• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
02 Желтоқсан, 2010

Көк күмбезінен қарағандағы Қазақстан

563 рет
көрсетілді

“Көкте – Тәңірі, төменде – қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жарал­ған”, деп басталатын Күлтегін ескерткішінде айтылғандай, сол көк пен жер арасында жаралған адам баласының бірі – қазақ! Қазақтың ниетіне қа­рай Алла жерді де, сол жер­дің асты-үстіне оңайда ортай­май­тын байлықты да берген ғой. Тәу етер тәуелсіздігімізді ал­ғаннан кейін керсе иығы, аш­са құшағы, жадыраса жа­на­ры кең, береке-бірлігі жарас­қан халқы­мызды төрткүл дү­ние та­ныды. Қатар жүріп, қа­тар тұ­рып ой айтуға, пікір жа­рыс­ты­руға, тү­гендеп түйінін қою­ға қол жетті. Соның айдай әлемге айқын айбы­нымызды асырған бір дәйегі ЕҚЫҰ-ға төр­аға болып, төрелік жасауымыз, дү­ние жүзінің на­за­рын аударып, Астана Саммитін өткізіп жатқа­нымыз дер едік. Азуын айға білеген мықты елдердің бас­шы­ларына қазақтың даласы мен қаласын, азама­тын таныстыратын: “Байтақ ел, балауса тау, бозаң далам, Секілді бәрі менен көз алмаған. Кең дүние, кенде етсең сыбағамнан, Шырыл­даған сәбидей мазаңды алам”, – деп жыр жам­позы Мұқағали Мақатаев айтқандай, бүкіл қазақ даласы түрлі-түсті суреттермен берілген, көлемі қомақты “Қа­зақстан аспаннан” деген фотоальбом жарыққа шығып отыр. Еуразия құрлығының қақ төріне орналасқан, 2,7 миллион шаршы шақырым ау­мақты алып жатқан Алатаудан Атырауға дейінгі ара­лықты көк жү­зінен көркем суретке түсіріп, қазіргі заманның озық техникасымен әспеттеп шығарған альбом жеті бөлімнен тұрады. Отаны­мыздың төрт құбыласын түгендеген алғы сөзде геогра­фия­лық орналасу жағынан оңтүстік-шы­ғы­­сында Қы­таймен (1460 шақырым), солтүс­тігінде Ре­сей­мен (6467 шақырым) шекаралас екеніміз, тұрғындардың 67 пайызын қазақ ұлты құ­райтыны алға тартылып, 14 облыс туралы мә­ліметтер беріліп, Менделеев кестесіндегі 105 эле­менттің 99-ы жерімізде кездесетіні, қазір оның 60-тан астамы игеріліп жат­қаны, 170-тен аса зерттелген мұнай-газ кен ор­ында­рында 40 мил­лиард баррель шамасында мұнай, 3 триллион текше метр газ бары, 1225 түрлі минералды шикізаттан тұратын 493 кен орны белгілі болып отырғаны алға тартылыпты. Мемлекетіміз туралы дерек, суреттерге берілген анықтау мәтіндері қазақ, ағылшын тілдерінде жазылған. “Астана – жаңа дәуір нышаны” деген бірінші бөлім қала келбетін ашатын суреттермен көмкерілген. Қазақ елінің алып елордасының арғы-бергі тарихынан да хабардар етеді. Әлем картасындағы ең жас қала болып есептелетін Арқаның алтын жауһарына, қазақтың мақтаны­шына айналған, жұрт ұйытқысы болған, дәуле­тімізге қарай сәулеті келіскен елордадағы әсем ғимараттар, оқу орындары, рухани орталықтар ерекше қанаттандырады. Соңғы 10 жыл ішінде өткен алқалы жиындар да назардан тыс қал­маған. Ал “Оңтүстік Қазақстан – мәдениеттер тоғысқан ежелгі мекен” атты екінші бөлімде Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақ­стан облыстарындағы киелі орындар айшықты суреттермен ұштастырылыпты. “Түркістан екі дүние есігі ғой. Түркістан ер түріктің бесігі ғой”,  деп Мағжан Жұмабаев жырлаған Түркістан қаласынан жол тартқан суреттер Арал теңізінен Жоңғар қақпасына, одан Бетпақдала мен Балқашқа, Қызылқұмға, шың­да­рын ақжаулық қар жапқан Тянь-Шань шың­дарына жалғасып кете береді. Әсіресе, басын мәңгілік мұздақтар құрсап жатқан 7010 метр биікте асқақтаған Хан Тә­ңі­рі, ұлттық қорықтар, сал­қын көлдер, мөлдір бұ­лақ­тар, мыңжылдық­тардың ар жағындағы қор­ғандар, құладүздің көркін кіргізген құландар, бүгінгі жеткен бел-белестер – бәрі де өз орнымен берілген. “Орталық Қазақстан – табиғи байлық қа­зы­насы” бөлімінде: “Уа, дариға – алтын бесік ту­ған жер, Қадіріңді келсем білмей кеше гөр, Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей, Ақын болмай тасың болсам мен егер”, деп ақиық ақын Қасым Аманжолов айтқан, Орталық Қа­зақ­стандағы бір замандары ұлтымыздың ұйыт­­қысы болған Ұлытау, Сарыарқаның сары дала­сы, пай­далы қазбалар, өзге де суреттер көз жауын алады. Қытай, Моң­ғолия, Ресей мемлекеттерімен шектесетін Шығыс Қазақстан өл­кесінің бай таби­ғаты мен өркендеп келе жатқан өрісін көр­сететін бө­лім­дегі көрініс­тер де әдемі шық­қан. “Егер жер бетінде Адамата мен Хауан­а мекендеген қо­нысты көр­сет десе, мен Ертісті нұсқар едім!” деп Г.По­танин мең­зегендей, Ертіс өзе­ні мен Ал­тайдан бас­талып, Жетісумен шектесетін алқап­та­ғы 2 мың­ға жуық көл, Мұз­тау мұз­дақ­тары, бұлқын­ған Бұқ­тырма, Мар­қа­көл мен Зай­­сан, түсті металдар шыға­тын өңірлер – альбомның ажа­рын ашып тұр. “Солтүстік Қазақстан – елі­міздің аса жомарт астықты өңі­рі” атты бөлімде Ақмола, Пав­­лодар, Қостанай, Солтүс­тік Қа­зақстан об­лыстарының байтақ даласының алуан түсті суреттері кімнің де болса жа­нына жа­қын тиері анық. Көк­шетаудың көрікті жерлері, ат­ақ­ты Бура­бай аймағы,  құс­қа бай Қорғал­жын қорығы, айнадай жарқы­раған Зе­ренді, Баянауылдағы Жасыбай, ел ырысы Екі­бастұз – осының бәрі қазақ жұр­тының қабыр­ғалы ел екенін айғақтап тұр. Сол секілді “Батыс Қазақстан – еліміздің мұнай қой­ма­сы” аталатын бөлімдегі мұнай бұрқақтары, Кас­пий­дің көк-жасыл айды­ны мен ақбауыр балығы, өндіріс ошақтары, 360 әу­лиеге мекен болған Маң­ғыстау ойпатының алуан кейіптегі қыр-қы­раты, дала кемесі атанған қаранар – несін ай­тасыз бір қара­ғанда құладүз көрінгенмен, қой­на­уы құт өңір екені сөз суретпен астасқанда әдемі әсерге бөлейді. “Алматы – Қазақстанның мәдени және қар­жы орталығы” деген соңғы бөлімде: “Жақсы атан­ды демейсің сүйем десем, Табынатын тә­ңірім, ием де – сен. Адам болып күн кешу қи­ын маған, Арқа тұтып, өзіңе сүйенбесем. Сен менің сүйегім мен қанымдасың, Жанымдасың, ұятым, арымдасың. Саған деген махаббат дамылдасын, Тек сенің топырағыңды жамылға­сын”, деп Мұ­қағали ақын жырлағандай, тәу­елсіздігіміздің туы көтеріліп, елдігіміздің ең­сесі тіктелген Ала­таудың баурайына орналас­қан әсем қала Алма­тының алуан түрлі суреттері айқара беттерге беріліпті. Қала көріністері мен әсем табиғаты, ба­сын ақ қар көмкеріп, бауы­рындағы сай-саланы шымылдық қарағайлар әспеттеген өркеш-өркеш шыңдар көз жауын алады. Көктен түсірілген суреттерге берілген анықтамаларда қаланың арғы-бергі тарихы айты­лып, әрбір ғимаратқа анық­тама беріледі. Бір сөзбен айтқанда, елдігіміздің мәртебесін тағы бір белеске көтеріп отырған Астана Сам­митіне тарту етіп ұсынған бұл суретті альбом­ды парақтағанда, Мағжанның: “Тұранға жер жүзін­де жер жеткен бе? Түрікке адамзатта ел жеткен бе? Кең ақыл, отты қайрат, жүйрік қиял, Тұран­ның ерлеріне ер жеткен бе?” деген өлең жол­дары ойға оралып, Елбасы бас­таған азамат­тар­дың ақылды ісіне тәнті, қазақ жерінің шуағы мен мейіріміне риза боласың. Сол тұста: “Мен өзіңдей байтақ едім, кең едім, Қызығыңды кө­ріп еркін келемін. Сен де аямай бердің маған ба­рыңды, Мен де аямай барым саған беремін”, – деп ұлты мен жерін көкке көтерген Қа­сым ақынның төрт жол өлеңіне ден қоясың. Ос­ын­­дайда баба­ла­рымыздан қалған төрт құбылаң­ды түгендеу деген қағида еске түседі. Ол – жері мен елі, соған сай талантты ұл­дары, бүгінгі қасиетті тәуелсіз­дік. Тәуелсіздік берген бақ пен бақыт­тың бір мәйегі мен дәйегі осы Астана Саммиті десек, келген қонақтарға сыйға тартар Отаны­мыздың бүкіл болмысын көрсететін альбом тон емес, жолға жүрер кәде дер едік. Сүлеймен МӘМЕТ.