«Қорғас» кеден бекетінің қызметкерлері Тәуелсіздік күнін өздерінің кәсіби мерекелерімен қатар қарсы алды. Осы мерзімге дейін қызметкерлер жатақханада, жалдамалы пәтерлерде тұрып, біраз қиындық көрген-ді. Міне, көптен күткен 33 қызметкер шаңырақ шаттығына кенеліп, жаңа, жарық пәтерлердің кілтін алды. Сөйтіп, қос мерекеге отбасындағы тұрмыстық қуаныш қосылды.
Қорғастағы 18 пәтерлі екі үйден баспаналы болғандар қатарында солтүстік облыстардан келген отбасылары да бар. Шекара шебіндегі кеденшілер енді өз қызметін алаңсыз жалғастырып, ел экономикасын нығайтуға еркін кірісетін болды.
Кеден одағы құрылғалы салаға басым назар аударылуда. Облыс аумағында алдағы жылы кеденшілерге тағы да бес үй салу жоспарланған. Жыл сайын Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы ұлғайып, екі жақтың мүмкіндігіне жол ашылуда. Кеденшілердің жұмыс сапасын арттыру мен екі арадағы экономикалық байланысты нығайту бағытында заманауи бақылау құралдары орнатылған. Ондағы ақпарат жедел басқару орталығына түсіп, бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге мүмкіндік беруде.
Жалпы алғанда, «Қорғаста» қордаланған мәселелер біртіндеп шешімін табуда. Енді екі жылдан кейін екі ел арасында осы бекет арқылы темір жол қатынасы басталатындықтан, жұмыс жүйелене түсуде. Демек, қорғастықтарға жүктелер міндет ауқымы жеткілікті.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.