Жаңа жыл қарсаңында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Азия ойындарында еліміздің Көк байрағын желбіреткен бір топ спортшыларға, олардың бапкерлеріне құрмет көрсетті. Дохада өткен әлем чемпионатында топ жарған, күні кеше Гуанчжоуда аяқталған Азия ойындарында бір алтын, бір күміс иеленген Ольга Рыпаковаға өңір басшысы сүйріктей сұлу «КIA» автокөлігінің кілтін тапсырып, енді 1,5 жылдан кейін Лондонда өтетін Жазғы Олимпия ойындарында чемпион болуына сәттілік тіледі.
Азия ойындарында қола медаль иеленген боксшы Данабек Сужанов пен басқа да жүлде алған саңлақтарға және бір топ бапкерге Бердібек Мәшбекұлының қолымен қомақты мөлшерде қаржы берілді. Облыстық спорт және туризм басқармасының бастығы, кикбокстан әлемнің бес дүркін чемпионы Асқар Можанов бір айдан кейін Астана мен Алматыда өтетін Қысқы Азия ойындарында шығысқазақстандықтардың кем дегенде 15 медаль үшін күресетіндерін хабардар етті.
Ондасын ЕЛУБАЙ, Өскемен.