Референдум – демократияның маңызды институты
Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт МЕЛДЕШОВПЕН әңгіме – Бақыт Сәрсенбайұлы, 27 желтоқсан күні Орталық сайлау комиссиясының отырысында референдумның бастамашы тобын және оның республикалық референдумға ұсынып отырған мәселесiн тiркеу туралы қаулы қабылданғаны белгілі. Нақты осы саяси шара жайын сөз етпес бұрын, жалпы референдум туралы аз-кем айта кеткен артық болмас еді. – Референдум – демократияның маңызды институты болып табылады. Референдум арқылы қабылданған шешімдер жоғары заңдық күшке ие, қандай да бір қосымша бекітуді, қуаттауды қажет етпейді және мемлекеттің бүкіл аумағында қолданылуы міндетті болып табылады. Бұл – азаматтарды мемлекет өмірінің маңызды сұрақтары бойынша шешім қабылдауға қамту арқылы демократияның ауқымын кеңейту және дамыту жолы. Өйткені, референдумда халық құқықтық шығармашылық санатындағы шешім қабылдайды. Әлемнің көптеген елдерінде референдум кеңінен қолданылады, ал кейбір мемлекеттерде жекелеген жағдайларда ғана өткізіледі. – Яғни, референдум өткізуде әлемдік тәжірибе көп болды ғой, сонда. – Иә. Мысалы, Швеция тарихында соңғы екі ғасырда 300-ден астам референдум өткен көрінеді. Кейбір деректерге қарағанда, XX ғасырдың өзінде ғана мемлекеттік даму мәселелері бойынша Еуропада – 101, Азия елдерінде – 18, Америкада – 25 референдум болған. Мұндай тәжірибе біздің елімізде де бар: Қазақстанда 1995 жылы екі референдум өткізілді. – Енді әңгіме ауанын еліміздің референдум туралы заңнамасына қарай бұрсақ. Референдумға әзірлік қалай басталады? Кімнің референдум өткізу туралы бастамашылық көтеруге құқығы бар? – Түптеп келгенде, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық болса (Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-бабының 1-тармағы), референдум – халықтың осы билікті нақтылы жүзеге асыруының, қоғамдық ерік пен халық пікірін білдірудің айшықты да айқын жолы. Қазақстан Республикасында референдумдар өткізу тәртібі Конституциямен және 1995 жылғы 2 қарашада қабылданған «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңмен реттеледі. Референдум туралы Конституциялық заңның 11-бабына сәйкес, референдум тағайындау туралы бастамашылық ету құқығы Қазақстан Республикасының Президентiнде, Парламентiнде, Үкiметiнде және республикалық референдумға қатысу құқығына ие 200 мыңнан кем емес азаматтарда болады. Референдум өткiзу туралы бастамашылықты азаматтар көтерген болса, құрамына Қазақстан Республикасының әр облысынан, астанасынан және республикалық маңызы бар қалалардан кемiнде үш-үштен өкiл кiретiн референдумның бастамашы тобы құрылады. Өздеріңізге белгілі, үстіміздегі жылдың 23 желтоқсаны күні Өскемен қаласында сан жағынан еліміздің барлық облыстарын, астанасы мен республикалық маңызы бар қалаларын тең мөлшерде бiлдiретiн 850 азамат қатысқан жиналыста 320 адамнан тұратын бастамашы топ құрылған болатын. Заң талабы бойынша, референдумның бастамашы тобы мен оның референдумға ұсынып отырған мәселесі Орталық сайлау комиссиясында тіркелуі тиіс. Бастамашы топ ұсынған құжаттар негізінде 27 желтоқсан күні Ортсайлаукомның отырысында референдумның бастамашы тобын және оның республикалық референдумға ұсынып отырған «Сіз республикалық референдумда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың президенттік өкілеттіктері мерзімін 2020 жылғы 6 желтоқсанға дейін ұзартасыз ба?» мәселесiн тiркеу туралы қаулы қабылданды. Заңнамаға сәйкес, референдум бастамашылары барлық облыстарды, Қазақстан Республикасының астанасы мен Алматы қаласын тең мөлшерде білдіретін кемінде 200 мың азаматтың қолын, яғни әрбір өңірден 12,5 мыңнан кем емес қол жинауы тиіс. Сондықтан бастамашы топқа тіркеу туралы куәлікпен бірге белгіленген үлгідегі қолдап қол жинау парақтары берілді. Бұл референдум туралы заңның 14-бабы 2-тармағына сәйкес. – Бастамашы топтың ендігі жердегі міндеті 200 мың азаматтың қолын жинау дедіңіз. Бұл жұмыс заң бойынша қалай жүргізілуі тиіс? Қойылатын талаптар қандай? – Референдумның бастамашы тобы азаматтардың қолын жинауды тiркеу туралы куәліктi алған күннен бастап ұйымдастырады, мұны бастамашы топ мүшелерi жүзеге асырады. Әрбiр азамат қол қою парағына тек бiр рет қана қолдап қолын қоюға хақылы және бұл кезде жеке басын куәландыратын құжатын көрсетуі тиіс. Қол қою парағына азаматтың қолы қойылады, сондай-ақ оның аты-жөні, тұрғылықты жерi, жеке басын куәландыратын құжаттың деректемелерi және қол қойған күнi жазылады. Толтырылған әрбiр қол қою парағына қол жинаған адам өз қолын қояды. Белгiленбеген үлгiдегi қол қою парақтары, сондай-ақ осы Конституциялық заңның өзге де талаптары бұзылып толтырылған қол қою парақтары жарамсыз болып табылады. Қол жинау аяқталғаннан кейiн үш күн мерзiмде толтырылған қол қою парақтары аумақтық сайлау комиссиясына тапсырылуы тиіс. Заңнамамен белгіленген мөлшерден артық қол қойылған қол қою парақтары аумақтық сайлау комиссиясына толтырылуына қарай тапсырыла алады. Сайлау комиссиялары аумақтық әділет органдарының қызметшiлерiн қатыстыра отырып, қол қою парақтарындағы азаматтардың қолының дұрыстығын тексередi, тиiстi хаттама жасайды және оны Орталық сайлау комиссиясына жiбередi. Расталмаған қолдар, қол жинау мен қол қою парақтарын ресiмдеу тәртiбiнiң бұзылғаны анықталған жағдайда аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Орталық сайлау комиссиясына тиiстi ұсыныс енгiзедi. Біз мұндай ұсыныс түскен күннен бастап бiр ай мерзiмде жөнсiздiкке жол берген бастамашы топ мүшелерiнiң қызметiн тоқтату туралы, референдум туралы Конституциялық заң талаптарының бұзылғаны анықталған қол қою парақтарын жарамсыз деп тану жөнінде шешiм қабылдай аламыз. – Сонда, қолдап қол жинауға барлығы қанша уақыт беріледі? – Қолдарды жинаудың шекті мерзімі Конституциялық заңмен белгіленбеген. Бұл үдерістің ұзақтығы республика азаматтарының бастамашылықты қолдауына және бастамашылардың өздерінің ұйымдастырушылық мүмкіндіктеріне байланысты. – Референдум өткізу туралы шешімді кім қабылдайды? – Заңнамамен референдум тағайындау құқығы Қазақстан Республикасының Президентiне берілген. Ал референдум өткізу бастамашылығын республика азаматтары көтеріп отырғандықтан, референдумға қатысу құқығы бар екi жүз мыңнан кем емес республика азаматтары референдум тағайындау туралы республика Президентiне тiлек бiлдiруі тиіс. Бұл үшін бастамашы топ қол жинау аяқталған күннен бастап он күннен кешiктiрмей толтырылған қол қою парақтары мен жиынтық деректердi Орталық сайлау комиссиясына жiбередi. Ортсайлауком қол жинаудың нәтижелерiн қорытынды хаттамаға енгiзедi. Референдум өткiзу туралы ұсыныс қол жинаудың нәтижелерi жайындағы қорытынды хаттамамен бiрге Қазақстан Республикасының Президентiне жiберiледi. Бұл референдумның бастамашы тобынан құжаттарды алған күннен бастап бiр айдың iшiнде іске асырылуы тиіс. Егер Президент республикалық референдумды өткізу туралы Жарлыққа қол қойса, референдум заңнамамен көзделген тәртіпте өткізіледі. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.Президент пен халық біртұтас
Алдан СМАЙЫЛ, Бекболат ТІЛЕУХАН, Парламент Мәжілісінің депутаттары. Біз Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту жөніндегі бастаманы қуаттайтынымызды мәлімдей отырып, қазақстандықтарды осы бастаманы қолдауға шақырамыз. Қазақ халқы, барша қазақстандықтар тағы бір тарихи өрлеу мен серпіліс кезеңінде тұр. Біз өзіміздің ел алдындағы, қоғам алдындағы жауапкершілігімізді толық сезіне отырып, республика барлық жағынан әлеммен үзеңгі қағыстырған тұста саяси және әлеуметтік зерделілік танытуға тиіспіз. Экономикасы қарыштап дамып, алдағы күндерге бүгінгіден де зор міндеттер қойып отырған және сол мұрат-мақсаттарды іскерлікпен шешуге кіріскен Қазақстанды қазіргіден де қуатты қарқынмен дамытудың бірден-бір кепілі – республикамыздың Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Халық бір ауыздан және ерекше жүрек жылуымен Ұлт Көшбасшысы деп таныған аса көрнекті мемлекет қайраткері тарихи қысқа мерзімде жүзеге асырған саяси-экономикалық және әлеуметтік-мәдени шаралар республикамызды ТМД аясында ғана емес, Азиядағы қуатты мемлекеттің деңгейіне көтерді. Елбасы толық аумақтық тұтастықты сақтау арқылы тәуелсіз мемлекеттің іргесін нығайтты. Ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамдық бірлікті қалыптастыру арқылы Қазақстанды ынтымағы жарасқан, достық атты теңдессіз құндылыққа сүттей ұйыған, тілегі де, жүрегі де бір ұлттардың сәулетті отанына айналдырды. Шетелдік инвестициялар мен ішкі даму қорларын ұлғайта отырып, ашық нарықтық экономикаға негізделген үдемелі экономиканы өрістетті. ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті арқылы әлем Қазақстанды саяси зерделі ел ретінде таныды. Біз ел Президентінің осынау тарихи тағдырлы жеңістерін зор алғыс сезімімен жоғары бағалаймыз және мақтан етеміз. Заманымыздың ұлы қайраткері ретінде Қазақстанды әлем төріне шығарғаны үшін, туған халқының дана перзенті ретінде ата жұртымыздың бағын жандырғаны үшін, әсем де айбынды Астанамен салтанатымызды асырғаны үшін мың да бір рахмет айтамыз. Біз Тұңғыш Президентіміз, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту жөніндегі бастаманы қызу қуаттаймыз. Кемелді бүгініміз үшін де, бүгіннен де сәулетті болуға лайық ертеңіміз үшін де қолдаймыз. Қазақстандық патриотизмнің бүгінгі ұраны – Президент пен халықтың біртұтастығы. Біз қазіргі таңқаларлық жетістігімізді одан әрі баянды етуге ұмтылсақ, өзіміздің және келер ұрпақтың тағдырына сенімді болғымыз келсе, Қазақстанды Орталық Азияның ғана емес, еуразиялық ұлан-байтақ кеңістіктің қуатты да беделді мемлекеті ретінде көруді қаласақ, ішкі бейбіт өмір мен ұлттық рухани гүлденуді таңдасақ, жаңа ХХІ ғасырдың төріне Елбасымен бірге қадам басуға тиіспіз. Бұл қазіргі зымыран уақыттың талабы. Бұл – өркендеген, талғампаз да зерделі халқымыздың талабы. Бұл – барды бағалай білген, асылын ардақтай алған көкірегі ояу барша азаматтың мұраты. Біз қазақстандықтарды ұдайы өркендеу мен дамудың таңдауы болған осынау мұратты қолдауға шақырамыз.Кәсіподақтар бастаманы қолдады
Сәрсенбі күні Астанада Қазақстан Кәсіподақтары федерациясы бас кеңесінің кеңейтілген отырысы болып, оған халық шаруашылығы және әлеуметтік сала кәсіподақтарының барлық ұйымдарынан өкілдер қатысты. 2 миллионға жуық халықты құрайтын ұйымдардың атынан келген делегаттардың бәрі де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзартуды қолдады. Кеңейтілген отырысты Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашев ашып, жүргізіп отырды. Ол өзінің сөзінде кәсіподақтардың азаматтық қоғамның құрамдас бөлігі ретінде ешқашан да елдегі маңызды қоғамдық-саяси оқиғалардан шет қалмайтынын, әрқашан мемлекет ішіндегі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық, конфессияаралық келісімді жақтап келгенін айтты. Біз, деді төраға, Ұлт Көшбасшысына деген сенімімізді үстіміздегі жылдың маусым айында болған ХХІІ съезімізде де айтқан болатынбыз. Сол республикалық форумға қатысқан делегаттар өздері қабылдаған қарарда: «Елдегі ең үлкен қоғамдық ұйым – кәсіподақтар қозғалысы Президент Н.Назарбаевқа әрқашанда өздеріне қағидатты түрде қолдау білдіретіндігі үшін ризашылығын айтады», деп атап көрсеткен еді. Біз сол сөзімізден айнымаймыз және Президентті әрқашан қолдаймыз. Делегаттар арасынан сөйлеген белсенділердің бәрі де Н.Назарбаевтың президенттік өкілеттігін референдум арқылы 2020 жылға дейін ұзартуды дұрыс деп санайтынын жеткізді. Соның ішінде өскемендіктер атынан сөйлеген «Қазақмыс» АҚ «Белоусов» тау-кен байыту комбинаты кәсіподағының төрағасы Д.Уахитов референдум туралы идеяны өзінің жерлестері көтергенін мақтан ететінін айтты. Біздің мемлекеттің басында нағыз көшбасшы тұрғанына бәріміз де мақтануымыз керек, деді ол. «Арселор-Миттал» АҚ металлургтердің «Жақтау» кәсіподақ ұйымының төрағасы В.Дубин кез келген адамның көшбасшы бола алмайтынын ауызға алды. Ол мамандардың зерттеуі бойынша барлық адамдардың арасынан тек 5 пайызының ғана қолынан мұндай іс келетіні анықталғанын жеткізді. Меніңше, деді ол, көшбасшы болу дарынын адамға Құдай береді, ал халықтың жүрегіне жол тауып, танымалды болуға тек орасан еңбек пен жанкештіліктің арқасында ғана қол жеткізуге болады. Нұрсұлтан Назарбаевтың бойынан осы қасиеттердің бәрі де табылады. Кеңейтілген отырыста сөйлеген атом энергетикасы саласы еңбеккерлері кәсіподағының төрағасы Г.Кузьмин, Жамбыл облыстық кәсіподағынан Г.Орынбаева, «ПетроКазахстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ кәсіподағынан Е.Дүйсенов, Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағынан А.Мұқашева, Астана кәсіподақтары кеңесінен С.Мыңбаев және басқаларының бәрі де Елбасының президенттік өкілеттігін ұзартудың маңызды екенін жеткізді. Отырыс қорытындысы бойынша барлық кәсіподақтар мүшелеріне арналып қабылданған мәлімдемеде делегаттар: «Біз Президентпен бірге Отанымыздың жарқын болашағы жолында еңбек ету міндетін мойнымызға аламыз» делінген. Жақсыбай САМРАТ.Тығыз топтасқандықтың белгісі
Елбасының өкілеттігін ұзарту жөнінен референдум өткізуге байланысты еліміз бойынша 314 621 қол жиналды Бейсенбіде Елбасы Н.Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзартуға байланысты бүкілхалықтық референдум өткізу жөніндегі бастамашы топ мүшелерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты болып өтті. Оны бастамашы топтың жетекшісі, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Сыдықов жүргізіп отырды. – Өскемендегі жиыннан бері небәрі бір аптадай ғана уақыт өтсе де республика жұртшылығы бастаманы қызу қолдап, Елбасымен бірге екендерін іс жүзінде дәлелдеп берді, – деді Ерлан Бәтташұлы. – 30 желтоқсандағы сағат 15.00-дегі ақпарат бойынша республика бойынша 314 621 адам қол қойды. Атап айтқанда, Ақмола облысы бойынша – 18429, Алматы облысы – 33232, Ақтөбе – 16314, Атырау – 10575, Шығыс Қазақстан – 34560, Жамбыл – 18429, Батыс Қазақстан – 15106, Қарағанды – 31177, Қызылорда – 14200, Солтүстік Қазақстан – 15710, Оңтүстік Қазақстан – 25075, Маңғыстау – 90064, Павлодар – 18429, Қостанай – 21752, ал Алматы мен Астана қалалары бойынша тиісінше 19940 және 12689 адам Елбасымен бірге екендерін мәлім етті. Сонымен еліміз бойынша 314 мыңнан астам қол жиналды. Бірақ қол жинау 11 қаңтарға дейін созылатындықтан жұмыс одан әрі жалғаса бермек. Қалған оншақты күнде республика бойынша екі миллионнан астам қол жинаймыз, – дейді топ жетекшісі. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Өскемен.Халық тілегін тап басқан
Күн өткен сайын Елбасымыздың өкілеттігін ұзарту жөнінде Өскеменде айтылған ұсыныстардың халық тілегін тамыршыдай тап басқандығы айқын сезілуде. Осы мәселенің «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Алматы филиалында талқылануы соның бір игі көрінісі болды. Аталмыш шараға қоғам мен саясат қайраткерлері, қалалық мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, шағын және орта бизнес өкілдері қатысып, Қазақстан Президентінің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдум өткізу жөніндегі бастамашы топтың ұсынысына орай ой-пікірлерін ортаға салды. Партия филиалының төрағасы, қала әкімі Ахметжан Есімов кездесуде осынау бастаманы еліміздің үздіксіз ілгерілеп алға басуын қамтамасыз ету қажеттігі ретінде қарастыру керектігін атап көрсетті. Ол Нұрсұлтан Назарбаевқа республиканы оның қаз басып қалыптастыру жылдарында басқарудың қиын міндеті жүктелгенін қадап айтты. Кеңінен болжайтын көрегендік, батылдық пен байыптылық, жеке басының асыл қасиеттері, Мемлекет басшысы жүргізіп отырған салиқалы да сарабдал саясат, міне, осының бәрі, сайып келгенде, Қазақстан экономикасының нығаюына алғышарт жасады. Қазіргі уақытта республиканың ішкі жалпы өнімі Орталық Азия елдерінің бәрін қосып алғандағы ішкі жалпы өнімінен бір жарым есе асып түседі. Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында республика бүкіләлемдік қоғамдастықтың алдында үлкен абырой-беделге ие болды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы, Астана Саммитінің үлкен тағылыммен өткізілуі ел Президентінің әлемдік ауқымдағы көшбасшы ретіндегі күмәнсіз беделінің, сондай-ақ оның бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы жасампаздық қызметінің арқасында мүмкін болғандығы және анық. Қазақстандықтар, соның ішінде алматылықтар да Нұрсұлтан Назарбаев саясатының жемісті нәтижесін әлеуметтік-экономикалық саладан да көріп отырғандығы кездесуде атап өтілді. Жиналысқа қатысушылар Президент өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөнінде референдум өткізу бастамасын бірауыздан қолдады. Қорғанбек АМАНЖОЛ.Басты бағдар – мемлекеттің тұрақты дамуы
«Әділет» демократиялық партиясы өкілдері Қазақстан Президентінің өкілеттілік мерзімін ұзарту жөніндегі референдумға қатысты баспасөз мәслихатын ұйымдастырды. Жиынға «Әділет» партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев, сондай-ақ, партия мүшелері қатысты. «Қазақстан XXI ғасырдың екінші онжылдығына әлемнің әртүрлі аймақтарында және біздің еліміздегі орын алған күрделі жағдайларда қадам басқалы отыр. Қазіргі заманда тұрақтылық пен бірлік, ынтымақ пен алға даму жалпыұлттық көкейкесті мәселеге айналды. Бүгінде бұл құндылықтар туралы айтып, қоя салу жеткіліксіз – ол құндылықтарды одан әрі дамыту, аялау, қорғау қажет. Елімізді осылайша жетілдірудің саяси бастамашысы да, оны өмірге әкелуші де Президент Н.Назарбаев екені талассыз. Сондықтан, Өскемен қаласында жария етілген «Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзарту туралы мәселені бүкілхалықтық талқыға салу» туралы бастамашы топтың ұсынысы қазір тұрғындар мен азаматтық қоғам тарапынан кеңінен қолдау табуда. Біз қазіргі қолданыстағы заңнама жүйесіне сәйкес, бұл бастаманың жүзеге асуына ешқандай заңдық кедергілер жоқ деп санаймыз», – деді партия төрағасы. Партияның ұсынған мәлімдемесінде, сондай-ақ, «Әділет» партиясының еліміздің тұрақты дамуының стратегиялық шешуші кілті ретінде Қазақстан халқының басым бөлігі тарапынан қолдау тауып отырған қазақстандық дамудың жолы мен бағытына қазіргі жағдайлар мен мүмкіндіктерді, объективті кедергілерді ескере отырып, жүзеге асыру қажет деп санайтындығы айтылыпты. Басқосу кезінде партия төрағасының орынбасары Серік Әбдірахманов та өз ойымен бөлісті. «Осы жыл басында сайлау болғанын қалап, өзімнің жеке атымнан Елбасының атына ашық хатпен шыққан болатынмын. Әрине, сайлау – жаңару, дамуға ыңғайлырақ. Адамзаттың тарихы оны дәлелдеді. Ал референдум – биліктің тағдырын шешудің тағы бір жолы. Мен өз әріптестерімнің осы мәлімдемесін мақұлдап, осыған қосылдым», – деді ол. Оның айтуынша, референдум – қоғам дамуы мен оның тұрақтылығын қамтамасыз ететін шара болмақ. Жиын соңында партия төрағасы Н.Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту – мемлекеттің алға қойған мақсатына сай келетіндігін атап көрсетті. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.Жарқын болашақ жолы
Облыс орталығында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөнінде акция өтті. Онда бүкілхалықтық референдум өткізу жөніндегі республикалық бастамашы топтың ұсынысы бірауыздан қолдау тапты. Шараға еңбек, соғыс ардагерлері, «Нұр Отан» ХДП-ның, шағын және орта бизнес, «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері, денсаулық, білім саласының қызметкерлері қатысып, ұлы Абай елі көтерген бастамаға өз үндерін қосты. Геннадий ЗЕНЧЕНКО, Қазақстанның Еңбек Ері, «Зенченко және К» командиттік серіктестігінің бас директоры: – Мен Нұрсұлтан Әбішұлын Тәуелсіздіктің алғашқы кездерінен жақсы білемін. Бірнеше рет сенімді өкілі болдым. Содан бері еліміз қанша қиындықтарға кезіксе де, Елбасымыздың бастауымен сыннан мүдірмей өтті. Дамудың жарқын жолына түсті. Бүгінде экономиканың қарыштай өркендеп, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсарғанын бәріңіз көріп отырсыздар. Тек биылдың өзінде Қазақстанда бірнеше халықаралық басқосулар өтті. Мұның бәрі Президенттің әлем мойындаған абырой-беделінің арқасында жүзеге асып келеді. Жүзден астам ұлт пен ұлыстың басын қосып, тату-тәтті бірлікте өмір сүру, ортақ мақсатқа жұмылдыра білу бағытында толайым істер атқарылды. Жуырда ғана инновациялық жобалар пайдалануға берілді. Осылайша жарқын болашағымызға айқара жол ашылып отыр. Маргарита МАЦКО, Жазғы Азия ойындарының жеңімпазы: – Елбасы биылғы Жолдауында халық денсаулығы Қазақстанның стратегиялық мақсаттарына жетудегі табысының ажырамас құрамдас бөлігі екенін белгілеп берді. Бұл орайда саламатты өмір салтын нығайтуға және адамның өз денсаулығы үшін ынтымақты жауапкершілігін арттыруға үлкен мән беріліп отыр. Президенттің бастамасымен Қысқы Азия ойындарының елімізде өткізілуі бұқаралық спорттың өркендеуіне қозғау салып, талай спорттық бастамаларға мұрындық болды. Бүгінде мемлекеттік шаралар кешені ана мен бала өлімін азайту, аса қауіпті ауруларды төмендету, өмір сүруді ұлғайту секілді маңызды мақсаттарға жұмылдырылған. Жиында еңбек ардагері, Петропавл қаласының құрметті азаматы Александр Липовой, «Мәмбетов және К» ЖШС-нің бригадирі, «Отан» орденінің иегері Арыстан Жұнысов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Григорий Кухарь, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті Елена Косенкова, тағы басқалар сөз сөйлеп, Ұлт Көшбасшысы – Тұңғыш Президентіміздің салиқалы саясаты өз жемісін беріп, Қазақстан халқын достыққа, татулыққа ұйыстырып отырғанын жеткізді. Біздің қалауымыз – Нұрсұлтан Назарбаев! Оның батыл бастамалары мен реформаларына әркез қолдау білдіреміз. Біз оның елді адастырмай, халықты соңына ерте алатынына сенеміз, десті олар. Акцияға қатысушылар облыс жұртшылығын Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзартуға байланысты референдум өткізу жөніндегі бастамашы топтың үндеуін қолдауға шақырды. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы.Төртеу түгел болса, төбедегі келеді
Жомарт ҚОШҚАРОВ, Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы. Жыл өткен сайын ел тәуелсіздігінің қадір-қасиеті арта түскенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Мемлекет мәртебесін өсіріп, ұлт абыройын асқақтату жолында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел-жұртын өрге сүйреп, өзінің өміршең ойларымен, жаңашыл бастамаларымен, сарабдал саясатымен ерекше күш-жігер көрсетіп, егемен елдің еркін тыныс алуына қол жеткізді. Мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ең алдымен жақын шет елдермен екі арадағы шекараны ың-шыңсыз бекітті. Алыстағы алпауыт елдермен мәңгілік достық туралы келелі келісімдерге қол жеткізді. Еліміз әлеуметтік жедел жаңару жолына түсті. Қазақстанда кең көлемді саяси жаңару бағдарламасы қолға алынды. Мұның бәрі Қазақстанның әлеуметтік, экономикалық және саяси дамудың үлкен бір кезеңін артқа тастап, сапалық жаңа сатысына көтерілгенінің айғағы. Осы жылдар ішінде елімізде ұлтаралық татулық, дінаралық келісім берік орнығып, қоғамның тұрақтылығы қамтамасыз етілді. Мұның бәрі Елбасы Н.Назарбаевтың «2030 жылы Қазақ елі «Азия барысына» айналады» деген Стратегиялық жоспарының арқасы. Мысалы, «Қазақстан-2030» стратегиясы анықтап берген білім беру жүйесінің алдында тұрған жауапты міндет егемен еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосар білімді, мәдениетті жастарды тәрбиелеу болып табылады. Сол биікке жету үшін экономикамызды көркейтуге нық қадам басудамыз. Елбасы, сонымен бірге, ауылдың экономикалық-әлеуметтік жағдайын көтеруге үлкен көңіл бөлінуін атап көрсеткен болатын. Қазір сол ауыл тұрғындарын алаңдатқан мәселелер де кезек-кезегімен шешіле бастады. Егемендік алғалы Қазақстанды әлемнің барлық елі, барлық жұрты таныды десек артық айтқандық емес. Мемлекетіміз Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастап, көптеген беделді халықаралық ұйымға мүше болды. Ал биылғы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті. Астана оның ұлы жиыны – Саммитін өткізді. Бұл Саммиттің сәулесі талай жүректерді жылытты. Жаңа ғасырдағы жаңа Қазақстанның бүгінгі құдіретті күші ел бірлігінде, ұлттар татулығында болып отыр. Қазақстан үшін ХХI ғасыр парағы парасат пен пайымға толы болуы үшін Елбасының білім мен ғылымды дамытуға қойып отырған талабы аса биік. Жоғары білім беру саласында еңбек рыногының қажеттіліктерін, елдің индустриялық-инновациялық дамуының және жеке тұлғаның қажеттіліктерін қанағаттандыратын жоғары білім сапасының деңгейіне көшу көзделіп отыр. Елбасының айтуға тұрарлық еңбектерінің бірі – еліміздің талантты да алғыр жастарын «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде оқытып алуға жол ашуы болды. Нәтижесінде, қазір заманауи технологияның құлағында ойнайтын ойы оралымды, ақылы зерек жастар елдің басқару жүйесінде, ғылыми-зерттеу институттарында, өндіріс ошақтарында білек түріп жұмыс істеуде. Астана қаласында бой көтерген халықаралық деңгейдегі жаңа университет білім-ғылымның жаңа биігіне, сапасы бөлек байтақ әлемге айналғалы тұр. Базалық орталығы бар, әлемдік талаптарға жауап бере алатын, Массачусетс технология институты, Гарвард, Оксфорд, Колумбия университеттері секілді жоғары оқу орны болмақ. Өйткені, «Назарбаев Университеті» біріншіден, ұлттық, сондай-ақ, дүниежүзілік деңгейде білім беруді қалыптастырып, Отанына қызмет ететін жастардың ой-санасын өсіріп, білім-білігін арттыруды мақсат тұтады. Бүгінгі Қазақстан өркениет пен мәдениеттің ең биік сатыларына қол созып отыр. Тәуелсіз елімізде бейбітшілік салтанат құрып, болашаққа үміт артқан жарқын істер жоспарлануда. Әлемді мойындатқан ел басшылары қазақ мемлекетімен санасатын деңгейге көтерілдік. Яғни, Қазақстан өзінің өнегесі арқылы шағын халқы бар мемлекеттің бүкіл әлемнің дамуына қалайша ықпал ете алатынын көрсетіп берді. Қазақстанның ядролық қарудан бас тарту, интеграциялық бастамалар, сондай-ақ ЕҚЫҰ-ға жаңа серпін беру сияқты игілікті істерінің барлығы әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаға ие болды. Енді біз осы қарқынды бәсеңдетпей, Қазақстанның және оның азаматтарының жетістіктерін сақтап, одан әрі дамытуға күш салуымыз қажет. Ол үшін Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы республикалық референдумды өткізуді қолдап, оның нәтижелі болуына жұрт болып жұмыла атсалысуымыз керек. Неге? Өйткені, бұл шешім біздің болашаққа деген сенімімізді нығайтып, халқымызды біріктіре түспек. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді” демекші, қазақстандықтар Ұлт Көшбасшысының айналасына бірігуі қажет. Сонымен бірге, осы жылдарда елімізді мекендеген ұлттар мен ұлыстар Президентіміздің биік адамгершілігін, кенен ақылын, ел басшысы ретіндегі кемел саясатын айқын аңғарып, жете таныды. Сондықтан Елбасының елге болсын деген еңбегін терең сезіне отырып, ішкі және сыртқы экономиканың өркендеуі үшін, қоғамдағы тұрақтылықты берік бекемдеу үшін, халықтың бірлігін нығайту үшін, биліктің баянды болуы үшін Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы республикалық референдум өткізу жөніндегі ұсынысты «Жамбыл гуманитарлық-техникалық» университетінің педагогикалық ұжымы мен студенттері бірауыздан қолдап, қол жинауға бір кісідей атсалысады. Жамбыл облысы.Әлі де берері көп
Сайлау БІЛӘЛОВ, Социалистік Еңбек Ері. 2010 жылдың 23 желтоқсанында Өскемен қаласында ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылдың соңына дейін ұзарту жөнінде форум өткізілген болатын. Сол форумда бастамашы топ құрылып, осы мәселе жалпыхалықтық референдумға ұсынылды. Кезінде Абылайханнан «Не арманың бар?» деп сұрағанда: «Үш жүздің басын қоссам деп едім, қоса алмадым. Қала салсам деп едім, сала алмадым. Қазақты біртұтас ел етсем деп едім, ол арманыма да жете алмадым» деген екен. Алаш асылдарының осындай мақсатын «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының сан ғасырлық аңсаулы арманын іске асырып, Тәуелсіз Қазақстанды құру еліміздің Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қажырлы еңбегінің, нағыз ерлігінің арқасында болды. Өз ұлтының азаматтарының басын қоса алмай жүргенде жанжалдасып, атысып жатқанда, Қазақстанда тұратын көптеген этнос өкілдері қазақтың қасиетті де берекелі шаңырағының астында топтастырылып, олардың бірлігін, ынтымағын нығайтудағы ұлтаралық және конфессияаралық келісімді, қоғамдағы татулықты үйлестірудегі Мемлекет басшысының ерлікке толы еңбегін, бүгінде тек қана қазақстандықтар емес, бүкіл әлем көріп, мойындап отыр. Менің ойымша, біздің елі сенген, әлем мойындаған, ғаламат күш-жігерлі Көшбасшымыз бар. Президенттің елімізге бергені де көп, берері де көп. Сондықтан халқымыздың ол адамға сенім артарына күмәнім жоқ. Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы.Халық сенімі ерекше
Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде Елбасымыздың президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөнінде жиналыс болып өтті. Бұл жиналыста шығысқазақстандықтар Үндеуін игілікті бастама ретінде алғашқылардың қатарында қызу қуаттаған білім мен ғылым саласындағы интеллигенция өкілдері болды. Бұған Алматы қаласындағы зиялы қауым өкілдері, Ұлттық ғылым академиясының академиктері, Ұлттық инженерлік академияның, жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары, оқытушы-профессорлар құрамы, ғылыми-зерттеу институттарының директорлары және ғылыми орталықтар мен студент-жастар өкілдері қатынасты. Маңызы зор жиналысты Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҰҒА академигі Тілектес Есполов кіріспе сөз сөйлеп ашып, тұғырлы тұлғамыз болып отырған Президентіміз Н.Ә.Назарбаев жөнінде мәні мен мазмұны терең ыстық сүйіспеншілікке толы лебіздерін білдірді. Оның айтқанынан «Елбасымен біргеміз!» деген қазақстандықтардың Елбасымыздың президенттік өкілеттігін ұзартуды қызу қуаттап, қолдап жатқанын аңғару қиын емес. Бұдан кейін сөз алған ҰҒА президенті, академик Мұрат Жұрынов Елбасының президенттік өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы республикалық референдум өткізу өз мерзімінде қолға алынып отырған мәселе екеніне орынды тоқталып өтті. Сонымен қатар Президентіміздің Қарағанды металлургиясынан басталған ерен еңбегінің өсу баспалдақтарын байыппен баяндап шықты. Ал, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Саттар Мәжитов күні кеше ғана ЕҚЫҰ Саммиті мен онда қабылданған декларация еліміздің абыройы мен беделінің тағы да өсе түскендігін нақты дәлелдермен қадап тұрып айтты. Сол сияқты ЖОО қауымдастығының төрағасы Рахман Алшанов Қазақстанның әлемдегі алып отырған орнының айырықша екенін, Елбасымыздың жастар болашағына қанатты қамқорлық көрсетіп келе жатқанын жанды мысалдар арқылы жайып салды. Алматы қалалық «Нұр-Отан» ХДП филиалы төрағасының орынбасары Махамбет Бейдәлі, Қазақ қыздар мемлекеттік университетінің ректоры Шәмшә Беркімбаева, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры, академик Рахымжан Елешов, осы университеттің «Бизнес және құқық» факультетінің магистранты Еспол Атағұлов, тағы басқа сөйлеушілер Елбасымыздың сегіз қырлы, бір сырлы асыл қасиеттерін таразы талқысына салып, сараптама жасап берді. Ел мен Елбасының арасындағы ажырамас бірлік пен ынтымақтастықтың нығайып отырғандығын өмірдің өзіндегідей етіп, көпшіліктің ортасына салды. Жиналысқа қатынасушылар қаралған мәселе бойынша Үндеу қабылдады. Қанат ТӘКЕБАЕВ, Қазақ Ұлттық аграрлық университеті баспасөз қызметінің хатшысы.Еліміздің ертеңі үшін
Елбасына сенім көрсетіп, оның өкілеттігін ұзартатын референдум өткізу жөніндегі пікірлерге біздер Созақ ауданының кәсіпкерлері мен ауылшаруашылық құрылымдарының басшылары қолдау білдіреміз. Қазақ халқының сан жылдар арман еткен, ақ найзаның ұшымен ел қорғаған асыл ерлеріміз аңсаған тәуелсіздік таңындағы Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың арқасында Қазақстанның атақ-даңқы бүкіл әлемге танымал болды. Елбасымыз әлемдік қаржы дағдарысынан да елімізді қиындықсыз алып шықты. Күні кеше аяқталған Астанадағы ЕҚЫҰ Саммиті еліміздің абыройын асқақтатып, көк байрағымызды биікке желбіретті. Елімізде 130 этнос өкілдері татулықта, ынтымақтастықта өмір сүріп жатыр. Қазақстан экономикасы жыл сайын алға басып келеді. Елбасымыз кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын дамытуға қолдау жасап, көмегін беруде. Бұл мақсатта Үкімет тарапынан субсидиялар беріліп, оны шаруашылығымызды ірілендіруге, дамытуға пайдаланудамыз. Бүгінгі күндері кәсіпкерлік саласы қарқынды даму үстінде. Лизингке техникалар беріліп, оны шаруашылықтарға пайдаланып, жермен жұмыс жасауға, ауылшаруашылық өнімдерін молайтуға мол мүмкіндіктер тууда. Ауылды жерде тұрғандықтан ауылшаруашылық өнімдерін мол өндіріп, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға өз үлестерімізді қосудамыз. Кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ешқандай кедергілер болып жатқан жоқ. Президентіміздің жыл сайынғы жолдауларында ауыл шаруашылығы саласын дамыту назардан тыс қалған емес. Ауыл шаруашылығын өркендетуге мемлекет тарапынан қолдау жасалып жатыр. Елбасымыз отандық тауарлардың мол өндірілуіне барынша мән беру керек екендігін баса айтуда. Соған байланысты біздер кәсіпкерлер мен ауылшаруашылық құрылымдарының басшылары өнімді молайту жолында барынша еңбек етудеміз. Ел сенімін ақтап, көптеген игілікті істер атқарып жүрген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елдің көшін белестен-белеске биіктету үстінде. Елбасымыз арқылы Қазақстанды бүкіл әлем таныды. Ол өркениетті елдердің озық үлгілерін елімізге алып келіп, Отанымызды дамытуға сүбелі үлес қосты. Президентіміздің бастауымен біздің алар асуымыз алда. Болашақта бізді үлкен жетістіктер күтіп тұр. Елбасымыздың бергені көп, берері одан да көп. Тәуелсіздігіміздің, мемлекетіміздің, көп ұлтты, көп конфессиялы Қазақстан халқының көшбасшысы бола білді. Сондықтан, Елбасының өкілеттігін ұзарту жөнінде референдум өткізуді қолдайтындығымызды білдіреміз. Біз Президентімізге сенеміз, әлі де халықты ұзақ жылдар іскерлікпен басқара береді деген сенімдеміз. Референдум өткізу жөніндегі шығысқазақстандықтардың идеясын толық қолдаймыз. М.Сапаров, Б.Байғараев, М.Әбілдаев, З.Әбдіраманова, Н.Бакенов, Ж.Садырханов. Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы.Жөні осы деп білемін
Б.САПОРОВ, зейнеткер, «Құрмет» орденінің иегері, Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы. Еліміз егемендікке қол жеткізіп, тәуелсіз мемлекет атанғаннан бергі жерде республикамыздың шығысында екі бірдей ауданның тізгінін қолыма ұстаған екенмін. Өз алдымызға шаңырақ көтеріп, жас мемлекетіміздің уығын тіктеп жатқан шақтағы қиындықтар күні бүгінге дейін көз алдымызда. Өткенді ұмытуға болмайды. Сол шақта елге жалақы мен зейнетақының уақытында берілмегені шындық. Бірақ, соның бәрі өтпелі кезеңнің қиындығы болып тарихқа айналды. Ел Елбасына, Ел