• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Қаңтар, 2016

Мақсат – теңгеге сенімді нығайту

433 рет
көрсетілді

Дағдарысқа қарсы кешенді іс-шараларды жүзеге асыру мәселесі Елбасы Жолдауының барлық бағыттарынан көрініс тапқан. Бұл орайда әсіресе дағдарысқа қарсы іс-әрекеттер мен құрылымдық жаңғырулардың бес бағыты белгіленген төртінші тараудың орны ерекше. Мұнда ең біріншіден, еліміздегі қаржы секторын тұрақтандыруға баса назар аударылған. Оны жүзеге асыруда Ұлттық банкке және оның облыстардағы филиалдарына жүктелген жауапкершілік жоғары. Ұлттық банктің Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Ғалия САТЫБАЛДИНАМЕН әңгіме осындай бағытта өрбіді. – Ғалия Камшатқызы, Мем­лекет бас­­шысы биылғы Жол­дауында респуб­ли­ка­дағы ақша-несие саясатына байланысты бұ­ған дейін қордаланып қал­ған мәселелерді жан-жақты әрі те­рең түр­де саралап берді. Мұн­дағы бас­ты мақсат бағаның тұрақ­ты­лы­ғын қамтамасыз ету екені бел­гілі. Бұған не дейсіз? – Әрине жыл сайын тереңдеп, қанатын кеңге жайып келе жатқан нарықтық экономика жағдайында бағаны үнемі тұрақты ұстап тұру оңай іс емес. Сондықтан да дағдарысқа қарсы құрған жоспарымыздың тіні берік, сүйегі мықты болғаны жөн. Әлемнің кез келген елінде жоғары-төменді инфляция деңгейі болмай тұрмайды. Бұл – қалыпты құ­былыс. Мұндай жағдайдағы басты міндет – оның деңгейін барынша төмендету. Өзіңіз айтқандай, бағаны қалыпты ұстаудың басты бір жолы да осы. Бүгінгі күні Ұлттық банк Жолдауда қойылған талаптарға сәйкес еліміздегі инфляция деңгейін қазіргі 6-8 пайыздан орта мерзімді уақытта 4 пайызға дейін төмендету жолдарын қарастырып отыр. Ұлттық банк жүйесіндегі әріп­тестеріміздің бойынан осындай қа­сиеттер табылады деп сенемін. Бұ­ған қол жеткізу үшін бірінші кезек­те экономикалық реформалар мен ақша-несие саясатын бір-бірі­мен үйлестіре және өзара байланыс­­тыра жүргізгеннің тиімділігі мол де­мек­пін. Осы орайда түпкі мақ­сат – несие мен инвестициялық бел­сен­ділікті және ақша мен қаржы тұрақ­тылығын көтеруге бағытталуы тиіс. Тұ­тастай алғанда, қаржы секторын сауық­тыру мәселесіне кешенді көз­қа­рас қажет деп санаймыз. Соның бірі осы жүйені салықтық қолдау эле­менттерімен толықтыру болып табы­лады десем, қателеспейтін шығармын. – Республика Президенті Қа­зақ­стан халқына Жолдауына Ұлт­тық банк екінші деңгейдегі банк­тер­дегі жұмыс істемейтін несиелер бойынша стресс-тестілеу жүргізуі қажеттігін алға тартты. Осыған қатысты не айтар едіңіз? – Бұған дейінгі тәжірибе екінші деңгейдегі банктердің бәрі бірдей ел мен тұрғындар үшін тиімді түрде қызмет ете бермейтінін көрсетіп отыр. Ендеше бұлардан не үміт, не қайыр. Стресс- тестілеу жүргізудің қажеттілігі де осында. Ең бастысы, мұндай табанды іс-шаралар банк секторындағы тұрақтылықты орнықтыруға ықпал жасай алады. Әрі екінші деңгейдегі банктердің ықтимал шығындарының ауқымын айқындауға септігін тигізеді. Тағы бір айтайын дегенім, елге несие беру­мен айналысатын банктер бү­гінгі талаптарға және Жол­дау­да қойылған міндеттерге сәйкес капи­тал­дан­ды­рудың қажетті көлемін алуы керек. Көп жағдайларда бұлай бола бер­мейді. Сондықтан да белгілен­ген халықаралық стандарттарға сәйкес­тілік те орныға қоймайды. Қысқасы, стресс-тестілеуге қатысты шаралар отан­дық банктердің бәсекеге қабі­лет­тілігін көтере алады. Қазақстан Дүние­жүзілік сауда ұйымына мүше болып кіріп, Еуразиялық эконо­ми­ка­лық одақ шеңберінде іс-қимыл танытып отырған жағдайда бұл өте қажетті шара. – Ұлттық валютаға деген се­нім­ді ны­ғай­туға қол жеткізу қажет­тілігі де Жол­­дау­да тайға таңба бас­қандай айқын көр­сетілген. Оның бас­ты жолдарының бірі отан­дас­тарымыздың долларға иек арта бе­руінен арылуы болып отыр. Банк саласы жетекшілерінің бірі ре­тінде бұл мәселеде сізді толған­дыратын жайттар қандай? – Біріншіден, мені Мемлекет бас­шысының төл валютамыз – теңгеге қа­тысты айтқан тұжырымдары толқыт­қанын айтқым келеді. Біздің бәріміз де ұлттық валютамыз – теңгеге сенуіміз қажет деп атап көрсетті Президент. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Әбішұлы Жолдау мәтінін тек қағаздан оқып қана бермей, арасында теңгені әрбір қазақстандық бағалауы мен қадірлеуі керектігін ауызекі тілде де айтып беріп отырды. Бұдан менің түсінгенім мен көңілге түйгенім төмендегідей. Барша қазақстандықтар теңгемен өмір сүріп, теңгемен сауда жасауға дағдылануға тиіс. Өздеріңіз ойлап кө­ріңіздерші, біз күнделікті тұтынатын нанымыз бен майымызды және шұ­жықты теңгеге сатып аламыз ғой. Тіпті, киімді де. Ақшаны теңге депо­зиті түрінде сақтаған тиімді. Өйт­кені, елімізде оның пайыздық мөл­шері доллар депозитімен салыс­тыр­ғанда әлдеқайда төмен. Бұл – дол­лар­сыздандырудың қажет­ті көрі­ніс­те­рінің бірі. Бүгін бе, ертең бе, түбі отандық банктер осындай қа­дамға келеді. Қане, біз бәріміз бүгін теңгеге сенуге және тең­гемен өмір сүруге тағы бір қадам жа­сап кө­рейік­ші. Тек сонда ғана дол­лар­ға алаң­дамай көңіліміз орнығып, өзімізге және елімізге бір пайдамызды тигізе аламыз. Теңгенің рөлін көтеру үшін тұ­тастай шоқтығы биік шаралар ке­шенін іске асыруымыз керек. Мұның өзі тек бір ғана экономикалық ынта­ландыру түрінде қала алмай­ды. Со­нымен бірге, Елбасы айтқандай, күн сайынғы дағдымыз теңгемен сауда жасауға бейімделгені әрі икем­делгені жөн. Бұл үшін елі­мізде активтердің барлық түрле­рі мен сауда-саттық ісіндегі қарым- қатынастар ұлттық валютаны қолдану арқылы жүргізілуі керек. – Ауру қалса да әдет қалмайды дегендей, тұрғындардың көптеген бөлігі бұған дейінгі жылдарда өз депозиттерін доллармен салуға әуестеніп келгені жасырын емес. Ал бүгінгі көрініс қандай? Бұдан арылып болдық па? Азаматтар арасында депозиттің теңгелік салымына ұмтылыс байқала ма? Осы­ған Ұлттық банк филиа­лын­дағы деректер арқылы нақты жауап бере аласыз ба? – Неге нақты жауап бере алмаймын, әбден беруге болады. Әйтпесе, біз мұнда директор болып несіне отырмыз. Бұл ретте ең алдымен, 2015 жылғы 1 қарашаға дейінгі көрініс бойынша өңірде жеке тұлғалар депозитінің жалпы сомасы 1 миллиард 105 миллион теңге көлемінде екенін айтқан орынды. Мұның ішінде ұлттық валютадағы депозиттердің үлесі 35 пайыз болса, долларлы депозиттік салымдар 65 пайыз. Өзіңіз көріп тұрғандай, көрсетілген деректерде доллар депозиті әзірше жоғары. Алайда қазіргі күні бұл көрініс әжептәуір өзгерді. Мысалы, облыста несиелер қазан айында түгелге жуық тек төл теңгемізбен төленді. Сондай-ақ, шетел валютасының қолма-қол рыноктарында АҚШ долларын сату көлемі әжептәуір төмендеді. Осыған бір мысал. Биылғы қыркүйекте облыс тұрғындары арқылы 22,6 миллион АҚШ доллары сатылып алынса, келесі қазан айында бұл көрсеткіш 16,5 миллион АҚШ долларына дейін төмендеген. Көрсетілген деректер шетел валютасына сұраныстың біртіндеп азайып келе жатқанын айғақтайды. Екіншіден, бұл теңгеге деген сенімнің өсіп келе жатқанын білдіреді. Бұл бір күннің ісі емес. Осылайша теңгеге деген сенімді толықтай орнықтырып, тұтастай экономикадағы долларсыздандыру деңгейін төмендетуге болатыны анық. – Ғалия Камшатқызы, Прези­дент Жолдауында Бірыңғай жи­нақ­таушы зейнетақы және Проб­ле­ма­лы несиелер қорларын, оның бас­қа да қаржы институттарын Ұлттық банктің бақы­лауынан шығару керектігі айтылды. Банк қызметкері ретінде осы мәселеге қа­тысты айтар ойыңыз қандай? – Мүмкін бұл үшін еліміздегі банк жүйелері бойынша бұған дейін қабылданған заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу қажет болатын шығар. Иә, Президент атап көрсеткендей, Ұлттық банкте институттық кемшіліктер орын алғанына осы саланың өкілі ретінде бәріміз де қынжыламыз. Ендігі мақсат осы кемшіліктерді жою болмақ. Бұл үшін бірінші кезекте аталған институттардың қызметіне сенімді негіз бен іргетас қалау қажеттілігі көрінеді. Осы арқылы келешекте бұған дейінгі үстірттіктер мен кемшіліктерді жоюға болады ғой деп ойлаймын. Осы орайда алға қойылған міндетті іске асыру үшін зейнетақы активтерін инвестиция­лау бағыттары бойынша Ұлттық банк әзірлеп жатқан стратегиялық бағыттағы ұсыныстардан күтеріміз көп. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы.