Барша мұсылмандардың ең ұлық мерекесі – Құрбан айт күні Алматыда жұмыс сапарымен жүрген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Орталық мешітте болып, жамағатты осы қасиетті күнмен құттықтады.
“Күмбезді ел – көрікті ел” деген, алтындалған күмбезі сонадайдан менмұндалап тұратын Алланың жердегі үйі – құттыхана Алматы мешітіне Құрбан айт күні мыңдаған адам жиналды. Негізінен айт – ислам дінінен бұрын ежелгі Араб елінде дүние келген. Кейін оны діни дәстүрге, мұсылмандардың ең ұлық мерекесіне айналдырып, айрықша нұрландырған. Содан бері Құрбан айт мұсылман ай күнтізбесіндегі Зүлхижжаһ айының 10-шы жұлдызында басталып, 3-4 күнге жалғасып келеді. Демек, үш күн бойы аталып өтілетін бұл мейрамның барша мұсылмандар үшін мән-маңызы аса зор, өнегесі өзгеше. Ауқатты, тұрмысы жақсы адамдар Ұлы Жаратушы иеміз – Алла разылығы үшін құрбандық шалып, кедей әрі мұқтаж адамдарға, кембағал жандарға қамқорлық көрсетеді. Мұсылмандар Алладан ізгі тілектер тілейді. Елбасымыздың бастамасымен Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні мемлекеттік мерекелер тізіміне енгізілгені белгілі. Міне, осы қасиетті мереке күні Елбасы Орталық мешітке келіп, ғибадат жасаған соң, өзін аса ықыласпен күтіп тұрған жамағатты Құрбан айт мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
– Құрбан сөзінің мағынасы жақындау, жақындасу деген ұғымға саяды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. – Бұл күні мұсылмандар игі амалдарымен Жаратқанға жақындайды. Бүгін еліміздің әр аймақ, тарапындағы барлық мешіттерде Айт намазы оқылып, кәделер жасалып, тілектер тіленуде.
Дін дегеніміз – алдымен иман. Қасиетті хадисте “Отанды сүю – иманнан” деп айтылған. Өзін мұсылман санайтын адам бұл күні Отанның амандығын, шекараның бүтіндігін, елдің тыныштығын тіледіңіздер деп ойлаймын. Ендеше, Алланың алдында сол жасаған дұғаларыңыз бен амалдарыңыз, тілектеріңіз қабыл болсын. Себебі, тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін де, елімізді жаңа белестерге жетелейтін де біздің татулығымыз бен ауызбіршілігіміз. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі елдің ырысы қашанда артық болмақ. “Ислам” атауының тағы бір мағынасы – бейбітшілік. Ата дініміз бейбіт өмірге, сабырға шақырады, теңдік пен бірлікке бастайды, ізгілік пен иманға үндейді. Ағайын-туыстың арасында жылылық, жақындық орнатады. Қоғамда бауырластық артады, ел ішінде өзара қайырым мен мейірім, қанағат пен алғыс сезімі күшейеді. Сондықтан, елімізде татулық пен бірліктің, түсіністік пен сенімнің берік орнауына мұсылман ағайындардың қосып жатқан үлесі зор.
Сондай-ақ Елбасы қасиетті Қағбаның төңірегінде миллиондаған мұсылман қажылық парызын өтеп жатса, құбылаға бет түзеген жамағат арасында біздің 4 мыңға жуық отандасымыз бар екенін, еліміздің амандығы мен халқымыздың бірлігін тілеген ағайынның да дұғалары қабыл болсын деген тілегін білдірді.
“Бұрынғы кезде қажылыққа бару қиямет қиын болатын. Қазір тәуелсіздігіміздің арқасында қажылыққа барып жатқандардың саны жыл сайын артып келеді. Бұл орайда айтарым, қасиетті парызды қалжыңға, бос мақтан үшін сапарға айналдыруға болмайды. Қажылықты ынталы жүрек, шынайы ықыласпен жасаған жөн. Қажылыққа барып келгендер жүріс-тұрысымен, ақыл парасатымен, өнегелі істерімен көпшілікке үлгі, абыройлы болулары қажет. Сонда жұртшылық оның мән-мағынасын дұрыс түсінбек”, деді Президент.
Одан әрі ислам – адамзат баласын имандылыққа ұйытатын, инабаттылыққа бастап, ізгілік пен игілікке үндейтін дін екенін, рахымы мол Алла ықыласпен, ынталы жүрекпен алақан жайған пендесінің тілеуін беретінін айта келе, Елбасы: “Жамағаттың есінде болар, бұдан бұрын да айтқанмын, мен Мекке-Мединеге барған сапарымда қасиетті Қағбаға кіру құрметіне бөленген едім. Сонда ерекше күй кешіп тұрып, Жаратқаннан еліме, халқыма шапағатыңды аяма деп тіледім. Алла сондағы тілегімді берген сияқты. Міне, бүгінде халқымыздың халықаралық абыройы артып, еліміздің мәртебесі биіктей түсті. Құдайға тәубе, мінекей, тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында қазағымыз, халқымыз дүние жүзіне белгілі, сыйлы-құрметті болды, 56 елдің басшысы жиналып, Астанада бас қосып, Қазақстанды тағы да дүние жүзіне танытуға қол жеткізбекпіз. Біз мұны мақтан тұтып, жетістігімізге шүкіршілік айтуымыз керек. Келесі жылы біз Ислам Конференциясы Ұйымына басшылық жасаймыз. Бұл – біздің руханият саласындағы іргелі істерімізді ислам әлемінің мойындауы деп білемін”, деді.
Сөзінің соңында Елбасы діннің діңгегі дәстүрмен берік екендігін, дін – алауыздыққа емес, ауызбірлікке, араздыққа емес, ағайындыққа үндейтінін, яғни елдің бірлігі болашақтың баяндылығы екенін, ендеше, осы мешітке келіп отырған жамағатқа, олар арқылы бүкіл Қазақстан мұсылмандарына бақ-береке, әр отбасына амандық әкелсін деп тілейтінін айта келе, еліміз болашақта бақуатты, үлкен мемлекеттермен терезесі тең болғанына тілек тілейтінін жеткізді.
Бір айта кетерлік қуанышты жәйт, елімізде соңғы жылдары имандылық үйлері артып, медреселер көптеп салынуда. Халықтың, соның ішінде, әсіресе, жастардың имандылыққа бет бұруы да көңілге қуаныш ұялатады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі қазір елімізде 2205 мешіт болса, кешегі санақ бойынша Қазақстан халқының 70 пайыздан астамы мұсылман екенін, енді он жылдан кейін 80 пайызға жететініне күмәні жоқтығын, ол деген сөз, Қазақстан мәңгі-бақи мұсылман елі болатынын қуанышпен жеткізді.
Алматы мешіті Жаратқанға құлшылық етер еліміздегі ең үлкен мешіттердің бірі саналады. Бүгінде Орталық мешітке мыңдаған адам жиналып, құран оқытып, дұға қылып, құрбандық шалып, бір-бірін мерекемен құттықтап жатты.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.