• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
24 Қараша, 2010

Шешуші кезеңдер жақындады

351 рет
көрсетілді

Дүйсенбі күні турнир кестесінде бір саты алға жылжыдық. Бір алтынның арқасында. Ольга Терешкова осыдан төрт жыл бұрынғы ерлігін қайталады. Дохада өткен Азия ойындарында 400 метрге жүгіруден алдына жан салмаған шымкеттік желаяқ қыз бұл жолы да сол қашықтықта финалдық бәсекеде мәреге шашасына шаң жұқпай жетті. Уақыты – 51, 97 секөнт. Екінші орындағы жапон Шива Осамидың уақыты 52, 68 секөнт. Қола медаль де біздікі. 3-ші болып Мария Масленко келді. Шынын айтсақ, бізге абырой берген бұл алтын көңілде болғанымен жоспарда жоқ болатын. Жеңіл атлетика бапкерлері 3 алтынға уәде берсе, оның екеуін әлем рекордшысы Ольга Рыпакова мен біреуін онсайысшы Дмитрий Карпов әпереді деп болжанған еді. Біз нысанаға алған Иран қарасын көрсетпей барады. Бір грек-рим күресінен екі күнде сарапқа салынған 6 алтынның төртеуін алып қалды. 3 алтынды таэквондодан жұлып кеткен. Еркін күрес олардың төл күресі. Жеңіл атлеттеріміз бен боксшыларымыз жәрдемге келмесе жағдай қиындау. Халқы қара құрттай құжынаған Қытайдың 304 медалінің 154-і алтын. Сонда да тойдым демейді. Медаль саны жөнінен Қазақстан 5-ші орында тұрғанымен командалық есепте 10-ші орында келеді. Әттең, тонның келтесі-ай демекші, алтынның кемдігінен бұл. Семсерлесуден 1 қола медаль алдық. Ж. Тұрлыбеков, Е. Фролов және Е. Тіленшиев қылыштасуда үздік үштікке кірді. Грек-рим балуандары қуанта алмады. Дохада жалғыз алтынды алған Роман Мелешин қырғыз балуаны Данияр Көбеновтің бір тарпығанынан қалмады. Алходзор Өздиев (84 кг) қола медаль үшін күресте қытай Ма Санидан бірінші кезеңде ұтылып қалды. Екінші кезең. Партерде – қытай. Өздиев әрі-бері ышқынады. Бөлінген 30 секөнт сынаптай сырғиды. 6 секөнт қалғанда кеудеден бүрген қалпы бір аударып тастады. 3-ші кезеңде біздің балуан мүмкіндігін жіберген жоқ. Ал, Әсет Мәмбетовке (96 кг) үлкен үміт артып едік. Финалға дейін корей және иордан балуандарын жолынан ысырған ол ақтық сында иран Хорваниге күші жетпеді. 1- ші кезеңде партерде 2 ұпай алғанымен шешуші 2-ші кезең иранның пайдасына кетті. 2-ші кезеңде Әсетті партерден оңай жұлып алған Хорвани 3 кілемнен сыртқа итеріп шығарғаны үшін 1 ұпай, белден іліп алып аунатып тастағаны үшін 2 ұпай алып, алтын аламыз ба деп тұрған ыстық көңілімізге бір шелек суық су кұя салды. Кеше күміс, бүгін алтын Ала жаз бойы мемлекетінің тыныштығы кетіп, көңілдерінен көк түтін сейілмеген қырғыз ағайындардың жауынгерлік рухының бәсең тартпағанына қуандық. Былтыр ғана жастар арасынан әлем чемпионы атағын жеңіп алып, биыл ересектерге өткен Қаныбек Жолшыбековтей (55 кг) арда баласы финалда ғана тізгін тартты. Данияр Көбенов (74 кг) ең алғашқы ірі жеңісіне 2002 жылы Кореяның Пусан қаласында өткен Азия ойындарында ие болған еді. 2-ші орын алған. Дохада өткен Азия ойындарында 3-ші орынға табан тіреген. 2007 жылы Азия чемпионатында топ жарған оғлан Санкт-Петербургте биыл өткен әлем чемпионатында әлемдегі үшікке кірді. Данияр Гуанчжоуда сәтті күресті. Іріктеуде үнді балуаны мен біздің Роман Мелешинді ұтқан ол финалға шығар тұста корей Пактың жауырынын кілемге жабыстырып, 5:0 есебімен таза жеңді. Финалда жапон Сурумакимен күрескен. Бірінші кезеңде жапонды партерден жұлып алды. Екінші кезең. Жапон партерде. Берілетіні бар жоғы 30 секөнт. Қырғыз кеуде тұстан қапсыра құшақтап, бір жағына жантая бере жапонды бір аударып тастады. Онымен тынған жоқ, аяқтарын ауада салақтатып, екінші мәрте жұлып әкетті. Жапон бапкерлері ортаға наразылық белгісін тастады. Ортадағы төреші берген 4 ұпайға күмәнданып, дәлелдей алмаса тағы бір ұпай қосылады. Солай болды. Дәлел­дей алмады. Көбеновтің тұсына 5:0 ұпай жа­зыл­ды. Жеңіс бәрімізге керек. Мемлекет ба­сын­дағы ауыс-түйістен шаршап, экономикасы әлсіреген, алдағы күндері тұманды қырғыз хал­қы­на рух көтеретін осындай жеңістер керек еді. Даниярдың ерекше қайраттанып шыққанынан осыны ұққандай болдық. Азамат екен. Алты боксшымыз жартылай финалда Үш боксшы қызымыздан жартылай финалға тек Саида Хасенова (60 кг) ғана өтті. Ал жігіттеріміз жақсы келеді. Грек-римнен шыққан соң ит арқасы қияндағы жер болса да боксқа тартқанбыз. Екі сағатқа жуық жолда болдық. Үмітіміз ақталды. Біржан Жақыпов (49 кг) корей Шинды 17:3 есебімен түріп шықты. Енді Біржан финалға өтуі үшін филиппин Салудармен шаршы алаңға шығады. Данияр Елеусіновті (64 кг) мамандар жақсы атайды. Қимылына көз ілеспейтін ініміз иран Карамиды ауыр соққылар­дың астына көміп тастады. Енді оның қарсы­ла­сы өзбек С. Рахмонов. Рахмонов қырғыз Е.Сә­кеновті 7:2 есебімен жеңді. Көбіне қор­ға­ныста жүретін, ауырлау қозғалатын боксшы. Ал бар кездесулерін уақытынан бұрын тәмамдап жүрген Серік Сәпиевке (69 кг) тайпей Чанг Вей шықпай қалды. Бапкерлері үмітсіз санаған болу керек. Енді Серік жартылай финалда моң­ғол Жыргалмен кездеседі. Жартылай финал Данабек Сужановқа (75 кг) ауыр тигелі тұр. Қарсыласы әлемнің екі дүркін чемпионы, өзбек Аббос Атоев. Ең жоғары салмақтағы Иван Дычко да жартылай финалда. Қолалар қолда, құдай қос көрсе, алтын-күмістен үміттіміз. Сыртқа шықсақ 4-5 қазақ такси тоқтатып тұр. Біреуі Біржан Жақыповтың әкесі Жақып көкеміз. “Ау, жігіттер, такси Шымкентке қарай жүре ме?” дейміз әзілдеп. “А,а. Ойбай-ау, нағашы-еке!”. Жақып көкеміз тұра жүгірді. Жаны жаз, өте мәдениетті, оқыған-тоқығаны көп көшелі кісі. Өзімен бірге Шымкенттің жылылығын көшіріп әкелгендей. “Үйде жата алмадым. Сосын мына Карл інім: “Көке, кеттік. Біржанның қасында болайық”, деп ұшақпен ұштық та жеттік” дейді даудыраған көкеміз. Қайран, қазақтың әкелері-ай. Ермахан Ыбырайымов оқушы кезінде жарысқа аттанғанда әкесі Сағи ағам артынан талай рет іздеп барған екен. Баласы үмітін ақтады. Біржан – бекзада жігіт. Жақып көкемді досы Созақбай ағамызбен Бейжіңде де көргенбіз. Баласы мемлекетіміздің намысы үшін шаршы алаңда айқасқа түсіп жатқанда үйде қалай шыдап жатсын. Үмітің ақталғай, көке! *  *  * 23 қараша сәтті күн болатын түрі бар. Грек-рим күресіндегі соңғы үмітіміз Нұрмахан Тінәлиев алғашқы белдесуінде Камбоджа балуанын уақытынан бұрын ұтты. Есеп — 5:0. Екінші кездесуінде үнді Далалға да бір ұпай ұстатқан жоқ. Финалға өтер тұста оны биыл Санкт-Петербургте өткен әлем чемпионатының чемпионы, Азияда алдына жан салмаған иран Алиаквари Амир күтіп тұрған. 3-ші кезеңге созылған жанкешті жекпе-жекте Нұрмахан бауырымыз ауадай керек жеңісті жұлып алды. Иран жанкүйерлерінің бірі күйініштен өкіріп жіберді. Енді ол кешке салым қытай балуаны Лю Дилмен алтынды сарапқа салады. Регбиші қыздарымыздың финалға шығу мүмкіндігі бар. Ольга Рыпакова да медальға таласады. Бет қатталып жатқанда Нұрмахан Тінәлиев қытай балуанын тізе бүктіріп, елімізге алтыншы алтын жүлдені сыйға тартты. Регбиші қыздарымыз да финалда алаң иелерін 17:10 есебімен ұтып, алтын медальді жеңіп алды. Бақтияр ТАЙЖАН, “Егемен Қазақстан” – Гуанчжоудан (Қытай).