З.Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің Экономика және құқық ғылыми-зерттеу институтында облыстық ішкі саясат басқармасы, “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының ұйымдастыруымен “ЕҚЫҰ төрағалық ету жағдайындағы Қазақстанның дамуы” атты дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Оған ғалымдар, “Нұр Отан” партиясы филиалының жетекшілері, студенттер қатысты.
Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету мәртебесі елімізді қазіргі әлем қабылдауында жаңа деңгейге көтерді. Төрағалықтың арқасында әлем Қазақстанның демократиялық қоғам және нарықтық экономикалық-әлеуметтік бағыт ұстанған мемлекет құрудағы риясыз жетістіктерін мойындады. “Дөңгелек үстелде” баяндама жасаған, “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары И.Аронова, облыстық ішкі саясат басқармасы бастығы, философия ғылымдарының кандидаты Т. Жақыпова, облыстық мәслихаттың аппарат жетекшісі, заң ғылымдарының кандидаты Л.Мацупа, Қостанай мемлекеттік университеті ректорының кеңесшісі, генерал, профессор М.Дәуенов, Әлеуметтік-техникалық университеттің студенті Ә.Қуантаева және тағы басқалар алдымен Қазақстанның қол жеткізген осы жетістігіне тоқталды. Мұнан кейін төраға – мемлекеттің Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы бұрынғы қалыптасып қалған қасаңдықты бұзып, әлемдегі даулы мәселелерді әскери күштеу емес, ашық диалог және сол елдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге көмек беру арқылы бітімгершілікке келтіруді ұсынып та, өз мысалында көрсетіп те отыр. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен төраға мемлекеттің жүзеге асырып отырған толеранттық моделі дүниежүзіндегі саясаткерлердің сүйінішін тудыруда.
– Біздің көшбасшымыз ұсынған толеранттық-төзімділік бұл батыстағы еріннің ұшымен ғана айтып, қинала езу тартатын саясаттанып кеткен жасандылық емес, бұл – халқымызбен ғасырлар бойы жасап келе жатқан ашықтық, шынайылық, түсіністік, өзгені сыйлау, – деді Тамара Жақыпова. – Біздің елдегі түрлі ұлттардың тату-тәтті тұрып жатқаны осының дәлелі.
Мәжіліске жиналғандар айналасы жиырма жылдың ішінде еліміздің түрлі даму сатысынан өтіп, халықаралық беделді ұйымдарға мүше болып қана қоймай оның біріне төрағалық жасап отырғанын жоғары бағалады.
– Енді аз күнде Астанада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммиті өтеді. Бірақ Қазақстанның төраға болған уақыттағы жұмысына осымен нүкте қойылмайды. Елімізде ішкі демократиялық үрдістер үздіксіз дамытыла береді, – деді Л.Мацупа. Ол осыған орай Қазақстандағы өзін өзі басқару туралы жан-жақты айтып өтті.
Алқалы мәжілісті қорытындылаған белгілі заңгер, З.Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің Экономика және құқық ғылыми-зерттеу институтының директоры С.Жалыбин халықаралық ұйымға басшылық жасау Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатындағы тәжірибесін одан сайын байытқанын да атап өтті. Елімізді тани түскен дамыған елдер инвестиция құю туралы да оң пікірде болады. Ал бұл еліміздің экономикалық және әлеуметтік жағдайын жақсарта түседі. ЕҚЫҰ-ға төрағалық Қазақстанның даму жолын бұрынғыдан да кеңейтті. Дөңгелек үстелге қатысқандар да, тыңдаушылар да осындай пікірге тоқталды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.