Президент поштасынан
Мемлекет басшысының атына азаматтардан ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитінің табысты өтуіне байланысты құттықтау хаттар легі толассыз келіп түсуде, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Оларда Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының нәтижелі өтуі, Саммитте Астана Декларациясының қабылдануы ел абыройын асқақтатқан дәуірлік оқиға екендігі ерекше атап көрсетілген.
Мысалы, «Назарбаев зияткерлік мектептері» АҚ басқарма төрайымы К.Шәмшидинованың хатында: «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Бірнеше күн бойы төрткүл әлемнің назарында болған ЕҚЫҰ-ның Саммиті табысты өтті. Бұл іс-шара әрбір қазақстандықтың жүрегіне мақтаныш сезімін ұялатып, халқымыздың рухын асқақтата түсті», делінген. Мұндай мазмұндағы хаттар Астанадағы «Назарбаев зияткерлік мектебінің» директоры М.Жәкенов пен аталған мектептің мұғалімі Р.Шелягтен де келді. Ал Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті, Семей мемлекеттік педагогикалық институты және Қазақ инновациялық-заң университетінің студенттері құттықтауларында «Астана Декларациясының қабылдануы – барша қазақстандықтардың жетістігі», деп зор мақтаныш сезіммен жазылған.
Жазушы, М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты С.Досанов Елбасы Н.Ә.Назарбаевты Қазақ елінің тарихындағы ұлы оқиға – VІІ саммиттің табысты өтуімен және Астана Декларациясының қабылдануымен құттықтап, «халқымызды бақытқа бастай беріңіз» деген игі тілегін білдірген.
***
Мемлекет басшысының атына республиканың түкпір-түкпірінен соғыс және еңбек ардагерлерінен, қарапайым азаматтардан ізгі тілекке толы хаттар келіп түсуде, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
«Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сізді Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Астана Саммитінің табысты өтуімен және аса маңызды құжат – Астана Декларациясының қабылдануымен құттықтаймыз. Әлем назарын аударған осы шараны бұқаралық ақпарат құралдарынан көре отырып, еліміздің, Сіздің халықаралық қауымдастық алдындағы жоғары беделіңізге көзімізді одан әрі жеткізе түстік. Көкірегімізді мақтаныш сезімі кернеді», деп жазады Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Шаухаманов құттықтауында. Бұл хатқа осы облыстағы соғыс және еңбек ардагерлері Ы.Қалиев, А.Дәулетов, Н.Уәлиев, Б.Құлманов, облыстық мәслихат депутаты Ж.Шәріпов және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Н.А.Подольских қол қойған.
Ал Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласынан Социалистік Еңбек Ерлері Ә.Салықбаев, Ә.Балғынбеков, сондай-ақ Т.Ысқабай, С.Әлібек, Т.Елғонова, Т.Кенжебеков, С.Жүнісов, Х.Рашидов, М.В.Третьяков, Г.Есілбековадан келген хатта «біздің еліміздің дүние жүзінің алдында үлкен абыройға ие болып, зор мәртебеге қол жеткізгені» еліміздің Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы да дана саясатының нәтижесі екендігі атап өтілген. Сондай-ақ мұндай толғанысқа толы хаттарды Оңтүстік Қазақстан облысынан: Б.Игісінов, Т.Арынбеков, Т.Дүйсенбеков, Қ.Бұхарбаев, Павлодар облысынан: Қ.Қостанбектегі, Қ.Нуркин, К.Жексенбинова, Н.Айдарғалиева, Қ.Елубаева, С.Қайырбаева, Б.Святова, Қызылорда облысынан: Р.Нұрымбетқожаева, А.Тоқтамысова, т.б. жолдаған. Хат авторлары одан әрі: «Қадірменді Президент мырза! Деніңізге саулық, отбасыңызға бақыт және халқымыздың игілігі жолындағы аса жауапты еңбегіңізге зор табыс тілейміз!» деп Елбасыға деген ықыласқа толы игі тілектерін білдірген.