• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
20 Қараша, 2010

Ел тарихы. Елбасы. Сыртқы саясат өзек болған еңбектің тұсауы кесілді

427 рет
көрсетілді

Тұсаукесер рәсімін ашып, оның модераторлығының тізгінін ұстаған Парламент Сенатының депутаты Қуаныш Сұлтанов: “Лауазымды қыз­меттер атқарып жүріп те қала­мы­нан қолын да, көзін де үзбеген, қайта қаламгер­лігінің өрісін кеңей­тіп, зерттеуші­лік еңбекпен де шұқ­шия шұғылда­нып келген, аударма­шы­лығына қоса поэзияға деген сарапшылығы тағы бар автордың бүгінгі жұрт­шы­лыққа таныстырып отырған еңбегі “Қашаған құрық­таған Қазақ­стан” деп аталады. Қаны, жаны, сөзі қазақ болса, бір­ден там­санып түсіне қояды. Сауыт­бектің жаңа кітабы қазақтың халық­аралық кеңістікке шығуы­ның соңғы 10 жылдығының жылнама­сындай. Кітаптың басты кейіпкері – еліміз­дің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Олай болуы заңды. Конс­титуцияға сәйкес мем­ле­кеті­міздің сыртқы саясатымен халық­аралық қатына­сын қамтама­сыз ету – Президент­тің құзыры. Ал заңға жазылып бекітілгенімен ол өздігі­нен жүріп кетпейді. Оны жасындай жарқы­ра­тып, ықпалын арттырып, мәртебесін көтеріп, көпшіліктің на­зарын аударып жүргізетін, мо­йын­дататын тұлға. Сауытбектің шеберлігі Елбасының сондай ұт­қыр саясаткерлігін, оның ерекше­лігін сезімталдықпен, білгір­лік­пен баян­дауында, деп сөз кезе­гін Парла­мент Мәжілісінің Төраға­сы Орал Мұхамеджановқа берді. – Сауытбек басылымдардың ішіндегі қарашаңырағы – “Егемен Қазақстанға” келгелі осы газетте үл­кен ауыз толтырып айтарлықтай өз­герістер болғанын бәріміз де бі­ле­міз. “Егеменнің” оқырман­дары­ның саны көбейді, көтеретін тақы­рып­тары­ның сапасы артты, не ке­рек бүгін “Еге­мен Қазақстан” елде бо­лып жатқан, шетелде болып жат­қан жаңалық­тарды сол қал­пында оңға да, солға да бұрмай, әсіреле­мей халыққа жет­кізіп отыр. Ал Сауыт­бек Абдрах­манов­тың өз қа­ла­мынан шыққан кез келген дүние оқырман жүрегіне тез жол табады. Қаламы қарымды, тақы­рыбы ауқымды, ойы озық, сөзі өткір, тілі тартымды автор. Жақында өте маңызды шара–ЕҚЫҰ Саммиті өтеді. Сол шараға көкірегі ояу қазақ азаматтарының бәрі өзінің үлесін қосуды арман­дайды. Міне, бүгінгі туындыны біз Сауытбек Абдрахманұлының сол саммитке жасаған шашуы деп білейік, – деді Мәжіліс Төрағасы. Кітап тұсаукесерінде сенатор Ғарифолла Есім, Мәжіліс депу­таты Камал Бұрханов, жазушылар Әкім Тарази, Әнес Сарай, Дүкен­бай Дос­жанов, ғалым Намазалы Ома­шев туынды турасындағы ой-пікір­лерімен бөлісті. Мәселен, Камал Бұрханов бұл тарих ғылы­мындағы деректануға қосылған сүбелі үлес әрі халықаралық ірі жиындарда айтылған ой, пікірлер, хаттамадан тыс пікір алысулар енген жазбалар болғандықтан, саясаттану ілімінде де үлкен бір ғылыми еңбек болып табылады, десе, Әнес Сарай өзі сая­сат тура­лы жазылған мақа­ла­ларды оқығанда сеніп оқитын екі-үш адамы бар екенін атап өтті. Осы кісілер жалған айтпайды, осы кісі­лер дұрыс айтады, деп солар­мен бет түзеймін, соның бірі – Сауыт­бек. Мен оның жазғанына илана­мын. Оқырманды иландыру деген де оңай нәрсе емес қой, жазғанын қызыға оқимын. Ал қызыға оқитын себеп–Сауытбекте артық сөз жоқ, үстірт, жалған сөйлеу жоқ. Безбені мықты журналист, деді ол. Алдынан талай журналист дәріс алған профессор Намазалы Ома­шев: “Біз әлі Сәкеңнің жазған­дарын анықтап, жіліктеп әділ баға­сын бере қойған жоқ сияқтымыз. Сауытбектің жазу стилінде, адами мінезінде өзіне тән, өзгеде қайта­лан­байтын құбы­лыс бар. Ол – танымдық дүниеге, өмірді білуге көбірек құлшынатын қаламгер. Сондықтан да оның жазғандары әдебиеттен ғылыми диссертация қорғағанда болсын, журналис­тика­лық сапарларда болсын, сая­сат­керлердің ішінде жүргенде болсын азаматқа керек, соны қызықтыра­тын дүниелерді түйіп оқырманына жеткізуімен ерекшеленеді. Міне, Сауытбек Абдрахманов қазақтың танымдық журналистикасын дамытушы сондай мықты қаламгер. Өзімнен бір-екі курс төмен оқыған Сауыт­бек, қарап тұрсам, бізбен қатар жүріп өсіп кеткен екен”, деді. Модератор кеш соңында сөз ке­зе­гін кітап авторына берген. Сауытбек Абдрахманов: 19 жыл­дың ішінде қирандыдан, құлан­дыдан мемлекет құрас­тырудың, жәй ел қатарлы мемлекет етудің өзі табыс болар еді, ал біз олардың барлығын ең­серіп, өткеріп, әлем танитын, әлем мойындайтын, енді әлем құр­меттейтін елге айналдық. Осы­ның барлығы 20 жылдың ішінде болды. Ертеңгі өтетін ұлы жиын – Саммит соның айқын ай­ғағы, деп барша жи­налған қауым мен жылы лебіз біл­дірген жандарға алғысын жеткізді. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.