• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
29 Қараша, 2010

Астана рухы – ұйым болашағының соны бағыты

399 рет
көрсетілді

Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астана Саммиті қарсаңындағы Шолу конференциясының кеңейтілген қорытынды пленарлық отырысы болып өтті. Отырысқа ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының арнаулы өкілі – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Константин Жигалов төрағалық етті. Кеңейтілген отырысқа ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы М.П. де Бришамбо қатысты. Үш күнге созылған Шолу конференциясының аясында БАҚ бостандығы, үкіметтік емес ұйым­дардың жұмысы, мигранттарға төзімсіздік көрсету мәселелері туралы, адам саудасы және басқа да келелі мәселелер талқыланды. Шолу конференциясының осы мәселелерге қатысты отырыс­та­рын­да қаралған тақырыптарға қыс­қаша шолу жасай келіп, К.Жи­галов БАҚ бостандығына қатысты айтылған кейбір мәселелерді атап көрсетті. Бұл ретте электоронды БАҚ-тың даму үрдісімен бірге, сөз бостан­ды­ғы мен плюрализмнің дамуы қатар өрістеуі қажет. ЕҚЫҰ-ға мүше ел­дер Сыртқы істер министрлері ке­ңесінің 2004 жылы өткен отыры­сында интернет ашық және жал­пыға бірдей қол­жетімді болуы қа­жет екендігі атап көрсетілген бо­ла­тын. Отырыс төрағасының мәлім­деуінше, осы мә­селеге қатысты пікір білдіру­ші­лер ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекет­тер­дің өзінде барлық азаматтардың бірдей интернетке қол­жетімділігі қамтамасыз етілмей отырғандығын атап көрсеткен. – 2010 жылғы Шолу кон­ферен­циясы Ұйымға мүше мем­ле­кеттер үшін тәжірибе алмасу және шешім таппаған проблемаларға байланыс­ты атқаратын нақты жұ­мыстарды белгілеу алаңы болды, деп атап көр­сетті одан әрі К.Жи­галов. Сол сияқ­ты ол Астанада 26 қарашада өткен ҮЕҰ форумы үшін­ші сектор жұмысының ма­ңызды екендігін тағы да дәлел­дегенін қаперге салды.  Форум ЕҚЫҰ жұмысының басты бағыты барлық белгілі өлшемдер бой­ынша адамдардың өмірін жақ­сарту және жауапкершілік жүктел­ген аумақта қауіпсіздікті қамтама­сыз ету екен­дігіне тағы да назар аударды. ЕҚЫҰ-ның ең маңызды құн­ды­лығы ҮЕҰ-ларға осы көкей­кес­ті мәселелерде белсенділік таны­тып, үкіметтер мен азаматтық қо­ғам­дар арасында үнқатысудың дамуы­на ықпал жасайды. Баяндамашының айтуынша, әскери-саяси өлшем шеңберінде өткен пікір алысулар ұжымдық күш-жігер мен саяси ықпалды­лық­тың орын алған пробле­ма­ларды тиімді шешуіне жағдай жасайды. Мәселен, Ауғанстандағы трансұлт­тық қауіпті талқылау ба­ры­сында мүше мемлекеттер басқа да халық­аралық ұйымдармен  бір­лесе оты­рып, белсенді, мақсатты әрі үйле­сім­ді жұмыс жүргізу қа­жет­тігін тағы да мойындады. Көңіл аударатын тағы да бір мәселе созылмалы жан­жалдар болып отыр. Бұл бұрын­ғы­сынша ЕҚЫҰ-ның күн тәртібінде ерекше орын алады. Ұйымға мүше мемлекеттер орын алған осындай проблемаларды шешуде бұрынғы­дан да белсенділік танытуы керек. Бұл ретте ЕҚЫҰ-ның дала мис­сия­сына айрықша міндет жүктеледі. Сол сияқты пікір алысу барысында жал­пы қырып-жою қаруларының та­ралуына қарсы күресті барынша күшейту мәселелері тілге тиек етілді. Экономикалық-экологиялық өлшем шеңберінде мүше мемлекет­тер алға қойған мақсатқа жету үшін стратегиялық бағыттарды қайта жаң­ғырту және нақты іс-қимыл­дарды күшейту қажеттігін атап көр­сетті. Бұл өлшем аясында Маас­трихт стратегиялық құжатына өзге­рістер енгізілуі күн тәртібіне қой­ыл­ды. Сонымен бірге, бұл орайда жергілікті құрылымдардың эконо­ми­калық-экологиялық комитет­терімен үйлесімді жұмыс жасауы қажет. Әсіресе, Ұйым БҰҰ-ның эко­номикалық-экологиялық коми­тетімен барынша тығыз байланыста болуы  керек. Астана Саммиті қарсаңындағы Шолу конференциясына қатысу­шы­лар бүгінгі отырыстардың 1999 жылы өткен Ыстамбұлдағы Шолу конференциясынан әлдеқайда прогрессивті екендігін тілге тиек етті. Сонымен бірге, мүше мем­лекеттер бұл салаларда қалып­тас­қан қыр көрсетушіліктерге ұжым­дық мүмкіндіктермен қарсы тұруы керек. Шолу конференциясы оты­рыстарында демократиялық инс­ти­туттарды дамыту мәселелері де кеңінен талқыланды. Бұл орайда ұлт­тық құқық қорғау институттары адам құқығын қорғауды нығайту барысында барынша белсенділік көрсетуі қажет. ДИАҚБ және жер­гілікті жердегі миссиялар халық­аралық және өңірлік негіздерде адам құқығын қамтамасыз ету мақ­сатында мүше мемлекеттерге практикалық көмек көрсетуі керек. Қорытынды отырыста сондай-ақ ЕҚЫҰ аясында заңның үстемдігін нығайту, сөз және баспасөз бостан­дығын, гендерлік теңдікті, толе­рант­тылықты және адамды кемсі­тудің барлық тәсілдеріне қарсы күресті күшейту күн тәртібіне қойылды. Сонымен бірге, пікір алысулар барысында ЕҚЫҰ-ның құрылымы туралы да мәселе  көтерілді. Бұл рет­те адам және қаржы ресурс­та­рын басқару салаларында бірқатар шешілмеген проблемалар орын алған. ЕҚЫҰ-ның бюджетін жос­парлау мәселелерін де жетілдіру қажеттігі айтылды. Осы орайда, Ұйымның Бас хатшысының рөлін арттыру қажет. Пікір білдірушілер мүше мемлекеттердегі ЕҚЫҰ инс­ти­туттарын күшейту, олардың функ­циялық автономия тәжірибе­сін сақтау мәселелері де айтылды. – Бүгінгі отырыстарда Астанада өтіп жатқан үш күндік Шолу кон­ференциясының ғана қорытынды­сы жасалып қойған жоқ, сонымен бірге, Варшава, Вена және Астана қа­ласында өткізілген отырыстар­дың да қорытындысы шығарылды, деді К.Жигалов. Орын алған проб­лемаларды ашық талқылау және одан шығу жолдарын көрсеткен ұсыныс-пікірлер өте маңызды болды. Бұл ашық пікір алысу ал­да­ғы саммиттің жемісті өтуіне жағ­дай жасайды. Астана Саммиті еуро-атлантикалық және еуразиялық кеңістікте тұрақтылық пен қауіп­сіздікті қамтамасыз ету жолында әлеуетті қоғамдастық қалыптастыру жолындағы тарихи кезең болатын­ды­ғына сенімдімін, деп қорытын­дылады баяндамасын К.Жигалов. Отырыста сөз алған Ресей делегациясының жетекшісі Влади­мир Воронков негізінен Шолу конференциясы өзіне жүктелген мін­детті толық атқарғанын атап көрсетті. Біз барлық мемлекеттерде, атап айтқанда, жас мемлекеттерде, сондай-ақ демократиясы дамыған мемлекеттерде де негізгі үш өлшем бойынша  проблемалар бар екен­дігіне көз жеткіздік, деді ол өз сө­зін­де. Кейбір міндеттемелер ұмыт қалған, оларды жандандыру керек. Жаңа күш көрсету оқиғалары орын ала бастады, оған  қарсы ықпалды ша­ралар белгілеу қажет. Баянда­ма­шы өз сөзінде ЕҚЫҰ-ның Аста­на­дағы Саммиті Ұйымның одан әрі дамуына серпін беретіндігіне сенім білдірді. Ең алдымен, Саммитте еуро­атлантикалық кеңістікте жат­қан мемлекеттердің қарым-қа­ты­насында негізге алынған базалық үдерістерге мән беру керек. Бұл жерде қауіпсіздік мәселесінің бөлшектелмеуі және қабылданған міндеттемелердің нақты орындалуы маңызды болмақ. Өткен аптада Лиссабонда өткен саммитте Ресей және НАТО қабылдаған ортақ мә­лімдеме де осы маңызды мәселені атап көрсетеді, деді баяндамашы. Осы орайда 2011 жылы Вена құ­жатының жаңа үлгісін қабылдау мүмкіндігінің туғандығына үміт артуға болады. Шолу конференциясы және “корфу пікірталасы” жанжалдарды реттеуде жаңа мүмкіндіктердің пай­да бола бастағандығын көрсетті. Сондықтан бұл көкейкесті мәсе­ле­лерде ықпалды және өзара түсініс­тік негізіндегі жұмыстар жүргізілуі керек. Сонымен бірге, Ресей өкілі табиғи және техногендік апаттар­дың алдын алу мақсатында ықпал­ды тетіктер ойластыру қажет екен­дігін тілге тиек етті. Және де 2003 жылы қабылданған Маастрихт стра­тегиясына өзгерістер енгізу жө­ніндегі Қазақстан идеясын толық қуаттаймыз, деді В.Воронков. Баяндамашы өзінің төрағалығы кезеңінде толеранттылық түсінікті қалыптастыруға, сонымен бірге, мә­дениетаралық және өркениет­ара­лық үнқатысуларды күшейтуге, нә­сіл­шілдік және ксенофобиямен кү­ресті жандандыруға, адам сауда­сы­на тосқауыл қоюға  барынша ба­сым күш-жігер жұмсаған қазақ­стан­дық бастамаларға қолдау көр­се­тетіндігін атап көрсетті. Ол сөзі­нің соңында үлгілі Шолу конфе­рен­циясын өткізуге жан-жақты жағдай жасаған Қазақстан тарапы­на алғысын білдірді. Астана рухы саммитті өткізу барысында да же­місті шешімдер қабылдауға ықпал етіп, Ұйым белсенділігін одан әрі арттыруға негіз қалайды деп сенемін, деді В.Воронков. – Бұл өтіп отырған ЕҚЫҰ-ның Шолу конференциясы – Корфу үде­рісі мен Астана Саммиті ара­сын­дағы ықпалды көпір, деді өзінің сө­зінде ЕҚЫҰ жанындағы Белорус­сия тұрақты өкілінің орынбасары Денис Сидоренко. – Конференция барысында көптеген маңызды пі­кір­лер мен ұсыныстар айтылды. Бұл өз кезегінде саммиттің қоры­тынды құжаттарын қабылдауға тиім­ді ықпал етеді. Егер саммит ба­ры­сында саяси жігер және жоғары жауапкершілік көзқарас орын алатын болса, барлық мемлекеттер үшін маңызды құжат қабылданып, ЕҚЫҰ аумағында сенім мен өзара түсіністіктің барынша орнығуына негіз қаланбақ. Отырыста Еуропалық Одақ өкілі ЕҚЫҰ-ның кейбір стратегиялық құжаттарын қайта қарау қажеттігі ту­ралы пікір білдірді. Атап айт­қанда, Ауғанстан мәселесіне қатыс­ты қабылданған құжаттар қайтадан електен өткізілуі керек. Сонымен бірге, жаһандық қауіпсіздік, ұйым­дасқан қылмысқа және есірткі бизнесімен күрес шаралары ауқы­мында жаңа стратегиялық құжаттар қабылданса, нұр үстіне нұр болмақ. Еуроодақ өкілі трансұлттық күш көрсетушілікке қарсы күрес ба­ры­сында азиялық және ортатеңіздік әріптестермен байланысты одан әрі нығайтуға мүдделілік туындап отырғандығын да атап көрсетті. Киелі тақ өкілі ЕҚЫҰ Саммитін өт­кі­зу мәселесі күн тәр­тібіне қойылған ке­зеңнен бергі және осы Шолу конференциясын өткізу барысындағы Қазақстанның мақ­сат­ты да табанды жұмысына алғыс сезімін білдірді. ЕҚЫҰ Саммитін өткізуге дайындық барысында орын алған осы бір ізгі қадамдар негізгі мақсаттың да жемісті болатындығының кепілі. Шолу конференциясының қо­ры­тынды отырысында бірқатар елдердің делегацияларының өкіл­дері сөз алды. Талқыланған мә­се­лелер барысында Таулы Қарабақ кикілжіңіне қатысты өткір пікір-таластар туындады. Әзірбайжан және Армения өкілдері өз сөз­де­рінде бұл мәселеде екі мемлекет арасында әлі де ортақ түсіністік қалыптаспай отырғандығын атап көрсетті. Сөз және баспасөз бостанды­ғы­на байланысты сөз сөйлеген Словения өкілі Анна Петрич пен БАҚ бостандығы мәселелері жөнін­дегі ЕҚЫҰ-ның өкілі Дунья Мия­тович Ұйым аясында бұл көкейкесті мәселенің ерекше маңызды орын алатындығын тілге тиек етті. Мә­селен, Дунья Миятович өз сөзінде ЕҚЫҰ Саммитінен кейін Ұйымға мүше мемлекеттер БАҚ бостан­дығы шеңберінде қабылдаған өз мін­деттемелерін қайта жандан­ды­рып, жаңа серпіліс жасаулары қа­жет екендігін мәлімдеді. Осы ретте ол сөз және баспасөз бостандығын одан әрі жаңғырту мақсатында 10 негізгі бағыттардан тұратын басты тұжырымдарды атап көрсетті. Мигранттар мәселесі бойынша конференцияда айтылған пікірлерді Грекия өкілдігінің тұрақты кеңесшісі Кристос  Софианопулос қорытын­ды­лады. Бұл мәселе бойынша ЕҚЫҰ тарапына айтылған бірқатар ұсыныстарды айта келіп, ол адами өлшемдер аясында келесі жылы нәсілшілдік және ксенофобия бойынша көмекші кеңес өткізу жос­парланып отырғандығын мә­лім­деді. Сонымен бірге, ЕҚЫҰ шең­берінде “исламофобия” мәсе­ле­сіне нақты анықтама беру қа­жет­тігі, мұсылмандар тарапына жаса­латын кемсітушілік бойынша кон­ференция өткізу, миграция мәселе­сі бойынша далалық миссия құры­лымдарын құру, Ұйымға мүше мем­лекеттерде миграциялық қыз­мет­тер үшін басшылыққа алынатын үдерістерді белгілеу мәселелері бой­ынша нақты ұсыныстар белгіленді. Ресей Федерациясының мигра­ция­лық зерттеулер орталығының директоры Елена Тюрюканова өз еліндегі мигранттар мәселесінде орын алып отырған проблемаларды тілге тиек етті. Мәселен, бүгінде АҚШ-та 12 миллионға жуық миг­рант болса, Ресейде олардың саны 6,7 миллионға жеткен. Мигранттар тасқынының күшеюі көп ретте олардың құқықтарын қорғауға ке­дергі келтіреді. Осыдан барып бұл ортада криминалдық оқиғалар көбейіп, адам саудасы асқынады. ЕҚЫҰ-ның адам саудасымен күрес жөніндегі өкілі Мария Грация Джаммаринаро бүгінгі таңда өршіп отырған балалар трафигі адам саудасының ең бір имансыздыққа бұрылған қауіпті түрі екендігін атап көрсетті. Ол бұл мәселенің адам ресурстарының да­муы­на нақты қауіп төн­діріп отырған­ды­ғын, балалар тарапына жасалатын құлдық қатынастардың жас жеткіншектер болашағына қауіп төндірумен бірге, олардың жанына жазылмас жара салатындығын ескертті. Бүгінде дүние жүзінде 250 миллионнан астап бала еріксіз түрде жұмысқа тартылады. БҰҰ-ның мәліметі бой­ынша, бұл адам саудасынан зардап шеккендердің 40-50 пайызын құ­райды. Ақиқатын айтар болсақ, бұл балаларға жасалып отырған қия­наттың ресми деректері ғана. Ал зорлық-зомбылық қамытын киген, саудаға салынған балалар саны әлем бойынша әлдеқайда көп. Шолу конференциясының қоры­тынды отырысында сөз алған шешендер орын алған осындай үлкен проблемалардың алдын алу мақсатындағы өздерінің нақты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Шешендер Астанада өткізілген Шолу конференциясының бүгінгі таңда орын алған келелі мәсе­ле­лерді ашық жарыққа шығарған ықпалды пікір алысу алаңы болған­дығын бірауыздан атап көрсетті. Төрткүл дүниенің төрт бұрышынан жиналған өкілдер Астана Саммиті аясында еуро-атлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік терминінің алғаш қатар қолданылып, жаһан­ның кеңісті­гінде жаңа бетбұрыстар мен серпінді бастамалардың бастал­ғандығын айқын паш етті.