• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
16 Қараша, 2010

Өнегелі өмір

518 рет
көрсетілді

Төменде мен елімізге, одан бұ­рын Кеңес Одағына, сонан соң арнайы мемлекеттік тап­сыр­мамен шет ел асып әлеми адамзаттың ұлы істеріне атса­лыс­қан аяулы Бөрібай Құл­ма­нұлы туралы сөз тартқым келіп отыр. Ол кісі бүгінгі таңда тоқ­санның төріне шықты. Бөкең ағамыз 1920 жылы 7 қарашада Қызыл­орда облысы, Сырдария ауданы, Аманкелді колхозының “Зіңке­тер” елді мекенінде дү­ние­­­ге келді. Қызылорда қала­сындағы “1 май” мектебінде оқып, 1931 жы­лы ата-анасы қайтыс болға­сын 3 жыл балалар үйінде тәр­биеленді. Білім қуған жас жет­кіншек 1934 жылы Қызылорда ауылшаруашылық техникумына оқуға түсіп, агро­ном-химизатор мамандығын алып шықты. 1940 жылы Мәскеудегі әскери училищеге курсант болып қабылданып, 1941 жылғы 1 мамырда Қызыл алаңда өткен әскери шеруге қатысады. Оған тек үздік оқыған және саяси-әскери дайындығы биік деңгейде болғандарды ғана қатыстыратын. Сол жылы ол лейтенант шенінде, минометшілер ротасының командирі болып майданға аттанды. Қайнаған соғыстан аман-есен өтіп Бөкең Ұлы Жеңісті Германияның Штеттин қаласында қарсы алды. Сонау сұрапыл соғыста жүріп аман қалу бұл да бір ұлы тағдырдың сыйы болды. Кеңес Одағы соғыс біткен соң айналасына өзінің саясатын қолдайтын әлем халықтарымен етене араласа бастайды. Іс жүзінде қолдап әрі түрлі көмектер беріп, саяси ақыл-кеңесшілерін сол елдерге жіберіп отырды. Бөкеңнің білімділігі мен алғырлығын білген әкери басшылар соғыс аяқталған жылы оны ерекше тапсырмамен Қы­тай­дағы Синьзянь провинциясында тұратын жер­гілікті халықтың өз егемендігін алуы үшін Оспан батыр мен Әлихан төре басқарған көтерілісіне қатыстырады. Сөйтіп, Сыр елінің асыл да батыр азаматы Шығыс Түркістан республикасын орна­ту­ға атсалысты. Бұл үлкен сенімді бұл кісі ой­дағыдай орындап қайтты. Кешегі күнге дейін Бөкең сияқты ардақтыларымыздың ерлігі Кеңес Одағының саяси құпиясы болды. Елге оралған соң Бәкең 1946 жылдан бастап бейбіт тіршілікке араласып, Қызыл­орда облыстық партия коми­те­ті­нің ауыл шаруа­шылығы бө­лі­мінің нұсқаушысы қызметіне кірісті. 1946-1947 жыл­дары Алматыдағы партия мекте­бінде тыңдаушы болды. Оны бітірген соң ол облыстық ауыл­ша­руа­шы­лық басқармасы жанын­дағы үгіт-насихат басқар­масының бастығы қызметін атқарады. 1953-1955 жылдары Қармақшы аудан­дық партия комитетінің екінші хатшысы, одан кейін осы аудан­дағы еңбек жолын МТС дирек­торы болып жалғастырды. 1958-1961 жылдары Қазалы аудандық партия комитетінің екінші, онан соң бірінші хат­шы­сы болып абыройлы қызмет атқарды. Мұнан кейінгі жыл­да­ры облыстық ауыл шаруашы­лы­ғы басқармасы бас­тығының орынбасары, об­лыс­тық мемлекеттік ба­қылау комитетінің, халықтық ба­қылау коми­те­тінің инспекторы, 1970-1973 жыл­дары облыстық партия комиссиясының мүшесі, 1973-1986 жылдары партиялық комиссияның төрағасы қызметтерін атқарып, өңірдің даму та­ри­хына өз қолтаңбасын қалдырды. 1986 жылдан бас­тап Бөкең одақтық дәрежедегі зейнеткерлікке шықты. Майдандағы ерлік істері үшін “Қызыл Жұлдыз”, “1-ші дәрежелі Отан соғысы” орденд­е­­рімен және көптеген медальдармен марапат­талды. Облыстың экономикасын, мәдениеті мен ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлестері үшін ол “Еңбек Қызыл Ту”, “Құрмет белгісі” орден­де­рімен, республика Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Ұлы Отан соғысының 65 жылдығына орай Елбасы Н.Ә. Назарбаев Ақордада Ұлы Отан соғысының ардагері Бөрібай Құлманұлының кеудесіне “Құрмет” орденін тақты. Жасыл жапырақтарын жайған бәйтерекке ұқсаған алып ағамызға бұдан былай да зор денсаулық тілеп, ұрпақтары мен жерлестерінің, жалпы еліміз бен халқымыздың сүйіспеншілігіне бөлене берсін дейміз. Бақыт РҮСТЕМОВ. Астана.