Төрағалықтың тамаша табысы
Қазақстан Республикасы Мәжілісі Төрағасының орынбасары, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының Қырғызстан бойынша Арнайы өкілі Жәнібек КӘРІБЖАНОВПЕН әңгіме – Жәнібек Сәлімұлы, алғашқы сұрақты Қазақстан Республикасының Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болып сайланған 2007 жылғы 30 қарашада Мадридте қабылданған шешімге байланысты қойғанды жөн көріп отырмын. Өйткені, төрағалыққа қатысты сол кезден басталған іс-шаралар бүгінде нағыз шарықтау шыңына жетіп тұр емес пе? – Қазақстан Республикасын 2010 жылғы ЕҚЫҰ төрағалығына бекіту туралы Мадридте бірауыздан қабылданған шешім – біздің еліміз үшін тарихи оқиға. Себебі, ЕҚЫҰ тарихында бұған дейін Азия құрлығында, мұсылман елдері арасында, сондай-ақ ТМД кеңістігінде бірде-бір мемлекет беделді халықаралық Ұйым – ЕҚЫҰ-ға төрағалық етпеген еді. ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер Ұйым төрағалығын Қазақстанға бергенде, еліміздің барлық саладағы даму үдерістерін, қол жеткізген табыстарын, саяси және экономикалық әлеуетін, халықаралық деңгейдегі беделін ескерді. Бұл – Қазақстанды әлемдік қоғамдастықтың мойындағанының белгісі, елімізде табысты жүзеге асырылған реформаларды және еліміздің ұстанған салиқалы саясатын ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің жоғары бағалағандығының нәтижесі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке беделінің арқасы. Сонымен қатар, Ұйымға төрағалық елімізге зор жауапкершілік, ауқымды да салмақты міндеттемелер жүктеді. Үстіміздегі жылғы 14 қаңтар күні Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаев Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету қызметіне кірісуіне орай Үндеу жолдады. Онда еліміздің өз миссиясын атқаруда қандай ұстанымды алға тартатынын жария етті. Қазақстан төрағалығының ұраны төрт “Т”-ға негізделді. Яғни, “траст” (сенім), “традишн” (дәстүр), “транспаренси” (ашықтық) және “толеранс” (төзімділік) ұраны таңдап алынды. Қазақстан Ұйымға төраға болардан бұрын ЕҚЫҰ-ның ең басты ұстанымдары, атап айтқанда, әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық өлшемдеріне байланысты бірқатар жұмыстар атқарған болатын. Оларды жалғастыруға, әрі қарай дамытуға Қазақстан Республикасының “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарламасы ұйытқы болды. Аталған бағдарлама еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудегі өзіндік “жол картасы” болды. Бұл – Кәрі құрлықтың құқықтық және экономикалық реформаларының тәжірибесін игеруге бағытталған сан алуан шаралар кешені. Ол Қазақстанның демократиялық реформаларды және халықтың өмір сүру сапасын арттыруды әрі қарай ілгерілету бойынша Еуропа елдерімен ауқымды өзара іс-қимыл орнатуына мүмкіндік берді. “Қазақстандық жолды” ұстану бізді Еуропамен барынша терең саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық байланыстарға кеңінен жағдай тудырды. – Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткеніне он бір айға жуықтады. Еліміз қабылдаған міндеттемелерінің үдесінен шығып келе ме? – Қазақстан Республикасы төрағалыққа кірісер алдында мақсат еткен іс-шараларының басым көпшілігін орындады деп нық сеніммен айтуға болады. ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер қазірдің өзінде Қазақстан Ұйымға төрағалықты абыроймен атқарып келеді деген пікір білдіруде. Ұйымға төрағалықты өз деңгейінде атқаруымыз еліміздің беделі мен мәртебесін көтеруде. Екіншіден, халықаралық қоғамдастықтың Қазақстанға деген оң көзқарасын әрі қарай нығайтуда. Үшінші жағынан, төрағалық біздің еліміздің қазіргі кездегі ұстанған саясатын одан әрі дамытуға жол ашты. Дәлірек айтқанда, үлкен мүмкіндік берді. Сонымен қатар, біз беделді халықаралық Ұйымға төраға ретінде ЕҚЫҰ-ның алдағы кезеңдердегі тыныс-тіршілігін кеңейтуге өзіміздің үлесімізді қосып келеміз. Ұйымның ең басты қызметі қауіпсіздікті қамтамасыз ету болғандықтан, Қазақстан өз төрағалығы кезінде Ауғанстанды саяси және экономикалық жағынан тұрақтандыруға, Таулы Қарабақ проблемасын бейбіт жолмен реттеуге, сондай-ақ, Қырғызстандағы жағдайды орнықтыруға ерекше көңіл бөлуде. – Сіз ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының Арнайы өкілі ретінде сол бір қиын шақтарда қырғыз ағайындардың арасында болып, араағайындық танытқан ресми тұлғалардың бірі болдыңыз. Қырғызстанда сәуір айында болған оқиғалар салдары өңірдегі өзге елдерді де алаңдатып отыр. Енді әңгіме ауанын солай қарай бұрып, себептерін айтып өтсеңіз? – Қырғызстандағы сәуір айындағы оқиғаға апарып соқтырған мәселелердің ең бастысы – ел халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайларының төмендеуінде. Нақтырақ айтқанда, қырғыз ағайындар Қырғызстанның бұрынғы билігінен тұрғындардың әл-ауқатының жақсаруын күтті. Олардың бұл үміті ақталмады. Халықтың әл-ауқаты жақсарудың орнына кері кетті, сыбайлас жемқорлық, ұйымдасқан қылмыс белең алды. Осылайша халықтың билікке деген наразылығы күшейді. Бұған сондай-ақ көрші елдегі саяси-экономикалық тұрақтылықтың өз деңгейінде болмай тұрғаны қосылды. Осы проблемалардың шешілмеуі Қырғызстан тұрғындарының толқуына, олардың көшеге шығуына, жаппай берекесіздіктің орын алуына алып келді. – Жәнібек Сәлімұлы, бүгінде Қырғызстан проблемасына неге осыншама мән беріліп отыр? – Қырғызстан халықаралық қоғамдастықтың тең мүшесі. Қырғызстан Ауғанстанға жақын жерде орналасқан. Оның үстіне Қырғызстан аумағында екі үлкен державаның әскери базалары бар. Егер бұл елдегі жағдайды тез арада тұрақтандырмаған жағдайда, ол ертең Орталық Азиядағы қауіпсіздікті сақтауда қиындықтар туғызуы мүмкін еді. Сондықтан Қырғызстан проблемасы туындаған соң, ондағы жағдайды тұрақтандыруға халықаралық ұйымдар, оның ішінде ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде Қазақстан Республикасы бірден кірісті. Қақтығыстан кейін Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиев елдің оңтүстігіне барып бой тасалағанын білесіздер. Егер Қ.Бакиевті ол жерден шығарып әкетпесе, оңтүстік пен солтүстік тұрғындары арасында қақтығыс болар еді. Оның соңы Қырғызстанда азамат соғысының басталуына соқтыру қаупін туындатты. Көп кешікпей, халықаралық қоғамдастық Қырғызстанның бұрынғы президентін ол жерден басқа елге алып кету туралы шешім қабылдады. Осы орайда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамашы болып, үлкен үлес қосқанын, барынша ықпал еткенін атап айтқым келеді. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев АҚШ Президенті Барак Обамамен, Ресей Президенті Дмитрий Медведевпен кеңесе келіп, Құрманбек Бакиевті өзге елге алып кету туралы уағдаласты. Бұл операцияны Қазақстанның әскерилері жүзеге асырғанын әлем жұртшылығы біледі. Жалпы, Қырғызстандағы қиын жағдайдың әрі қарай өршімеуіне ЕҚЫҰ тарапынан атқарылған жұмыстар ерекше маңызды болды. Бір ғана мысал келтірейін, Бішкектегі берекесіздік белең алған кезде халықты, стратегиялық нысандарды, сауда орталықтарын қорғап, қалада қоғамдық тәртіпті сақтауға тиіс милиция қызметкерлерінің өздері бас сауғалады. Қалалар мен елді мекендерде тәртіп орнататындардың қатары азайды. Сол шақта ерікті түрде қырғыз ағайындар құрған қоғамдық тәртіпті орнататын жасақшылар топтарына ЕҚЫҰ қаржылық, материалдық қолдау көрсетті. Соның арқасында бірінші кезекте қоғамдық тәртіп орнатуға мүмкіндік туды. Сауда орындары мен тұрғын үйлерді тонау, өртеу әрекеттері тоқтатылды. Бұл – сол уақыттағы көптеген проблемалардың бір ғана қыры. Адам құқығы, заңды әрекеттер жасау, билік институттары, экономиканы жолға қою, гуманитарлық көмек секілді мәселелерді ретке келтіру қажет болды. Осылайша өзге де халықаралық ұйымдардан келген арнайы өкілдер өзара ақылдасып, әрқайсымыздың жұмысымыз әр бөлек болса да, бірлесіп жұмыс істеуге келістік. Ондағы мақсат елдегі берекесіздікті тоқтатып, қиын жағдайды сауықтыруға ықпал ету болды. Сөйтіп, ЕҚЫҰ-ның басшылық жасауымен үйлестіру кеңесі құрылды, кеңес қазіргі кезде де жұмыс істеп жатыр. – Үйлестіру кеңесінің құрамына қандай халықаралық ұйымдардың өкілдері кірді? – БҰҰ, Еуропалық Одақ, ЕҚЫҰ-ның арнайы өкілдері, Қырғызстанда тіркелген ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер елшіліктерінің өкілдері кірді. – Бішкекте болған оқиғалар біраз уақыт өткен соң, Ош, Жалалабад қалаларында да көрініс берді. Оның себебі неде? – Кейбір сарапшылар “Ол оқиғаларды біреулер ұйымдастырды, ақша берген” деген болжамдар айтты. Солай болуы да мүмкін. Бірақ та бұл мәселенің шығу тегі тереңде жатыр. Кеңес Одағының кезінде Ошта дәл сондай жанжал шыққан. Араға тура 20 жыл салып тағы қайталанды. Соның барлығының ең басты себебі – әлеуметтік-экономикалық мәселелердің дұрыс шешілмегендігі, кедейлік, жұмыссыздық, сыбайлас жемқорлық, ұйымдасқан қылмыс, есірткі саудасы және басқа да проблемалардың қордаланып қалғандығы. – Осы орайда ЕҚЫҰ, өзге де халықаралық ұйымдар тарапынан не істелді? – Ең бірінші, тәртіп орнатуға баса күш салынды. Қақтығыстың одан әрі ушығып кетуіне жол бермеу шаралары қарастырылды. Гуманитарлық көмек көрсету мәселелерін шешу, Өзбекстанға ығысып кеткендердің мәселесін шешу қажет болды. Уақытша үкіметке осы проблемаларды шешуде нақты көмек жасалды. Ал үйлестіру кеңесі саяси партиялардың жетекшілерімен, үкіметтік емес ұйымдардың басшыларымен кездесулер өткізген кезде, кейбір азаматтар егер Қырғызстанда Қазақстандағыдай Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып, ойдағыдай жұмыс істеген жағдайда, Ошта ондай оқиға болмас еді деген пікір айтты. Бұл сөздің де жаны бар. Қырғызстанда да халықтар ассамблеясы бар, өкінішке қарай, ол сөз жүзінде ғана жұмыс істеп келгенін байқадық. – Қырғызстанда билік ауысқаннан кейін ел халқы мемлекеттің жаңа конституциясын қабылдады. Ел парламенттік басқару жүйесіне көшті... – Әр мемлекет басқарудың қандай жүйесін қалайтыны, қандай конституция қабылдайтыны сол ел халқының құзырында. Қырғызстан халқы референдумда парламенттік басқару жүйесін қолдады. Қырғыз елі 10 қазанда парламенттік сайлауды да өткізді. Сайлаудың дау-дамайсыз өткені қуантады. Дегенмен, алдағы кезеңде көп мәселелерді шешу керек. Елдегі жағдайды тұрақтандыратын экономикалық мәселелер бірінші кезекке шығарылуы тиіс. Мұны айтып отырған себебім, қыс болса иек астында тұр. Ош пен Жалалабадта қиратылған, өртелген үй-жайлар әлі түгелімен қалпына келтіріле қойған жоқ. Халықаралық ұйымдар, сондай-ақ, Қазақстан Қырғызстанға көмектер көрсетіп жатыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде Қырғызстан біздің жақын көршіміз екенін, халықтарымыздың туыстық байланысы тереңде жатқанын, сол себепті биыл болған қайғылы оқиғалар біздің де жанымызды ауыртатынын атап айтты. Сондықтан Елбасымыздың ұйғарымымен Қазақстан көрші елде тыныштық пен тәртіптің орнатылуына қажетті шараларды қолданып жатыр. Қырғыз Республикасына 11 млн. АҚШ долларынан астам көлемде гуманитарлық көмек жасалды. Оның ішінде қажетті азық-түлік тауарлары, үй салуға қажетті құрылыс заттары жіберілді. Алдағы қысты ескере отырып, 6 млн. АҚШ долларынан астам қаржыны құрайтын көмір отыны берілді. Қазір Қырғызстанда мемлекеттік институттарды қалпына келтіру үдерістері жүргізіліп жатыр. Ендігі басты міндет – Қырғызстан үкіметін жасақтап, оның нақты жұмысқа кірісуін және қордаланып қалған мәселелердің шешілуін жүзеге асыру. – ЕҚЫҰ Қырғызстанға консультативтік полиция тобын жіберу жөнінде шешім қабылдаған еді. Ол ел аумағына әлі орналасқан жоқ. Неге кешіктіріліп жатыр? – Бұл мәселе парламенттік сайлаудың алдында туындаған болатын. Сол кезде консультативтік полиция кеңесін кіргізуге уақытша үкіметтің қарсылығы болған жоқ. Бірақ қырғыз ағайындар: “Кейбір адамдар сайлау кезінде мұны саясатқа айналдырып жіберуі мүмкін, сондықтан сайлау тыныш өтсін, содан кейін шешім шығарамыз”, – деді. Біз қазір олардың шешімін күтіп отырмыз. – Жәнібек Сәлімұлы, Астана Саммитінен ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер, сондай-ақ әлемдік қоғамдастық не күтеді? – Астана Саммитінің саяси мағынасы аса жоғары, тұжырымдамалық мазмұны өте ауқымды болады деген ойдамын. Өйткені, Ыстамбұл саммитінен кейінгі кезеңде әлемде көп өзгерістер болды. Саммитте ЕҚЫҰ-ның әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық өлшемдері бойынша жаңа дәуірде, ХХІ ғасырда қалай жұмыс істейміз, соның негізінен туындаған міндеттерді қалай жүзеге асырамыз деген ауқымды мәселелер міндетті түрде таразыға салынып, жан-жақты талқылануы тиіс. Бұл жиында Ұйым кеңістігіндегі ғана емес, жаһандық ауқымдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету проблемаларына ерекше маңыз беріледі деп күтілуде. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.
•
13 Қараша, 2010
Тыныштық арқылы – тұрақтылыққа, татулық арқылы – тұтастыққа
643 рет
көрсетілді