Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астана Саммитіне бір аптадан сәл астам уақыт қалды. Саммитке қатысатын ресми тұлғалар мен арнайы шақырылған қонақтардың қатары аса ауқымды болғалы отыр. Ал оларды медициналық жағынан қамтамасыз етудегі дайындықтың барысы қалай? Осыған байланысты газет тілшісі Астана қаласы денсаулық сақтау басқармасының бастығы Дәулетхан ЕСІМОВПЕН әңгімелескен еді.
– ЕҚЫҰ Саммитіне дайындық аясында алдын ала әзірленген және бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес Астана Саммитіне қатысушылар мен қонақтарды медициналық қамтамасыз ету бойынша кең ауқымдағы жұмыстар жүзеге асырылды, – деді Дәулетхан Серғазыұлы. – Бұл іс-шаралар 25 қараша мен 5 желтоқсан аралығын қамтиды. Ұйым Саммитінің өтуі барысында бізге қатысты сала бойынша жалпы саны 714 адам тартылып отыр. Олардың 659-ы медицина қызметкерлері. Таратып айтар болсақ, Астана қаласының медициналық мекемелерінен 566 адам, республикалық медициналық ұйымдардан 93 адам бар. Бұл мамандар жедел жәрдем және медициналық пункттерде қызмет атқарады. Сонымен қатар, “Астана медициналық университеті” акционерлік қоғамынан ағылшын тілін меңгерген 55 студент пен магистрантты аудармашы ретінде қосып отырмыз. Жалпылай алғанда, ЕҚЫҰ Саммиті кезінде 44 медициналық ұйым жұмыс істейтін болады. Олардың 29-ы қалалық, 8-і республикалық, 6-уы жекеменшік, 1-уі Ақмола облысының медициналық ұйымы.
– Саммит өтетін ғимараттарда және жиынға қатысушылар орналасатын қонақ үйлерде медициналық қамтамасыз ету мәселесі қалай болады?
– Саммит өтетін орындарда Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының медициналық орталығымен бірлескен түрде 6 медициналық пункт ұйымдастырылды. Ал Саммитке қатысушылар мен қонақтар орналасатын қонақ үйлерде жалпы саны 24 медициналық пункт жасақталып, қажетті медициналық құралдармен толық жабдықталды. Бұл медициналық пункттердің 11-і ресми делегациялар орналасатын қонақ үйлерде, 13-і бұқаралық ақпарат құралдарының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ ресми делегацияларды алып жүрушілер тоқтайтын қонақ үйлерде орналасқан. Жиын өтетін ғимараттар мен қонақ үйлердегі медициналық пункттердің барлығы тәулік бойы жұмыс істейді.
Қонақ үйлердің әрқайсысына Астана қаласы медициналық мекемелерінің бірінші басшысы деңгейінде куратор бекітілді. Елу адамнан аспайтын тұрғыны бар қонақ үйлерде медициналық көмекті қажет болған жағдайда медициналық ұйымдардың мамандары мен қалалық медициналық жедел жәрдем стансасының қызметкерлері жүзеге асырады. Сондай-ақ жедел жәрдем стансасы мамандарының және республикалық деңгейдегі клиникалардың есебінен іс-шаралар өтетін жерлерде, ресми делегациялар орналасқан қонақ үйлерде медициналық жедел жәрдем бригадалары ұйымдастырылып отыр. Мысалы, Тәуелсіздік сарайында, Бейбітшілік және келісім сарайында, Өнер университетінде екі-екіден алты бригада тәулік бойы қызмет етеді. Медициналық пункттер мен жедел медициналық қызмет көрсететін бригадалардың барлығы қажетті дәрі-дәрмек түрлерімен, медициналық құрал-жабдықтармен, байланыс телефондарымен толық қамтамасыз етілді.
– Медициналық көлік түрлерімен қамту жайы шешілді ме?
– Саммит кезінде жалпы саны 83 медициналық-санитарлық автокөлік жұмыс істейді. Оның ішінде жаңадан сатып алынған 23 реанимобиль бар. Сонымен қатар, төтенше жағдай бола қалған жағдайда, қаланың медициналық ұйымдарынан 13 санитарлық көлікті резервке қою да қарастырылған. Бүгінде көліктердің барлығы дайын тұр. Бұл мәселе толықтай шешілген.
– Жамандықтың бетін аулақ қылсын, дегенмен де төтенше жағдайлар орын ала қалса, ауруханалар адамдарды қабылдауға дайын ба?
– Дайын. Бұған елорданың ауруханалары мен клиникаларында 51 палата қарастырылып отыр. Оның 31-і республикалық клиникаларда, 16-сы қалалық, 4-уі Целиноград аймақтық клиникалық ауруханасында. Бұлардан бөлек Президент Іс басқармасының медициналық орталығы ауруханасында бір төсектен тұратын 12 палата жабдықталды. Сонымен бірге, төтенше жағдайлар бола қалған жағдайда, шұғыл түрде қосымша 169 орын ұйымдастырылады және адамдарды стационарларда шұғыл жатқызу үшін шамамен 1,5 мың орын дайындалады. Егер жұқпалы аурулар тараған жағдайда қаладағы №2 ауруханадан жедел түрде 60 орын қосымша ұйымдастырылады. Бұған жұқпалы аурулар ауруханасы дайын. Ал “Қан орталығы” мемлекеттік кәсіпорнында 300 литр мұздатылған плазма, 160 литр эритроцит, 100 литр альбумин қан және қан алмастырғыштар қоры жинақталды.
Қаладағы барлық медициналық ұйымдар мен мекемелер орысша-ағылшынша дайындалған тілдескіш сөздіктермен қамтамасыз етілді. Саммитке қатысушылар мен қонақтарды медициналық қамтамасыз етуді ақпараттандыруға байланысты 5 мың дана анықтамалық шығарылды. Онда елордадағы медициналық мекеме-ұйымдардың басшылары мен жауапты тұлғалардың аты-жөндері, байланыс телефондары, қонақ үйлердің мекен-жайлары, телефондары көрсетілген. Ал қонақ үйлерге таяу маңдағы дәріханалар мен тіс емдейтін емханалардың орналасқан жері, телефондары, басшыларының аты-жөндері, жұмыс кестесі көрсетілген тізім қонақ үйлердің рейсепшніне берілетін болады.
– Дәулетхан Серғазыұлы, барлық медициналық күш Саммит меймандарына жұмылдырылып, жедел жәрдемнен, медициналық басқа да көмектерден елорда тұрғындары мұқтаждық көріп жүрмей ме?
– Ешқандай мұқтаждық көрмейді. Күнделікті шығып жүрген жедел жәрдем мәшинелерінің саны қанша болса, Саммит күндері де соншалықты көлік жедел жәрдем қызметін атқарады. Бұған 37 жедел жәрдем мәшинесі бөлініп отыр. Ал саммит кезінде қаланың сол жағалауына жүретін көлік қатынасы уақытша шектелетіндіктен, онда алты жедел жәрдем мәшинесі сондағы тұрғындарға медициналық қызмет көрсету үшін жұмыс істейді. Осы тұста айта кетейін, елордадағы клиникалар мен ауруханаларға еліміздің өзге аймақтарынан жоспарлы түрде жатып, емделуге келетіндерді ауруханаларға қабылдау 20 қарашадан бастап уақытша доғарылады. Өйткені, олардың жататын орны Саммит жұмысын аяқтағанша бос ұсталынады. Егер қала тұрғындарын шұғыл түрде ауруханаға жатқызу қажет болса, олар сол бос орындарға жатқызылады. Елордалықтарға бұл жағынан да ешқандай проблема болмайды. Сондықтан көпшілік арасында медициналық барлық күш-мүмкіндік саммитке қатысушыларға жұмылдырылып отыр деген түсінік тумауы тиіс.
– ЕҚЫҰ Саммиті өтетін 1-2 желтоқсан демалыс күндері деп жарияланды. Бұл күндері емханалар жұмыс істей ме?
– Бұл екі күн Астана тұрғындары үшін демалыс болғанымен, қаладағы емханалар да, ауруханалар да жұмыс істейді. Өйткені, жиынға келгендер де, қала тұрғындары да ем қабылдауға келіп қалуы мүмкін. Сонымен қатар, Саммитке қатысушылар орналасатын қонақ үйлерге, оған жақын маңдағы бір-бірден тіс емдейтін емханалар бекітілді. Олар да тәулік бойы жұмыс істейді. Себебі, тіс – аяқ астынан қақсап, мазаңды алатын әрі айтпай келетін ауру. Қажет бола қалса, тіс емханаларының мекен-жайын, байланыс телефондарын қонақ үй ресепшнінен алуларына болады. Тіс дәрігерін қонақ үйге шақыруға да мүмкіндік қарастырылған. Бұдан басқа қонақтар тамақтанатын мейрамханаларға да емдеу мекемелерінен бір-бірден қызметкер куратор ретінде бекітілді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.