Ел тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында Мақаншы ауылында Балалардың шығармашылық үйі салтанатты жағдайда ашылды. Ол бұрын иесіз қалып, қайта жөндеуден өткізілген қонақ үйге жайғасты. Ал оның салынғанына 30-40 жыл болған екен. Көнерген қонақ үй ғимаратын іске қосу үшін облыстық бюджеттен 44 миллион теңге қаржы бөлінді. Бұл орайда мақаншылықтардың облыс, аудан басшыларына алғысы шексіз. Балалардың мұндай шығармашылық үйі облыс бойынша үш-ақ жерде бар. Соның бірін Үржар ауданының әкімі Бауыржан Жанақов Зайсан ауданын басқарып тұрғанда ашқызып кеткен-тін. Енді, міне, сол азаматтың бастамасымен Мақаншыда да жақсы іс жалғасын тауып отырғаны сүйсінтеді.
Үстіміздегі жылдың мамыр айында басталған осы шаруа тәуелсіздік мерекесіне дейін жеріне жеткізіліп үлгерілді. Балалардың бұл шығармашылық үйі осындағы Мақаншы орта мектебінің базасында жұмыс істемек. Соған орай аталған мектептің директоры Гауһар Жағалбаева бастаған ұстаздар қауымы оның тездетіп қатарға қосылуына хал-қадерінше үлес қосты. Яғни, олар шығармашылық үйінің маңын тазартып, іші-сыртын көріктендіру, осында түрлі көрмелер ұйымдастырып, безендіру ісіне қызу атсалысты. Шығармашылық үйіне қажетті кадрларды іріктеп жатқан да осылар.
Мұнда негізінен төрт бөлім – техникалық шығармашылық, ұлттық қолөнер, қолданбалы өнер және көркем сурет, өнер бөлімдері жұмыс істейді. Ал бөлім іштерінде тоқыма, тігін, ақындық және аэробика секілді үйірмелер және бар. Бір сөзбен айтқанда, мұнда жас талапкерлердің өз қабілеттерін одан әрі дамытуға мейлінше жағдай жасалған. Шығармашылық үйі ашылған бетте мұнда түрлі мазмұндағы бірнеше көрме өткізілді.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы.