Канадалық күркетауықтар өсе келе салмағы 25-27 килоға дейін тартар екен. Қапелемде келіп қалған қонақтарға жарқыратып сойып тастайтын бір тоқтының салмағын басады. Оңтүстікті жерсінді дегенде бұл күркетауықтар көзін Канадада ашқан жоқ. Қазақстанға жұмыртқа болып келді. 76 мың дана еді. Бастапқыда. Содан 70 мың балапан қауызын жарып шықты. Бәлкім, Канадада жұмыртқа күйінде дәмхана, мейрамханаларда тәтті тағамдар дайындалып яки дүкенде сатылымға түсер ме еді. Көзін Қазақстанда, оның ішінде Шымкенттен 30 шақырым жердегі Бадам ауылының іргесіндегі құс фабрикасында ашқан күркетауықтар өздерінің бір алып елдің экономикасын көтеруде маңызды рөл атқаратынын сезбегенімен солайы солай болып тұр.
Жақында Елбасымен тікелей көпір барысында осы “Ордабасы Құс” ЖШС-ның директоры Мұрат Тағаев фабриканың іске қосылғанын Мемлекет Басшысына мәлім еткен.
“Қой етін жеген қазақ күркетауыққа да үйренеді ғой”, деп әзілдеген Елбасы фабриканың көкжиегі кеңеюіне ақ тілеу айтқан.
Расында, “күркетауық өсіру, сою және етін қайта өңдеу” жобасы осы салада Қазақстанда көшбасшы болып тұрғаны анық.
“Ордабасы құс” фабрикасының мүмкіндігін кешегі ТМД елдері ішінде салыстырып қарайтын болсақ, осыған ұқсас жобалар Ресейде “Евродон” және Башқұртстандағы Миллеусе де жүзеге асырылған. Қазақстан бойынша бірінші инновациялық жоба елімізді индустрияландырудың республикалық картасына енген.
Қазір Бадам ауылы мен Бөржар ауылдық округіне қарасты “Ұялыжар” елді мекені ортасында орналасқан құс фабрикасы үш аймаққа бөлінеді.
Инкубатордан шыққан балапандар бөлек, ересектері бөлек бағымда болады. Негізгі технологиялық құрал-жабдықтар Израильден әкелінген. Өндірістік жабдықтар сонымен қатар Бельгия, АҚШ, Словения, Ресей және Қытайдан алынған.
Ал, күркетауық жұмыртқасы неге Канададан тасымалданды деген сауалға келсек, құстың осы түрінің ең еттісі де, асылы да дүние жүзі бойынша осы елдің еншісіне тиеді екен. Ой жүгіртіп көріңіз. Канададан мұхит асып Алматыға ұшақпен жеткізілген жұмыртқалар Шымкентке мәшинемен тасымалданды. Осындай ұзақ сапарға шыдас берген 76 мың жұмыртқаның 70 мыңы қауыз жарып, балапан болды. Тұқымының асылдығы осыдан-ақ көрінеді.
Балапандар төрт айда кішігірім тоқтыдай салмақ жинап, союға жарайды.
Құс фабрикасына қажетті 3294,5 млн. теңгені қаржыландырған “ҚазАгро” ұлттық холдингінің еншілес кәсіпорны “ҚазАгроФинанс” АҚ ОҚО филиалының директоры Талғат Тошиевпен сұхбаттасқанымызда біраз жәйттерге қанықтық. Әлемдегі ең озық технологияны Қазақстанға әкелген израильдік мамандар әзірге осында. Өзіміздің жастарға тәлім беріп жатыр. Ал, түрлі биоқоспалармен байытылған жем цехының құрал-жабдықтары Қытайдан жеткізілген. Күркетауықтар – өте кінәмшіл. Сондықтан құс бағушылар цехқа барарда залалсыздандыратын бөлмедегі дайындықтардан өтеді.
Енді құс сою цехы салынбақ. Еті – халал. Қалдықсыз өңделеді.
“Ордабасы құс” ЖШС-ның директоры Мұрат Тағаев бұл салада көлденең қосылған көк атты емес. Ұзақ жылдар бойы Оңтүстікте құс фабрикасын басқарған білікті маман. Қыр-сырын біледі.
– Осындай жаңа жоба Қазақстанда алғаш рет жүзеге асырылып отыр, – дейді Мұрат Тағаев. – Мұнда инкубация, құсты өсіру, құрама жем, бордақылау және етті тереңдетіп қайта өңдеу жүзеге асырылатын болады. Жоба технология жағынан барлық биоқауіпсіздік талаптарға сәйкестендірілген. Сиыр және бройлер еттеріне қарағанда, холестеролы және майы төмен күркетауық еті өте жұғымды тағам түріне жатады.
Құс фабрикасының директоры күркетауық етін саудаға шығаруда ерекшеліктері барын атап өтті. Мәселен, сүбе, төс ет және аяқтары мүшеленіп сатылымға шығарылса, шұжық, сүрленген ет, сосиска, пастрамалар ретінде де дайындалады. Шницель, бургер, кебаб сияқты жартылай фабрикат түрінде де, ішінде балалар тағамдары бар консерві ретінде де дайындалады.
Құс фабрикасының орналасуы екі ауыл үшін де жақсылықтары бар. Ауылдарға табиғи газ келеді. Фабрикада әзірге 270 адам жұмыс істеп жатқан болса, компания толық қуатына қосылғанда қосымша 230 адам жұмысқа қабылданады. Қаладан шалғай жатқан фабрикаға әрине сырттан емес, қол созым жердегі ауылдардың жастары келеді.
Құс фабрикасы ашылар салтанатты кеште оны да байқадық. Қолында дәмді тағамдары бар кейуана келіпті. “Ауылдың іргесінде осындай жақсылықтар болып жатқанда үйде байыз тауып отыра алмадым. Ауылымыздың жанынан әлемдегі үздік құс фабрикасы орнайды дегенді ойымыз түгіл түсімізде көрмейтін едік. Жұмысты болатын болдық деп жастарымыз қуанып жүр. Әлдебір газеттер Қазақстанда түйме де шығарылмайды деп ащы запыранын сапырады да жүреді. “Көрмес түйені де көрмес” деген. Апыр-ау, өз елін жамандағанда сол шіркіндер не опа табар екен. Елдің ішіне іріткі салғанша өздері мақтайтын елдерге кетпей ме. Көше сыпыруға да алмайды ғой оларды. Қайтейін-ай. Әйтпесе, бәрін көріп отырмыз ғой. Қайсыбір жылы Оңтүстікте жиырма мектеп салынды. Ауруханалар, жолдар салынып жатыр. Теледидар қарасаң күнде әр ауданда жаңа ғимараттар беріліп жатқанын көресің.
Қазақты өзгелермен теңестіріп, ел қылған Елбасымызға рахмет. Ал, балалар, қазақтың бір кемпірі солай айтты деп елдің атынан рахмет айтыңдаршы.
Жақсылықтарға жаршы болып жүрген ана жүрегіне сүйсіндік.
Құс фабрикасы бірінші кезекте 5 мың тонна, толық қуатына жеткенде жылына 10 мың тонна ет өндіреді.
Бұл сізге пәленбай жыл тоңазытқышта қатып, сөлінен айырылған “Буштың сирағы” емес. Қазақстандық өнім.
Тағаев бір данасы 1,3 еуроға түсіп отырған жұмыртқаны Канададан тасымалдауға құлықты емес. Құстың жайын жақсы білетін маман оны да өзіміз дайындауға қол жеткіземіз деп отыр.
“ҚазАгроФинанс” мемлекеттік мекемесінің еншілесі “ҚазАгроФинанс” АҚ қаржыландырған құс фабрикасы астық өсіруші диқандар үшін де қолайлы болып тұр. Еккен жүгері, бидай, арпасына сұраныс бар.
Алып құс фабрикасы осылайша талай күрмеулі мәселелердің түйінін тарқатпақ.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы.