Елордада «Қазақстандағы рухани келісімді нығайтудағы діннің рөлі» деген тақырыппен конференция өтті. Жиынға еліміздің діни ұйымдарының өкілдері қатысты.
Басқосуға еліміздегі рухани кеңістік көкжиегін кеңейту мәселесі өзек болды. Оған «Қазақстандағы дәстүрлі діндер және әлеуметтік орта», «Зайырлы мемлекеттегі діни қарым-қатынас», «Береке-бірлік – елдің бақыты», «Ислам мәдениетімен өмір сүру – рухани келісімнің басты кепілі», «Діни сенім – рухани мәдениеттің негізі», «Дәстүрлі діндердің Қазақстандағы конфессияаралық келісімді нығайтудағы рөлі», «Конфессияаралық келісім – Қазақстандағы тұрақтылықтың негізі», «Ел бірлігі – ынтымақта», «Конфессияаралық келісімдегі исламның рөлі», «Діни ағартудың конфессияаралық келісімді дамытудағы рөлі», «Төзімділік – қоғамды дамытудың негізі», «Қазақстандағы тұрақтылықты нығайтуда шетел тәжірибесінің әсері» секілді сан-алуан тақырыптағы мәселелер айқын дәлел.
Мәслихат кезінде алғашқы болып сөз алған Мәдениет министрлігі Діни істер комитеті Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры Айдар Әбуов дінаралық келісімнің әлемнің кез келген елі үшін айрықша рөл атқаратынын, себебі, ол жаһандық деңгейдегі рухани, дінаралық шиеленістердің алдын алуға сеп болатынын атап өтті. «Бұл ретте, елімізде негізі қаланған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің орнын ерекше бөліп қарастыру керек. Қазіргі таңда 2012 жылы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІV съезіне қызу дайындық жүргізіліп жатыр. Олардың ішінде болашақ баяндамашылар және келетін меймандармен әріптестік байланыс орнатып отырмыз», деді А.Әбуов өзінің сөзінде.
Бір айта кетерлігі, жиын барысында сөз алғандар жақында ғана өткен ЕҚЫҰ Саммитінің азаматтық қоғам «санасына» үлкен әсер еткендігін, ал сол азаматтық қоғамның ішінде діни бірлестіктердің де бар екендігін айтты. «Өйткені, біздің Отанымызда жалпы әлемге, бүкіл құрлыққа үлгі болатындай тәжірибе жинақталып отыр. Елбасы айтқандай, ендігі кезекте Ванкуверден Владивостокқа дейінгі кеңістіктегі сияқты діндер арасында да түсіністік орнауы тиіс. Сондай-ақ, Елбасы Саммитте сөйлеген сөзінде біздің елдегі толеранттылық мәселесіне бөлекше сипат берген-тін. Әрине, бүгінде діни наным-сеніміне, ұстанатын дініне, тіліне байланысты адамдардың арасында орын алатын қақтығыстарды көбіне «өркениеттер арасындағы қақтығыстар» деп айтып жатады. Мұндай көзқарастың, қоғамға кері ықпалын тигізері анық. Ал біздің еліміз – осы тұжырымды жоққа шығара білді. Себебі, кез келген елде тіршілік ететін түрлі конфессиялар мен рухани, діни бірлестіктер және олардың өкілдері қоғамды байыта түсуде. Бұл олардың әрқайсысының өз ерекшеліктерінен де көрініс табады. Тағы бір атап өтерлігі, рухани келісім тек бір құрлықпен шектеліп қалмауы керек, ол бүкіл әлемді қамтуы керек», деді өзінің сөзінде Мәдениет министрлігі Діни істер комитеті Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының діни жағдайларды зерттеу бөлімінің жетекшісі К.Қалилаханова.
Жиын кезінде оған қатысушылар діни мәселеге қатысты өздерінің басқа да ой-пайымдарын жеткізіп жатты. Бұл күнгі конференция шеңберінде, сондай-ақ, Мәдениет министрлігі Діни істер комитеті Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы жанынан құрылған БАҚ-тарда діни тақырыпты жариялау жөніндегі әдістемелік кеңестің отырысы ұйымдастырылды.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.