Президент поштасынан
Мемлекет басшысының атына Қазақстанның азаматтарынан және қоғамдық ұйымдарының жетекшілерінен ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитін табысты өткізуге байланысты құттықтау хаттар келіп түсуін жалғастыруда, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
«Семей мәшине жасау зауыты» АҚ-тың еңбек ұжымы Мемлекет басшысын ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитін табысты ұйымдастырумен және өткізумен құттықтай келіп, Саммиттің өткізілуі Қазақстан үшін жоғары құрмет қана емес, сонымен бірге зор жауапкершілік болғанын, республиканың Ұйымға төрағалығына берілген жоғары бағаның заңды нәтижесі және шын мәнінде тарихи оқиға екендігін атап көрсеткен. «Сізге, Нұрсұлтан Әбішұлы, 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға жетекшілік еткен елдің басшысы ретінде Ұйымға дамудың жаңа серпінін беру, оның алдына жаңа мақсаттар мен міндеттер қою мүмкін болды. Біздің еліміз өңірлік көшбасшы ғана емес, сонымен бірге жаһандық деңгейде ұжымдық қауіпсіздік жүйесін нығайтуға ұмтылған мемлекет ретіндегі өз мәртебесін тағы да қуаттады. Біз өз еліміздің Тұңғыш Президенті – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың аса көрнекті басшылығымен қол жеткізілген, бұрын-соңды болмаған халықаралық осындай табысты орынды түрде мақтан етеміз», – делінген хатта.
Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының өкілдері өз хаттарында Мемлекет басшысын ЕҚЫҰ-ның VII Саммитін Астанада табысты өткізуімен шын жүректен құттықтаған.
«Біз бәріміз зор толғаныспен және мақтанышпен ЕҚЫҰ-ның осы мыңжылдықтағы алғашқы Саммитіндегі оқиғалардың даму барысын қадағалап отырдық. Бұл Саммит Қазақстанның Ұйымға төрағалығының шын мәніндегі салтанатты аяқталуы болды. Осынау ықпалды халықаралық ұйымға табысты басшылық және Саммиттің жемісті нәтижелері Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы өз дамуында қол жеткізген таңғажайып табыстарының мойындалуы, Сіздің жеке өзіңіздің өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесіңізге берілген жоғары баға болды. Жетекші мемлекеттердің басшылары Сіздің континенттегі бейбітшілік пен тұрақтылық үнқатысуын қалыптастыру ісіндегі нәтижелі күш-жігеріңіз бен саяси ерік-жігеріңізді атап жатқанын есту біз үшін ғанибет болды. Астанада өткен жоғары деңгейдегі кездесу халықаралық аренадағы біздің еліміздің беделін бұрынғыдан да нығайтып, жаһандық ауқымдағы көшбасшы ретіндегі Сіздің рөліңізді атап көрсетті», – делінген хатта.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ ұжымы да Президентті Астанада ЕҚЫҰ Саммитін табысты өткізуімен құттықтайды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық жылы республиканың созылмалы қақтығыстарды шешуге белсене қатысуымен, елдер арасындағы сындарлы үнқатысуды құрудың жаңа тұрпатын ұсынуымен есте қалды. Бүкіл әлемнің сарапшылары нақ осы Қазақстанның төрағалығы арқасында Ұйым жұмысы жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтуде.
«Бұл Саммит халықаралық қатынастарды дамытуда жаңа есеп нүктесі болды, өйткені он бір жыл бойы мемлекет басшылары бірге жиналмапты және ЕҚЫҰ-ны дамыту перспективасын талқыламапты. Нақ осы Қазақстанның төрағалығы кезеңінде жаңа өзекті бастамалар мен стратегиялық ұсыныстар туралы айтыла бастады. Қазақстан Ұйымның лайықты төрағасы болып, халықаралық үнқатысу үшін жаңа алаң ұсынып қана қойған жоқ, сонымен бірге әлемдік лидерлерден қолдау тапқан жаңа ұсыныстар енгізді», – делінген хатта.
«Назарбаев Зияткерлік мектебі Астана» мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Роман Шелягтің хатында соңғы 11 жылда алғаш рет өткізілген ЕҚЫҰ Саммиті біздің еліміз Президентінің және барша қазақстандықтардың өз күштері мен мүмкіндіктеріне деген сенімділігін тағы да көрсетіп бергені атап өтілген.
«Әлемдік қоғамдастықтың саяси және экономикалық өмірінде қандай өзгерістер жүріп жатса да Қазақстан бүкіл жаһандақ бастамаларда көшбасшылық ұстанымда болуын жалғастырып келеді. Жас елорда Астана әлемнің 50-ден астам елінің меймандары алдынан есігін қонақжайлылықпен айқара ашып, өз есімін ең жаңа тарихта қалдырғанын шынайы мақтаныш етеміз», – деп жазады мұғалім.