• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Желтоқсан, 2010

Салмақты жобалар салиқалы шешімдер арқылы жүзеге асады

413 рет
көрсетілді

Кеше Мәжіліс Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәріб­жановтың жетекшілігімен Үкімет сағаты өтіп, онда көлік-коммуникация саласындағы жылдың қоры­тын­ды­сы қаралды. Көлік және коммуникация министрі Әбіл­ға­зы Құсайынов депутаттарға өз ведомствосының атқарған жұмыстары жөнінен жан-жақты мәлімет беріп, олардың сұрақтарына жауап берді. Министр сөзінен мәлім бол­ған­дай, депутаттық сауалдар ар­қа­сында автомобиль жолдарына қо­сымша 4,7 миллиард теңге бө­лін­ген. 2011-2013 жылдарға ар­нал­ған республикалық бюджет жобасын қарау барысында тас жолдарға бөлінетін трансферттер көлемі 5,7 миллиард теңгеге ұл­ғай­тылыпты. Ми­нистр бұл қар­жыға келесі жылы 1527 ша­қы­рымнан өзге 121 шақырым жолды жөндеуден өт­кізуге боларын жеткізді. Сондай-ақ сандық тахо­граф­тарды енгізу жүргізу­ші­лер­дің жұмысы мен демалу тәртібін және жүру жыл­дам­дығын сақ­тауға мүмкіндік береді деп кү­тілуде. Ол үшін жолау­шы­лар тасымалын лицензиялау ар­қылы автобустар жүргізушілеріне қой­ы­латын талаптарды күшейту қолға алынады. Ең бастысы – рұқсат беру құжаты 54-тен 24-ке дейін қысқартылып, «еуро» стан­дарттары енгізілуде. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халық­ара­лық транзиттік дәлізі құрылысы жоба­сы бойынша биыл 378 ша­қы­рым жолды қайта салу көз­делсе, көр­сеткіш 417 шақырымды құраған. Бұл ретте 20 миллион текше метр­ден астам инертті материалдар мен топырақ өңделіп, қазақ­стан­дық қамту 89 пайызға жетіпті. Оның жұмысына 34,2 мың адам мен 4,5 мың техника тартылған. Бюджетке сәйкес келесі жылы 3764 шақырым жол жөнделуі керек болса, оның 1000 шақырымы осы халықаралық дә­ліз жобасына қатысты, Тағы бір белгілі болға­ны, жаңадан 13 об­лысаралық және 3 халықаралық мар­шруттың ашылуы. Келесі жылы «Қарабұтақ – Ырғыз – Қы­зылорда облысының шека­расы», «Астана – Қостанай – Че­лябі» автожол учаскелері тап­сырылады. Темір жол көлігі жылына 18 миллион жолаушы тасымалын жүзеге асырса, бұл көрсеткіш ар­тып келеді. Қазірдің өзінде 500 ва­гонның жетпей жатқаны көл­денең тартылды. Олардың дені ескірген. Осыған орай Астана қаласында «Тальго» компания­сы­мен бірлесіп қолайлы вагондар шығаратын зау­ыт құрылысы бас­талады деп күті­луде. Халықара­лық пойыздарға тіркелетін вагондар саны қыс­қар­тылып, «Атырау – Астана» бағы­тында жүретін тікелей вагондар саны көбейтілген. «Қостанай – Киев» және «Лениногор – Мәс­кеу» бағытындағы  вагондар жа­ңар­тылып, ескі вагондар облыстар арасына қаты­най­тын пойыздарға жалғаныпты. Сонымен, келесі жылы «Атырау – Астана» бағы­тында жаңа жо­лаушы пойызы ашы­лып, Сары­ағаш – Астана мар­шруты Павло­дарға дейін ұзар­тылатын болады. «Жетіген – Қор­ғас» және «Өзен – Түркі­мен­стан­ның мемлекеттік шекарасы» жаңа темір жол желілері пайдалануға беріледі. Сон­дай-ақ, билеттерді сатуға арнал­ған 9 терминал сатып алынып, еліміздің 19 қаласында ортақ анық­тамалық телефон нө­мірі (105) белгіленген. Call-center жасақтау да қолға алынып отыр. Сол сияқты 164 темір жол вок­залы жеке меншіктен алынып, күр­делі жөндеуден өткізіледі. Жер­гілікті атқарушы органдар қарамағындағы 94 вокзалда да осындай жұмыстар жүргізіледі. Су көлігі саласында министрлік Теңізшілерді әзірлеу және диплом беру жөніндегі конвенция ережелерін ұлттық заңнамаға енгізу жұмыстарымен айналысуда. Осы­ған орай «Теңіз Шевройл» ком­паниясы Ақтау қаласынан те­ңіз кадрларын даярлайтын жобаға қатысу мақсатында 25 миллион доллар қарастыруды қолға алған. Шағын авиация бойынша «Мемлекеттік авиация орталығы» РМК 2007-2010 жылдары ұшқыштар­ды бастапқы оқыту мақсатында 157 курсантты оқытып отыр. Атал­ған орталық филиалдары да ашылады деп күтілуде. «ЯК АЛАКОН» АҚ қазақстандық-ресейлік компа­ния­сы Алматы облысында Як-58 (іскерлік авиация) және А-31 (ауыл­шаруашылық жұмыс­тары) жеңіл ұшақтарын құрас­тыру жобасына кірісіп те кеткен. Инвестиция кө­лемі – 9,1 миллиард теңге. Өнді­рісті ашу 2011-2012 жылдарға жоспарланған. Сол сияқты «КазАвиаСпектр» қазақ­стан­дық-ресей­лік компаниясы Қа­ра­ғанды облы­сын­да ауылшаруа­шы­лық жұмыс­тарға арналған «Фермер» ұшақ­та­рын құрас­ты­ра­тын зауыт құры­лысын бастаған. Жоба 9,5 миллиард тең­геге баға­ланып, 2010-2016 жыл­дарға жос­пар­ланған. Ал «Авиа­кон­салтинг» компаниясы Ас­тана қаласында МД-500 жеңіл тік­ұшақтарын құ­растыру өндірісін ұйымдас­ты­ра­ды деп күтілуде. Бұл жобаға қажет инвестиция көлемі 7,5 миллиард теңге, мерзімі – 2012 жылға дейін. Бұдан басқа Алматы облы­сында «Еврокоптер» жеңіл тік­ұш­ақ­тарға қызмет көрсету «Sky Tech» орталығы ашылған. Жоба 2,1 миллион еуроны қажет етеді. Шағын авиацияны дамыту үшін рұқсат беру тәртібі жеңілдетіліп, құжаттар саны ықшамдалып, аэ­ро­навигациялық алымдардан бо­сатылған. Бұған «ҚР әуе кеңіс­тігін пайдалану және авиация қызметі туралы» және «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне кө­лік мә­селелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заң­дардың қабылдануы игі ықпалын тигізуде. Сонымен бірге, Парламент көлік сала­сындағы 4 ха­лық­аралық келісімді ратифика­ция­лаған. Отырысты қорытындылаған Жә­нібек Сәлімұлы саладағы шешімін таба алмай отырған мәселелерге қысқаша тоқталып өтті. «Бірінші – жергілікті жерлердегі жол жөндеу және пайдалану шаруашылықтарының жол-құ­ры­лыс техникалық жабдық­тарының тозуы және осы жол­дардың сапа­сының төмендігіне байланысты. Сондықтан, жаңа­дан салынып жат­қан жолдардың сапасын жақ­сарту, бар жолдарды талапқа сай тиімді пайдалану мақ­сатында министрлік тарапы­нан бақылауды күшейту керек. Екінші – темір жол саласында көрсетілетін қыз­меттің сапасын арттыру, билеттерді сатуда жариялылық пен ашық­тық механизмдерін енгізу қазіргі кезде шешілуге тиісті мәселелер. Үшінші – авиабилеттер бағасы­ның тарифтері министрлік тара­пынан қатты қадағалануы орынды деп есептейміз», – деді Төраға орын­басары. Қорыта айтқанда, министр өз баяндамасында осы саладағы көп­­теген мәселелерге депутаттар­дың игі ықпалы тигендігін бірнеше рет тілге тиек етті. Өз кезегінде депутаттар аталған министр­ліктің жұ­мысын жақсы жағынан бағалап, бірқатар ой-пікірлерін ортаға салды. Енді бұл ұсыныс-пікірлер аталған ведомство жұмысын одан әрі дамытуға  ықпал етеді деп сенеміз. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.