Әлемдегі болып жатқан қиыншылықтарға қарамастан еліміздің экономикасы қалыпты дамып келеді.
Қазақстан аздаған жылдардың ішінде әлемге танылып үлгерді. Орта Азия мемлекеттерінің ішінде көшбасшы болып дараланды. Бұл – Елбасымыздың сындарлы саясатының жемісі. Соның нәтижесінде биыл Қазақстанға ЕҚЫҰ тізгіні берілді. Елордада елу алты елдің басшылары жиналған Саммит өтті.
Қазақстанды осындай биік белестерге жетелеудің бір кілті – экономикаcының қуаттылығында. Ал, мемлекетіміз өз биігінен төмендемей, жаңа қырларды бағындыру үшін қандай жұмыстар атқарылуы керек?!
Атап айтар болсақ, экономикамыз үдемелі, қарқынды болуы үшін, жоғары технологияларды пайдалануға, интеллектуалды капиталдың өсуіне және инновациялардың таралуына негізделген дамудың жаңа моделіне көшу қажет. Экономиканың жоғары сапалы дамуына қол жеткізу үшін білім берудің ғылым мен технологияның заманауи инновациялық инфрақұрылымын қалыптастыру мәселелері шешілуі тиіс. Мұндай инфрақұрылым еліміздің интеллектуалды капиталының кеңінен өсуін, жаңа білім мен жаңалықтардың пайда болуын, олардың капитализациялануын (қаржыға айналуын), жаңа өнімдерге, қызметтер мен технологияларға түрленуін, кең таралуын және нарық тарапынан тұтынуын қамтамасыз етеді.
Бұл іс-әрекеттерді іс жүзіне асырудың құқықтық негіздері болуы шарт, яғни тиісті заңнамалар аясында атқарылады. Нақты айтқанда, жаңа дәуірде инновацияларды дүниеге әкелетін «Ғылым туралы» жаңа заң қажет.
Бүгінгі күні «Ғылым туралы» заңның нақтыланған жобасы бар. Ол бүгінгі экономика мен қоғамның талаптарына сай және ҚР бәсекелестікке қабілеттілігін көтеруге бағытталған ұлттық ғылыми жүйені қалыптастырудың құқықтық негіздерін анықтайтын заңның жобасы. Заң жобасы әлемдік тәжірибеден өткен заңнамалардың негізінде қалыптасты.
«Ғылым туралы» заңның жобасы ғылыми ұжымдарда, жоғары оқу орындарында егжей-тегжейлі талқыланып, ғалымдармен ғылыми қоғам тарапынан айтылған, еліміздің ерекшеліктерін ескеретін, қосымшалармен, бірқатар өзгерістермен толықтырылды. Аталмыш заңды еліміздің ғалымдары, мамандары өндіріс пен бизнес өкілдерімен қатар шетелдік әріптестеріміз тағатсызданып күтіп отыр.
Заң жобасы құрылым жағынан да, мазмұны жағынан өзгеше жаңа шығармашылық табысты дүние. Ғылым зерттеулерді ұйымдастырудың, жалпы ғылымды басқарудың заман талабына сай жаңа моделі.
Шешімдер қабылдауда ғалымдардың рөлін арттыру мен ғылыми ізденістерді қаржыландырудың жаңа жүйесін енгізуге негізделген ғылымды басқарудың жүйесінің жаңа моделін «Ғылым туралы» Заңның деңгейі мен тірегі деп айтуға болады.
Ғылымды басқарудың жаңа моделі ғылыми бағдарламалардың жоспарлануын, түзілуін, олардың және ғылыми жобалардың дайындалуы мен қаралуын оңайлататын жағдайды қалыптастырады. Өйткені барлық қорытынды шешімдерді ғылыми қоғамдастық өзі қабылдайды.
Ешкімге құпия емес, ескі жүйе бойынша әрбір бағдарламаның көзге көрінбейтін «өз егесі» болатын. Шешім қабылданарда ғылыми жобалардың мазмұны емес, олардың жетекшілерінің «атына» көп көңіл бөлінетін. Көп жағдайда өзекті мәселелерді көтеретін аты белгісіз – жас ғалымдардың жолы бола бермейтін.
Заң жобасында қазақстандық және шетелдік, басшылардан емес, ғалымдардан құралатын Ұлттық ғылыми кеңестердің рөлі мен орны ерекше болмақшы. Өйткені ғылыми бағдарламалар мен жобалардың орындалуы туралы қорытынды шешімді қабылдау осы Ұлттық кеңестерге жүктелуі көзделіп отыр. Бұл дегеніміз шешімдердің объективтілігін (шынайылығын), орындалатын ғылыми зерттеулердің өзектілігі мен сапасын қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік, оған теңестірілген ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарын қуантарлық жағдай – қаржыландыру көздері шектерінің нақты анықталуы. Ғылыми ұйымдарды «ұстау» үшін – базалық қаржыландыру, ал ғылыми жобалар үшін – гранттық және бағдарлы-мақсатты қаржыландыру көздері қарастырылған. Мұны заң жобасының үлкен жаңалығы және артықшылығы деп білеміз. Қалыптасқан жағдайда мемлекеттік ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарының тапқан қаражатының бірқатар бөлігі инфрақұрылымға, коммуналдық төлемдерге, әкімшілік және қызмет көрсету мақсаттарына жұмсалатын. Жобаға сәйкес бұл шығындар базалық қаржыландыру жолымен қамтамасыз етілетін болады. Бұл ғылыми мекемелер мен университеттер, тікелей алғанда ғалымдар үшін үлкен қаржылық және әлеуметтік қолдау. Орындалып жатқан бағдарламалар мен жобалардан түскен қаржы есебінен айлық көлемінің мөлшерін және материалдық ынталандыру мәселелерін шешуге мүмкіндіктер туындайды.
Жобадағы қарастырылған ғылым мен инновациялық қызметті қолдаудың жаңа механизмдерді үлкен жаңашылдық және дер кезінде көтеріліп отырған мәселе деп бағалау қажет. Мысалы, мемлекеттік жоғары оқу орындарына инновациялық инфрақұрылымды арнайы субъектілер, конструкторлық-жобалау ұйымдар және ғылыми-білім беретін консорциумдар құруға құқық беріліп отыр. Бұрынғы заңнамалар бойынша қолбайлау болып келген бірқатар мәселелерді кеңінен шешуге мүмкіншілік туып отыр. Мысалы, университетте құрылыс материалдарын шығару, химиялық реактивтер шығару, білім беру ұйымдарына күнделікті қажет бор (мель) шығару және т.б. тауарлар өндіру мүмкін болады. Конструкторлық-жобалау ұйымын ашу құқығы бірқатар мәселелерді шешеді. Мысалы, қызмет көрсету бағасы жоғары өзімізге күнделікті қажет конструкторлық-жобалау жұмыстарын университет аясында орындай беруге болады. Қолдаудың жаңа механизмдерінің ең ұтымды жері – ол аталған өндірістерде және конструкторлық-жобалау ұйымында студенттер тәжірибеден өтіп, қажетті икемділіктерін жетілдіреді. Студенттердің орындайтын курстық және дипломдық жобаларын өндіріске ендіруге болатын дәрежеге жеткізуге болады.
Әлемдік тәжірибеде кеңінен орын алып отырған зерттеулерде университеттердің заң жобасында қарастырылып отырғаны Қазақстан ғылымын дамытудағы үлкен және сенімді қадам. Мұндай университеттер ғылыми кадрлар дайындаудың орталығы болады. Зерттеулік университеттердің сай болу мақсатында жоғары оқу орындары арасында бәсекелестік артып, білім беру сапасының жоғарылайтыны оларды ынталандыратынына кәміл сенеміз.
«Ғылым туралы» заң жобасында қарастырылып отырған өзекті сұрақтардың бірі ғалымдардың әлеуметтік мәселелерінің шешілу жолдары. Мысалы, ғылым докторларының еңбек демалысының мерзімі 56 күнтізбелік болып, ғылым кандидаттарының, философия докторларының (PhD), бейін бойынша докторлардың еңбек демалысы 42 күнтізбелік болып, басқа ғылыми қызметкерлерінің еңбек демалысы 35 күнтізбелік болып және денсаулығын дұрыстауға бір айлық жәрдемақы қарастырылған.
Мемлекеттік ғылыми ұйымдардың, оларға теңестірілген ғылыми ұйымдардың, мемлекеттік жоғары оқу орындарының тұрғын үй жағдайларын дұрыстау қажеттігі бар қызметкерлеріне жер телімі тегін берілуі қарастырылған. Ғалымдарға мұндай жағдайлар бұрын-соңды болмағанын айта отырып, ғалымдар арасында үлкен ризашылық туғызып отырғанын атап өту қажет. Ғалымдар қоғамы қарастырылып жатқан «Ғылым туралы» заң жобасын үлкен үмітпен қарап отыр және ғалымдар арасында зор белсенділік туғызып отыр. Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов шын мәнінде үлкен ғалым. Ғылымды өркендетуге ненің қажет екендігін біледі. Соған сай жүйелі жұмыстарды қолға алып жатыр және ол бағдарламаларының түпкі нәтижеге жетеріне сенеміз.
Жалпы, елдің келешегін ойлаған мемлекет басшылары ғылымның өрісін кең ашуға мүмкіндік жасайды. Білім – мемлекеттің алдына даңғыл жол салып береді.
Біздің Елбасымыз да жас Тәуелсіз Қазақстанды өзгелермен теңестіруде білім мен ғылымның орны өлшеусіз екендігін айтып, соған орай мемлекеттік бағдарламалар дайындалуына жағдай жасаған еді.
“Қазіргі заманғы экономикада екпін бүгінде материалдық тауарлар мен қызмет көрсетулерден гөрі, интеллектуалдық әлеуетке түсіріліп келеді.
Қазақстан жаһандық білім беру жүйесіне интеграциялану үшін айтарлықтай күш-жігер жұмсау үстінде. Соңғы бес жылда білім беруді дамыту үшін мемлекеттік бюджеттен 2,5 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінді” деген болатын Елбасымыз Францияның “Интернешл Геральд Трибьюн” басылымына берген сұхбатында. Елбасының сындарлы саясаты қазақ ғылымын жаңа белестерге ұдайы көтеріп келеді. Оны ғалымдарымыз нақты сезініп келеді.
Күні кеше елордада өткен ЕҚЫҰ Саммитінде елу алты елді бір пәтуаға келтірген Астана декларациясын қабылдауда да Қазақстанның әлемдегі орны айырықша екендігі айтылды.
Адам мен адамды, ел мен елді теңестіретін – білім. Қазақстан биік белестерге ғылымын өркендету арқылы жетеді. “Ғылым туралы” заң осы мерейлі міндетке қызмет етпек.
Уәлихан БИШІМБАЕВ, Ұлттық ғылым академиясының академигі, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры.
Шымкент.