Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада еліміздің 2009-2011 жылдарға арналған «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасын жүзеге асыру жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысы болып өтті. Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев төрағалық еткен басқосуға Парламент депутаттары, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, ғылым-білім, мәдениет пен өнер орталықтарының басшылары, ғалымдар мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
Отырыста «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасы аясында Дамаск қаласындағы (Сирия Араб Республикасы) Әл-Фарабидің тарихи-мәдени орталығы мен кесенесінің құрылысы және Сұлтан Бейбарыстың кесенесін қалпына келтіру жұмыстарының барысы, ұлттық мұраларымыз туралы түсіріліп жатқан деректі фильмдер мен жүргізіліп жатқан археологиялық зерттеу жұмыстарының 2010 жылғы нәтижелері туралы мәселелер қаралды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша «Қазқайтажаңарту» РМК директоры Қанат Тұяқбаевтың есебі тыңдалды. Ұлттық бағдарлама аясында 2010 жылы «Қазқайтажаңарту» мемлекеттік кәсіпорны еліміздің жеті облысындағы 20 тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштеріне қайта қалпына келтіру, жаңғырту жұмыстарын жүргізіпті. Ғылыми-зерттеу мен жобалау жұмыстарының негізінде қолға алынған Дамаск қаласындағы Сұлтан Бейбарыс мектебі, кітапханасы мен кесенесі, Сайрамдағы Әзіз Баб кесенесі мен Қызыр мұнарасы, Батыс Қазақстан облысы, Бөкей Ордасы ауылындағы Жәңгірхан қазына үйі мен сол кездегі оқу орындары ғимараттары, Бәйдібек ауданындағы Шаян мешіт-медресесі, көне Түркістанның Мүсәлла бас қақпасы, Қызылорда облысындағы Қожа Назар мешіті толық жөндеуден өткеріліп, мемлекеттік комиссияға тапсырылыпты. Ал Қызылорда облысындағы Баланды-2 мұнаралары, Қазалыдағы Нұралы мешіт-медресесі, Жидебай-Бөрлідегі Абай-Шәкәрім кесенелері, Семей қаласындағы Абай Құнанбаев оқыған Ахмет Резы медресесі, Бесшатыр сақ қорғаны мен Ботағай кесенесін қайта қалпына келтіріп, жаңғырту жұмыстары қолға алынған болса, Ақмола облысының ескерткіштер кітабы жарық көріп, Павлодар мен Ақтөбе облысының ескерткіштер жинағы дайындалған екен. Көне Сығанақ пен Сайрам қалашықтарының мемлекеттік қорғау аймағы мен олардың шекараларын анықтау жұмыстары да аяқталып, Сауран қалашығы мен Көне Түркістан қаласының менеджмент жоспарлары толық жасалып бітіпті.
Мекеме басшысы экран арқылы мемлекетаралық жоба негізінде шетелдердегі Сұлтан Бейбарыс, Әл-Фараби кесенелері мен Абай Құнанбаев ескерткішінің жәй-күйімен, атқарылған, қолға алынар жұмыстармен таныстырып өтумен қатар, өзі басқаратын мекеменің техникалық жарықтандырылуына көңіл бөлінсе, ұжым акционерлік қоғам болып қайта құрылса деген ұсынысын да айтты.
Келесі болып сөз алған Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Ермек Аманшаев: «Елбасымыз «Мәдени мұра» бағдарламасын: «Мемлекеттің мәдениетке ерекше көңіл бөлуін айқындайтын стратегиялық ұлттық жоба» деп атаған еді. Осыған орай аталмыш бағдарламаның 2007-2009 жылдардағы екінші кезеңі – нақтылы басым бағыттарда жүзеге асырылатын шараларға негізделгені құптарлық жәйт. Сол бағыттардың бірі – мәдени құндылықтарымызды жаңа контексте насихаттау, табылған тың деректерді бүгінгі ғылыми айналымға енгізіп, Мұрат Әуезов айтпақшы, «мұралану» болса керек. Осы тарапта Қазақстанның белді-белгілі тарихи орындары, тарихи, археологиялық ескерткіштері жөнінде жоғары сапалы және мазмұны бай деректі фильмдер түсіріп, оны да тиісті дәрежеде мәдени айналымға енгізу маңызды болмақ» дей келіп, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы» АҚ «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында бірқатар фильмдерді өндіріске жібергенін айтты. Яғни, ұлт қаһармандары Бауыржан Момышұлы туралы «Бауыржан Момышұлы», Алаш арыстары циклімен түсірілген «Алашорда», «Міржақып Дулатов», Мұхтар Әуезов туралы «Жеңімпаз трагедиясы», мемлекет қайраткері Нәзір Төреқұлов туралы «Кеңес Одағының өкілетті елшісі», бүгінгі тарландарымыз: қазақтың бұлбұл әншісі Бибігүл Төлегенова туралы «Бибігүл Төлегенова», академик Төрегелді Шарманов, жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов туралы деректі фильмдер және ұлтымыздың алтын қоры іспеттес тарихи-мәдени ескерткіштер туралы «Тамғалы тас петроглифтері», «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі», «Көне Түркістанның архитектуралық ескерткіштері», «Жүсіп ата ортағасырлық кесенесі», «Тұрбат архитектуралық-культтық кешені», «Баба Ата сарай-қамал кешені», «Аққойлы мешіт-медресесі», «Верный қалалық училищесі», «Офицерлік жиналыс үйі», «Жаркент мешіті» архитектуралық-көркемдік мұражайы, т.б. фильмдер түсірілген екен.
Ермек Аманшаев «Бауыржан Момышұлы» атты фильмге түсініктеме бере келіп, «Қорқыт. Күй тарихы» атты деректі фильмнің де жәй-жапсарын баяндап, ғылыми негіздемелерге сүйенген қойылымның ерекшеліктеріне кеңірек тоқтала келіп, италия сазгері Нелло Кореаленің «Көшпенділердің музыкалық мұрасы» фильмін мазмұндық, көркемдік тұрғыда биік талғамнан шығатын үлкен жоба ретінде қарастырылып отырғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ «Қазақфильм» АҚ базасында 2010 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында тарихи ескерткіштерімізді дәріптеуге арналған Әнуар Мамраимовтың 10 деректі фильмі түсіріліпті. Алдағы уақытта бүлдіршіндерге арналған «Қазақ елі», «Мың бала» атты көп сериалы танымдық фильм түсіру жобаланып отырған көрінеді.
Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының «Мәдени мұра» бағдарламасын орындау барысы туралы мекеме басшысы Бауыржан Байтанаев баяндап өтті. Жоспарлы қазбалар негізінде палеолит дәуірінен орта ғасырларға дейінгі кезеңдегі ескерткіштер мен заттай мәдениет құралдары зерттеліп, 23 жоба аясында қазба жұмыстары жүргізіліпті.
Осы тұста ғалым Қойшығара Салғараұлы кей елді, елсіз мекендерде белгісіз біреулердің қазба жұмыстар жүргізіп жүргендерін айта келіп, осы жәйттің мән-жайын білсек деген ыңғай танытты. Орайы келгенде бұл мәселеге Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары мен Мәдениет министрі арнайы тоқталып, заңсыз археологиялық қазба жұмыстарына тыйым салыну керектігін, оған өлке әкімдігінің тікелей жауаптылығын, қажет болса археологиялық заңға өзгеріс енгізу керектігі айтылды.
Кеңес барысында айтылған мәселелер бойынша сұрақ-жауап, пікір-ұсыныстар білдіріліп, нақтыланған тақырыптар тұжырымдалып, келесі жылдың ақпан айындағы кезекті отырыс мерзімі белгіленді, тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына «Мәдени мұра» бағдарламасының бағалы да базарлы бағдарламасын тарту керектігі нақтыланды.
Берік САДЫР.