• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
29 Қараша, 2010

Азаматтық қоғам қолдаусыз қалмайды

442 рет
көрсетілді

Кеше Астанада ЕҚЫҰ Шолу конференциясы аясында Ұйымның үшінші себеті – адами өлшемдерге арналған  басқосу, яғни азаматтық қоғам мәслихаты да болып өтті. Үнемі жинала бермейтін Азаматтық қоғам өкілдері Астанадағы кездесулерін осындай, тағы бір шара жасаумен тиімді өткізуге тырысқандары көрініп тұрды. Оған үкіметтік ұйымдар, қазақстандық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, белгілі құқық қорғаушылар, т.б. қатысты.

Конференция жұмысын Аза­мат­тық қатысудың бүкіләлемдік альянсынан келген Соня Зиль­берман ашып, жүргізіп отырды. Ол конференцияға 120-дай адамның қатысып отырғанын, осының өзі оған деген қызығушылықтың үлкен екендігін көрсететінін атап өтті. Жиын өз жұмысын жуырда АҚШ-та көз жұмған, кейбіреу­лердің пікірінше, шаршамайтын құқық қорғаушы саналып келген  Абдыманоп Пулатовты үнсіз еске алудан бастады. Оның қандай істер жасағанын көпшілік біле бермесе де модератордың тілегімен тегіс орындарынан тұрып, марқұмның рухын үнсіз еске түсірді. Содан кейін Соня Зильберман алғашқы құттықтау сөзді Сыртқы істер ми­нистрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Мәдина Жарбосы­новаға берді. Шешен бұл жиынның кешегі Шолу конференциясында айтылған мәселелерді жандан­ды­рып, ЕҚЫҰ үшінші себеті жұмыс­тарының белсендірек болуына тиімді әсер ететініне үміттенетінін білдірді және Қазақстанның ҮЕҰ-лары атқарып жатқан  кейбір іс­терге тоқталды. Одан әрі, Қазақ­стан ҮЕҰ жұмыстарын қолдап, оның дамуына үлкен көмектер жасап отыр, дей келіп, Үкімет та­рапынан көрсетіліп отырған қамқорлықтардың бір парасын ай­тып берді. Қазақстан ҮЕҰ-лардың халықаралық ынтымақтастығының дами беруіне де барлық жағ­дай­ларды жасап отыр, деді ол. Үзілістен кейін конференция өз жұмысын сессияларда жалғас­тырды. Алғашқы сессия “Іргелі бостандық мәселелерін талқылау және адамгершілік өлшемдерін жетілдіру бойынша ЕҚЫҰ-ға ұсыныстар жасау” деп аталды. Оның жұмысын Грузия универ­си­тетінің профессоры Олег Панфилов жүргізіп отырды. Екінші сессия бұрынғы Кеңес Одағы респуб­ликалары орнында пайда болған мемлекеттердегі жағдайды саралау­ға арналды. Біз конференция үзілістерінің ке­зінде Президенттің кеңесшісі, бұрынғы Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевқа микрофон ұсынып, оның кон­ференция жәйлі пікірін білген едік. – Мұндай жиынның өтіп жат­қандығының ешқандай оғаштығы жоқ. Оның өтуін қолдауымыздың өзі біздің елдің барынша ашық ел екенін көрсетеді. ҮЕҰ-лар – кез келген демократиялық қоғамның ажырамас үш бөлігінің бірі, сон­дықтан оларға үлкен құрметпен қарап, қолдап отыруымыз керек, – деді ол. Одан әрі Е.Ертісбаев өзінің министр болып жүргенде бұл қозғалысты қатты қолдағанын, бүгінгі жиында солардың арасынан өзіне жақсы таныс адамдардың көбін көргенін ауызға алды. “Мә­селен, мен бүгін 15-20 жыл бойы құқық қорғаушылықпен айналысып келе жатқан кейбір жандарды да көрдім. Әрбір мемлекеттің ең үлкен байлығы адамдар, ал олардың әртүрлі азаматтық позицияда болуы заңды.  Меніңше, ҮЕҰ-лардың ЕҚЫҰ-мен байланысы тығыз бол­ғандығы дұрыс. Дамыған азаматтық қоғам орнату үшін ұлттық билік пен ҮЕҰ арасындағы ынтымақтас­тық та берік болмағы керек. Сон­дықтан өз басым мені осы жиынға шақырғанда оған қатысу үшін еш ойланбастан келдім”, деді Е.Ер­тісбаев. Сөйтіп, ЕҚЫҰ-ның Астана Сам­м­иті қарсаңында Шолу кон­ференциясы шеңберінде тағы да бір үлкен жиын ұйымдастырылды.