Елордада «Атамекен «Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешеніне Қаракерей Қабанбай батырдың ескерткіш-макетін қоюына орай «Батыр баба ерлігі – Тәуелсіздік тірегі» атты дөңгелек үстел өтті.
Елбасы Н.Назарбаевтың: «Ар мен намысты өмірден де қымбат тұтқан, өз жерінде жүздеген ұлт өкілдерін туғанындай қабылдап, бауырына басып, біріктірген қазақтар – алғыс алған текті халық», – деген сөзінде үлкен мән жатыр. Елі мен жері үшін жанын аямаған текті бабаларымыздың ерен еңбегі халқымыздың қазақ болып қалыптасу жолында қосқан үлесі айрықша. Солардың бірі әрі бірегейі Қабанбай Қожағұлұлы еді. Отанын шексіз сүйген ол еліне қауіп төнгенде, жанын шүберекке түйіп, бүкіл өмір жолын қазақ халқының азаттығы мен тыныштығына арнады.
Дөңгелек үстел барысында Қабанбай батыр кесенесінің шырақшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Камал Әбдірахман «Қабанбай батыр – ұлы қолбасшы» деген тақырыпта батырдың өмір жолы мен жасаған ерліктері жайлы баяндай келіп, 2012 жылы Қабанбай батырдың туғанына 300 жыл толатынын, Үкімет басшысы мен қала әкімі батырдың ескерткішін орнатуға оң қабақ танытып отырғандығын мәлімдеді. Айта кетелік, бүгінгі күні елімізде Мақаншы, Үшарал, Семей және Талдықорған қалаларында батырдың тұлғасын сомдайтын ескерткіштер бар болса, «Атамекен «Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешеніне қойылған ескерткіш бесінші болып осы ескерткіштердің қатарын толықтырып отыр. Одан өзге, Түркияның Ыстамбұл қаласы Атакөй ауданында да батырға арналған ескерткіш бар екендігін айта кеткен жөн.
Жиын соңында астаналық Әлкей Марғұлан атындағы №40 орта мектебінің оқушылары Әйгерім Жанқұтова Қабанбай батыр дастанынан, ал Хангелді Қожанбай Н.Айтұлының «Ту» поэмасынан үзінді оқыды.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.