелін­ген құжаттардың жалпы саны 1061 сақтау бірлігін құрайды. Бүгінгі күнге дейінгі осы жұмысқа жұмсалған қаражат мөлшері 4 млн. теңгеге жуық. Әкелінген құжаттар не­гізінде 5 қор және 2 тізімдеме дайын­дал­ды. Қазақстан халқының тарихи құн­дылығы ретінде бұл құжаттар кеңінен пайдаланылуда. Материалдар Астана және Алматы қалаларында ұйымдастырылған көрмелерге ұсынылды. Өзбекстаннан әке­лінген материалдар бойынша “Истори­чес­кий обзор и указатель документов по Южно-Казахстану из архивов г.Ташкента” атты жинақ дайындалды. – Қабеке, Астанада желтоқсанның басында 55 мемлекет басшылары келелі мәселелердің күрмеулі түйінін шешпек ниетте. Қазақстан Ұйым төрағасы ретінде өткізетін Саммиттен не күтесіз? – ЕҚЫҰ-ның соңғы саммиті 11 жыл бұрын Ыстамбұлда өткенінен хабардар­мыз. Бірақ, Түркия мемлекеті іс басын­дағы төраға емес болатын. Одан бері де та­лай елдің төрағалығы кезінде ұйым сам­митін өткізу туралы ұсыныс бергенімен, қауымдастық тарапынан қолдау таппағаны мәлім. Ал Қазақстанға келгенде ұйым мү­шеле­рінің жібуін, сенімділік көрсетуін өз басым Елбасымыздың сарабдал саяса­тымен байланыстырамын. Бұл Қазақстан үшін, Қазақстанның көп ұлтты халқы және мемлекеттің иесі қазақ халқы үшін баға жетпес сенім әрі мақтаныш болуы керек. Әрине, күрмеулі мәселелер көп. Көрші ағайын – Қырғызстанның бүгінгі ахуалының өзі кісіні алаңдатпай ма? Халық ереуілге шығуға дағдыға айнал­дыр­ған. Топ-топқа бөлініп алып, рези­ден­циясын шауып ала берсе елдің не бере­кесі, мемлекеттің қандай беделі қалады? Өткір мәселелердің бірі – әртүрлі діни сек­­талардың көбеюі. Есірткі деген жұ­лын­құрт та бүгінгі ғасырдың қас жауы болып тұр. Халықаралық терроризм өрттей өр­шіп, жан-жағын жалындай жалмауда. Сам­­мит­те осы проблемаларға тоқтам са­лынады деген ойдамын. – Сізді өңір жұртшылығы “ақын һәм әкім” Қабылбек деп атайтыны көпке мәлім. Әкім командасындағы іс-әре­кеттеріңіз жайлы аз-кем мағлұмат алдық. Енді ақын-жазушылар жасағының танымал мүшесі ретіндегі шығарма­шы­лығыңызды білсек. Не бердіңіз, не бересіз? – Рахмет. Атақты аталарымыз “Жел­сөздің бес-алтауы арқасында, қазақтың сыйлас болдым жақсысымен”, дегендей, өнер-өлең көшінде асыл ағалардан үлгі-шарапат, ізетті інілерден қадір-құрмет, адами абзал қарым-қатынас көрдік. Алла­ға шүкір, тәңірге тәубе дейміз. Төрт жыр жинағым, екі әңгіме-көсемсөз, мақала кітаптарымның ұзын саны 16 мыңмен таралыпты. Бірақ, жазғандарым жауһар, әңгімелерім – әлемдік деп тоқмейілсу түсіме де кірмейді. Себебі Ұлы Мұқа­ға­лидың өзі: “Біздейлердің мыңы кеп, мыңы кеткен...” дегеніне шын пейілден қол қоятынның бірімін деп ойлаймын. Менің өлең мен өнердегі кредом: “Тебі­рене алсаң теңіз бол, Сезімдей шалқар тәрізді ол, Өкінбессің өнерде жыр болып қалсаң егіз жол! Шертілер қос жол – егізің, Көмілер шаңмен көп ізің, Егіз жол қалар елжіреп, Ақын еді ғой... дегізіп”. Әңгімелескен Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.