Көрген жанның көкейінен кетпейтін киелі Суықтөбенің найзалы шыңы мен шалқар шатқалы сан ғасырдың сырын бүккен шежіреге толы. Осы таудың үстіртінде Құрамыстың шаңырағын шаттыққа бөлеген нәресте өмірге келіп, қырқынан да осы жерде шығарылыпты. Балалық балдәурені табиғаты тамылжыған жайлау мен қыстың қытымыр кездерімен жалғасып, шың-құзды мекендеген бүркіт пен қаршыға, ұлар мен үкі үнін естіп өседі. Осыдан ба екен, оның тамаша суретін көңіл пердесіне түсіріп, өлеңді өміріне өзек, сөз өнерін мұрат етіп, ғұмыр кешуі. Жолдасханға тау баласы деген теңеудің тікелей қатыстылығы осыдан.
Өнер көшіне ілесе жүріп, қалам-қаруын қолына алумен қатар актер, сазгер, журналист, айтыс өнерінде де өзіндік қолтаңбасы бар екенін дәлелдеген замандасымыз жылдар өткен сайын шұғылалы күнге шағылысқан асыл тастай жарқырай түсуде. «Алғашында М.Әуезов атындағы театр жанындағы студияда оқып, «Айман-Шолпан» спектакліндегі Жантық бейнесін сомдапты. Жетісу жеріндегі айтыскер ақындардың қатарында 1977 – 1985 жылдарда өткен облыстық, республикалық ақындар айтысына қатысып, бас бәйгені иеленгенінің өзі де оның сөз өнерін қадір тұтқанының белгісі» деуге болады.
Тау баласының табиғат берген қасиеті мен қабілеті ән жазу мен сазгерлік салада да ерекше танылды. Өзінің кіндік кесіп, кір жуған мекені жайлы «Суықтөбе сазы», «Ұлар үні» әндерімен тыңдарман қауымының жүрегіне жол тапты. Елі мен жеріне деген перзенттік парызының өтеуіндей еліміз тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары шабыт шақырып, жыр сүлейлері Сүйінбай мен Жамбыл өлеңдеріне ән қосты. Нәтижесінде «Жаңа ғасырға- жаңа ән» республикалық байқауында «Менің пірім – Сүйінбай» атты өлеңіне шығарған әні бірінші жүлдені жеңіп алды.
Еліміздің өркендеуіне жолбасшы болған, салиқалы саясаткер, тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа арнаған «Елбасы, бағы – Нұраға!» жаңа әні де халықпен қауышып, тыңдағанда әуезді ән сезіміңді биікке ала қашып, рухты көтеретін өткірлігімен ерекшеленеді. Сонымен қатар «Туған жер», «Ұлы баба – ер Қарасай», «Өмір-ай», тағы басқа әндері де туған жерге, Отанға деген перзенттік парыздың өтеуіндей асқақ.
Өмір-өнердегі тынымсыз тіршіліктің арнасында өз соқпағын тапқан жанның шығармаларынан жүрек қылын шертетін, тұла бойды елітетін әуезді әні мен жыры өмірге деген құштарлығыңды арттырумен бірге көңіл көзіңді ашады. Жазушы, ақын Орысбай Әбділдәұлы сөзін жазған «Майтөбе» әні асқақ Алатаудың ажарын ашумен бірге көкмайсалы шалғынын белден кешкендей әсерге бөлейді. Бұл ән қай ортада болсын тыңдаушысын құмартып, өнердің халықпен бірге жасайтындығының дәлеліндей. Шығармашылық кемеліне келген Жолдасхан Әукенұлы еркін төгілген әсем әуен, нәзік лиризм, ықылым ырғақтағы әндерді өмірге әкелу үшін түн ұйқысын төрт бөліп, тынымсыз тірлік кешеді. Мейір қандыратын мөлдір, шынайы, сыршыл ән шығару жолындағы ізденісі бекер кетпеді. Өйткені, 2002 жылдан бері өткізіліп келе жатқан республикалық М.Төлебаев атындағы ән байқауында жүлделі орыннан көрінуі оған дәлел. Нәтижесінде өткен жылы «Нәзік сезім» номинациясы бойынша жыр алыбы Жамбыл мен Бұрым махаббатына арналған «Арман – ғасыр» әні көтермелеу сыйлығын иеленіпті. Сондай-ақ, «Елім менің», «Шапырашты Наурызбай» әні мәтінін жазғаны үшін де орынды марапатталғанын айтқан жөн.
Ақын-сазгер бүгінде өзін толқытқан, тебіренткен тақырыптарға қалам сілтейді. Биылғы жылы «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы өткізген «Елім деп соққан жүрегім» ән байқауында жүлделі бірінші және үшінші орыннан көрініп, мерейі үстем болды. «Жамбыл ата елі» әнін «Құлансаз» этнографиялық ән-би ансамблінің орындаушылары әуелете шырқаса, шығарма өршілдігімен халық көңілінен орын алды.
Бүгінде Жолдасхан Құрамысов Сүйінбай ақын мұражайының директоры қызметінде бабаның бай мұрасын зерттеуде игі ізденісімен танылған. Өмірлік жолдасы Ақжолтаймен бірге бес бала тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Данияры сазгер ретінде танылса, Мадияры – еркін күрестен халықаралық спорт шебері, қызы Ләззат ұстаз, Санжар мен Салтанат та мамандықтары бойынша еңбек етуде. Шаңырақтағы немерелердің бал күлкісі де ата мен әженің қуанышын еселей түскен.
Ұлар үнін естіп, еңлік гүлінің хош иісін құмарлана жұтқан Жолдасханның бүгінгі өмірі тебіреніс пен толғанысқа толы. Сахнадан сөзі мен әуені елжандылық, туған жерге деген кірішіксіз махаббат сезіміне бөлейтін ән құлаққа келгенде өмірге деген, өнерге деген құштарлығың артады. Бұл өнердің құдіреті. Бұл тынымсыз тірлік кешкен жанның жүрек лүпілі. Бұл тау баласы тауға қарап өсетінінің дәлелі.
Күмісжан БАЙЖАН
Алматы облысы.