Көпшілікке белгілі, бүгінде “Альянс Банкі” АҚ қаржы нарығында тұтынушыларына бірқатар ұтымды әрі қолайлы қызметтерді ұсынумен бірге, бұл бағыттағы іс-шараларды одан әрі жетілдіре түсуде. Әрине, мұндай тиімді қызметтер арасында орта және шағын бизнес өкілдерін өз есебінен және мемлекеттік бағдарламалар бойынша несиелеу, ақшаны ағымдағы шотқа орналастыру, депозитте сақтау, тендерлік кепілдемелер және өзге де көптеген жобалар бар. Сөз реті келгенде атап айтарлық жәйт, қазақстандық “Альянс Банкі” алдағы 2011 жылы өз активтерін 13 пайызға дейін, яғни 546 миллиард теңгеге дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Алматыда өткен баспасөз мәслихатында “Альянс Банкі” АҚ басқармасының төрағасы Мақсат Қабашев, міне, осы және күн тәртібінде тұрған өзге де күрделі де маңызды мәселелер жөнінде жан-жақты баяндап берді. Альянс Банкі басқарма төрағасының айтуынша, активтер көлемі қазіргі 460 миллиард теңгеден 546 миллиард теңгеге дейін ұлғаймақ.
– Әрине, келешекте алға қойылған жоспарлар біршама, дегенмен дәл қазір алдымыздағы жаңа 2011 жылы түсетін пайданың нақты көлемін дәл бүгін анықтау мүмкін емес екені белгілі. Ал, жобалап айтқанның өзінде бұл төмендеу бағытында қаралатын тәрізді. Келер жылы, біздер, банк активтерінің шамамен он үш пайызға дейін өсуін күтіп отырмыз. Алайда, оның жартысына жуығы бөлшек саладағы несиелеуге жұмсалатын болады. Сонымен, Альянс Банкі 2011 жылдан бастап жаңа стратегия бойынша жұмыс істеуді ұйғарып отырғандығы жасырын емес. Соған орай, алдағы уақытта бөлшек бизнеске басты назар аударылып, банк портфеліндегі бөлшек бизнестің үлесі – 50 пайызға ұлғаймақ, – дейді “Альянс Банкі” АҚ басқарма төрағасы Мақсат Қабашев өз ойын ортаға салып.
Шын мәнісінде де, еліміздегі қаржы институттары арасында өнімдері айтарлықтай басымдықтарға және артықшылықтарға ие Альянс Банкі өзі клиенттерінің дамуына қолайлы әрі тиімді жағдайлар жасап, оны одан әрі жетілдіре түсуде. Мәселен, қайта құрылымдау аяқталған соң, жаңа стратегия бойынша жұмыс істей бастаған банк өзінің жаңа портфелі есебінен жиырма бір мыңнан астам жеке тұлғаға несиелендіруі көп нәрседен хабар берсе керек. Сала басшыларының айтуынша, мұның өзіне жалпылай алғанда он үш миллиард теңге көлеміндегі қаражат жұмсалған. Басқарма басшысының пікірінше, “өзі жетекшілік етіп отырған қаржы институтының жұмысындағы ең басты мақсат – клиенттердің мүддесінің ескерілуі, яғни оның бірінші кезекте тұруы”.
Бір құптарлығы, “Альянс Банкі” АҚ басқармасының төрағасы Мақсат Қабашевтің сөзі мен ісінің арасында алшақтық көрінбейді. Шағын және орта бизнес өкілдерінің бөлшек саладағы кепілдікті және кепілдіксіз түрде берілетін несие түрлерін 13 пайыздық жеңілдікпен алуға мүмкіндігі болуы оған толық дәлел бола алады. Сондай-ақ, Банк жеке тұлғалардың 70 миллиард теңге көлеміндегі 10 мыңнан астам несиелерін, ал ШОБ 254 несиесін қайта құрылымдаған, енді олардың барлығы дерлік стандартты борышкерлерге айналған.
“Альянс Банкі” АҚ басшысының несиелендіру бағытындағы ауқымды іс-шараларын банктің тәуелсіз директорлары Хуберт Пандза мен Томас Грассе де қолдайды. Мәселен, Хуберт Пандзаның пікірінше “банктің бұрынғы борышкерлерімен арасындағы байланыс жақсы, тіпті өте жоғары деңгейде қалыптасуда”.
– Менің ойымша, мұның өзі банктің бас акционерімен болған бұрынғы келісімдерге ғана емес, сонымен қатар қаржы институтының даму тәжірибесіне қарап және оның келешекте де өркендей түсуіне көмек қолын созудың, оған ықпал етудің де нәтижесі екендігі сөзсіз.
Соған орай, банк қорының депозиттік негіз арқылы дамуы – бұл жалғыз біздің банктің ғана емес, сондай-ақ барлық банк жүйесінің басты әрі негізгі тұжырымы. Сондықтан да, несиені шетелден іздеп, жүгіріп, шаршап-шалдыққаннан гөрі еліміздегі қорландыру мүмкіндіктерін кеңірек пайдаланған жөн. Ал, енді өздеріңіз көріп отырғандай, бүгінгі таңда жергілікті қаражат, яғни ақша мен депозиттер арқылы қорландырудың жеткілікті мөлшерде болуы біздің көңілімізді қуанышқа толтыруда, – дейді Хуберт Пандза жиналғандармен өз тұжырымымен бөлісіп.
Хуберт Пандза, сонымен бірге, өткендегі қателіктің енді қайталанбайтынын тілге тиек ете отырып, банктің жаңа клиенттері жөнінде де өз пікірін ортаға салды. Оның айтуынша, бұл мәселедегі ең негізгі проблема мұнда тәуекел – менеджменттің болғанында. “Әрине, біздер, жаңа клиенттердің келгенін қалаймыз, бірақ ол тәуекел менеджмент сапасының төмендеуі есебінен болмауы тиіс, – деп жалғастырды өз сөзін Хуберт Пандза. – Өйткені, ол бізді бұрын болған 1,5-2 жылға кері қарай апаратындығы ақиқат. Сондықтан да, тәуекел менеджментке деген талап өте жоғары деңгейде болады. Оның басты себебі – тәуекел менеджменті біздердің барлығымыздың тұрақты әрі жүйелі түрде жұмыс істейтін басты мақсаттарымыздың бірі. Сондай-ақ, банктің ең өзекті артықшылықтарының бірі – кеңейтілген филиалдық желісі мен жаңа ІТ-жобалары екендігін де атап көрсеткім келеді”, – дейді Хуберт Пандза.
Баспасөз мәслихатында сөз алған Томас Грассе өз кезегінде күн тәртібінде көтерілген маңызды мәселелерге жалпылай түсініктеме берді. Томас Грассенің есептеуінше, банк бәсекелестікте басымдыққа ие болу үшін, ең алдымен инновациялық қызметтерді, жаңа өнімдерді ұсынуы тиіс. “Тұтынушыларға көрсетілетін қызметтің жоғары сапасы мен банктегі барлық бизнес-процестердің қарқынын арттыру жолындағы жұмыстар және несие беру туралы шешімнің шұғыл түрде қабылдануы, міне, осының барлығы Альянс Банкінің алдағы уақыттағы, айлардағы жұмысының басты бағыттары”. Халқымызда “ұйымдастыра білген ұтады” деген ұлағат бар, олай болса, банк ұжымы өз ісін шеберлікпен әрі тиянақты жүргізуді басты қағидаға айналдырып отыр.
Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы.