• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
13 Қараша, 2010

Елбасы білім тереңдеткен ұя

696 рет
көрсетілді

Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті сапалы білім мен саналы тәрбие беруде беріктік танытуда Әлбетте, әр нәрсенің өз жөні болады. Себеп-салдарсыз ештеңенің негізі қаланбақ емес. Мұны айтқанда Қарағандыдағы тұңғыш техникалық жоғары оқу орны – Тау-кен институтының құрылу тарихы ойға оралады. Өткен ғасырдың орта тұсында өндірісі өрлеген өңірде заман талабына сәйкес білікті инженер кадрларының жаңа буынын даярлау мәселесі туындаған еді десек, содан беріде алпыс жыл өтіпті. Бертінде поли­техникалық институт, бүгінде техникалық университет атауымен мәлім бұл оқу ордасы таныстыруды аса қажет етпейді. Алдымен ол түлектері арқылы алысқа аян. Мұнда Президент Н.Ә.Назарбаев білім тереңдеткен. Жоғарыда аталған уақыт аралығында қабырғасынан ұшып шыққан 70 мыңнан астам тау-кен ісі, құрылыс, металлургия, автокөлік саласы мамандары ел экономикасы іргетасын бекітушілердің алдыңғы қатарынан танылса, дамуды одан әрі өрбітуші ізбасарлары да сол үрдіске берік болуды қалайды. Осы ғылым мен білім ошағы туралы айтылғанда, халқымыздың екі аяулы тұлғасы еске түседі. Институт есігін ашқаннан бастап отыз үш жыл бойы тұрақты ректоры болған Әбіл­қас Сағынов сынды көрнекті ғалым қал­­дырған із терең. Алғашқы рек­тор­­дың жеке мынадай үлкен аза­маттығы да ұрпаққа ұмытылмас өнеге. “Алаш” пар­тиясы мен Алаш­орда қозғалысы жетек­шілерінің серкесі Әлімхан Ер­мековке қуғын-сүргіннен оралған соң сту­денттерге математика пәнінен сабақ жүргізуге мүмкіндік жасайды. Қазақ зиялы­лары қатарынан тұңғыш рет мате­матика профессоры атанған кісінің ұстаздық қызметі ғұмырының аяғы­на дейін ұласады. Үзіліп қалған ғы­лы­ми зерттеуін жалғастырып, ықти­малдық теориясы, математи­калық статистика, теориялық мех­ани­ка, математикалық терминология мәсе­лелерін зерделейді. Ал бұл кезде ол кісінің алпыстан асқан шағы болатын. Математиктің қазір университет мұражайында сақтаулы “Ұлы мате­ма­ти­ка курсы” оқулығы ең қымбат жәдігер. Ол 1935 жылы қазақ тілінде жарияланса, оған іле “Қазақ тілінің математика терминдері” атты түсіндірме сөздігі шыққан. Осы кезеңде Кеңес өкіметі жазалау органдарының қудалауында жүргеніне қарамастан өскелең ұрпақ қамын, қоғамның да мүддесін ойлап, қолынан келген нәрсенің бәрін істеуі ғажап қасиет. Қайсар күрескерлік деп осыны айтуға болар. Жоғары білім саласы халықаралық ең биік талаптарға сай болуға тиістігін, жоғары оқу орындары әлемнің жетекші университеттерінің рейтингтеріне кіруге талпынуы қажеттігін, жастар бойында қазақстандық патриотизм сезімін қалыптастыру керектігін Елбасының баса атап көрсетуіне байланысты қалыптасқан тың ізденістер мұнда кейінгі кезде айрықша серпіле түсіп отырғаны байқалып жүр. Бұған дейін де ғалымдық та, ұйымдастырушылық қырынан да танымал азамат, бүгінде аталған университет ректоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҰҒА академигі Арыстан ҒАЗАЛИЕВПЕН әңгіме арқауын соған арнауды жөн көрдік. – Арыстан Мәуленұлы, осындай ір­гелі оқу орнында талапкерлерді қабыл­дау биыл қалай болды? – Бәріміз ұмыта қойған жоқпыз ғой, осыдан біраз жылдар бұрын мектеп бітіру­шілердің көбі заңгерлік, қаржыгерлік мамандықтарын меңгеруге бет бұрғаны мәлім. Әрине, оған ешкімді сөгіп қажеті жоқ. Жаңа экономикалық қатынастарға көшкен уақыттағы өткінші құбылыстың бірі болғандығын өмір көрсетті. Ал қазір отандық өндірістің қарқынды өрлеуі, индустрияландыру стратегиясын жүзеге асыруға байланысты серпін әсері жастардың ой-санасына, талап-мақсатына үлкен өзгерістер енгізгенін біздегі жағдай анық байқатады. Мәселен, осы күзде университетімізге 4349 шәкірт оқуға қабылдануы сонын бір айғағы дер едік. Мұның 1,5 мыңға жуығы мемлекеттік грант бойынша білімін тереңдетушілер. Бұл техникалық мамандықты қалаушылар былтырғыдан 1 мыңға артық толықты деген сөз. Өңір өндірісінің “Қазақмыс”, “Арселор Миттал Теміртау” секілді алыптары өз іріктеулерімен 432 болашақ қадрын даярлауға сенім артса, әлемнің 11 елінен бұрыннан оқып жүрген 145 студент қатарына қосылушылар да аз болмады. Шәкірттер құрамының жылдан-жылға өсуі, заман ағымына сәйкес техникалық интеллигецияның жаңа буынын дайындау мәселесі маңызды бола түсуіне сәйкес бірінші кезекте құрылымдық жүйе жетіл­дірілгенін айта кеткен жөн шығар. 5 де­партамент, өндірістің барлық саласы үшін мамандар даярлайтын 10 институт, 3 кәсіби салалық орталық, 3 ғылыми-зерт­теу институты, 35 кафедра және осынша зертхана, технологиялық кол­ледж, техникалық лицей, 3 шағын кәсіпорын бір шаңырақ аясында жұмыс істеп жатыр. – Сізбен пікірлесіп жүргеніміз бір бұл емес. Бұдан бұрынғы әңгімеде универ­си­тетті халықаралық биік талаптарға сай оқу орнына айналдыру барысында біршама ша­руа атқарылғаны жөнінде айтып едіңіз. Сол жайтқа толығырақ тоқталуға болар еді. –Соңғы жылдарда еліміздің күрт дамуы білім беру саласының да сондай­лық деңгейде болуын қалайды. Халқымыз мұның мәнін “Білегіңе сенбе, біліміне сен” деген жалғыз ауыз сөзбен түйіндеген. Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, білім мен ғылым жүйесінің жаңарып, жаңғыруы экономикалық дүмпудің негізгі қозғаушы күші болып табылады. “Қазіргі заманғы білім берудің перспективалық міндеті – ойлай білетін адамдарды даярлау” деп Елбасының атап көрсетуі де жайдан-жай емес. Оқу үдерісін үлгілі үйлестіре білуде осы ақыл-кеңес басшы­лыққа алынады. Айып етпессіз, оқытудың барлық тәсіл­дері мен үлгілерін бастан-аяқ баян­даудың қажеттігі болмас. Қысқа қайы­рымдап, төменгідей тетіктерін айтып өтейін. Алдымен атағанда, жаңа техно­логия негізінде профессорлық-оқытушы­лық құрамның кәсіптік шеберлігі мен студенттердің дербес шығармашылық ойлау қабілетін жандандыру үшін шәкірттердің үлгерімін және білімін бақылайтын тестілік-рейтингтік жүйені қолданысқа енгізгенімізге біраз уақыт болып қалды. Аталған шара алғашқы сабақтан бастап, дипломдық жұмыстарды қорғауға дейін үзбей мониторинг жүргі­зілуді қамтамасыз етеді. Бүгінде әр студент сайтқа еніп, ағымдағы үлгерім деңгейін, әр аттестация сайын алған бағаларын анықтай алады. Оқытудың кредиттік жүйесін қолдану да тиімділігін танытуда. Оқытушылар сабақ беру әдістемесін өзгертуге бет бұрды. Дәрістер білімгердің санасына өз­дігінен ізденуге, талпынуға қызығушылық туғызуға түрткі боларлықтай дайындалып, оқылады. Тақырыпты түсінуде, игеруде, бойға сіңіруде ақпараттық технология көмегіне сүйенуге тартылады. Бұл ретте проекциялық теледидарлардың дербес компьютерлерге қосылуы, ал олардың дәрісханаларда әр студент алдында тұруы оқу материалымен тез танысуға мүмкіндік береді. Қалған уақытта материалды игеру үстінде ең қажетті мәселені зерделеуге зейін қойдырылады. Айта кету керек, бұдан былай қарай кез келген студенттің қалауына орай өздігінен компьютерде тестіден өтуіне жол ашылмақ. Сөйтіп, білімін сарапқа салып қоймай, кемістік­тері туралы ақпарат алып, оны түзетуге мүмкіндігі бар. Оқыту үдерісінде сондай-ақ, әзірге елімізде баламасы жоқ интерактивті режимдегі дәрісханалар пайда болғанын атап өтпекпін. Оқу бағдарламасын ин­но­вациялық тұрғыдан жетілдіруде ай­мақ экономикасының ерекшеліктері ес­керіліп, жаңа пәндер енгізілді. Был­тыр құрылған инновациялық оқыту тех­ноло­гиялары микроэлектроника­сы­ның сек­торы да осы бағыттағы шара­ның бірі. Жалпы алғанда, 67 компьютерлік сынып, соңғы үлгідегі 2800 компьютер (әр 2,5 студентке 1 компьютер), 52 интерак­тивті тақта, 88 бейне проектор, 6400 электронды оқулық, қоры бай кітапхана студенттер игілігіне ұсынылған. “Сименс”, “Мицубуси”, “Фесто” кон­церн­дерінің оқулық стенділері алынды. Таяу арада олардың электронды кітап­ханаға шы­ғуын, сабақтар мен емтихандар кестесін анықтауын жеңілдететін 7 ақпараттық терминал, кітаптарды беру үдерісін авто­маттандыру және е-lіbrary сайтын пай­далану арқылы оқулықтардың электрон­ды нұсқасына жазылуды қамта­масыз ету үшін R-fіd кешені орна­тылады. Телеком­муникация­лық техноло­гия, мобильді байланыстың шетсіз-шексіз мүмкіндігін пайдалану, сандық жүйедегі оқу залдарын ұлғайту, аудио, бейнетаспа оқу құрал­дарын байыту, қажетті оқулық материал­дарды дүние­жүзі­лік интернет желісімен аса жыл­дам­дық­пен қабылдай алу жаңа ғасыр­лық оқыту формасын қалыптас­тыруға жол кеңейтіп отыр. Бұған уни­вер­ситетімізде құрылған Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.На­зар­баев атындағы электронды техноло­гия оқыту орталығы айқын мысал. Онда 5 зертхана, соның ішінде теледидарлық оқытудың біре­гей зертханасы жұмыс істейді. Оқы­ту­шылар­дың жеке шұғылда­натын залы келуші­лерге әрдайым ашық. Өзіңіз көрген­дей, зертханалардың әлемге әйгілі Іntel фирмасының төртядролы про­цессорлар негізіндегі компьютерлер­мен, сонымен қоса басқа оқу орындарын­да әзірге сирек қондырғылармен жаб­дықталуы білім-ғылым­ға талаптыларға тамаша жағдай. Білім беруді халық­аралық стандарттар дең­­гейіне көтеруде та­ны­мал бола бас­тауы­мыз­­дың айғағы ретінде АИОР халықаралық тір­кеу агенттігі жүр­гіз­ген байқау қорытын­ды­сында биылғы ма­мыр айында 5 маман­дық, атап айтқанда, автомат­тандыру және басқару, метал­лургия, мәшине жасау, көлік тех­­никасы және тех­но­ло­гиясы, тау-кен ісі бойынша халықара­лық тіркеуден өтіп, Лон­дондағы Еуро­па­­лық инженерлік білім қо­ғамының “Еуро­па­лық сапа” белгісі тап­сырылуын атауға бола­ды. Өз қауқар-қабіле­мізді екшелей келіп, жыл сайын “The Tіmes Hіgher Edu­catіon Sup­ple­ment” басы­лымын­да жа­рия­ланып тұра­тын QS World Unі­versіty Ran­kіnds әлем­дік рейтингіне енуге өтінім түсірдік. – Айтпақшы, сіздің басқаруыңыздағы оқу орнының былтыр Университеттердің Ұлы Хартиясына қол қойғаны белгілі. Жалпы әлемдік білім кеңістігіне кірігу қадамдары қалай болып жатыр? – Қазіргі жаһандану дәуірінің екпіні білім саласына мықтап еніп келеді. 46 ел қосылған Болон процесіне қатысуымыз зор мәртебе. Соның арқасында жоғары білімнің Еуропалық аймағына ену түпкі мақсатымыз үдесінен шығуға сенім нығайтты. Енді студенттеріміз бен магистранттарымыз 46 елдің кез келген жоо-ларында білім тереңдетуі еркін. Жемісі уақыт үлесінде, ал бұған дейін де қалыптасқан ынтымақтастық арқылы алысқа аянсыз емеспіз. Әлемнің жетекші елдеріндегі жоо-мен жасалған 87 шарт пен меморандум соның бір дәлелі. Айталық, бізде қытай тілін үйренуге мүмкіндік беретін Конфуций инсти­тутының филиалы ашылды, Шанхай ынтымақтастық ұйымы бағдарламасы аясында энергетика және экология саласында білім беру орнатылды, Австрияның “Фесто” концернінің қол­дауымен Ресей мен Украинаның техни­калық универси­теттері­мен бір­ле­сіп ха­лық­ара­лық “Си­нергия” жоба­сын іске асыру қол­ға алынды. Ол қа­шық­­тық­тан техника­лық білім беру техноло­гиясын құру­­ға арналған. Университет облыста бірінші, респуб­ликада үшінші болып институт­ционалдық тіркеуден өтті. Магистранттардың 70 пайызы АҚШ, Гер­мания, Гол­ландия, тағы басқа же­тек­­ші елдерде тәжі­ри­беден өтеді. 130 сту­денті­міз “Бо­л­ашақ” бағ­дарлама­сының сти­пен­­дианты атанды. ІТ-маман­дар даярлау үшін оқу орнындағы ақ­па­раттық техноло­гиялар инс­титуты негі­зінде ЕРАМ Systems орталы­ғы­ның фи­лиалы ұйым­дастырылды. Таяу арада Гер­манияның техни­ка­лық орта­лығының фи­лиалы ашылмақ. – Өндіріспен байла­ныс жағы қалай? – Инновациялық-зерттеулік моделі бойынша дамуға баса көңіл бөлінуде. Оның талабына сәйкес кәсіпорындармен тығыз байланыс орнығуы қажет. Францияның ТОТАЛЬ мұнай өндіру және Италияның САЙПЕМ компанияларының ынта танытуымен халықаралық дәне­керлеу институты ірге қаламақ. Универ­ситеттің тау-кен, коммуналдық және ауыл шаруашылығы жабдықтарын шығаратын мәшине жасау консорциумы құрамына кіретіндігіне орай қазақстандық бәсекеге қабілетті өндірісті өркендетуге үлес қосуды кеңейту жолдары қарас­тырылуда. Австрияның “Мәшине және металл өнім­дері” индустриялық одағы­мен жүргізі­ліп жатқан келіссөз соны көздейді. Ғалым­дары­мыздың инновация­лық зерттемелері нәтижесінде “Балқаш­түстіметал” ӨБ-де байыту үдерісі пара­метрлерін және кенді өңдеуді бақы­лаудың автоматтандырылған жүйесі өндіріске енгізілді. “Соколов-Сары­­бай” тау-кен өндірістік бірлестігі” АҚ кеніштері мен үйінділерінде еңбек қауіп­­сіздігін жақсарту үшін швейцария­лық “Leіca” фирмасының ең жаңа элек­трон­ды геодезиялық аспап­тарын қол­дану арқылы ондағы жағдайға геомехани­калық мониторинг жүргізу жүйесі құрылды. Ғылым мен өндірісті интеграциялау­дағы жаңалықтардың үлкені Елбасының тапсырмасына сәйкес Қазақстанда бірінші “Табиғи шикізат ресурстарын кешенді игеру” зертханасы жұмыс істей бастады. Ол аттестациялаудан ойдағыдай өтті. Мұнда геологиялық-геофизикалық, геоме­ханикалық, маркшейдерлік-геоде­зия­лық бірегей жабдықтармен, сондай-ақ автоматтық, ақпараттық құралдардың әлемдік соңғы үлгілерімен жасақталған нанотехнология мен жаңа материалдарды құру, минералды шикізаттарды игеру, пайдалы қазбаларды байыту, шикізатты өңдеу және қалдықтарды іске жарату бойынша инновациялық бірегей зерттемелер жүргізуге болады. – Оқуға қабылданғаннан кейін студенттердің көңілін мазалайтын жайт жұмысқа орналасу мәселесі. Бұл жөнінде не айтар едіңіз. – Көптің көкейіндегі сауал екен. Расын айтқанда, олардан бұрын бұл жайт бізді толғандырады. Сондықтан болашақ түлектеріміздің еңбекпен қамтылуына қолай­лы мүмкіндіктер жасау ұдайы назар­да. Мамандықты жетік меңгерген жас қалай болғанда да өз орнын табады. Бі­рін­ші кезекте сол талапқа сай болып қа­лып­тасуына негіз қалауға күш салы­нады. Екіншіден, алдын-ала кәсіп­орындардың сұра­ныстары сарапталып, еңбек рыногын­дағы жағдайды біліп отырады. Оның сыр­тында университет жанынан ұйымдасты­рыл­ған “Корпоративті универ­ситет” ин­но­вациялық білім беру кон­сорциумы көме­гіне сүйенеміз. Өйткені, 49 өндіріс оша­ғымен, соның ішінде “Арселор Мит­тал Теміртау”, “Қазақмыс”, “Соколов-Сары­­бай” тау-кен өндірістік бірлестігі”, “Жәй­рем тау-кен комбинаты”, “Шұбар­көл­көмір”, “Қазөнеркәсіп­геофизика” тә­різ­ді алып­тар­мен бірлесіп қызмет істей­тін аталған құрылым алды­мен түлектері­міз­ді жұмысқа қабылдауға мүдделі. Ер­тең­гі кадрлардың теориялық білімдерін тәжі­рибе жүзінде толықтырып, кәсібіне ысы­ла­тын орындар негізінен осылар. Мұны­мен бірге ғылымға бейін танытқан талап­керлерге ықылас та ыстық. Ғылыми-зерт­теу жұмыстарына тартылады. “Арсе­лор Миттал Теміртау” компания­сының тап­сы­рысына сәйкес универси­теттің тау-кен институтының профессоры, КСРО Мем­лекеттік сый­лығының екі мәр­те лау­реаты Н. А. Дрижд жетекшілігімен шахта­ларда жинақталған метан газын өндіру және өндірістік мақсатта қолдану иннова­ция­лық жобасын жасауға қатысушылар­дың біразы келешегінен үміт күтілген жастар. Осы сауалға жауапты нақты дерекпен, яғни түлектеріміздің 95 пайызы жұмыс берушілер тарапынан сұранысқа ие екенімен түйіндесем деймін. – Бәсекеге қабілетті білікті мамандар­дың жаңа буынын қалыптастыруда мәселенің бір ұшы тәрбие жұмыстарына тіреледі. Жасыратыны жоқ, кейбір жоо оның мән-маңызын жеткілікті ескермейді, жеңіл-желпі қарайды. Әңгімеміздің жал­ғасы ретінде осы төңіректе ой өрбітсеңіз. – Біле білсек, жаңа заман жаңа адамды дүниеге әкелуде. Осы орайда халқымыздың “Дұрыс қанаттанған дұрыс ұшады” деген даналық сөзі еске түседі. Өскелең ұрпақтың тұрпаты мен болмысы отбасы мен мектепте, одан соң білім тереңдететін орындарда қалыптасады. Рухты, отаншыл сезімді, намысты жастар көп болса, ел келешегі соғұрлым кемелді екені анық. Соған байланысты студент­терге патриоттық тәрбие беруді, бой­ларына белсенді азаматтық позицияны сіңіруді, өздерінің және Отанының болашағы үшін жауапкершілікті сезін­діруді ұстаздық, азаматтық парызым деп санаймын. Президент Н.Ә.Назар­баевтың “Көп ұлтты жастарды өздерін Қазақ­станның тарихы­мен, алдыңғы ұрпақтың маңызды өмірлік құндылықтарымен теңестіруге үйрету керек, жастарға нақты өмірлік бағдарлар беру керек” деп атап көрсетуі міндет үстейді. Орайы келгенде бұл мәселеге кеңірек тоқталып өткенді жөн көремін. Қазақстандық патриотизмді қалыптас­тыру жөніндегі жұмыстың бірізділігі мен жүйелілігін үйлестіру үшін Елбасы тұлғасының өнегесінде патриоттық тәрбие тұжырымдасы әзірленіп, бүгінде бұл бағыттағы іс-шаралардың бәрі содан өрбітіліп жүргізілуде. Тұңғыш Прези­дентіміздің еңбек жолы, жас мемлеке­тіміздің экономикалық, саяси, әлеуметтік дамуына жетекшілік рөлі, әлемдік деңгейдегі ірі қайраткерлік орны халыққа адал қызмет етудің, шынайы отан­шылдықтың үлгісі ретінде таныс­тырылып, ұғындырылады. Тәуелсіз мемлекет құрудағы ұлан-ғайыр еңбегін түсіне білуге ой салынады. Айта кету керек, тұжы­рымдама былтыр парламенттік тыңдауда талқыланып, жағымды қабылданды. Бұл ретте “Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру: теория және практика” атты тақырыпта сенатор, академик Ғарифолла Есім, Парламент Мәжілісінің депутаттары Камал Бұрханов пен Светлана Ферхо, университетіміздің доценті Людмила Матвеенкованың қатысуымен жазылған монография тәрбие жұмыстарымен айналысатын оқытушы­ларға құнды көмекші оқу құралы болып жүр. Осы еңбектің ерекшелігі – студент жастарды патриоттық рухта тәрбиелеудің оқу орнымызда жасалып, сыналған моделі дәйектелген. Ел тарихы, мәдени мұра, ұлы тұлғалар өнегесі, Қазақстанның жетістіктері мен әлемдік қауымдастық­тағы орны, мемлекеттің жеке тұлғаның құқығын қорғау мен сақтаудағы қызметі, азаматтық жауапкершілік, Отан мүддесі­не, конституциялық міндеттерге адалдық соның негізгі арқауы десем, жақында университеттің бастамашылы­ғымен өткен “Жастарға патриоттық тәрбие беру жағдайы және перспекти­валары” атты республикалық семинар-кеңесте әңгіме болып отырған мәселе бойынша еліміздің барлық өңірлерінен келген ректорлар мен проректорлар алдында тәжірибе бөлісіп, алда тұрған міндеттер талқыланды. Сонда ой-пікірімді ортаға салғандай, тәрбие жұмыстарының түрлері мен әдістері сан алуан. Өмір жолы өнегелі адамдармен, еңбек озаттарымен, саясат­кер­лермен, қоғам қайраткерлерімен кез­десулер өткізіледі. Пікірталастар, диспут­тар, дөңгелек үстелдер ұйым­дастыры­ла­ды. Студенттер өздері таңдаған тақы­рып­тары бойынша баяндамалар мен реферат­тар конкурстарына қатысады. Мәселен “Ұлтаралық келісім – Прези­дент Н.Ә.На­зарбаевтың стратегия­лық бағыты”, “То­ле­рант­тылық және өзара құрмет көрсету – Қазақстан Республи­касындағы ұлтаралық қатынастар принциптері” “Еліміздегі жастар саясаты” тақырыптары­ның брейн-ринг түрінде ұйымдастырылуы жастар арасында үлкен қызығушылық туғызды. Елбасының Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауы жай ғана таныстырылып қоймай, қоғам үшін маңыздылығы түсіндіріледі. Шақыруы­мызды қабыл алған Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев­тің сол жөнінде таяуда оқыған дәрісі тыңдаушыларға үлкен ой салды. Конференциялар, акциялар, осы мақсаттағы шаралардың бір парасы. Бас корпустың алдындағы алаңқайда өткен “Менің Қазақстаным” республикалық акциясы қатысушылар есінде қалды. Жас буынға тәрбие беру ісіне Ақ­сақал­дар кеңесінің белсене атсалысып отырғандығын атағым келеді. Педагогтық және өмірлік тәжірибесі бай адамдар ақыл-кеңестеріне ықылас ерекше. Кеңес мүшелерінің шәкірттерге Елбасы Жол­дауын түсіндіру үшін құрылған ақ­парат­тық-насихаттық тобының жұмы­сына Мәжіліс депутаты С.Ферхо ризалық білді­ріп, құттықтау хат жолдады. Ақ­сақалдар бастамашылығымен университет түлектері қауымдастығы академик Ә. Сағыновқа ескерткіш орнатуға қаржы жинады. Әлбетте, жастар арасындағы бүкіл іс-шаралардың ұйытқысы университет жанындағы Жастар ісі жөніндегі комитет болып табылады. “Орфей”, “Жас буын” студенттер театрының қойылымдарын көрермендер жылы қабылдайды. Спорт­тық-мәдени ойын-сауықтарға арналған қос зәулім ғимарат солардың еншісіне толық берілген. “ҚарМТУ студенттерінің альянсы” бір жағынан қызғылықты шаралардың көркі. Соның бірі “БҰҰ моделі” атты халықаралық студенттер кон­ференциясы әлемдік қауымдастық алдындағы өзекті мәселелерді студент­тердің қалай білетіндігіне және оны қалай шешуге болатындығына арналды. Патриоттық тәрбие жұмыстарының жастар жүрегіне әсері сауалнама жүргізу арқылы зерттеліп тұрады. Өздерін Отаны­мыздың шынайы патриоттары санайтын студенттердің жыл ішінде 10 пайызға өсуі бұл мәселеге парасаттылық көзқарастың жақсы нышаны дер едік. Егер сауалнама­лар қорытындысына сүйенсек, жастардың 80 пайызының бойында отаншылдық рух атойлап тұрғандығы байқалады. Еліміздің 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында “Жоғары білім берудің мақсаты – қоғам­ның, мемлекеттің және жеке тұлғаның сапалы білім алуға деген мүдделерін қанағаттандыру” деп көрсетілген қағидасы іс-қызметіміздің басты бағыты. Білік­тілігімен бірге Отанға, туған жерге патриоттық сезіммен еңбек етуге жалынды жас инженерлер сапын толық­тыра беру мерейлі міндетіміз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен  Айқын НЕСІПБАЙ.