• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
12 Қаңтар, 2016

Игілікті идея – ұлттық дамудың кілті

347 рет
көрсетілді

Елбасының әлемнің дамыған 30 мемлекеті санатына Қазақстанды қосу міндеті еліміздегі өмір сүру сапасын арттыру саясатымен ұштасып жатыр. Оның үстіне биылғы Жолдаудың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» деп аталуының өзі дұрыс бағытта келе жатқандығымыздың айғағы болса керек. Осы орайда еліміз экономикасы қуатына демеу беруі тиіс «Ақ-Жол-Се» көпсалалы халықаралық холдингтік компания­сы өз жұмысын бастап отыр. Біз аталған компанияның президенті Қанатхан ЖАҚЫПОВПЕН жолығып, тақырыпқа қатысты бірқатар сұрақ қойған едік. – Қанатхан Сырлы­бай­ұлы, Жолдау барша қа­зақ­стандықтарға үлкен жа­уап­кершілік жүктеп отыр. Қазіргі тәуекелді қадамдарға аса сақтықпен қарайтын шақта жаңа да күрделі жобаны қолға алыпсыздар. Әрине, аталған жоба өмірге жайдан-жай келмесі анық. Дегенмен де... – «Көп тілегі – көл» дейді ғой қазақ. Тілектес, ниеттес азаматтардың қатарының көбейе түсуі қашанда жақсылықтың нышаны деп білеміз. Ісіміздің бүгінгідей кезеңге тап болуы кездейсоқтық та емес. «Сабақты ине сәтімен» деген. Жобамыз бас­тамасының бүгінгі күнге сәйкес келуі белгілі деңгейде қажеттілік деп білемін. Оған дайындықтың басталғанына да бірнеше жылдың жүзі болыпты. Кез келген күрделі жоба ұзақ дайындық пен арнайы есептеулерді қажет етеді. Идеялық бастама міне, осындай саралаулардан кейін ғана нәтижелі болмақ. Бұл ретте ерекше айта кетерлігі, біздің осы қолға алып отырған көпсалалы жобаларымыз Елбасы тарапынан оң бағасын алды және олардың ел игілігіне бағытталатыны сөзсіз. Бұл тұрғыдан келгенде біз Жолдау алдымызға қойып отырған міндеттерді абыроймен атқарып шығамыз деген ойдамын. – Адам күші мен ізденісі бір бағытқа жұмсалғанда ғана нәтиже берері анық. Бұл ретте не себептен көпсалалы жобаларды таңдадыңыздар? – Жекелеген адамның еңбек етуіне келгенде мұндай пайым­дау­лар әбден орынды. Расында да, етікшінің егін салуға, ал егіншінің етік тігуге мүмкіндіктерінің шек­телетіні сияқты адам бел­гілі бір кәсіппен айналыспаса, жұмысының нәтижесі болмасы анық. Алайда, ірі көлемдегі деңгейде алар болсақ, оның өзіне тән теориялары мен пси­хологиялық заңдылықтары бар. Табиғатынан әр адам өзіндік қабілетке, ерекшелікке ие. Олар­дың өз мүмкіндіктеріне қарай еңбек етуін ұйымдастыра білу – менеджменттік теорияның басты қағидасы. Менеджменттік стратегиясы дұрыс жолға қойылған компания адамдық ресурсты тиімді пайдалануға негіз қалайды. Мұны бір делік. Екіншіден, бір салада еңбек ету жақсы болғанымен, оның да кемшін тұстары баршы­лық. Мүмкіндіктердің шектелуі, басқа салаларға тәуелді болуы соны айғақтайды. Ал, керісінше, бірнеше бағыттардың өзара тұтастықта және үндестікте жұ­мыс істеуінің де өзіне лайық, керек десеңіз артық тұстары жеткілікті. Ондайда бірінің әлсіз тұсын екіншісі толықтырып, тұрақтылықтың күшін арттыратыны өмір тәжірибесімен дәлелденіп келе жатыр. – «Ақ-Жол-Се» компаниясы ұлттық экономиканың қандай секторларында жұмыс істемек? – Бұл орайда мен алдымен Елбасымыздың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан жобаларымызға тоқталғым келеді. Біріншіден ол – қолжетімді баспана. Қолжетімді баспана дегеніміз не? Ол нарық бағасынан төмен, қарапайым көпшіліктің сатып алу мүмкіндігіне сай тұрғын үй кешендері. Оны қандай жол­мен төмендетпекпіз? Біле-біл­сеңіз, тұрғын үйлердің қымбат болуы көп жағдайда құрылыс материалдарының немесе оларды тұрғызуға кеткен жұмыс күшінің қымбаттығынан емес, жер бағасының қымбаттығынан десем қателеспеймін. Осы ретте біз Алматы қаласының аудан әкімдерімен келіссөздер жүргізіп, өзара тиімді жобаларды жасадық. Яғни, біз әкімдіктерге қажетті үйлер саламыз, әкімдіктер бізге қажетті жер телімдерін бөледі. Екінші кезектегі күрделі жобамыз – таяу төрт жылдың ішінде Алматы облысының тұрғындарын толығымен газбен қамтамасыз ету. Жоба есептері облыстың ірі елді мекендерін ғана емес, бүкіл шалғайлардағы ауылдық жерлердің баршасын қамту. Үшінші бағытымыз – ересек жасқа толған жетім балаларға арналған әлеуметтік бағдарлама. Компаниямыз кәмелетке толған жетім балаларды кәсіпке баулу арқылы жұмыспен және баспанамен қамтамасыз ету шараларын жүзеге асырады. Ал төртіншіден, ірі жоба ретінде әрбір облыс­та экоқалашықтар кешендерін салу көзделіп отырғандығын айта кетейін. Ол дегеніміз не? Ол дегеніміз – қысы-жазы адам баласының өмірі мен тіршілігі үшін қажетті температуралық ортаны ұстай алатын қалашық. Ол жерде жылдың барлық мезгілінде көкөніс, жеміс-жидек, саябақтар сияқты бау-бақша жайқалып тұрмақ. Бұл жобалардан бөлек ауыл шаруашылығы саласында (мал бордақылау да, егіншілік салалары да кіреді) жобалар жетерлік. Және өндірістік құрылыс, автомобиль жолдары, теміржол құрылысы салаларында да жұмыстарды қолға алмақпыз. Оған қоса денсаулық сақтау кешендерін ұйымдастыру жобалары жолға қойылуда. Жобаларымыздың қай-қайсысы да пайдалы әсер коэффициенті жоғары көрсеткіштермен қам­­тылған. Өйткені, аталған бағыттарда біз дүние жүзіндегі ең үздік те жетілген, озық техно­логияларға негізделген процестерге таңдау жасадық. – Мысалы? – Егін шаруашылығын алайық. Айталық, біз жылыжайда өсірілетін өнім өндірісінде тамшылатып суарылатын жә­не бірнеше қабатты егістік ал­қаптарын пайдаланбақпыз. Кәнігі жылыжай кеңістігінде егін егуге бір ғана жазықтық бетін­де егін өндірісі орындалатын бол­­са, біздің технологиямызда егістік жазықтығы мен кеңістігін тиімді пайдалану жолдары қарастырылған. Мұнда әр өсімдік қатарына ғана лайықталған егіс­тік жазықтығы арнайы егістік сызықтарына арналған конструкция арықтарына отырғызылады. Ол арнайы егістік арықтары бірнеше қабаттан тұрады және олар өсімдіктерге қажет жылу мен жарықтың, су және минералды заттардың біркелкі түсуін, тиімді циркуляциялық айналымын қамтамасыз етеді. Мұндай жүйеде жылыжайдың кеңістігі мен жа­зықтығын пайдаланудағы пайдалы әсер коэффициенті бірнеше еселеген тиімділікпен пайдалану жүзеге асады. Сол секілді дайын болған өнімді сақтау, өңдеу және рынокқа шығару үдерістерінің ұтымды тұстарын молайту көзделеді. Және артық шығынға бастырмау жақтары жіті қарастырылған. Мұндай өндірістік қағидаттар тек жылыжай өндірісімен шектелмейді. Алдыңғы қатарлы технологиялар далалық егістік алқаптарда да кеңінен ендіріледі. Сол секілді құрылыс саласында да қымбат емес, экологиялық тұрғыдан таза материалдарды, соның ішінде күннің қызуын үйлерді энергия­мен, жылы сумен қамтамасыз етуге пайдалану жақтарын айтуға болады. – Бәсекелестік – дамудың көзі деседі, жоғарыда айтылған бағыттарда бұрыннан жұмыс істеп жатқан компаниялар да баршылық. Сондықтан жаңадан құрылған компания ретінде бәсекелестікке төтеп бере аласыздар ма? – Жаңадан құрылған компания бәсекеге қабілетті емес деген тұжырымды өзім дұрыс көрмеймін. Өзгермелі, құбылмалы дүниеде барлығы да өтпелі, салыстырмалы түрде көрінеді емес пе. Негізінен, «Ақ-Жол-Се» компаниясының мақсаты біреумен бәсекеге түсу, біреудің жұмысын тартып алу емес, біз «жақсылық қанша болса да көптік етпейді...» деген философияны ұстанамыз. Яғни, кім не істесе де одан бізге, қоғамға пайда болмаса басқа келер зиян жоқ. Тіпті, зиян жасаған жанның өзі алғашында болмашы пайдаға тап болғанымен, артынан оның ғаламат зиянға ұшырайтыны анық. Біз оны тарихтан да, өмірлік тәжірибеден де көріп келеміз. Сол себептен біз толыққанды пайдасы бар сапалы жұмысты бірінші кезекке қоямыз. Сапалы әрекеттен жалпы өмірдің де сапасы арта түседі. Осындай дәстүрдің бүкіл елімізге кеңінен таралуы Қазақстанды әлемдегі дамыған елдердің қатарына қосатыны еш шүбә келтірмейді. Елбасымыздың Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына қосу идеясының жүзеге асу жолдарының бірі, міне, осы жерде. – Кез келген қолға алынатын істің артында уақыт пен қаражат жатқанын қаперге алсақ, осы жағын қаншалықты шешіп алдыңыздар? – Игілікті істерге қай жерде де сұраныс жоғары және бола да береді. Біздің бастамаларымыз шетелдік инвесторлар тарапынан жылы қабылданды және оларды қаржыландыруға әзір екендігі айқындалды. Игілікті істер қарапайым логика мен қарапайым арифметика тілдерінде түсінікті де ұғынықты. Сондықтан да көптеген шетелдік бизнес компаниялары жобаларымызға инвестициясын салуға мүдделілік таңытып отырған жайы бар. Бізге серіктестер: Skyline Creation, Tam Tabdir ISSUN Engineering Company, Xinjiang Khorgos ZaoZuo Tannery, Co, Ltd, «Kouros» Capital Group Limited, Hongkong Wulian Instrument Development Company, Neochatel Financial Hungary, Tanacsado Kft, SINOWWIDE ENERGY LIMITED, «Xuchang Guangly Highway Engineering Construction Co», Ltd, Infinite Quality Croup Limited деп аталатын компаниялардың қай қайсысы да халықаралық рынокта жұмыс істеп ысылған, өздерінің сапалық белгілерімен танылып үлгерген бизнестік құрылымдар. Оның үстіне мемлекет тарапы­нан да қызметімізге байланыс­ты салықтық жеңілдіктер қа­растырылған. Менің пайымдауымша, бұл айтылғандардың барлығы жобалардың сөз жүзінде емес, іс жүзінде сәтті жүргізудің алғышарттары болып табылады. – Халықаралық сапа дегеннен шығады, кейінгі кездері осындай ірі компанияларға ағылшын тілін жетік білмеген азаматтар бара алмайды дегенді жиі естіп жүрміз. Осы жағы сіздерде қалай шешілген? – Бүгінгі күні шет тілдерін, соның ішінде, орыс және ағылшын тілдерін білу әрбір саналы азаматқа парыз болып отырғаны анық. Онсыз алысқа бара алмаймыз. Елбасының да Қазақстан азаматтарына үш тілді бірдей меңгеру қажеттігіне баса назар аударып отырғандығы осыны дәлелдейді. Ал біздің компанияның талаптарына келер болсақ, әрине, тілдерді біл­ген азаматтарға басымдық берілетіні рас, бірақ, қолынан іс келетін білікті мамандарды да шеттетпейміз. Тілді ақырындап үйрене беруге болады. Лингвист мамандар ересек азаматтардың шет тілдерін меңгеруге жарты жылдан бір жылға дейін уақыт кететінін алға тартады. Ал маманды даярлауға кететін уақыт пен материалдық шығын одан әлдеқайда көп. Сондықтан да біз үшін алдымен маманның біліктілігі қымбат. Өз ісіне қызығатын адам үшін өз саласы бойынша шет тілін үйрену қиынға соқпайды. Терминдердің көбі ағылшын және орыс тілдерінде екені ешкімге жасырын емес. Қосымша тілді үйренемін деген мамандарға компаниямызда қашанда жол ашық. – Денсаулық сақтау ісімен де айналысамыз дегенді айтып қалдыңыз... – Иә, қолға алып жатқан жобаларымыздың бір тармағы азаматтарға сапалы медициналық көмек көрсетуге арналған. Бұл жерде медициналық жұмыстармен сол саланың мамандары айналысады. Біздің міндетіміз – сол дәрігер мамандардың сапалы жұмыс істеуіне жағдай жасау. Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде Қытай медицинасы біздікі­не қарағанда дамып кеткен. Олар­­­­­дың емдеу бағасы біздің медициналық қызметтерден әлдеқайда төмен де, ал сапасы жоғары. Осындай жағдайларды ескере отырып, біз Қытайдың, Германияның дәрігер мамандарымен келіссөздер жүргізіп, Алматы және Қызылорда қалаларында заманауи онкологиялық емдеу кешендерін ұйымдастыруды қолға алдық. Бұл бір жағынан, біздің азаматтарымыздың шетелдерге ем іздеп сандалмауы­на септігін тигізсе, екінші жағынан, шетелдік әріптестерімен отандық дәрігерлеріміз де жұмыс істеп, тә­жірибе алмасады. Сайып келгенде, алдағы уақытта біздің дәрігерлер де дүниежүзілік ал­дыңғы қатарлы емдеу шараларын меңгеретін болады. – Медициналық қызмет бағасын азаматтарымыздың қалтасы көтере алады ма? – Дұрыс айтасыз. Дүние­жүзінде, әсіресе, дамыған мемлекеттерде медицина қызметі өте жоғары бағаланады. Өйткені, біліктілігі жоғары істер қашанда сұранысқа ие. Жоғарыда мен сізге «кез келген компанияның бір іспен айналысқаны жақсы, ал одан да көп істермен айналысқан одан да жақсы» деген пікірімді айттым. Міне, енді сол сөзімді тағы да дәлелдеудің реті келіп тұр. Егер біз тек медициналық қызметпен айналысқанда біліктілігі жоғары шетелдік дәрігерлерді Қазақстанға алып келе алмас едік. Оны жүзеге асыруға біздің өзге бағыттардағы жұмыстарымыз, табыстарымыз осы саланы субсидиялауға, яғни шығындарды жабуға септігін тигізу есебінен мүмкіндік беріп отыр. Біздің медициналық кешен­дерімізде мамандар жоғары жа­лақы алғанымен, азаматтарға көр­сетілетін қызмет бағасы төмен әрі қолжетімді болмақ. Көп елдерде бұл мәселе осындай жолмен шешімін тапқан. Біз жоғары сапалы медицинаға мұқтажбыз, ал жоғары сапалы медицина біздің қаржылық көмегімізге мұқтаж. Бар құпия, бар формула да осы. – Қазіргі кезде жергілікті билік қолдау көрсетіп жатыр дегенді де естіп қалып жатамыз. Осы тұрғыдан келгенде жергілікті атқарушы органмен қарым-қатынастарыңыз қалай және сіздердің жұмыстарыңызға қол ұшын беріп жатқаны бар ма? – Сауалыңыз орынды. Жоба­ларымыздың жүзеге асырылуына байланысты мәселелерді шешуде қол ұшын беріп жатқан жергілікті әкімдіктер аз емес. Соның ішінде Алматы қаласы, Алматы және Жамбыл облыстары әкімдеріне ерекше алғысымды айтамын. Елбасының жүргізіп отырған инновациялық саясатына қатысты енжарлық танытатын лауазымды шенеуніктер бар шығар, бірақ олардың ісі уақытша кедергілер деп білемін. – Сіздің қолға алып отырған жобаларыңыз үлкен қаражатты қажет ететіндіктен, мүмкін бұл кедергілер шығындарды үнемдеумен де байланысты болар. – Бар мәселе осында болып тұр ғой. Елбасымыз қазіргі кезде мемлекеттік бюджетті тиімді пайдалануға, артық шығындарға шектеу қойғаны рас. Керісінше, елдің мүддесі үшін жасалынатын шаруаларға шеттен инвестиция тартып, жұмыс істеу қажет екенін ұғындырып келеді. Мына бір жайтқа өзіңіз логикалық тұрғыдан қараңызшы: экологиялық тұр­ғыдан қолайсыз саналатын өңірге өз қаражатына емдеу-сауықтыру орталығын салып, төменгі бағада медициналық шараларды жүзеге асырамын деген ұсынысқа қалай қарайтын едіңіз? Міне, осындай жайттарға жауаптың болмауы кейбір жобаларымыздың кешеуілдеуіне себеп болуда... – Әңгімеңізге рахмет.  Әңгімелескен Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».