Алматыда саясаттанушылар мен әлеуметтанушылардың Орталықазиялық бірінші конвенті болып өтті. Білім және ғылым министрлігі Жастар саясаты департаментінің Қазақстан жастары Конгресімен бірлесіп өткізген екі күндік жиынының алғашқы күні “Қазақстан және Орталық Азия: біртұтас бастау және әртүрлі жолдар” атты пленарлық отырыс жұмысымен ашылды. Конвент жұмысына республиканың жеті облысынан және Астана мен Алматы қалаларынан ғылыми-зерттеу институттары мен сараптамалық құрылымдар өкілдері, ғалымдар, сондай-ақ студенттер қатысты.
Орталықазиялық бірінші конвентте негізінен Орталық Азиядағы саяси үдерістер, отандық саясаттанудың мәселелері және Қазақстан тәуелсіздігінің жиырма жылдығы төңірегінде кеңінен сөз болды. Сонымен қатар, күн тәртібіне қойылған маңызды мәселелер аясында, әсіресе, Қазақстанның 2020 жылға дейінгі дамуының стратегиясына баса назар аударылды. Мәселен, “Қазақстан портреті-2020: болашағы, болжамдар және сценарийлер” интерактивті ойыны өткізілуінің өзі бұл бағыттағы іс-шаралардың мазмұндылығымен ерекшеленетіндігінен хабар берсе керек.
Әрине, жас сарапшылардың үш топқа бөлініп, өздерінің туған елінің 2020 жылға дейінгі даму жолдары жөніндегі болжамдары мен көзқарастарын ортаға салуы көпшілік назарынан тыс қалмады.
Павлодар қаласындағы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің әлеуметтану және саясаттану кафедрасының меңгерушісі Ғабит Иренов өз сөзінде бұл саладағы күрделіліктерге де тоқталып өтті. Ғалымның айтуынша, бүгінгі таңда жастар арасында саясаткерлер дайындау, анығырақ айтқанда, саясаттану ілімін дамыту және оны одан әрі жетілдіру бағытындағы іс-шаралардың деңгейі талапқа сай емес. Мәселен, республикадағы кейбір жоғары оқу орындарында саясаттану мамандығы бойынша мамандар даярлау мәселесі назардан тыс қалып отырғаны жасырын емес. Сонымен қатар, жекелеген облыс орталықтарындағы оқу орындарында ғылым кандидаттары да болмауы көп нәрсені аңғартады. Сондықтан да, келешекте бұл саланы одан әрі жетілдірудің берері мол. Жалпылай алғанда, отандық саясаттану ілімінің дамуы, жас мамандардың біліктілігін арттыру ғылыми мол тәжірибеге тәуелді екендігі айтпаса да түсінікті.
Білім және ғылым министрлігі философия және саясаттану институтының бөлім меңгерушісі Рүстем Қадыржанов, саясаткер Сырым Айдос және басқалар Орталық Азиядағы бүгінгі таңдағы саяси үдерістерді тілге тиек ете келіп, бұл елдерде саяси тұрақтылық пен қауіпсіздіктің сақталуы ең басты әрі өзекті мәселе екендігін атап айтты. Қорыта айтқанда, Орталық Азия елдері арасында бүгін де және ертең де ынтымақтастық пен бірлікті одан әрі нығайтудың қажеттілігі мол.
Бақыт БАЛҒАРИНА.