Автобуста кісі көп еді. Жанымда отырған қария өз-өзінен сөйлеп отыр. «Заман не болып бара жатыр», дейді қынжыла күрсініп. Аңғарғаным, күні-түні күзеткен қорасынан біреулер 5 қойын ұрлап кетіпті. Таусыла сөйлеп отыр. Ол кісіні жұбатар дәрмен жоқ еді бізде.
Қазір «әй, соны қойшы, бір қойым өліп те қалады ғой» дейтін заман емес. Күздікті былай қойып, соғымның реті де сиреп бара жатқанын байқаймыз. Ауылдың асыраушысы – малы. Соны да көп көргендей, ұрлық-қарлық тыйылар емес. Ауылдың адамы ұрының алыстан келмейтінін біледі. Арызданып, алашапқын шығармайтынын да талай көргенбіз. Қарияның оқиғасы шектен шыққанның бір көрінісі. Осы жолы, дәу де болса, облыстың полициясына арызданып келе жатыр. Автобуста кісі көп еді...
Тілшілер қосынына келе салып, облыстық ішкі істер департаментіне қоңыраулаттық. Абырой болғанда, ұрылар қолға түскен екен. Кімдер дейсіздер ғой. Сұмдық. Сол ауылдың 19-21 жас аралығындағы зіңгіттей төрт жігіті. Соншалықты жерге қарап отырғандар емес. Қылмысқа көліктің төресі саналатын жапондық «Nissan maxima» жеңіл мәшинесімен шыққан.
Олардың үстінен ҚР ҚК 188-бабының 2-бөліміне жататын қылмыстық іс қозғалыпты.
Иманжүзді ауыл едік... Не болып барады өзі?
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.